Наурыз мерекесінің бағдарламасы


Дүйсенбай Арайлым Алиқызы
Жамбыл облысы ,Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы Балалар мен жасөспірімдер орталығының қосымша білім беру педагогы

( Мерекелік ойын – сауық өткізілетін сахна алдын ала «Ұят болмасын» бағдарламасындағыдай арнайы дайындалуы шарт. «Ұят болмасын» бағдарламасындағы әуен ойналып тұрады.

Сахнаға Ақылбай ақсақал мен келіні Айгүл шығады.)

Айгүл:

Ата, көрші Салима әже немере қызының құлағын теспекші екен, соған көрші қолаңдарын шақырыпты. Жалғас түсте келмеймін деді, сіздің ас суыңызды дайындап, барып келсем деймін.

Ақылбай ақсақал:

Ой пәлі, Салима кемпірдің немересі балиғат жасқа келген екен-ау. Өтіп жатқан заман – ай десеңші.

Айгүл:

Ата, сонда балиғат жас қанша?

Ақылбай ақсақал:

Қазақта қыздың балиғат жасы тоғыз жас болып саналады. Сол жасқа келгенде, кейде одан да ертерек, құлағын тесе беруге болады. Құлақ тесу -дәстүрге енген ежелгі ғұрыптардың бірі, балам. Бұл дәстүр бұрынғы ата-бабаларымызда ұлды сүндетке отырғызумен бірдей болып саналған.

Айгүл:

Жарайды, ата, ендеше мен Салима әжейдің үйіне кеттім.

Ақылбай ақсақал:

Бара ғой, менен замандасқа сәлем айт. Мен Мағжан келгенше сәл мызғып алайын.

(Айгүл кетеді, атасы төрге барып жатады. Сахнаға екі әже – Қырықпаева Перизат және Ермекбаева Қуанышкүл,  үш жеңге – Тілеубаева Элзат, Үребаева Жанар және Пірімқұлова Шолпан, екі кішкентай қыз кіреді.)

1 әже:

Әй, Салима, тары мен инең дайын ба?

2 әже:

Бәрі де дайын. Әй келіндер, немеремді әкеліңдер! Келе ғой, ботам. Қарашы, әжең саған қандай әдемі сырға алды! (Бірінші әжеге қарап) Құрдас, немеремнің құлағын әдейі өзіңе тестіріп отырмын. Сен сияқты он ұл мен қыз өсірген ардақты ана болсын.

1 әже:

Жарайды, келе ғой алдыма. Мен бұл қыздың құлағын уқалап тесуге дайындағанша бір ән айтып берсін келіндер. (Әжелер ыңылдап әндетіп отырып қыздың құлағын уқалайды, содан кейін тесіп сырға салады. Сахнадағы келіндердің бірі Пірімқұлова Шолпан  ортаға шығып халық әнін орындайды.)

2 әже:

Немеремнің сырғасының шашуын алыңдар, айналайындар. (Орамалдар береді, келіндері қуанысып бөліп алады, немересіне көрімдіктерін береді. Солай бәрі сахнадан шығады.)

(Сахнаға бір топ ер кісілер:  Досетов Оралбек, Ырғалбеков Смаил, Базарбаев Алтай – келеді. Ақылбай ақсақал газет оқып отырады).

Ер кісілер:

Ассалаумағалейкум, Ақылбай ақсақал!

Ақылбай ақсақал:

Уағалейкум уәссалам. Ия, жол болсын! Төрлетіңдер. Әй, Мағжан! Қайда кеткен бұл жүгірмек. Келін көршінің үйіне кетіп еді, кешікті ғой. Мағжан, анаңды шақырып келші.

Мағжан:

(Сахнада асық ойнап жүреді.) Қазір, ата. (Көршінің үйіне қарай жүгіріп кетеді. Біраз уақыттан кейін Айгүл келеді, қонақтарға иіліп сәлем жасайды.)

 

Айгүл:

Амансыздар ма, қош келдіңіздер!

Ақылбай ақсақал:

Келін, шәй қой, тамақ ас. Бұл кісілерді көрмегеніме көп болды. Асықпай шәй ішіп, қонақасын жеп, ел-жұрттың жаңалығын естиік.

Айгүл:

Жарайды, ата. Әй Мағжан, қайда кеттің, қорадан қазанға салатын отын әкеле қойшы. Мен самаурын қоя берейін. (Сахнада ер кісілер ананы – мынаны айтып отырады. Айгүл самаурын жағып, қазанға от салып отырғанда жанына  қайнысы –  № 1 лицей – мектептің оқушысы Сәрсенбектегі Руслан келеді.)

Қайнысы:

Саламатсыз ба, жеңеше, үйде қонақтар бар ғой деймін. (Барып қонақтармен амандасып, жеңгесінің қасына қайтып келеді.) Мен Жалғас ағама бір шаруамен келіп едім.

Айгүл:

Мырза жігіт, көп болды ғой сені көрмегенімізге. Қайда жүрсің өзің? Ағаң үйде жоқ, бір шаруамен көрші ауылға кетіп еді. Осы сенің әніңді сағындық қой. Бір ән салып, көңілімізді көтеріп кетші.

Қайнысы:

Ендеше мен сіздерге бір ән салып берейін, ағам келгенше уақыт өтсін.                                  (Сәрсенбектегі Руслан домбырамен ән орындайды. Ән орындалып біткенде ер кісілер орындарынан тұрады.)

Ер кісілер:

Ақсақал, ас-дәміңізге рахмет.Рұқсат болса біз қайтайық .

Ақылбай ақсақал:

Жортқанда жолдарың болсын, жолдастарың Қыдыр болсын. Елдеріңе сәлем айта барыңдар. (Шығарып салады, келіні қонақтардың орнын жинап жүріп шаншулы біз тауып алады.)

Айгүл:

Ата, жаңағы кісілерден біз түсіп қалса керек.

Ақылбай ақсақал:

Ой пәлі! Қане? Текті жердің адамдары емес пе, емеуріңдерін біз арқылы білдірген екен ғой. Үйдегі қайынсіңілің бой жетіп, елдің көзіне түскен екен.

Айгүл:

Ата, біздің қызға  не қатысы бар?  Түк түсінсем бұйырмасын.

Ақылбай ақсақал:

Мұны «біз шаншар» дейді. Қазақ жаушы орнына кейде осы «біз шаншар» салтын қолданады. Ақсақал – қарасақалы аралас бір топ ер азамат бойжеткен қызы бар үйге түседі. Қандай шаруамен жүргенін айтпай, ел шаруасын, амандық білген болып, қонақасын ішіп, аттанып кетеді. Әдеп бойынша ел ішінде бір топ адам бекер бұлай жүрмейді. Ал шаншулы біз – «бізде ұл, сізде қыз бар, құда болайық» дегенді білдіреді, қарағым. Қайынсіңіліңе құда түсіп келген екен ғой, ондай болса дайындалайық. Анау Астанаға кеткен апаңды телефонмен шақыр, тұқымы өскір. Баласының үйінде ұзақ жатты ғой, шіркін. (Сахнадан шығып кетеді.)

Айгүл:

Жарайды, ата. (Кетеді. Сахнаға «Ахау керім» әнімен Ш. Уәлиханов орта мектебінің оқушысы Әуезбекова Ақбота шығады. Ән біткен соң бір топ жастар домбырамен ән айтып сахнаға келеді. Бір шетінен Ақылбай шал мен келіні шығады.)

Ақылбай ақсақал:

Келінжан, көшеде не айқай – шу?

Айгүл:

Білмеймін, көршінің келінінің аяғы ауыр еді. Барып біліп келейінші, ата.

Ақылбай ақсақал:

Бара ғой.

Айгүл:

(Жастардың қасына барады.) Ерке қыз (Әуезбекова Ақбота), мұнда не болып жатыр?

Ерке қыз:

Жеңеше, «Келін көңілі » деген салтты естіген жоқ па едіңіз? Мен де жақсы білмейді екенмін. Әжемнен сұрайықшы. Әже, «келін көңілі » деген не?

Әже:

Әй қарағым, қазақ атам данышпан ғой. Қазақтардың санасында жас ананың көңілін көтеру деген салт бар. «Бір аяғым көрде, бір аяғым жерде» деп көңілі күпті жүретін екіқабат әйелдің қас – қабағына қарау, оның көңілін орта түсірмей, аялап ұстау керек. Әр отбасы, әр адам күмәнді келіннің көңіл күйінің көтеріңкі болуы үшін қызмет етеді. Ол үшін ауыл аймақ жастары «келін көңілі » деген осындай кеш ұйымдастырады. Әнші, биші, күйші қыз-жігіттер бүгінгідей жиналады. Аталған дәстүрлі салт халық мәдениеті мен өнерінің бір көрінісі, айналайындар. (Сол кезде бишілер, әншілер өнерлерін көрсетеді: № 2 орта мектептің «Қыздар ай» мен «Шашу» би топтары,  № 2 орта мектептің оқушысы Бижанов Әділет, Ақтоған орта мектебінің оқушысы Құлтасова Айдана. Соңында сахнаға Ақылбай ақсақал келіп, жастарға, көпшілікке қарап бата береді).

Ақылбай ақсақал

Өркендерің өссін!

Әр күндерің Наурыз күніндей берекелі болсын!

Ұлдарың – оңға, қыздарың – қырға қонсын!

Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы болыңдар!

Айларың оңынан тусын!

Жұлдыздарын соңынан тусын!

Бақ берсін, Қыдыр дарысын!

Әумин!

(Осы жерде «Ұят болмасындағы» әуен ойналып, бәрі сахнадан түседі.)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *