Жаңа жылдық мерекенің бағдарламасы

Айымбекова Гүланр Мәжитханқызы
Қосымша білім беру педагогы
Жамбыл облысы ,Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы Балалар мен жасөспірімдер орталығы

Қатысушылар:

Аяз ата, Қарша қыз, панда По, барыс Тайлунг, арыстан Алекс, зебра Марти, Шрек, Фиона, король Джулиан, Алладин, Джафар, пингвиндер, Ақшақар, гномдар, қасқыр мен қоян.

 

Қойылатын көріністер:

  1. «Ақшақар мен екі гном»
  2. «Панда По және барыс Тайлунг»
  3. «Пингвиндер»
  4. «Король Джулиан»
  5. «Арыстан Алекс пен зебра Марти»
  6. «Алладин мен Джафар»
  7. «Шрек пен Фиона»
  8. «Қасқыр мен қоян»

 

Жүргізуші:

Амансыздар ма, ата салтын сақтаған, баба үмітін ақтаған, ер мінезін екшеген, елдігінен кетпеген, кеңдігімен кеуделі, келешегі сәулелі , ақ көңілді, мол мейірлі ағалар мен апалар!

Жүргізуші:

Саламатсыздар ма, әр үйдің еркесі мен серкесі, еліміздің болашағы, егемендіктің тәтті дәмін татып өсіп келе жатқан балақандар мен ботақандар! «Қоян» жылы сіздерге ырысты да берекелі болсын, жақсылық атаулы өздеріңе жұғысты болсын.

Жүргізуші:

Шаттығымыз өріс ашсын өсіп кең

Бал балалық тұрсын дәйім қош күліп.

Жаңа жылым кіріп келсін есіктен

Дүниеге нұрын шашып жақсылық.

Көңілдің жанып көгілдір көркем оттары,

Ескіден қалған білінбей  кірдің жоқ-бары.

Сананы билеп, салтанат құрып, сан тілек

Жаңа жыл сағаты тұр ғой, міне, соққалы.

Жүргізуші:

                       Жаңа жылың ұсынсын жаңа бағын

Орындалсын балалар қалағаның.

Ауданымыздың әкімі ортамызда

Сөз алады Абдалы ағаларың

Жүргізуші:

Қадірлі халайық, баршаңызды жаңа 2011 жылдарыңызбен шын жүректен  құттықтай отырып, біздің ауданымыздың табысы мен ырысын молайтуға күш салып жүрген, бүгінгі жаңа жылдық жасыл шырша кешінің ұйымдастырушы және демеушісі болып отырған ауданымыздың әкімі  Нұралиев Абдалы Тоқбергенұлына  сөз беріледі.

 

Жүргізуші:

Сіздің құрметіңізге «Тараз жұлдыздары» ән байқауының жүлдегері, облыстық «Атадан қалған мұрамыз» атты жыр-терме және күй орындаушылар байқауының жеңімпазы Ақтоған орта мектебінің оқушысы Құралтегі Сәбиттің орындауында «Ахау, айым-ай» әнін қабыл алыңыздар.

                         Жайды да қанат балдырған  менің  арманым,

Өнердің   көгін бір сәтке ғана барладым.

Абдалы аға, сізге мен ақ ниетпен

Әсем бір әнмен шашуымды арнадым.

Жүргізуші:

Құрметті қонақтар, Балалар мен жасөспірімдер орталығының «Жас бишілер» тобының «Ақшақарлар» биін тамашалаңыздар.

Жүргізуші:

Балалар, бүгінгі біздің мерекеге кімдер жетіспей тұр? Дұрыс айтасыңдар, Аяз ата мен Қарша қыз. Қане, бәріміз бірге оларды шақырайық.

Бірге:

Аяз ата, Қарша қыз! (3 рет)

 

Ұлыған боранның дауысы естіледі. Шанамен Аяз ата мен Қарша қыз қоңыраулатып келеді

Аяз ата:

Ау, амансың ба, ұлдарым!

Амансың ба, қыздарым!

Қандай жарқын жүздерің,

Қандай әсем жырларың.

Асулармен алысқан, асау желмен жарысқан

Аталарың сендерге, шаршап келді алыстан.

Қарша қыз:

Қызықты барлық ойға алып,

Жаңа жыл жатыр тойланып.

Қанекей әсем шыршаны,

Ән салайық айналып.

Аяз ата:

Жасыл шырша жанында

Барлығы тұр жараса!

Достарды бір қуантып,

Шырша, кәне жарқыра!

Бәрі:

Жарқыра! Жарқыра! ( шыршаның шырағы жанады)  

Хор «Шырша әнін» орындайды.

1 жүргізуші:

Келіп қалды қараңыз

Жарқ-жұрқ етіп шапаны.

Бар баланың қонағы

Төрлет, ата, жоғары!

2 жүргізуші:

Ақша қарға малынып

Аппақ тонын жамылып,

Сақалы мен мұртына

Күміс моншақ тағылып,

Аяз ата келеді,

Балаларды сағынып.

Аяз ата:

Ох, шаршадым-ау, шаршадым! Мен шыршаның жанына барып демалайын. Ақша қар, қызым! Балалардың өлең, тақпақтары бар болса, соны тыңдайық.

1 жүргізуші:

                     Ал, келіңдер, келіңдер

Тақпақ айтып беріңдер.

Жомарт Аяз атадан,

Сыйлық алып көріңдер!

Келген балалардың өнерін тамашалау.

1 жүргізуші:

                        Тамаша, тамаша!

Шыршамыз тұр жараса.

Жаңа жылда ертегі,

Келе ме біздің ортаға.

2 жүргізуші:

                       Не ойласаң Жаңа жылда

Орындалады бар арман.

Жаңа жылды сондықтан,

Күтеді барлық балақан.

1 жүргізуші:

Аппақ дала, аппақ дала,

Ауламызда аққала.

Ортамызда жасыл шырша,

Ән шырқайық айнала.

«Аяз ата» әні хормен орындалады.

Аяз ата:

Балалар сендер ертегі тындағанды ұнатасындар ма?

– Иә!

Аяз ата:

Ендеше, бәріміз ертегілер еліне саяхат жасасақ қайтеді?

 

Ортаға Ақшақар мен гномдарды шақырады.

Ақшақар:

Саламатсыңдар ма, балалар! Біз сендерге ғажайып сыйлық әкелдік.

Аяз ата:

Керемет, қандай тамаша! Ол қандай сыйлық болды екен?

Ақшақар:

Ой, менің кішкентай көмекшілерім қайда?

Гномдар шығады.

-Берші, мен ұстайыншы.

-Туһ қойшы, таласпашы. Кел одан да екеуміз бірге апарайық.

Екеуі бірге:

Саламатсыңдар ма, қандай әдемі болып құлпырып кеткенсіндер!

Ақшақар:

Бұл жай кітап емес, сиқырлы кітап. Әр беті ашылған сайын ертегілер әлеміне тап боламыз. Бірақ біз бұл кітапты ашатын сиқырлы сөзді таппай жүрміз

Аяз ата:

Қазір мен көмектесейін, кітапты ашу менің қолымнан келетін шығар. «Сим-сялябим, абрака-дабра» (сиқырлы әуен естіледі)

Гном 1:

Ал, онда кітаптың бірінші бетін ашайық

Гном 2:

Ой, бұл кітаптың бірінші беті біздің ертегімізге арналған екен ғой

Гном 1:

Мынаны қара бұл жерде сен, мен және Ақшақардың да суреті бар екен

Ақшақар:

Біз өзіміздің суретімізге ұзақ қарай бермейік, келесі бетін ашып көрейік.

 

Сиқырлы кітаптың 2 бетіпанда По мен барыс Тайлунг шығады. «Кун фу Панда» мультфильміндегі музыка ойналады.

Панда:

Ой, мен қайда келдім?

Аяз ата:

Панда, сен мерекелік шыршаның дәл үстінен түстің. Келгенің жақсы болды.

Панда:

Балалар келе жатқан кімнің жылы?

– Қоян жылы

Панда:

Қояндарым, келіңдер!

Қояндар:

Панда ағай! Сіздің күшіңіз  өте көп екен. Сіз кун-фуді қайдан үйрендіңіз?

Панданың музыкасы ойналады. Пандамен бірге қояндар әр түрлі қимылдар жасайды. Осы кезде барыс Тайлунг кіреді (музыка ойнайды)

Тайлунг:

Панда, сен мұнда екенсің ғой. Ешқандай да Жаңа жыл болмайды. Жылымды ешкімге де бермеймін. Жаңа жыл сыйлықтарсыз болмайтының білесіндер ғой, сондықтан мен сыйлықтарды алып кетемін. (Шыршаны айналып, сыйлықтарды алып кетеді).

Панда:

Балалар, қорықпандар. Сендерге жылдарыңды алып беремін және сыйлықтарынды қайтарып беремін, биыл қалайда қоян жылы болуы керек.

 

 

Жүргізуші:                

Панданың өзіне сыйлықтарды қайтару қиынға соғады, сондықтан көмекке сиқырлы кітаптың келесі кейіпкерлерін шақырайық. Бұл кейіпкерлеріміз Панда По сияқты Шығыс жекпе-жегін жақсы игерген, батыл жауынгерлер.

 

Сиқырлы кітаптың 3 беті – ортаға пингвиндер шығады (музыкасы ойналады).

Аяз ата:

Бұл кім болды екен?

Пингвиндер:

Ал қане, сапқа тұр. Бір, екі, үш! Бәріміз бірге: «Саламатсыңдар ма, балалар». Боссыңдар. Бұл не жиын? Біз қайда келдік?

Жүргізуші:

Жаңа жылдық шыршаға!

Пингвин 1:

Жаңа жылдық шыршаларыңды көрдік, ал балаларға арналған сыйлықтарың көрінбейді ғой.

Жүргізуші:

Балалардың сыйлықтарын Барыс Тайлунг алып кетті, сол сыйлықтарды алып беруге көмектерің қажет.

Пингвин 2:

Бұл қауіпті және ұзақ сапар болайын деп тұр, сондықтан балалар бізге өз өнерлерін көрсетіп, көңілімізді көтерсін.

Балалардың өнерін тамашалау.

 

Король Джулианның музыкасы ойналады да ортаға лемур Джулиан билеп шығады.

Джулиан:

Салем, балақайлар!

Гном 1:

Джулиан досымыз келіп қалыпты ғой.

Джулиан:

Қалай, биім сендерге ұнады ма?

Гном 2:

Ұнамағанда ше?! Қалай-қалай қимылдайсың өзің.

Джулиан (мақтанып):

Мен жақында ғана Африкада болып, осы биді үйреніп келдім.

Гном 1:

Ендеше бізді де үйретіңізші.

Джулиан:

Жарайды, онда менің қимылдарымды қайталандар! Ал, бір, екі, үш!

Бәрі билейді.

 

Музыка ойнап, ортаға арыстан Алекс пен зебра Марти келеді.

Алекс:

Досым Марти, қарашы, мына жерде балалар бізсіз көңіл көтеріп жатыр екен. Олар менің ән мен бидің жұлдызы екенімді білмейтін сияқты.

Зебра Марти:

Мен сенің өнеріңнен әбден жалықтым, бұл жерде басқа да жұлдыздар бар шығар, солардың өнерін тамашалайық.

Балалардың өнерін тамашалау.

Жүргізуші:                

Балалар, сыйлықты қайтару үшін көмекке сиқырлы кітаптың келесі бетін ашып, кейіпкерлерін ортаға шақырайық. Бұл кейіпкеріміз қолында сиқырлы шамы бар жолы болғыш ханзада сияқты.

 

Сиқырлы кітаптың 4 беті – Алладиннің музыкасы. Осы кезде Джафардан қашып Алладин келеді.

Алладин:

Балалар, көмектесіндерші. Мен сиқырлы шамымнан айырылып қалдым, соңымнан Джафар қуып келеді.

Жүргізуші:

Саспа, Алладин, біз біргеміз. Көмектесеміз ғой, балалар, иә?!

Джафар ашуланып кіріп келеді. Алладин шыршаның артына тығылып қалады.

Қайда Алладин, бәрібір ұстап аламын оны!

Жүргізуші:

Джафар, ашулысын ғой, не болып қалды?

Джафар:

Маған Алладин керек. Сиқырлы шамды тауып алып, бар жоспарымды бұзды. Қайда өзі? Әкел маған шамыңды. Тас-талқанын шығарайын.

Ақшақар:

Балалар, енді қайттік? Алладинге қалай көмектесеміз?

Аяз ата:

Джафар, ашуынды бас. Мұның жарамайды. Бүгін бәріміз бұл жерге Жаңа жылды тойлауға келіп отырмыз. Балалардан ұят болады. Алладинмен тіл табысып, достасыңдар. Жаңа жылды бірге тойлайық.

Джафар:  

Жарайды, бірақ мен Алладинді кешіру үшін, маған балалар шығыс биін билеп берсін!

Жүргізуші:

Балалар, қане билейміз бе?

Шығыс биі орындалады.

Джафар:

Жарайды, балалар, мен Алладинді кешірдім. Алладин, кел достасайық.

Жүргізуші:

Балалар, сиқырлы кітаптын келесі бетін ашып көрейік, мүмкін бізге бұрыннан таныс  кейіпкерлеріміз көмектесетін шығар.

 

Сиқырлы кітаптың 5 бетіШрек пен Фиона  музыкамен шығады.

Шрек:

Уһ, әрең жеттік-ау. Қандай тамаша, мұнда не болып жатыр екен?

Фиона:

Қандай әдемі балалар, бірақ көңілсізсіңдер ғой.

Жүргізуші:

Шрек, Фиона балалардың жаңа жылдық сыйлықтары жоқ, соған көңілсіз.

Шрек:

Фиона, біз онда балалардың көңілін көтеру үшін ойын ойнайық.

Балаларға ойын ойнату.

Жүргізуші:

Рахмет сендерге, көңіліміз көтерілді. Сыйлықтарды қайтару үшін сиқырлы кітаптың келесі бетін ашып көрейік.

 

Сиқырлы кітаптың 6 беті – «Ну, погоди!» м/ф музыкасы ойналады. Қасқыр мен қоян ән айтып, би билеп кіреді.

Қоян:

Көмектесіңдер. Мені қасқырдан құтқарыңыздар. (Аяз атаның артына тығылады)

Аяз ата:

Қасқыр, тоқтай тұр, сен Жаңа жылдық мерекеге келдің. Биыл Жаңа жыл иесі қоян ғой, сен оны ренжітпе.

Қасқыр:

Қап бәлем! (жан-жағына қарап) Кешіріңіздер, жаңа жыл мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздердің айтқандарыңыз дұрыс екен. Кел, қоян, екеуміз достасайық, енді мен сені ренжітпеймін.

Осы кезде Панда барыс Тайлунгты ортаға алып шығады.

Панда:

Балалар, мен сендерге Жаңа жылдық сыйлықтарды алып кеткен барыс Тайлунгпен бірге келдім.

Тайлунг:

Балалар, мен қателесіппін. Кешіріндерші мені. Мен сыйлықтармен қоса орнымды де қоянға беремін. Келіндер, бәріміз достасайық.

Аяз ата:                                         

Дұрыс айтады, табылған ақыл. Ендеше бәріміз ортаға жаңа жыл иесі қоянды шақырайық

Бәрі:

Жаңа жыл! Жаңа жыл! Жаңа жыл!

Қоян сыйлықтары бар машинамен шығады.

Жаңа жыл әні айтылады.

Жүргізуші:

Ендеше, сыйлық тапсыру рәсімін ауданымыздың әкімі Нұралиев Абдалы Тоқбергенұлына берейік.

Сыйлықтар тапсыру.

Аяз ата:

Ал, балалар, менің де қайтатын уақытым таяп қалды. Алыс-алыс ауылдар, өздеріңдей қауымдар күтіп отыр. Келесі жылға дейін аман-сау болыңдар! Сабақтарыңды жақсы оқып, ата-аналарың мен мұғалімдеріңді қуанта беріңдер.

Жүргізуші:

Өтсін солай жаңа өмірдің күндері,

Шарпылмасын жүректердің мұң лебі.

Жарқылдасын жаңа жылдың оттары,

Таусылмасын Жаңа жылдың дүрмегі.

Жүргізуші:

Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар! Осымен мерекелік кешіміз аяқталды. Балалар бәріңізді мерекелік дастарханға шақырамыз.

 

Leave a Reply

Your email address will not be published.