Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, ағартушы-ұстаз Торғай жерінде алғаш Ислам дінінің негізін салушы Ғазиз Әмірхановтың өмір жолы


Таңатқан Қырмызы Фазылханқызы
Н.Құлжанова атындағы  Торғай гуманитарлық колледжінің мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту  тобының 3 курс студенті

Жетекшісі:  педагогика ғылымдарының магистрі, «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу» мамандығы бойынша оқытушысы Насрединова Ақжарқын Есеметовна

Өтейұлы Оспанқожа 1862 жылы Торғай уезінің, Қызбел ауылының Шобан бөлімшесінде дүниеге келген. Бала кезінен бастап бабаларының салып кеткен дін жолындағы істерін жалғастырып,осы уездің ислам дінің таратушылардың бірі болған. Халықты жинап, алдағы болатын табиғат дүлейлері мен қуаңшылық, молшылық кезеңдерін кітап көтеру арқылы жеткізіп отырған, көріпкел әулие адам. Ол діни сауаттылықты халқына жеткізу үшін өз қаражатына Сарықопа болысынан мешіт салып, медресе ашқан. Онда белгілі ақын Күдері Жолдыбайұлымен осы төңіректің молдалары Мұхаммедуәли Бекетов, Қапыш Жүсіпұлдары дәріс алған. Халыққа діни қызмет ете жүріп мұсылманның бес парызының бірі қасиетті Меккеге барып, қажылық сапарын өтеді. Бұл 1911 жыл болатын. Өзіне дарыған қасиетінін бірі емшілік еді. Әсіресе, есіріктеніп келген адамдардың дертін үшкіріп қайтаруымен қатар, жоғалған мал-мүліктерінің табылатынын не болмаса қолды болатынын ашық айтқан. Ол өмірінің соңына дейін келер жылы елге қандай нәубет болатынын болжап айтқан кісі. Осындай тамаша тұлға 1928 жылы дүниеден озды, өзі салдырған мешітінің қасында жерленді. Ол қазіргі танда Оспанқожа қорымы деп аталады. Өзі дүниеден өткеннен кейін Торғай жұрты әулие басына шырақ жағып, тәуіп етіп, Алладан тілек тілейді. Қазіргі танда Торғай халқы өз қаражаттарымен тұрғызған Алланың үйіне осы әулиенің атын берген.

Қожа деген кім, қожа сөзінің адамды еліктіріп, еріксіз өзіне баурайтын тылсым сыры неде? Осы жайлы бірер түсінік.

«Қожа»-ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің алғашқы халифасының ұрпағы. Қазақ ішінде мұсылман дінің таратып, уағыздаушы, ұстаз, ағартушы. Мұхаммед Әлейһиссаламның төртінші шприары хазреті Әлидің баласы Хұсайынның өрбігендері Саид қожалар дейді. Ал қазақ арасында қожалар Шәмші Ахмет және Шайқы Бұзырықтан –Қожа Ахмет Яссауи Арыстанбап, Шәмші Ахметтен-Хорасанқожа, Қырық Садақ, Дуанақожа, Бақсайыс Аққожа, Жүсіпқожа, Сейтқожа, Түрікпенқожа, Қылыштыққожа өрбиді.

Кеңестік қоғамда туып, коммунистік тәрбие алып, бүкіл саналы өмірін маркстік-лениндік ілімнің темір құрсаулы шеңберінде ұстаздық, ағартушылық жолға арнап, осы еңбегінің сол дәуірде молынан көрген қариялар арасында ислам дінінің өріс алуына, оның тәуелсіз еліміздің рухани өміріне берік енуіне сөзіне ғана емес, ізгілікті, ізетті, ілтипатты ісіменірі үлес қосқан және дінге бар жан-тәнімен беріліп, қалған өмірін жалтақтамай да бұлтақтамай біржолата арнаған бес намазын қаза етпей, бес парызын мүбарак ниетімен  орындаған ақсақал бүкіл Қазақстанда санаулы ғана.  Қазақстан- Торғай өлкесінде қазір осы айтылған шарттардың сынына толықтай сай келетін бір ғана ақсақал, дінбасы, имам бар. Ол- Торғай мешітінің имамы, Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының құрметті ақсақалы Ғазиз қажы Әмірханұлы. Ғазекең 1927 жылы «Аруақ қонып, нар шөккен» қасиетті де бабалы қара шаңырақта, талай ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болған Оспан қожа әулиенің құтханасында дүниеге келген. Ол кісі іңгәләған жас сәбиді маңдайынан  иіскеп, есімін өзі Ғабділ-Ғазиз деп, азан шақырып қойып: «Аллаһтың адал құлы бол, халықтың адал ұлы бол, тәнірің өміріңді ұзақ та бақытты ете көрсін», -деп батасын беріпті. Келінін оңаша шақырып алып: «Қалқам, балаңа адал сүт еміз, сенің аналық үлкен парызың осы, қалғанын Аллаһ тағала қатарымен көрсете жатар», -депті.

Келер, 1928 жылы, Ғазекеңнің жеті айлығында оны алдына алдырып,кеудесінен үш қайтара иіскеп, маңдайынан үш қайтара сипап тұрып: «Ендігі үміт осы саршамда. Өздерің білесіңдер, біздің аруағымыз секіріп қонатын еді ғой, балаларыма емес, осы саршама қонар аруағым. Мұны қатарынан кем қылмай өсіріңдер. Осы саршама  сақалы сапсиған шал болғанда дінді құрметтейтін заман туар, оны сендердің ілуде біреуің болмаса, көбің көрмессің. Алдымызда адамзатқа зобалаң әкелер заман тұр. Құдайдың көрсеткені рас болса, мен бір аптадан соң дүниеден өтемін. Сол сұрқай заманның түрмесіне де, тепкісіне де түспеспін. Бірлікте болыңдар. Өте ауыр күндер келе жатыр»,-депті әулие.

Жас Ғазиз қатарымен бірге өсіп, мектепке барды, Одан мұғалімдік училищені тамамдады. Еңбек жолын бастады. Оқуын жалғастыруды ойлады.  Қазақтың Абай атындағы педагогикплық институтының филалогия факультетіне түсті. Оны үздік бітіріп келіп, еңбек жолын қайта жалғастырды. Он бес жыл Торғай мектептерінде директор болды. Одан соң зейнеткерлікке шыққанша жиырма жылдай аудандық оқу бөлімін басқарады. Яғни, бір ауданның бас ұзтазы болды. Оның алдынан білім алған шәкірттердің арасынан үлкен ғалымдар мен ақын-жазушылар шықты. Солардың бірі- Төлен Әбдіков. Ол өзінің «Әке» повесі мен «Өліара» романында Ғазез атамыздың атасы Оспанқожа атамыздың бейнесін сомдады. Дінбасылар туралы жазбайтын болған кезде Төлен Әбдіковтың «қиыннан қиыстырып» атасының ел алдыңдағы еңбегін баян еткеніне Ғазез атамыз қайран қалған. 1987 жылы алпысқа келіп, зейнеткерлікке шыққан соң, аупартком Ғазиз қажыға Торғай мұражайлар кешеніне басшылық жасауды ұсынды. Ол жауапкершілігі мол жұмыстан қашпады. Аудан басшыларының көмегін пайдалана отырып, Торғай мұражайлар кешенінін аз жылда Қазақстандағы ең іргелі мұражайлардың қатарына жеткізді.

1988 жылы Ахаң-Жахаңдар ақталып, халқымен қайта қауышқанда, ұлт көсемдері аталған қос алыптың мұражайын жасауды Ғазиз қажы бастады. Сол кезде ол бір күн тыныштық көрмеді. Ахаң-Жахаңның қыздары Шолпан Байтұрсынова мен Гүлнар Дулатоваға барып кеңесті. Олардың ақылдарын басшылыққа ала отырып мұрағаттар жинады. Ойға да, қырға да барды. Нәтижесінде қос көсемнің мұражайы ойдағыдай жабдықталды. Бұл іске бүкіл Торғай жұмыла кірісті.

Заман аңғарын жақсы сезетін қасиетті кісі Ғазиз атамыз коммунистік қоғамның келмеске кетіп бара жатқанын ерте аңғарды. Содан болар, 1989 жылдан бастап ауданда мешіт салуды ұйымдастыруды қолға алды. Оны сол кезде Кәкімжан Карбозов бастаған «Еңбек» кең шарының халқы ерекше қолдады. Басқалар «мұның арты сойқан болып кетпес пе екен», – деп аңдыс аңдығанда, «Еңбек» пен «Қызыл әскердің» ел- жұрты табандылық көрсетті. Соның нәтижесінде 1990 жылы ауданда мешіт салуды жүргізу ресми түрде басталды. Аудан халқы бұл жауапты істі жүргізуді бірауыздан Ғазиз Әмірханұлына тапсырды.

1990 жылы 7 мамыр күні Торғай қаласындағы Н. Ахметбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде халықтық жиын өтіп, онда мешіт салу жөніндегі аудан көлеміндегі барлық кеңшарлардың қатысқан өкілдері арнайы шешім қабылдап, мешіт салуды ұйымдастыру тобының құрамын бекітіп, оның төрағасы етіп Ғазиз Әмірхановты сайлап елдік танытты.

Бұл кезде Ғазиз атамыз кешеннің мұражайлар директоры болатын. Халық ұйғарған соң амалсыз, өз еркімен арызын жазып, қызметінен босап, кеңшарларды аралап, қаржы жинауға кірісті. Қасына ақылшылыққа әрі кеңесшілікке Мырзағали Иманғалиев пен Әбдікәрім Әлімбаевты алып, ел жағалап жүріп, шаңырақ басына сол кездегі ақшамен 100 сомнан жинап, аудандағы 5265 үйден 520650 сом түсірді. Осы ақшаны (520 мың 650 сом) аудан басшыларына заңдастырылып өткізді. Сөйтіп, 1990 жылдың 12 қыркүйегі  күні Торғай қаласында мешіттің іргетасы қаланды. Бұл- аудан халқы үшін зор мереке болды. Елдің қуанышында шек болмады. Мешітпен бірге кеңшарлар есебінен көмек ретінде екі пәтерлік үй қосымша салынды. Аудан басшылары сөзінде тұрды. Сөйтіп, зор өрлеумен басталған Торғай мешіті 1992 жылдың 20 тамыз күні сәтті аяқталып, 21 тамызда мешіттің салтанатты ашылуы болды. Оған Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының алғашқы  Бас мүфтиі Ратбек қажы мен бүкіл  Түркі әлемінің ғұлама ғалымы Халифа Алтай және Төлен Әбдіков, Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков, Әшірбек Сығай секілді қоғам қайраткерлері мен сол кезегі Торғай облысының әкімі Сергей Кулагин бастаған Қазақстан жұртщылығы өкілдері қатысты. Көп өтпей, мешітті республикамыздың тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтің өзі арнайы келіп көріп , Құрылысшылар мен облыс, аудан басшыларына ризашылығын білдіріп, ел алдында рахмет айтты. Ғазиз қажы Нұрсұлтан Әбішұлына Торғай халқы атынан ақ бата берді.

Торғай мешіті!Торғай өніріндегі барлық мешіттер осы мешіттен кейін қолға алынды. Торғай мешіті-жаңа замандағы имандылықтың ту ұстаушысы жол көрсетушісі болды. Осы мешітті Ғазиз атамыз өз қолымен салған. Содан бері де 12 жыл өтіп, 13-ші жылға аяқ басыпты.Осы жылдар ішінде мешіт ұжымы көреген де парасатты, іскер да шебер басшы, инабатты да ұйымдастырғыш  Ғазиз қажы басқаруымен тарихи маңызы зор көптеген жұмыстар жүргізді. Алғашқы жылы-ақ мешітте Торғай-Қостанай өңіріне имамдар мен діни қызметкерлер даярлайтын медресе ашылды. Онда осы аймақтардан талай балалар келіп оқыды. Оларға  Ғазиз қажы мен оның баласы Шоқан қажы дәріс берді. Мысалы, алғашқы оқу жылында(1992-1993жж.) оқып, білім алғандар арасынан: Дүйсенбаев Кенжетай-4 жыл Арқалық қалалық мешітінде найд-имам болып істеді. Египеттегі Әл-Әзһар иниверситетін тәмамдады.Махатов Салих-Жетіқара, Қостанай қалаларында имам болды. Алматыдағы «Нұр- Мүбәрәк» унивеситетінде оқыды. Әубәкіров Ербол-қазір Арқалықтағы бас имам. Уәлиев Бектұрсын-Таран ауданының бас имамы. Жүсіпбеков Мейрам- Қарабалық ауданында бас имам болды, қазір бестау мешітінің бас имамы.

Ал 1993-1994 оқу жылында оқыған шәкірттері: Сәденов Абылай, Сәрденов Абзал, Түсіпбеков Асылхан, Тахиров Кеншілік.

1994-1995 оқу жылындағы шәкірттері: Әнуаров Махмут, Қосжанов Саят, Мешітбаев Қайрат Хасенов Аян, Шәденов Айғабыл Қоқанбаев Дінмұхаммед.

1995-1996 оқу жылындағы оқыған шәкірттері:Мұртазин Ғауезхан, Дайыров Дүйсен, Қошанов Еркебұлан. Бұл тізімді мұнан әрі соза беруге болады. Торғай медресесінің енді бірқатар шәкірттері Арқалық, Аманкелді және Торғай аудандық, ауылдық мешіттерде имам, молда, ұстаз, азаншы болып істеуде.

Ғазиз Әмірханов 23 ақпан 1927 жылы Қазіргі Қызбел ауылының Теке өзенінің бойында мешіт қоныс орнында дүниеге келген. 1934 жылдан мектепке барып 1941 жылы Көкалат ауылындағы 7 жылдық мектепті бітіріп, 1942 жылы Торғайдан ашылған 3 айлық мұғалімдік курсты тәмамдап 1942-1944 жылдарда өзінің туған ауылында Қазалы мектебінде ұстаз болып қызмет атқарады. 1944-1950 жылдарда Албарбөгет ауылындағы Қарақоға бастауыш  мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. 1951 жылы қайтадан өз ауылы Қазалы мектебінде мұғалім болады.

1951-1955 жылдардан Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтын бітіреді. 1955-1959 жылдарда Қаратүбек орта мектебінде  директор болып қызмет атқарады. Сол кездегі білім берген шәкірттері қазіргі таңдағы қоғам қайраткерлері, ғалымдарымыз, ел мақтаныштары, Торғай перзенттері ағайынды экономика ғылымының докторы, профессор, академик Сәбит, Сайлау Байзаковтар, Су Шаруашылығы Министрі қоғам қайраткері Нариман Қыпшақбаев, академик физика математика ғылымының докторы, профессор Фазылхан Бәйімбетов, жазушы, қоғам қайраткері Мемлекеттік сыйлығының  иегері, ғалым, ұстаз Қойшығара Салғарин, жазушы «Қазақ» газетінің бас редакторы Қоғабай Сәрсекеевтер болды. 1959-1964 жылдарда Қарасу ауданында орта 8 жылдық мектептерде директор болып істейді. 1964-1969 жылдарда Торғай қазақ орта мектебінің директоры болып ұстаздық еткен тұстағы шәкірттері танымал ғалымдарымыз-химик Жақсынтай Қайырбеков, физик-математик Төлеухан Қайырбеков, физик-математик  Күләш Қайырбекова, химик Бәтжан Жұмағалиева, медицина ғылымының докторы профессор Дүйсен Бейсенов, дәрігер қоғам кайраткері Асқар Байжұмановтар. Ғазиз Әмірханов – киелі Торғай жерінде жас ұрпаққа біліммен тәрбие беруде және Ислам дінін ел өміріне қайта енгізуде, әдебиетпен өнерді, мәдениетті дамытуда, мұражайлармен мешіт- медресе жұмыстарын жаңа заман талабына сай жүргізуде ересен еңбек сіңірді.

1969-1987 жылдарда аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеп, ауданның білімі мен экономикасын әлеуметтік жағдайының өркендеуіне үлесін  қосты, жас ұстаздардың білімін жетілдіріп ұштастыруына көп қызмет жасаған, бірнеше мәрте аудандық кеңесінің депутаты болып  халықтын ықыласына бөленген жан. 18 жыл білім бөлімінің меңгерушісі болған тұста аудан орталығындағы үш қабатты Ыбырай Алтынсарин мектебі бой көтерді. Екі қабатты Шоқан Уәлиханов мектебі жаңадан салынып іске қосылды. 1987 жылы 15 тамызда Құрметті зейнеткерлікке шығады.

1987-1992 жылдарда  Торғай мұражайлар кешенінің бас директоры болып қызмет атқарды. Ә.Жангелдин мұражайында жетекші  бола жүріп Торғай тарихына өзіндік үлес қосқан, ел басқарған, шаруашылықтарға жетекшілік еткен жандарды ұмытылыстан үзіп алып, елеп- екшеп мұражай төрінен орын берді.

1988 жылы көпшіліктің демеуі – асармен салынған Ыбырай Алтынсариннің Торғайдағы педагогикалық – мемориалды мұражайы 1991 жылы қайыра жаңғыртылып, бүгінгі қалпына келтірілді. Бұл күрделі жұмысты ұйымдастырып, жәдігерлер жинақтауда тағыда Ғазиз аға бел шеше кірісті. Оқу – ағарту жұмысы мұражай директорының білетін, көзі қанық жұмысы болатын. Ғазиз Әмірхановтың жігерлі еңбегі нәтижесінде Ыбырай Алтынсарин мұражайы қаланың  тарихы, көз тартарлық көрікті, тәлімді орынға айналды. Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың есімдерінің ақталуына орай Торғай қаласы тұрғындары өз қаржыларымен мұражай ашу керек деген тұста Ғазиз Әмірханов Ахаң – Жақаң қызметтері жайлы құжаттар, естеліктер, жәдігерлер іздестіріп жинастыруда ұрпақтарымен кездесіп, тұтынған заттарын сұрастыруға өзіндік үлесін қосып,сол жылы Ақкөлдегі Ерден қарттан Ахмет Байтұрсыновтың 1909 жылғы «Қырық мысалы» 1911 жылғы «Маса» кітаптары алынды. Торғайлық ғылым,өнер қайраткерлеріне хаттар жазылды,олардың фотосуреттері, кітаптары, өмір-баяндары жинақталды. Ахаң-Жақаң ескерткіші жасалып мұражай қарсысына орнатылды. Мүсінші Кәкімжан Наурызбаевпен байланыста Ғазиз ағаның өзі жүрді. Ұрпақтар мен ізбасарлар тарихын жалғастырып Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов әдеби мұражайы 1991 жылы ашып, халық пайдалануына берді.1991-1992 жылдарда Торғай мешітін салдыруға үлкен үлес қосты. 1993 жылы Қажылыққа барған. 4 ұл, 4 қызы бар. Жолдасы ұстаз, балалары да ұстаздық етеді. Ғазиз Әмірханов өмірінің соңғы кездеріне шейін халыққа еңбек етіп, жас ұрпаққа тұлға орта буынға аға ұстаз бола білді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, ағартушы Ғазиз Әмірханов 2005 жылы 7 тамызында қайтыс болған. 1967 жылы «Қазақ Республикасының білім беру ісінің үздігі» белгісімен. 1978 жылы «Қазақстанға еңбек сіңірген мұғалім», Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет» грамотасымен, марапатталған және 3 медалі бар

Фото суреттер қажы Ғазиз атамыздың отбасылық мұрағатынан алынды.қазіргі таңда сол Торғай мешіті салынғанына 25 жылдық және қажы Ғазиз атамыз 90 жылдық мерей тойын аудандық мешіт алқасы ұйымдасыруымен атап өткелуі жоспарланып отыр.

Пайдаланған әдебиеттер

Ғазиз Қажы. Авторы Х. Мұсабай – Қажы. Шоқан қажы Әмірханов.(Қостанай таңы-

2004 ж. 3-желтоқсан)

2. «Шақпақ» баспасы Жасұлан Қапыш.

3. Қостанай облысы Жангелдин ауданы «Торғай Мешіт»

4. Н.Бектемісов // Торғай таңы 1987 ж, 24.сәуір

5. Н. Мұқатов // Қостанай таңы 1997,- 19 қыркүйек

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *