Қазақтың текті қыраны – Талғат Бигелдинов


Молдагулова Шолпан Ихсановна
Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің оқытушысы

Мақсаты: 1. Ұлы Жеңісті дәріптеу. Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған ұшқыш жауынгер Талғат Бигелдиновтың ерлік істері туралы әңгімелей отырып, өмір жолын, ерлігін танытып және үлгі-өнеге тұту.

2. Тақырып мазмұнын меңгерту. Негізгі ойды, идеяны ұғындыру, мәнерлеп айту дағдыларын жетілдіріп, сөздік қорын молайту.

3. Елін, жерін қорғаған батырларды  құрметтеуге және олардың ерлігін  мақтаныш етуге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Т.Бигелдиновтың портреті, нақыл сөздер, слайдтар, интербелсенді тақта

Сабақтың барысы:

I.         Ұйымдастыру бөлімі

II.      Кіріспе бөлімі

Кіріспе сөз (интербелсенді тақтада слайдтар арқылы көрсету)

Әр азамат туған елінің өткені мен бүгінін біле отырып, болашаққа қадам басады. Болашаққа рухани мәдениетімен қатар ұрпағының ұлттық қасиеттерін сақтауда тарихын үлгі етеді.Ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін тарихи оқиғалардың баса ауқымдысы Ұлы Отан соғысы. « Ер елсіз болмайды, ел ерсіз болмайды» деп дана халқымыз айтқандай, қан майдандарда қол бастап, елдің намысын жауға таптатпаған батыр бабаларымыз аз емес.

Отанын жаудан қорғау үшін көп ұлтты кеңес халқының ішінде қазақ халқы ерекше ерліктерімен, аңыздарымен жауға қарсы тұрды. Олар қасық қаны, шыбындай жаны қалғанша аянбай шайқасты. Адам баласы бір жақсы қасиетті туған жердің топырағынан алады деген ұғым бар. Туған топырағынан жаралған әр адамзаттың болашаққа деген сенімі мен көзқарас еркіндігі тек қана бейбіт өмірге қамтамасыз етілген елде қалыптаспақ.

Дәл осынау жадыраңқы жай күні,

Болсадағы қай ғасырдың қай күні.

Ұлы Отаным басын иіп бір минут,

Есіне алмақ сол бір апат қайғыны.

Ұлы Отан соғысы жауынгерлерін 1 минут еске алайық. ( Үнсіздік минуты)

Бүгінгі тәрбие сағатымыз қазақ халқының ардақты ұлының бірі, авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов туралы болмақ.

Сабақты оқушылар жалғастырады

1-    оқушы: ( слайд)

Әуе шабуылының қаһарманы даңқты ұшқыш Талғат Жақыпбекұлы 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысының Майбалық ауылында дүниеге келген. Қадиша әжесінің бауырында тәрбиеленген батыр ел басына күн туған қиын шақтарда әжесіне қолғабыс беріп, үлкендермен бірге еңбекке ерте араласқан. Қара жұмысқа жастайынан дағдыланған ол  алдына ұшқыш болам деген мақсат қойып, Бішкектегі ДОСААФ авиамектебіне түседі.

2-    оқушы: ( слайд)

Екінің біріне бұйырмайтын мұндай бақытқа иеленген ол ең алдымен Саратовтың арнайы барлаушылық ұшқыштар авиамектебіне оқуға жіберілген. Оны абыроймен аяқтаған соң Чкаловтағы 3-ші бомбалаушы және 1-ші жойғыш авиациялық ұшқыштар мектептерінде мамандығының қыры мен сырын одан әрі терең меңгерді. Екі жарым жыл бойы ИЛ-2 шабылдаушы ұшағында ұшуға дайындалып үйренеді.1942 жылы сұрапыл соғыс кезінде 144-ші гвардиялық деп аталатын алғы шептегі 800-ші шабылдаушы авиаполк қатарынан табылды. Міне, соның құрамында Талғат Бигелдинов соғыстың соңғы күндеріне дейін кеудесін отқа төсеп, от-жалынның ортасында жүрді. Даңқты ұшқыш қан майданда көкке 305 рет әскери шабуылға шыққан. Бар болғаны 23 жасында Кеңес Одағының екі мәрте батыры атанған ол Берлинді алуға алғаш қатысқан.

3-    оқушы: (слайд)

Ия, батырдың қан майдандағы ерлігінен бөлек, бейбіт өмір кезіндегі қазақ халқы үшін жасаған қызметі орасан. Мәселен, оның басшылығымен елімізідің көптеген облыс орталықтарында заман талабына сәйкес келетін ұшу-қону алаңдары бар аэродромдар салынды. Үкімет тапсырмасымен Лисаков кен байыту комбинатының құрылысына, Жамбыл суперфосфат комбинатына, Алматыдағы Республика сарайы, республикалық кітапхана ғимаратын салуға атсалысты. Осы жылдарда өзінің құрылысшылар ұжымымен барлық облыстарда автодромды автомектептер тұрғызған.

4-    оқушы: (слайд)

Талғат Бигелдинов отандық патриотизмнің қайталанбас үлгісін көрсете білген тау тұлғалы азамат. Өзінің естеліктерінде жүрегінде әрдайым патриоттық сезім болғанын айтады. Батырдың ерлікпен өрілген өмірі туралы фильмнің дүниеге келуі де сондықтан. «Подняться в воздух» фильмі нағыз ерліктің өрнегін көрсеткен тың туынды. Батыр туралы бір жылдай түсірілген фильм желісіне ұшқыш-шабуылдаушының 1966 жылы қаламынан туған «Илы атакуют» кітабындағы естеліктер арқау болған еді.

5-    :

5-    оқушы: (слайд)

Соғыстан кейін Әскери әуе күштері академиясын( 1950), Мәскеу инженер-құрылыс институтын (1968) бітірді. 1956 жылы әскери қызметтен босап, 1957-1970 жылдары Қазақстан территориалдық азаматтық авиациясы басқармасында аға инспектор және бастықтың орынбасары, ұзақ уақыт Қазақ КСР-інің құрылыс саласында басшылық қызметтер атқарды.

(Интербелсенді тақтадан ордендері, медальдары мен  Бішкек қаласында қоладан жасалған ескерткіш мүсіні көрсетіледі.)

«Т. Бигелдинов жайлы  деректер» (слайд)

Кітап көрмесінде Т.Бигелдиновтың әскери өмірі мен қызметі туралы әдебиеттер, соның ішінде Батырдың ерлігі жайлы: «Аспандағы айқастар», «ИЛ-ы атакуют», С.Морозовтың  «Дважды Герой Советского Союза Т.Я. Бегельдинов», С.Бакбергеновтың  «Талғат»,  «Талғат Бегельдинов», «Отан үшін от кешкен», А.Сергеевтің «Звездное небо Талгата», А.Н. Бедельбаевтың «Тринадцатый, на взлет», К.Абеновтың «Великая Отечественная война в моей жизни: 60 лет спустя», Б.Омарұлының «Жүректiң көзi» және т.б. кітаптары бар.

«Шабуылшы» Көрініс.

«Кестелі орамал» жыр-шашу.

Қорытынды:

Халқымыз Талғат Бигелдиновті ерекше мақтан тұтты, дүние есігін ашқан мыңдаған сәбилерге есімін берді. Олардың көбі батыр ағасына еліктеп, білікті маман, жақсы азамат болып өсті, – дейді Президент. Сонымен қатар Елбасы қаһарман отандасымыздың есімі мен еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын, оның атындағы көшелер мен мектептер және ескерткіштер, кітаптар, фильмдер батыр есімін ұдайы есімізге салып отыратынын да атап өтті. Бүгінгі өміріміз үшін құрбан болған батыр бабаларымызды ешқашан естен шығармаймыз, ұмытпаймыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *