БІЛІМ БЕРУ ҮРДІСІНЕ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ БЕЛСЕНДІ ЕНГІЗУ


Умирбекова Айман Иманбаевна
Қостанай облысы, Арқалық қаласы, Ақбұлақ жалпы негізгі білім беретін мектебінің тарих пәнінің мұғалімі

Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық  коммуникациялық  желілерге шығу» – деп білім беру жүйесін  одан әрі дамыту міндеттерін көздейді. Бұл міндеттерді шешу үшін әрбір білім беру мекемедегі ұжымының, әрбір мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы, барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа практикаға, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды. Осы жайттарды ескере отырып, қазіргідей жаһандану дәуірінде сабақ  үдерісінде жаңа  инновациялық  технологияларды  қолдана  отырып  сабақ  өткізу оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады. [1]

Қазіргі таңда үздіксіз  білім беру жүйесінде білім беруді дамыту, дүниежүзілік  білім беру кеңістігіне  кіру мақсатында елімізде білім  берудің жаңа жүйесі  құрылып жатыр. Білім беруді дамыту негізінде жалпы оқыту үрдісіне жүктеліп  отырған жаңаша талап, міндеттер жоғарғы оқу орны оқытушыларына  да  қойылуда. Сондықтан оқытушы іс-әрекетін  жаңа талап тұрғысынан ұйымдастыру – бүгінгі  күннің өзекті мәселесі.

«Қазақстан Республикасында 2015 жылға дейінгі   білім беруді дамыту тұжырымдамасы» өз  бетімен білім ала алатын және алған білімін өмірдің түрлі жағдайларында қолдана білетін жеке тұлғаның қалыптасуын қамтамасыз ететін оқытудың жаңарған технологияларына көшу талабын қойып отыр.

Орыс педагогі К.Д.Ушинский айтқандай, қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім, өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев жолдауында айқандай: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім». Сондықтан, қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс – тәжірибесі зерттеліп, мектеп өміріне енуде. [2]

Білім беру жүйесі – сабақтастығы бар білім беру бағдарламалары мен әр түрлі деңгей мен бағыттағы мемлекеттік білім беру стандарттары жүйесінің, оларды әртүрлі ұйымдастыру құқықтық формадағы, типтегі және түрдегі білім беру мекемелерінде іске асырушы тармақтардың, сонымен бірге білім беруді басқару органдары жүйесінің жиыны.

Бiлiм беру жүйесi қоғамның әлеуметтiк – экономикалық дамуында жетекшi роль атқарады, сондай – ақ оны әрi қарай айқындай түседi. Ал бiлiмнiң қалыптасып, дамуының жалпы шарттары философияның негiзгi мәселесi – рухтың материяға, сананың болмысқа қатынасы тұрғысынан зерттелетiн iлiм таным теориясы деп аталады. Таным теориясының басқа ғылыми теориялардан түбiрлi айырмашылығы – ол бiлiмнiң қалыптасуы мен негiзделуiнiң жалпы ұстанымдарын, объективтiк қатынастарды қалыптастырады.

Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам.Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға құзыреті. Жаңа формация мұғалімі табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дамиды. Нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі.[3]

Осы айтылғандарды жинақтай келіп, жаңа формация мұғалімі- рефлекцияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған әдіснамалық, зерттеушілік, дидактикалық – әдістемелік, әлеуметтік тұлғалы, коммуникативтілік, ақпараттық және тағы басқа құдыреттіліктердің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани- адамгершілікті, азаматтық жауапты, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға.

Қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерге сай оқытудың сапасын арттыру мәселесі  жаңа оқыту технологияларын өз дәрежесіне сай қолдануға да тікелей  байланысты.  Мұны Қазақстан  Республикасында білім беруді дамытудың  Мемлекеттік  бағдарламасындағы мынадай жолдар «…білім беруді дамыту үшін оқытудың озық жүйелері мен технологияларын әзірлеу мен енгізу» талап етіп отыр.

«Технология» ұғымы соңғы кездері педагогикалық әдебиеттегі ең көп қолданылатын ұғымдардың біріне айналды. Технология ұғымының дидактикалық ұғымдармен байланысы сан алуан: оқытудың технологиясы, педагогикалық технология, білім беру технологиясы, тәрбие технологиясы, қарым-қатынас технологиясы, даму технологиясы, қалыптасу технологиясы, модульдік технология, топтық оқыту технологиясы және т.б. [4,174]

Оқытудың жаңа технологиясын пайдалану- сапалы білім негізі.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» – дейді халқымыз. Ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың емес миллиондаған жылдар жасап келеді. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. «Надан жұрттың күні –қараң, келешегі тұман»,-деп М.Дулатов айтқандай, егеменді еліміздің тірегі-білімді ұрпақ. Сусыз, құрғақ, таса көлеңке жерге дән ексең өнбейтіні сияқты, жас ұрпақтарымызды тәрбиелемесек өспейді, өнбейді. Қазіргі мұғалімдердің алдында тұрған басты міндет- оқушылардың шығармашылық білім дағдыларын қалыптастыру. Бүгінгі таңда жас ұрпаққа пәнді тиімді ұғындырудың бірі – жаңа технология негіздері болып табылады. Сонымен бірге өскелең ұрпақтың ақпарат құралдарымен жұмыстана білуіне назар аударған жөн.

ХХI ғасырда әлемдік өркениет төрінен орын алуы үшін, Қазақстанның жан-жақты дамуының бірден-бір жолы ғылымды әр қырынан меңгеру қажет болып отырғаны белгілі. Елбасымыз Қазақстан халқына «Бәсекеге қабілетті халық үшін», «бәсекеге қабілетті экономика үшін» – деген жолдауында: «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдың бірі» – деген. Қазіргі заман талабына сай, Елбасының халыққа Жолдауы білім беру ісінде де жыл сайын өзгерістер енгізіп отыр. «Жаңа технологиялық құзірет» бағдарлай білу өз бетінше білім беруде стратегиялық міндеттерін табысты шешуге мүмкіндік береді: таңдай білу, талдай білу, өзгерте білу, сақтай білу, жеткізе білу, жүзеге асыра білу», -деп атап көрсеткен. Осыны жүзеге асыруда жаңа формацияның педагогы қажет. Мұғалімдердің жаңа ұрпағы, білім деңгейі жөнінен әрдайым саналып келгендей, біршама емес, әлдеқайда жоғары болуы тиіс. [5,22-23]

Бұл – уақыттың талабы. Білім берудегі ескі мазмұнның орнына жаңасы келуде. Ол – балаға оқу қызметінің субъектісі ретінде жүзеге асырылуы орынды. Жаңа тұлға оқушыны дамыту жолдары: өзін-өзі өзектендіру, өзін-өзі тану, өзін-өзі дамушы тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған. Демек, мектеп оқушыларының ғылым, білімнің қоғамдық қажетті деңгейі мен қамтамасыз ету, оларды Отандық, ұлттық және әлемнің мәдениет арналарына сусындату қажет.

ӘДЕБИЕТТЕР

1.               Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан – 2030» Жолдау

2.               Қазақстан Республикасының Білім Заңы

3.               Қазақстан Республикасында 2015жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы//Астана. 2004. 3-4б.

4.               Б.А. Тұрғынбаева. Мұғалімнің шығармашылық әлеуметін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту: теория және тәжірибе // Aлматы. 2005

5.               А.Б.Айтбаева. «Білім берудегі жаңа технологиялар» // Алматы. 2011.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *