«Күйші – сазгер А.Мұздаханов шығармашылығының мәдени мұрасы»


Шакиров Ерлан Аскарович

 Н. Құлжанова  атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің домбыра класы мұғалімі

Бұл мақала қазіргі Қостанай облысы (бұрынғы Торғай облысы), Амангелді ауданының  күйші – сазгері  Айтбай Мұздаханов шығармашылығының мәдени мұрасына арналады. Бір жағынан тың тақырып ретінде қабылданса, бір жағынан ол кісінің күйшілік шығармашылығы менің ізденісімді шыңдап, өнеріме қызығушылығымды арттырды. Бұрын сонды күйші жайлы көптеген мақалалар мен очерктер, эсселер мен өлендер жазылып жүрсе де, бұл тақырып өзінің өзектілігін жоғалтқан емес. Айтбай Мұздахановтың шығармашылығы қарқынмен дамығанның өзінде де, оның күйшілік мұрасы алғаш рет бүтін ғылым ретінде қарастырылып, жүйелі зерттелмегені тақырыптың қарамақайшылығын көрсетеді.

Зерттеу жұмысында күйшінің тақырып таңдаудағы сан қырлылығы зерделенеді. Мәдени мұрамызды толықтырып келер ұрпаққа қалдыру, оны насихаттау негізгі мақсатымызға айналғандықтан «Күйші – сазгер А.Мұздаханов шығармашылық мәдени мұрасы» тақырыбы, осы мақаланың және дипломдық  жұмысымыздың тақырыбына негіз болды.

Бұл енбекте әртүрлі музыкалық материалды пайдаландық: ноталық басылымдар, теориялық ғылыми еңбектер, баспа беттеріне жарияланған күйші туралы мақалалар, сондай-ақ үн таспаға жазылған аудио және видео деректер.

Торғай өнірінде  шашасына шаң жұқтырмайтын, мыңнан тұлпар өнер иелері көп болған. Бұған сазгерлердің өмір сүрген тарихи өңірі, жеке өмірі өз туындыларына арқау болып музыкалық шығармаларында арнайы зерттеуге негіз болатындай өзіндік ғылыми мәні бар.

Тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміздің руханиятты мәдени өмірінде бірталай өзгерістер болып келеді. Елбасы барынша ұлттық мәдени мұрамыздың зерттеп зерделенуіне жол ашып, бірнеше мәдени бағдарламалар ұсынды.  Соның аясында әр түрлі жобалар жасалып нәтижесі көрініс тауып жатқаны баршамызға мәлім. Жалпы қазақ дәстүрлі музыкасы, оның ішінде ән-күй өнерінің аймақаралық ерекшеліктері мен авторлардың стильдік қолтаңбасы, орындаушылық әдістері бар екені белгілі. Қазақтың кең даласын күймен тербеп, “тасқындата төгілткен”, халқының көңілін көтерген күйшілер, сазгерлер, сал-серілер, акындар мен ағартушылар болды. Бұл қатарға Торғай өлкесінің дарынды, ел ауызында жүрген, сол өңірдің ерекше тумалары, атап айтканда: Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов, Бақытжан Байқадамов және т.б тұлғалар есімдері тарихта қалғаны белгілі.

Күйші-сазгер Айтбай Мұздаханов Торғай өнірінің тумасы, дәлірек айтканда, 1941 жылы 15-қазанында Амангелді ауданы, Кемер ауылында дүниеге келген.

Руы – Қыржігіт. Әкесі – Молдашұлы Мұздахан етікші, ағаш шебері, күйші-домбырашы болған. Анасы – Молдашова Кәбира әнші, ептеп домбырада ойнаған. Айтбай домбыра ұстауды өз әкесінен жеті жасынан бастап үйренеді. Содан соң өнерге баулыған кәсіби музыкант кісілердің бірі – Төкен Елтебаев болды. Айтбай 1960 жылы Қостанайдан арнаулы орта орынын бітіріп келіп, еңбек жолын электрик–механик жұмыстан бастады [1]. Сөйтіп, өзінің туған жері, өскен елі «Коммунизм жолы» совхозында еңбек және өнер мектебінде қызмет жолынан өтіп жатты. Бірақ, ол музыкалық білім ала алмай қалдым деп мойымады. Ол өз бетінше творчествалық толық ізденіс жолына түскен еді. Совхоз көркем өнерпаздар коллективінің белсенді мүшесі, ұйымдастырушы жетекшілерінің бірі бола жүріп, аудандық, облыстық фестиваль, өнер жарыстарынан қалып көрген емес. Бірнеше рет лауреат атанды. Жасы өскен сайын орындаушылық шеберлігін шыңдап, арттыра берді, оның мақсаты – атадан қалған өнер жолына арнауды арман етті. Бүгінгі күні ол Қазақстан Республикасының Мәдениетіне енбегі сіңген қайраткер атанды [2,4-5бет].

Күйші сазгер шығармашылықпен айналысқанына 45 жыл ішінде 60 жуық күй мен 40 шақты ән шығарды. Композитордың жазған әндерінің бастапқылары марш екпінінде болған, соңынан әндері вальс екпініне бет бұра бастаған. Автордың әндері сан-қырлы, олардың ішінде: «Өзің Алла сиынарым», «Аяулы ана», «Шынарым», «Дархан дала», «Бөбектерге берейікші жер шарын», «Байғабылда бір бала», «Жас қазақ», «Қыр қыраны», «Армысындар ағайын», «Балбөбек», «Нұрбейнелі-Нұрғиса» әндері бар. Бір қатар әндерінің сөзін жазған Торғай өңіріне кеңінен танымал ақын жазушылар, олардың ішінде: Сәт Есенбаев, Ғафу Қайырбеков, Қасым Аманжолов, Бөгетбай Әлмағанбет, Қанипа Бұғыбаева, Жұмаш Сомжүрек еді [3,122бет].

Күйшінің шығарған осы күйлеріне сипаттама беру мақсатымен біз 2014 жылы жаз мезгілінде фольклорлы-этнографиялық экспедиция аясында автормен жүздесу барысында сұхбат алдық. Амандасу адамгершілік белгісі деп Айтбай ағамыз өте жылы қарсы алды. Үйінің ішінен күйдің иісі аңқығандай сезініп тамаша бір көңіл-күймен әңгіме өрбіттік. Өз баласындай еркелете отырып, күйде ойнап берді. Еңбегінің еленіп жатқанына күйші де дән риза болды. Сұхбат барысында композитордың біршама күйлері нотаға түсірілмегендігін білдік. Сонымен бірге, автордың рұқсатымен нотаға түсірілмеген 16 күйі үнтаспаға түсіріліп алынды. Айтбай Мұздаханов шығармашылық жолын күй шығарудан бастағандығымен әңгімесін өрбітті. Өзінің берген мәліметтері бойынша, оның алғашқы 8 күйі циклдық болып есептеледі екен. Бұлай болуының себебі, композитордың өзі айтуынша  қолының сау кезінде шығарылған күйлер  болып табылады. Циклдық күйлер «Бабалар үні» деген атпен топтама болып шығарылды. Баяндама барысында композитордың мынадай циклдық күйлеріне талдау жұмысы жасалынды. Бұл тізімге: «Елім – ай», «Қаратау»,  «Бозтайлақ», «Тархан баба», «Ару арман», «Сейтқұл аңызы», «Нар қыз», «Жұбату» күйлері енгізілді.

Айтбай Мұздаханов өз күйлерін үш топқа бөледі. Бірінші топ – бейнелеу күйі, яғни табиғатты, адамның мінез-құлқын және  жалпылама елдің ішкі жағдайын бейнелейді. Екінші топ – баяндау.  Үшінші топ – тартыс. Автор  күйлерінің тақырыптық мәні патриоттық сезімге толы. («Елім – ай»,  «Ер есімі – ел есінде», «Ата мұра – домбыра»), сондай-ақ, тарихи кезендері мен ата-баба рухына арналған («Тархан баба», «Қаратау», «Жұбату», «Бозтайлақ», «37-ші жыл», «Аманкелді дүбірі», «Арманда кеткен аталар», «Ана туралы толғау» т.б.). А.Мұздаханов өзі мүмкіндігі шектеулі жан болсада, ешқашан мұңаймай,  рухани жағынан мықты, жігерлі күйші – сазгер.

Күйші әрі сазгер Айтбай Мұздахановтың  оның шығармаларына өз әсерін тигізбей қоймады. Мүмкіндігі шектеулі жан болғандықтан  оның күйлерінің орындалу жағынан  қарапайым. Қағыс, ырғақ және орындау техника жағынан шектеулі. Автордың тек төкпе күйлерін  шығарғанын байқадық. А. Мұздаханов күйлерінің ішінде миᵇ және ляᵇ (фригийский лад немесе түркмен-перне депте атайды[1]) жиі кездеседі, атап айтқанда; «Тархан баба туралы толғау», «Нар қыз», «Боз тайлақ», «Елім-ай», және т.б. Бұл Шығыс музыкасында жиі кездесетін интервал  екенін теория ғылымының  мамандары  жазып кеткен. (Е.В Назайкинский)[5]. Сонымен қоса,  метро-ырғақтық жағынан пунктирлі көрініс басым күйлерінде орын алғанын байқадық.Мысалы: «Елім-ай», «Қаратау», «Тархан баба», «Сейткұл аңызы», «Нар қыз», «Қызыл керуен» т.б. күйлерінде. Автор күйлерінің көбі халқымыздың бастан өткерген тарихи кезеңдер мен тарихи тұлғаларға  арнап шығарғанын байқадық.

Айтбайдың шығарған күйлерін тек Торғай өңірінде емес, сонымен қатар оны исі қазаққа таратып насихаттап жүрген, «өзімнің ізбасарым», деп таныстырған Айтбайдың қызы Анар да назардан тыс қалмақ емес.

Бәлкім, «әкеге қарап қыз да өсер» деген осы шығар. Әкесінің «Аманат» дегені күйі осы қызының бойындағы өнеріне сеніп, мұрагеріне берген ақ батасы іспеттес. Айтбайдың ізбасары әрі насихаттаушысы – Анар Айтбайқызы Мұздаханова «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты және де Қазақстан Республика Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.     Анар күйші өз тарапынан әкесі Айтбайдың шығармашылығын насихаттау жағынан оның күйлерін нотаға түсіріп шағын күйлер жинағын баспа беттерінен шығарды. «Бабалар үні»: күйлер мен әндер жинағы. А. Мұздаханов / Жинақты құраст. Әрі күйлерді нотаға түсірген – Анар Мұздаханова, ноталарды рет. Тексерген және компютерде терген – Қарасай Ахметұлы. Астана: «Сарыарқа» БҰ, 2008 – 122 бет.

Соның нәтижесінде ел ішінде Мұздахановтың есімі кенінен танылып келеді. Осы жасалған насихаттау жұмыстары өз жалғасын тапса екен дейміз.

Жұмысымыздың нысанасы болған күйші Айтбай Мұздаханов тағдыр таразысына түсіп, жазықсыз жапа шексе де, қиындыққа мойымай, бас сауғаламай, нағыз қазақ деген атқа лайық ерекшелікті танытып, жасымай, өнерімен қайта қауышып, өнерден бақытын тапқан тұлға.

Қорыта келгенде, күйші шығармашылығы бұрын соңды терең, кешенді тұрғыдан  зерттелмегенін ескере отыра және оның  мүмкіндігі шектеулі жан болсада, өнерге деген құштарлығы, шығармашылық шабыты даму үстінде келе жатқанын көреміз.

Айтбай Мұздахановтың осы күнге дейін жасаған еңбегі ел ішінде жоғары бағаланып өз орның тапты деп ойлаймыз.  Сондай-ақ, болашақта бұл тақырып әлі де өз жалғасын табатынына сеніміз мол.

 

Пайдаланған әдебиет тізімі:

 

1.     А. Мұздахановтың сұхбатынан алынды.

2.     Әжіғалиева. А. «Өмірі өнегеге толы тағдыр иесі» // Салем газеті. 7 наурыз 2014, 4-5 бет

3.     «Бабалар үні»: күйлер мен әндер жинағы. А. Мұздаханов / Жинақты құраст. Әрі күйлерді нотаға түсірген – Анар Мұздаханова, ноталарды рет. Тексерген және компютерде терген – Қарасай Ахметұлы. Астана: «Сарыарқа» БҰ, 2008 – 122 бет.

4.     С.И Утегалиева «Звуковой мир музыки Тюркских народов»:теория, история, практика (на материале инструментальных традиции Центральной Азии). – М.:Композитор, 2013-528 с.,нотн. пр.,схемы,илл.

5.     Е.В. Назайкинский «Стиль и жанр в музыке» Москва Владос,2003.

[1]С.Өтеғалиева «Туркменские кюи в домбровой традиции Западного Казахстана» 14, 126 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *