«Үш тілді меңгеру – заман талабы»


Қалкенова Эльмира Ибрагимовна
Ә. Мусин атындағы Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы

Өркениетті қоғамда «Тіл – адамзаттың баға жетпес құндылығы». «Тегінде адам бір-бірінен ақыл, білім, ар, мінез қасиеттерімен озады» деген ұлы ақын Абай сөзі қай заманда да өз мәнін жоймақ емес. Сондықтан болар, білім беру жүйесін дамыту басты бағыт болып саналады. Еліміздің «Білім туралы» заңының 5-бабында «Барлық оқу орындары мемлекеттік жалпы міндетті стандартқа сәйкес мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білу мен дамытуды, орыс тілі және бір шетел тілін оқып үйренуді қамтамасыз етуге тиіс» деп көрсетілген. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауындағы «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасы – дүние жүзіндегі алдыңғы қатардағы мемлекеттерге тән құбылыс. Жаңа әлемдегі жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті жаңа Қазақстан тұғыры рухани құндылықтарға негізделген, бұл біздің мемлекетіміз ұстанып отырған саясаттың басты қағидасы. Рухани құныдылықтың бастауы – тіл мәртебесін көтеру, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту. «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі»  деп елбасымыз айтқандай қазіргі таңда еліміз үшін шетелдермен саяси-әлеуметтік және мәдени қарым-қатынас жасау үстінде.

Көптілділік – полимәдениетті тұлғаны қалыптастырудың негізі. Көптілді меңгеру – мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдени қарым-қатынастардың аса маңызды құралы. Еліміздің басқа мемлекеттермен қарым-қатынасы артып отырған шақта көптілді еркін меңгерген, келешекте білімін түрлі саладағы қарым-қатынас жағдайында пайдалана алатын адамды мектеп қабырғасынан оқытып шығару – мұғалімдердің қазіргі кездегі міндеті.

Көптілді орта қалыптастыру мақсатында үш тілде оқытатын мамандандырылған оқу орындары ашылып, бүгінгі таңда оның саны жыл асып қарқынды көбеюде. Мен қызмет атқарып отырған Ә.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжі осы бағытта қызмет атқарады. Үштілділікке байланысты өткізілетін іс-шаралардың бірі – 22 қыркүйек Қазақстан Республикасы  халықтарының Тілдері мерекесіне арналған. Осы мерекеге арналған апталық аясында үш тілде тәрбие сағаттары, байқаулар, шығармалар сайысы, мәнерлеп оқу шеберлерінің сайыстары өткізіледі. Мен осы мерекеге байланысты әр жылдары орыс тілді топтар арасында «Тілім менің», «Тіл – достықтың алтын көпірі», «Тіл тағдыры – ел тағдыры» тақырыптарында танымдық тәрбие сағаттарын өткізіп отырдым.

Көптілділік – заман талабы. Бұл заман өз халқының мәдениетін басқалармен салыстыру арқылы әлем суретін әр алуан әрі тұтас көруге, ұлттық мәдениеттің барлық ерекшеліктерін және құндылықтарын сезінетін, патриоттық сезімнің оянуына мүмкіндік тудырды. Көптілді үйретудің қай қырын алып қарасақ та жүргізілетін жұмыстардың басты мақсаты – білім берудің сапасы мен нәтижелігін арттыра отырып полимәдениетті тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Осы орайда студенттеріміз үш тілде еркін сөйлеуге, әртүрлі сайыстарды үш тілде өткізе алатын деңгейге жеткізуге талпыныс жасауда. Жас өскіннің өз болмысын тануға, көркем сөз әлемін тануға өз ұлтының салтын, құндылықтарын өзге елмен салыстыра отырып онымен мақтануға, тереңде жатқан талап-тілегін, қабілеттерін дамыту, сол арқылы оған толыққанды өмір сүру үшін рухани күш беру – бүгінгі қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің басты мақсаты. Бұл мақсаттың орындалуы үшін оқыту мазмұнының жаңартылуы, әдіс-тәсілдің озығы өмірге келуі, ол тәсілдер әрбір оқушының қасиеттерін, қабілеттерін дамытып, шығармашылығын, талантын ұштайтын болып ұйымдастырылуы қажет.

Тіл – қазақтың жан дүниесі, рухани негізі. Ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгі. Тіл – адамбаласының басты қазынасы болғандықтан – тіл байлығы елдің елдігін, жұртшылығын, ғылымы мен әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғам құрылысытары мен салт-санасын қай дәрежеде екенін танытатын дәлелді көрсеткіші. Барлық қазақстандықтарды біріктіретін –  қазақ тілі, сондықтан егемен елімізді сақтап қалу үшін ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік тілге ерекше ықылас қажет.

 

«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» – деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, тіл – елдіктің тірегі, тәуелсіздіктің тірегі. Ғасырлар бойы аңсап келген тәуелсіздігіміз баянды болсын десек, ана тіліміздің мәртебесін жоғары көтерейік. Ал тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: орыс тілі еліміздегі әртүрлі халықтардың қарым-қатынас тілі ретінде, ал ағылшын тілі болса жаһандық экономика аясында табысқа жетуде мемлекеттік тілдің құралы ретінде ана тілінің әрі қарай дамуына қызмет етуі тиіс.

Біздің алдымызда тұрған міндет – халқымыздың ұлттық дербестігін сақтай отырып еліміздің өркениетті елдер қатарына қосу. Сол өркениетті елдер санатының қатарына қосылуына ықпал жасайтын еліміздің ертеңгі болашағы – жастар екені даусыз. Ендеше болашақ Қазақстанның азаматтары ескінің көзіндей, жаңаның ізіндей болып дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзінің төл мәдениетін сыйлайтын, басқаға өзін таныта, сыйлата алатын рухани дүниесі бай, білімді, білікті болуы шарт.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *