ЕЛІМ ДЕП ОТ КЕШКЕН МАЙДАНГЕР


Уахитов Айдос Абдуалиулы

 Қостанай облысы, Арқалық қаласы, Ақбұлақ жалпы негізгі білім беретін мектебінің география пәнінің мұғалімі

Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 2015 жылдың мамыр айында 70 жыл толғалы отыр. Ұлы жеңістің 70 жылдығына, біздің егеменді еліміз үлкен дайындықпен қарсы алғалы жатыр. Бұл Ұлы жеңіс   сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, әр адамның көкейінде, жүрегінде әр кез сайрап жататын,  тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, жанқиярлықпен, жан аямай ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні-түні  мал бағып,  тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар тойлайды. Бұл мейрамды біздің аяулы да даңқты әйелдеріміз – өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен, олардың орнын жоқтатпаған аналар мен жұбайлар, қалыңдықтар мен қыздар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелері мен ағалары қанын төгіп, жанын қиып бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы жеңістің  құрдастары тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді.

Жалпы алғанда бұл мейрамды бұрынғы кеңес одағына кірген 15 одақтас республика халқымен бірге, кеңес халқы неміс басқыншыларынан азат еткен   Еуропа елдері мен жер шарының басқа да көптеген қалаларының тұрғындары тойлайды.

Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Соғыс – адам баласы үшін ең үрейлі, ең қорқынышты сөз. Өйткені, соғыс атаулы адамзатты қырып-жоюға бағышталған. Адам адам болғалы осылай. Талай рет үстемдік, байлық үшін адам қаны суша аққан. Арыға бармай-ақ, 50 миллионнан астам өмірді жалмаған соңғы соғысты алайық. Кімге қажет болып, не мақсатты көздеп еді сол соғыс? Әдетте, соғысты әділетсіздік, жауыздық, қанішерлік бастайды ғой. Ол сонысымен лағынетті. Қарапайым халыққа қасірет туғызған, қарғыс арқалаған соғыс ешқашан жеңбек емес. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен елі үшін, отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты.

Бір күшке жиналған орыс пен тәжік, грузин мен белорус, қазақ пен украин қарсы алдындағы жауға алмас қамал болып жұмылды…

Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады.

Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйіп, қоршауға арыстандай ақырған, ержүрек, батыл жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам утарақтай жері үшін жүрек жұтып, қиындыққа қасқая тұрып,  қорқу деген сезімерін жүректерінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық және айқын  көзіміз жетеді. Оған мысал шайқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған жүз қазақтың (ең соңғысын арада 50 жыл өткен соң Бауыржан Момышұлы алды) Кеңестер Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді.

Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне, еліне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500 ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан

еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары, достық пен бірлік   туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтаған адам жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесі телегей-теңіз екенін байқар еді. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады… Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды… Ішінде ақын да, әншісі де бар еді. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың ішінде, әттең дариға-ай, қанша Абай, қанша Шоқан кетті екен …

Әрине, жеңіс өздігінен келген жоқ. Оны елі, жері үшін отқа түскен ерлер ерлігі жеткізді. Қазақстаннан 1941-1945 жылдардағы қанды қырғынға 1,3 миллион ұл мен қыз аттаныпты. Бәрі де жанқиярлықпен соғысты. 500-ден астамы елге Батыр атанып, аңызға айнала оралды. Содан бері зымырап 70 жыл өте шықты.

Өжеттік пен ерлікке бару кездейсоқтық емес. Отаны мен артында қалған елінің алдында жауынгерлік борышты өтеуде болаттай берік тәртіпке бойұсыну еді. Алматыда жасақталған генерал-майор И.Панфилов атындағы сегізінші қазақстандық гвардияшы атқыштар дивизиясы Кеңес Одағының астанасы – Москваны қорғау күндерінде Ұлы Отан соғысының тарихына мәңгі өшпейтін ерлік беттерін жазды. Москваны қайсарлықпен қорғаған 28 панфиловшы батырларды халқы ғұмыр бойы құрметтеп есте сақтайды. Қазақстандық жауынгерлер рейхстагқа шабуыл жасауға қатысты, оның шаңырағына Жеңіс туын алғашқы болып  қазақ халқының даңқты ұлы Рақымжан Қошқарбаев қадады.

Ұлы Отан соғысының шежіресіне Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың, Мәлік Ғабдуллиннің, Бауыржан Момышұлы мен  Талғат Бигельдиновтың  және көптеген жерлестеріміздің аттары алтын әріптермен  жазылды.

Соғыстың қысылтаяң кезеңінде емшектегі баласын жөргекке орай салып, кәсіпорын, колхоз бен совхоз жұмысына таң сәріден жүгіріп, түн ортасында қайтқан олардың жарлары мен аяулы ата-анасын, туыстарын, «өзім жемесем жемейін, өзім ішпесем ішпейін, бәрі де солар үшін, бәрі де майдан үшін, жеңіс үшін болсын!» деген игі ниетті асыл сезімін кім есінен шығара алады. Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдарында майданда да, тылда да есі жаңа кіріп келе жатқан жас баладан бастап, жасы жүзге келген Жамбылға дейін отандастарымыз жауға қарсы майданға жаппай қатысты.

Ұлы Жеңіске жау тылында ел кегін, ер намысын қорғаған партизан жасақтары да үлес қосты.

От кешіп, қан жұтқан сол бір жылдар барған сайын бізден алыстауда. Майдан мен тылдың аты аңызға айналған ерлері барған сайын азая түсуде. Біз болашақ бейбіт күннің ұрпақтары, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне бас иіп, тағызым етуіміз керек. Ия,  бұл  Жеңіс оңайлықпен   келген  жоқ. Ұлы  Отан  соғысына  қатысып ,  ерлік  көрсеткен  Аққошқар ауылының тұрғындарының  есімдерін атап өткен жөн болар.

Олар: Баймағамбетов Рамазан, Бейсенов Мырзакәрім, Жұмабеков Ниязбек,  Иманалин Жанахмет, Искаков Ораз, Назаров Мәжен, Ордабаев Шойын, Оспанов Кенжекен.

Оспанов Кенжекен Әлібайұлы 1914 жылы Амангелді ауданы  8 ауылында дүниеге келді. 1939 жылға дейін колхозда әртүрлі жұмыстар істеді. Сол жылы әскер қатарына шақырылып ФИН соғысына қатысты.

1941 жылы Ұлы отан соғысы басталғанда ол кісі әскер қатарында болатын. Ал соғысты 1-Беларусь майданында бастады. Бұл соғысты жеңіспен аяқтағанда 1945 жылы Жапон соғысына қатысады. Содан 1947 жылы аман есен елге оралды. Ұлы Отан соғысында ол кісі екі рет жараланды. 1-ші рет иығымен иегі екінші рет аяғынан жарақат алды. Соғыстан кейін колхозда әртүрлі жұмыстар істеді. Атап айтсақ Комунизм жолы ауылында зав ферма сияқты одан кейін Сарыторғай ауылында дүкеншік болып, одан кейін малшы болып жұмыстар істей жүріп зейнетақыға шықты. Соғыста ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, Берлинді алғандығы үшін медалімен, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгендігі үшін медалімен және тағы басқа да медалдарымен марапатталады.

Өмір бойы соғыс ардагерлерімізді құрметпен, ізгі ниетпен қастерлесек келер ұрпақ патриот болар деген ойдамын. Қазіргі таңда арамызда сиреп қалған ардагер ата-әжелерімізге қандай сый- құрмет жасасада көптік етпейді. Олар жасаған Ұлы ерлік ешқашан ұмытылмақ емес.. Келешек үшін, дүние жүзілік жаңа жойқын соғысқа жол бермеу үшін бұл туралы ұмытуға болмайды. Әрқашан біз үшін «Ер есімі – ел есінде» және де ешкім де, ешнәрсе де ұмыт қалмайды.

Пайдаланған  әдебиеттер тізімі:

1.     Алға журналы  №5 2007 жыл

2.     Тәрбие құралы №3 2006 жыл

3.     Ауыл мектебі  №4 2007 жыл

4.     Қазақстан тарихы 2-том

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *