Жеңісті арқалаған ерлер


Абдуалиева Тамаша Айдоскызы

 Қостанай облысы, Арқалық қаласы, Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің БМ-22 оқушысы

 Жетекшісі: оқытушы Уахитова Алмагуль Абдуалиевна

«Ер бақыты ел қолында,

ел бақыты ерлер қолында»

Б.Момышұлы

   Ұлы Отан соғысы-бұрынғы Кеңес Одағы тарихының ең сұрапыл кезеңі. Бұл соғыс қазақ тарихында да үлкен орын алды. Өйткені фашист басқыншыларына қарсы қазақ боздақтары да соғысқа аттанды. Сол бір отты жылдарда жүрегі «Отан» деп соққан әрбір жанның алға қойған мақсаты тек қана елін жаудан қорғап қалу болды. Халыққа  соғыста жеңіске жетіп, жеңіс туын желбірету оңайға соққан жоқ. Соғыстың бес жылы әрбір шаңыраққа қасірет әкелді. Елдің ынтымағы мен бірлігі, бейбіт өмірдің шырқын бұзған жауға деген өшпенділігі жеңіс күндерін жақындатты. Бірақ қаншама қиыншылық көрсе де халқымыз жойқын соғыста  теңдесіз жеңіске жетті.Қаһарман соғыс ардагерлерін құрметтеу, сыйлау-ұрпақ борышы.

Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 70 жыл толып отыр. Бұл  сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні-түні  мал бағып,  тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Бұл мейрамды біздің аяулы да даңқты әйелдеріміз – өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен, олардың орнын жоқтатпаған аналар мен жұбайлар, қалыңдықтар мен қыздар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелері мен ағалары қанын төгіп, жанын қиып бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы жеңістің  құрдастары тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді.  Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді.

Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500 ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ -дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды.

Соғыс – адам баласы үшін ең үрейлі, ең қорқынышты сөз. Өйткені, соғыс атаулы адамзатты қырып-жоюға бағышталған. Адам адам болғалы осылай. Талай рет үстемдік, байлық үшін адам қаны суша аққан. Арыға бармай-ақ, 50 миллионнан астам өмірді жалмаған соңғы соғысты алайық. Кімге қажет болып, не мақсатты көздеп еді сол соғыс? Әдетте, соғысты әділетсіздік, жауыздық, қанішерлік бастайды ғой. Ол сонысымен лағынетті. Қарапайым халыққа қасірет туғызған, қарғыс арқалаған соғыс ешқашан жеңбек емес.

Ұлы Отан соғысындағы ұлы Жеңіс достық пен бірлікті жырлаған, ер намысы  боп атылған, ел даусысы боп шақырған жеңіс. Арын жалау етіп, жанын алау етіп жауға аттанған ел ұландары жерін қорғады, халқының өмірін қорғады, өзі туған өңірін қорғады, ақ сүт берген анасын қорғады, ақ самал ескен даласын қорғады. Осы соғыста қасық қанын қиып ұрыс даласынан қайтпай қалған қаһармандар қаншама! Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігіміздің нұрындай мәңгі шуағын шашпақ! Жеңіске  жету  жолында  қазақстандықтардың  асқан  ерлігі  мен  әскери  жанқиярлығы  Отан  соғысы  тарихындағы  жарқын  беттерге  айналды. Сондықтан  Жеңіс  күні  әрқайсысымыздың  жүрегімізге  жақын.

Өкінішке  орай ,  уақыт  сол  ұлы  оқиғаларға  қатысушыларды  біздің  қатарларымыздан  алып  кетіп  жатыр.  Олар  азайған  үстіне  азайып  барады. Бірақ  ешкім  де,  ештеңе  де ұмытылмауы  тиіс! Себебі , бұл – біздің  тарихымыз,  біздің  мақтанышымыз,  біздің  даңқымыз! Солай  болғандықтан  да  өскелең  жас  ұрпақты ,  аға  буынның  майдан  мен  тылда  көрсеткен  ерліктері  үлгісінде тәрбиелеу – міндетіміз.

Ия,  бұл  Жеңіс оңайлықпен   келген  жоқ. Ұлы  Отан  соғысына  қатысып ,  ерлік  көрсеткен  Әди  Шәріпов,  Қасым  Қайсенов,  Нұркен  Әбдіров,  Бауыржан  Момышұлы,  Талғат  Бигелдинов,  Рақымжан  Қошқарбаев,  Мәншүк  Мәметова,  Әлия  Молдағұлова   есімдері  аңызға  айналған  аталарымыз  бен  апаларымыз сияқты сұрапыл соғысқа аттанып, аман-есен елге оралғаннан кейін Аққошқар ауылының тұрғындарының  есімдерін атап өткен жөн болар.

Олар: Баймағамбетов Рамазан, Бейсенов Мырзакәрім, Жұмабеков Ниязбек,  Иманалин Жанахмет, Искаков Ораз, Назаров Мәжен, Ордабаев Шойын, Оспанов Кенжекен.

Жұмабеков Ниязбек атамыз соғыс алдына бара жатқан кезде үйіндегі туысқандарына хат жазады. «Апа! Бүгін  соғыс қызу болып жатқан жерге барамыз.Түнгі ұйқыны төрт бөліп, ең ақырғы хатымды жазып отырмын. Соғыс өлімсіз болмайды. Жаудың қаңғырған қорғасын оғы тас қазандай қайнаған жүрекке тиіп, ажал жетсе жас өмірімде қатты сөз айтқан, тілдеріңізді алмаған күндерім болса, осы хат арқылы кешірім сұраймын. Жанымды жауға бере қоймаспын. Қолымда немістерге  қорғасыннан сыбаға беретін айырплан бар. Партия мен кеңес үкіметі осындай ең алдыңғы техниканы сеніп бергеннен кейін мен оны неміске қарсы ұстауым керек.

Қадірлі әке-шешем, туған-туыстарым!

Таң атты, қазір ұшуға барамыз. Сондықтан хат аяғын тәмәм қылуға рұқсат етіңіздер. Қош болыңыздар! Амандықпен жолықтыруға жазсын…Мен Ниязбек.

Атамыз елге аман –есен оралып, бала-шағалы болып, қартайған шағында, ел арасында, бейбіт күн аясында өмірден озды.

Соғыс-суық, ызғарлы сөз. Бұл сөзді естісек, елім деп жер құшқан ерлер еске түседі. Ел шетіне жау тиген қандай ауыр еді.бірақ рухы биік қазағымыз еңсесін түсірмеді. Жігерін жанып жауды жеңуге ұмтылды. Отанға деген сүйіспеншіліктің, жеңіске деген құштарлықтың арқасында олар аңсаған арманға жетті. Бұл жеңіс қазақтың қыршын кеткен  талай ұл-қыздарының қанының өтеуі.

Ер есімі-ел есінде. Кіндік  кескен жері үшін, әлпештеп өсірген елі үшін жанған отқа түсіп, жалын кешкен ер азаматтар  естен шықпайды. Ұлы Отан соғысы Кеңес елі халықтарының достығын нығайтты.

Халық тыныштық үшін, бақытты өмір үшін күресті.Сондықтан да, әділетсіз соғысты бастаған Германияны жеңіп шықты.Ұлы Отан соғысында еліміздің тәуелсіздігі мен халқымыздың бақыты үшін ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етеміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *