Тіл мерекесі «Шешендік сөз – құнды мұра, асыл қазына”


Берниязова Айнұр Маратқызы
О.Тұрмағанбетұлы атындағы Маңғыстау индустриалды техникалық колледжінің экономика пәні оқытушысы

Сабақтың мақсаты: Шешендік өнердің алуан сипаттарын, халқымыздың даналығының-шешендік асыл қазынасының тәлім-тәрбиелік сипаттарын, ғасырлар бойы халық сынынан екшеліп өткен құнды мұра екендігін таныту; шешендік сөз өнерінің «өнер падишасы» саналатындығын, шешендіктің шалқар шабыт, шалқыған сыр мен сезімнен туатынын, даналық ой, көркем сөз өрілімін насихаттау. Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билердің көркем сөзден «сарай салған» шешендіктерімен бірге қазақтың әйгілі де айбарлы билері екендігін таныту

 

Көрнекілігі: Презентация, слайд

Жоспар:

I.Кіріспе бөлім

1.Терме «Шындық туралы толғау»

2.Құттықтау сөз: Тарих пәнінің мұғалімі А.Ихсатовқа беріледі

3.Баяндама « Шешендік сөз–асыл ойдың өрнегі»

II.Негізгі бөлім

1. Терме «Қанекей тілім сөйлеші»

2. Мәнерлеп оқу «Қазақ елінің шешендеріне арнау»

3. Терме: «Қ.Күржіманұлының Аралбайды жұбатуы»

4. Көрініс: «Қарашаш ананың тапқырлығы»

5. Айтыс: «Қыз – жігіт айтысы»

III. Қорытынды бөлім.

Ән «Тілім менің»

I.Кіріспе бөлім

Терме «Шындық туралы толғау» орындайтын: 2ДП-16Б тобының студенті Балышева Зарина

Кіріспе сөз (бірлестік жетекшісі) Берниязова А.М.

Құрметті ұстаздар мен студенттер! Колледжіміздің тіл мерекесі апталығына байланысты әлеуметтік – экономикалық пәндер бірлестігінің өткізілгелі отырған тілдер мерекесіне арналған шарамызға қош келдіңіздер!

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың 1998 жылдың 20-қаңтарындағы жарлығына сәйкес 22-қыркүйек «Қазақстан халықтарының тілдері» күні ретінде аталып келеді. Тіл мерекесі құтты болсын! «Шешендік сөздер – құнды мұра, асыл қазына» атты танымдық ашық тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз!

Ал енді алғашқы құттықтау сөз кезегін әлеуметтік-экономикалық пәндер бірлестігінің оқытушысы А.Ихсатовқа беріледі.

2–жүргізуші.

Қазақ – сөз қадірін, өз қадірім деп білген, кеңдігін де, елдігін де, кемеңгерлігі мен көсемдігін де сөзге сыйғызған халық. Қазақ халқында сөздің орны ерекше. Бітпес даудың, бітуәсіз шудың кесімі де, шешімі де сөз болған. Тұла бойдың тылсым сырын сыртқа жаяр, лып еткен сезім, терең ақыл, кемел ой, арман-мұрат, мұң мен сыр бәрі сыйған сиқыр сөздің бағасын біреу білсе, қазақтай – ақ білсін.

1-жүргізуші.

Қазақ халқы қасиетті сөзді қастерлеп, аузынан тастамай өнеге – үлгі ретінде данышпандығын өлең өрнектерімен өрнектеп,терең мағыналы сөздермен зерлеп келе жатқан, басынан сөз асырмаған, ешкімге есе бермеген, бір ауыз сөзге тоқтаған данышпан халық. Шешендік сөздер қашанда халықтың қажетті мұрасы болып табылған.

2-жүргізуші.

Қазақ елі қандай ауыр жағдайда өмір сүрмесін, өзінің би – шешендерінің сөзін жадында сақтап, жаттап айта жүруді, одан үлгі өнегі алуды тоқтатқан емес. Шешендер мен билер әрқашан шындықты айтып, аз сөзге көп мағына сыйғызып, халықтың рухани қажетін өтеп отырған. Шешендіктің негізгі қасиеті – айтылған ойға тапқыр, әрі жедел жауап қайтару. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айту.

II. Баяндама «Шешендік сөз-асыл ойдың өрнегі»  мәдениеттану пәні оқытушысы Х.Қанатжанова

1 – жүргізуші.

Өзгелерден асып туған, қара түгіл, ханның өзін пысы басып туған, кемеңгер ойға тасып туған, қазағына, еліне, салқар сайын даласына нұр сипатын шашып туған  үш арысымыздың шешендік өнерге қосқан үлесін айта кетпеске болмас.

Қазанқап Байболұлының «Төле бидің тарихы» дастанынан үзінді, оқитын:1ДП-17Б тобы студенті Жүргенбай Лаура

2-жүргізуші

Кезінде тәкаппарсып тепсінген талай төресымақты төрден тайдырып, аузынан шыққан әр сөзіне ханның өзін телмендеткен, дүйім жұрттың өзін қайран қалдырып, жағасын ұстатқан, қас қағымда заңғар-заңғар ойлардан уәж түйіндеген, мақпал сөздің мәйегі, сара сөздің саңлағы, ғажайып ғибраттың, абзал істің абыздары атанған, Жерім, Елім деп жарғақ құлақтары жастыққа тимей өткен, мықты мен әлсіздің, ру мен рудың, тайпа мен тайпаның, ұлыс пен ұлыстың, тіпті ел мен елдің арасындағы келіспеске кеткен жанжалдарды сынықшыдай сипап отырып, сылап тастайтын, шабысып келген бақасты табыстырып таратқан, қуысып келген қаскөйді туыстырып таратқан, пышақтасып келген даушыны құшақтастырып таратқан, масылды асыл, жасықты жасын ғып ел қатарына қосқан кемел де, кемеңгер үш бағаналы бәйтерекке теңеген Әйтеке, Төле би, Қазыбек би- шешендерімізге деген құрметпен колледжіміздің студенті Жолдас Қуаныштың сөзіне жазылған «Қазақтың би-шешендеріне арнауы», оқитын 1ДП-17Б тобы студенті Жанетова Сабрина

 

1–жүргізуші.

Қ. Күржіманұлы 1841, Түрікменстан, Ташховуз облысы Мырзабасы ауылында дүниеге келіп, 1929 жылы өмірден озып, Маңғыстау облысының, Құлат ауылы Қырықкезде жерленді. Ол тек қана Маңғыстаудың емес, бүкіл қазақ еліне белгілі ақын. Әкеден жастайынан жетім қалып, 15–16 жасында ағасы Сәрсенбай үйімен Атырауға келеді. 16–17 жасынан ақын атанған. ол Маңғыстау, Хорезм аймағы, Еділ, Жайық, Жем, Сағыз елді- мекендерде болып, ақын-күйшілермен (Ақтан, Мұрат, Бала Ораз, Қоспақ, Құрманғазы, Нұрым, Өмір, Ығылман) кездесті. 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін шығармалары ел арасына ауызша тараған.

2 – жүргізуші.
Аралбай ақын жалғыз ұлы Берекет өліп, қамығып отырғанда, үйіне замандасы Қашаған келеді. Бұл жайдан хабарсыз, көптен көріспеген Қашаған:–Лебізіңді сағындым, домбыраңды шалып жібер, – дейді. Сонда Аралбай Қашағанға мұңын ағытады:
Қолыма алған домбыра,
Сен де өзімдей аңыра,

Ажал құрық салған күн,

Қаларсың сен де әдірә.

Кешегі өткен он жасым,

Он жасымнан бері қарай,

Домбыра болды жолдасым.

Он бес жасқа келгенде,

Құрбының көрдім құрмасын,

Ағаның көрдім ордасын.

Баяны жоқ сұм жалған

Байқадым қолда тұрмасын.

Әй, Қашеке, Қашеке,

Қадірлі аға Қашеке-ау,

Жалғызымнан айрылып,

Қанатымнан кайрылып,

Көңілім сөйтіп түңілген.

Сонда Қашаған Аралбайды жұбату жырын толғайды:

Терме: «Қашағанның Аралбайды жұбатуы» орындайтын 3МП-0911-15Б тобының студенті Айтжанов Асхат

1-жүргізуші.

Қарашаш ана- әйгілі Жиренше шешеннің әйелі болған. Ол өзінің тапқырлығы және данагөй ақылдылығымен Жиренше шешеннің өзіне лайықты жары бола білген ерекше адам. Жиренше шешен өзі – Әз-Жәнібек (Алтын Орданың ханы) ханның тұсында өмір сүргендіктен және Кіші жүз Жетіру бірлестігінің Рамадан руынан шыққандығы тарих пен шежірелерден белгілі болғандықтан, Қарашаш сұлуды да тарихи тұлға ретінде бағалай аламыз. Жиренше шешен мен Қарашаш сұлудың көптеген шешендік аңыз-әңгімелерінің бірінен көрініс тамашалайық.

Көрініс: «Қарашаш ананың тапқырлығы» 3ОГХ-15Б тобы студенттері мен топ жетекшісі Бахаева Нұрсила.

2-жүргізуші:

Айтыс- ақындардың тапқырлықты, білімдарлықты, өмір тануда сергек сезімталдықты және өзгеге ұқсамас өзіндік ерекшелігін талап еткен. Айтыстың шешендік сөз сайысы, тәрбие мектебі тапқырлықтың тұғыры болып ерекше бағаланады. Ертеде өткен ақындар айтысының дүлділі Біржан мен Сараны, Кемпірбай мен Шөжені, Әсет пен Рысжанды, Жамбыл мен Құлманбетті және т.б. рулы елдің ар – намысын қорғаушылар дейді. Ендеше,ғасырлар бойы өмір тәжірибесінің нәтижесінен жиналған асыл мұраның бірі, шешендік ойдың зергері, айтыс өнері болса керек. Енді бір сәтке осы айтыс өнерін аталы сөзге тоқтай білген айтыскер ұл – қыздарымызды ортаға шақырсақ.

«Қыз бен жігіт айтысы» 3ДП-15Б тобының студенті Рахманова Сұлушаш, 4АТП-14Б тобының студенті Жолдас Қуаныштың орындауында тамашалаңыздар.

1-жүргізуші.

Бүгінгі таңда әрбір саналы, білімді қазақ азаматы халқымыздың жүріп өткен сара жолынан шешендеріміздің тұлғаларын танып қана қоймай, олардың сөз сараптауларын терең түсініп, өздері де ойлы, әдемі, шешен сөйлеулері қажет екені даусыз.

Бүгінгі тәрбие сағатымыздан ел болашағын ойлаған, от ауызды, орақ тілді шешендерімізден қалған асыл мұралардан көп ой түйдік ойлаймын. Біздің арамыздан болашақта ел болашағын жырлайтын Жыр дүлдүлі атанған Тұрмағанбет те, үш жүздің басын қосқан Төле, Қазыбек, Әйтекелер сияқты билер шығатынына сене отырып, тіл мерекесіне арналған кешімізді аяқтаймыз.

Ән «Тілім менің» орындайтын Таймасова Л.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *