Аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасы


Шыныбекова Нағима Калыққызы

Жамбыл облысы ,Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы Балалар мен жасөспірімдер орталығының

қосымша білім беру педагогы

Қатысушылар:

Аяз ата, Қарша қыз, ұлу, жылан, маймылдар, Чебурашка, Қолтырауын Гена, қарақшылар, король, қораз, мысық,  жігіт, қыз, есек, ит, Шепокляк, Алладин.

 

Қойылатын көріністер:

  1. «Бремендік музыканттар»
  2. «Маймыл және оның балалары »
  3. «Қолтырауын Гена мен Чебурашка»
  4. «Алдар көсе»

 

Мият:

Ассалаумағалейкум, ата салтын сақтаған, баба үмітін ақтаған, ер мінезін екшеген, елдігінен кетпеген, кеңдігімен кеуделі, келешегі сәулелі , ақ көңілді, мол мейірлі ағалар мен бауырлар!

Эльзат:

Әр үйдің еркесі мен  «серкесі», еліміздің болашағы, егемендіктің тәтті дәмін татып өсіп келе жатқан балақандар мен ботақандар! «Жылан» жылы сендерге де ырысты , жақсылық атаулы өздеріңе жұғысты болсын!

Мият:

Армысыздар ұраны ұлылықты,құраны жылылықты жалпы әлемге паш еткен жаны жомарт жамағат!

Эльзат:

Көңілдің жанып, көгілдір көркем оттары

Ескіден қалған білінбей кірбің жоқ бары.

Сананы билеп салтанат құрып, сан тілек,

Жаңа жыл сағаты тұр ғой міне соққалы.

Мият:

Сәулет пен дәулет еліме дарып қос-қабат

Үгілмес үміт қондырмай қоймас басқа бақ.

Жаңадан келген жылымнан тарап шуақ нұр,

Жаңарып жаның, жадырап келсін қос-қабат.

 

Эльзат :         Жаңа жылың ұсынсын жаңа бағын

Орындалсын балалар қалағаның.

Ауданымыздың әкімі ортамызда

Сөз алады Райымбекұлы  Марат ағаларың

Мият:

Қадірлі халайық, баршаңызды 2013 жаңа  жылдарыңызбен шын жүректен  құттықтай отырып, біздің ауданымыздың табысы мен ырысын молайтуға күш салып жүрген, бүгінгі жаңа жылдық жасыл шырша кешінің ұйымдастырушы және демеушісі болып отырған ауданымыздың әкімі  Смаилов Марат  Райымбекұлына сөз беріледі.

 

Эльзат:

Сіздің құрметіңізге «Тараз жұлдыздары» ән байқауының жүлдегері, Құлан орта мектебінің оқушысы  Момынқұл Назеркенің орындауында «Айгөлек» әнін қабыл алыңыздар.

Назерке:

                         Жайды да қанат балдырған  менің  арманым,

Өнердің көгін бір сәтке ғана барладым.

Марат аға, сізге мен ақ ниетпен

Әсем бір әнмен шашуымды арнадым.

Мият:

Құрметті қонақтар, Балалар мен жасөспірімдер орталығының «Жас бишілер» тобының  «Санта Клаустар» биін тамашалаңыздар.

Эльзат:

Балалар, бүгінгі біздің мерекеге кімдер жетіспей тұр? Дұрыс айтасыңдар, Аяз ата мен Қарша қыз. Қане, бәріміз бірге оларды шақырайық.

Бірге:

Аяз ата, Қарша қыз! (3 рет)

Мият:

Балалар қонақтарымыз неге келмей жатыр екен?

 

Осы кезде:ұлыған боранның дауысы естіледі.

Шанамен Аяз ата мен Қарша қыз қоңыраулатып келеді

 

Эльзат:

Балалар, боран мен қоңыраудың даусы естілетін сияқты. Қане, бәріміз құлақ түрейікші, кім келе жатыр екен? Әрине, Аяз ата мен Қарша қыз! Бәріміз бірге қошеметпен оларды қарсы алайық!

Бірге:

Аяз ата,Қарша қыз! (3 рет)

Аяз ата:

Ау, амансыңдар ма, ұлдарым!

Амансыңдар ма, қыздарым!

Қандай жарқын жүздерің,

Қандай әсем жырларың.

Асулармен алысқан,

Асау желмен жарысқан

Аталарың сендерге,

Шаршап келді алыстан.

Қарша қыз:

Қызықты барлық ойға алып,

Жаңа жыл жатыр тойланып.

Қанекей әсем шыршаны,

Ән салайық айналып.

Аяз ата:

Жасыл шырша жанында

Барлығы тұр жараса!

Достарды бір қуантып,

Шырша, қане, жарқыра!

Бәрі:

Жарқыра! Жарқыра! ( шыршаның шырағы жанады)  

Эльзат:

Балалар бәріміз бірге  «Шырша әнін» шыршаны айнала орындайық.

Хор «Шырша әнін» орындайды.

Мият:

Келіп қалды қараңыз

Жарқ-жұрқ етіп шапаны.

Бар баланың қонағы

Төрлет ата, жоғары!

Эльзат:

Ақша қарға малынып

Аппақ тонын жамылып,

Сақалы мен мұртына

Күміс моншақ тағылып,

Аяз ата келеді,

Балаларды сағынып.

Аяз ата:

Балалар, биылғы 2012 жылдың кімнің жылы болғанын сендер білесіңдер ме?

Балалар (хормен):

Ұлу жылы!

Аяз ата:

Ендеше сол Ұлуды ортамызға шақырайық. Қане, бәріміз бірге «Ұлу, Ұлу, Ұлу» деп дауыстап қайталайық.

Бәрі бірге:

Ұлу, Ұлу, Ұлу

Осы кезде әсем әуенмен ортаға Ұлу кіреді.

Ұлу:

Армысыңдар, бүлдіршіндер! Сәлеметсіздер ме, Аяз ата мен Қарша қыз! Сендерді көргеніме өте қуаныштымын.

Қарша қыз:

Өзіңде қош келдің, Ұлужан! Міне сенің біздің арамызға келгеніңе де 1 жылдың жүзі болып қалыпты, солай емес пе?

Ұлу:

Иә, бір жыл деген зымырап өте шықты. Ал, балалар, сендер үшін менің жылым қалай өтті? Қандай жетістіктерге қол жеткіздіңдер?

1-бала:

Осы жылы жұмылып жүк көтерген, бірлігіміздің, тірлігіміздің арқасында ауданымыздың танымал  азаматы Қуандық Шолақтың 70 жылдық, Шерхан Мұртаза атамыздың 80 жылдық мерей тойларын атап өттік.

2-бала:

Жерлесіміз Ақжүрек Таңатаров Лондон олимпиядасынан  қола жүлдемен оралып, ауданымыздың мерейін асқақтатты.

Ұлу:

Жарайсыңдар, балалар. Мен де сендерге ризамын. Бұл жетістіктің барлығы тек сендерге байланысты.

Аяз ата:

Ендеше Ұлу, сенің әлі де біраз уақытың бар сияқты, біздің ортамызда болып, балалардың өнерін тамашалауға шақырамын. Мен де алыс жолдан шаршадым. Кел, одан да шыршаның жанына барып біраз демалайық.

(шыршаның жанына жайғасады)

Мият:

                     Ал, келіңдер, келіңдер

Тақпақ айтып беріңдер.

Жомарт Аяз атадан,

Сыйлық алып көріңдер!

Келген балалардың өнерін тамашалау…

 

Эльзат:

                        Тамаша, тамаша!

Шыршамыз тұр жараса.

Жаңа жылда ертегі,

Келе ме біздің ортаға.

Мият:

                       Не ойласаң Жаңа жылда

Орындалады бар арман.

Жаңа жылды сондықтан,

Күтеді барлық балақан.

 

***

 

Осы сәтте «Бремендік музыканттар» ертегісінің  музыкасы ойнайды.

Ертегідегі  қарақшылар ортаға билеп кіреді.

1-қарақшы:

Мынаны қараңдар, мұнда той болып жатыр-ау, шамасы.

2-қарақшы:

Дұрыс айтасың, балалар да сәнденіп алған. Иә, иә, енді есімен түсті, олар Жаңа жылды күтіп отыр ғой.

3-қарақшы:

Қойшы соларды! (жақтырмағандай) Одан да кімнен нені тартып алатынымызды ойластырайық (жан-жағына қарап, тіміскілей бастайды, ойыншықтарды қалталарына салып, балалардың қалталарын қарайды)

1-қарақшы:

Тыныш, тыныш… Үндеме, міне, біздің құрбанымыз да келе жатқан сияқты.

Осы кезде шығыс музыкасымен ортаға дорба арқалаған  Алладин  келе жатады.

Алладин (шаршап, шалдығып):                                                                                                                                                                                   

Мына жолдың алысын-ай… Балалар мені жаңа жылдық мерекеге шақырып еді, Жаңа жылды да бірге ала кел деп еді. Қазір сиқырлы сырнайыммен Жаңа жыл иесін балаларға таныстырсам, балалар қуанып қалар… (тамсанып) Тек кешіккен сияқтымын. Балалар   күтіп қалған шығар…

2-қарақшы (қуанып, екі қолын бір-біріне үйкелеп):

М-м-м… Қолында дорбасы да бар екен. Сірә, іші толы алтын шығар, ә?!

3-қарақшы:

Е-е… Бұл Алладин ғой.  Жүріңдер, оның дорбасын тартып алайық.

(Алладинниің алдынан пышақтарын қайрап шыға келеді. Алладин қорқып шыршаның артына тығыла бастайды)

1-қарақшы (жүрі п келе жатып):

Ха-ха-ха! Енді байлыққа кенелеміз!

2-қарақшы:

Тоқта! Кел бері, әйтпесе жағдайың мәз болмас!

3-қарақшы (Алладин қорқақтап тұрғанда, оны желкелеп алып келеді де):

Қолыңдағы дорбада не бар?

Алладин:

Өтінемін, маған тиіспеңдер, бұл дорбада Жаңа жыл иесі Жылан бар. Мен оны балаларға алып келе жатырмын.

2-қарақшы:

Ей, сен кімді ақымақ санап тұрсың? Жылан дейді ғой. Мұнда тыққан алтыныңды бергің келмей тұр ғой. Әкел бері! (дорбаны Алладиннің қолынан жұлып алады да, өздері жылдам шығып кетеді).

Алладин (айқайлай жүріп,  қарақшылардың соңынан қуалай жөнелед),

Ей ,тоқтаңдар! Сендер кімсіңдер? Менің дорбамды әкеліңдер (бірақ жете алмай, балаларға қайтып келеді):

. Енді қайттім? Балалар, мен енді не істеймін? Сендерден ұялып тұрмын, өз уәдемді орындай алмадым.

Аяз ата:

Армысың, Алладин. Сенің ешқандай кінәң жоқ. Біз саған көмектесеміз. Ал қазір балалардың көңілі түсіп кеткен сияқты. Әсем бір әнге кезек береік, оған дейін мен де не істеуге болатынын ойланайын.

Мият:

Ортаға сіздердің қошеметтеріңізбен Балалар мен жасөспірімдер орталығының тәрбиеленушісі, Ш.Уалиханов атындағы шағын орталықты орта мектебінің оқушысы, республикалық «Балауса-2012» ән байқауының және «Тараз жұлдыздары» ән байқауының жеңімпазы Ералиева Мадинаны шақырамыз. Мадинаның орындауында  «Жаңа жыл» әні.

 

***

 

( Ән аяқталғанда, ешқандай хабарлаусыз ортаға атқа мінген  Алдаркөсе әндетіп кіреді)                                                           

Алдар:

Мен Алдармын,Алдармын,

Сақалым болса талдармын,

Айтар сөзге іркілмей

Сайтанды да алдадым.

Мен шешенмін, шешенмін,

Сондықтан да көсемін

Нарық мына заманда,

Бай болып шығу есебім.

Эльзат:  Алдар келді. Уа, халайық, ортамызға Алдар келді.

Мият: Ай, Алдаржан, сен тіптен ақын болып кетіпсің ғой! Құдай мұны баянды етсін!

Алдар: Армысыздар, алдияр жұртым! Ал, ағайын!  Бұл не тұрыс, көңілсізсіңдер ғой бәрің?  Не болды?

Эльзат: Алдеке, қарақшылар Алладиннен жаңа жыл иесі Жылан салынған дорбаны ұрлап әкетті. Не істерімізді білмей абдырап қалған жайымыз бар.

Аяз ата:

Армысың, Алдар, өзің ақылы мен айласы асқан данагөй едің ғой. Балалар сенің көмегіңе мұқтаж болып тұр.

Бір білгенің болс, көмегіңді көрсет.

Алдар:

Жарайды, тек балалардың көңілі жабырқаулы ғой. Алдымен балалармен бір ойын ойнап жіберейік. Ойынның аты «Мені қайтала» деп аталады. Мен сендерге құлақ не мұрын деймін,  ал сендер мен айтқан дене мүшелеріңді көрсетіңдер, жарай ма?

Бәрі:

Жарайды.

Алдар:

Тек бір қулығым бар, мен құлақ деп алып, өзім мұрнымды көрсетемін. Егер мен сияқты алғыр, тапқыр болсаңдар, онда қателеспейсіңдер.

Ал, ендеше бастайық. Құлақ… мұрын… қол… аяқ… шаш… т.б.(ойын ойнатылады)

Аяз ата:

Рахмет, Алдар, балалар біраз сергіп қалды. Бізге қандай көмек көрсете аласың?

Алдар (біраз ойланып, басын шайқап тұрып):

Ал, ол қарақшыларды сендер танисыңдар ма, балалар?

Балалар:

Иә

Алдар:

Олар қай ертегінің кейіпкерлері?

Балалар:

«Бремендік музыканттар»

Алдар:

Ендеше, сол «Бремендік музыканттар» ертегісінен тағы кімдерді білесіңдер?

Балалар:

Король, Ханшайым, Есек, Жігіт, Мысық…

Алдар:

Аяз ата, менің бір ұсынысым бар. Қарақшыларды табуға сол ертегідегі Корольден көмек сұрасақ қайтеді?!

Аяз ата:

Дұрыс айтасың Алдар.

 ( « Бремен. муз.» ертегісінің музыкасымен король, қыз, жендет  зеңбірегімен шығады.)

Аяз ата:

Міне, іздеген қонақтарымыздың өздері де келе жатқан сияқты.

Эльзат:

Балалар бізге қонаққа кімдер келе жатыр? Иә, «Бременендік музыканттар» ертегісінің кейіпкерлері. Корольдің муз. ойнайды.

Король:

 Саламатсыздар ма, балалар, жаңа жылдарың құтты болсын!

Алладин:

Ұлы мәртебелім, бізде жаңа жыл  болмайтын болды.

Король:

Неге?  Жаңа жыл қайда? Біз жаңа жылдық мерекеге келдік емес пе?!

Алладин:

Жаңа жылдан айырылып қалдық. Жаңа жылдың иесін сіздің ертегіңіздегі қарақшылар тартып алды. Сізден көмек сұрағалы отыр едік.

Ханшайым:

Ұлы мәртебелім, балалар Жаңа жылға арнайы дайындықпен келіпті. Өздері сондай сүйкімді екен. Сіз үшін Жаңа жыл иесін тауып беру қиын болмайтн шығар…

Король:

Әрине, қызым, мен балаларға көмектесемін.

Жендеттер! (жендеттерге қарап)  Мұнда келіңдер! Анау оңбаған қарақшыларды қайдан іздесеңдер де, тауып менің алдыма алып келіңдер!

Мият:

Балалар бәріміздің көңіл күйіміз түсіп кеткен сияқты, жаңа жылдың иесі табылғанша көңілімізді әсем әнмен көтерейік.              

Ән орындалады.                                                                                                                                                                     Ұлу:

Ал, балалар, менің уақытым таяп қалды. Мен кетпесем, уақыт кемесінен қалып қоюым мүмкін.

Эльзат:

Балалар,  ескі жыл бізбен қоштасқалы жатыр.  Ұлуды құрметтеп тамаша ән-жыр,бимен шығарып салайық.

Хор. «Аппақ, аппақ, жапалақтап» (балалар шыршаны айналып жүргенде Ұлу да жайлап қол бұлғап ортадан шығып кетеді)

 

***

 

 (Қарақшылардың муз. ойнайды. Ортаға қарақшы қыз бен қарақшы  шығады.)

Қарақшы қыз:

Мен жаңа жылдың иесін балаларға қайтармаймын. Жаңа жыл иесі балаларға көп сыйлықтар әкелетінін білемін. Бәрін өзім аламын. Енді мен бай боламын, армансыз тәттіге тоямын…

Қарақшылар (қаруларын жерге қойып, билеп жүреді):

Ха-ха-ха! Бізден енді ешкім де алтын толы дорбаны ала алмас!                                     

Осы кезде жендеттер қарақшылардың қаруларын жасырын алып қойып, оларға тарпа бас салады.

Жендеттер:

Ұсталдыңдар ма, оңбағандар! Енді Ұлы мәртебелім сендердің сазайларыңды береді.

Қарақшылар (сасқалақтап):

Енді қайттік, құрыдық, құрыдық…

Жендеттер (қарақшыларды Корольдің алдына жығып беріп):

Ұлы мәртебелім, біз сатқындарды таптық. Енді не бұйырасыз?

Қарақшылар (тізерлеп барып, Корольға жалынып):

Кешіріңіз, ұлы мәртебелім, екінші олай істемейміз. Бәрін қайтарып береміз. Кешіріңіз бізді…

Король:

Балалар, билікті сендерге бердім. Кешіресіңдер ме, қарақшыларды?

Балалар:

Иә

Король:

Жарайды, егер балалар кешірсе, мен де кешіремін. Тек сендер балалармен бір ойын ойнаңдар, сонда мен сендердің ниеттеріңнің тазалығын көрер едім.

Қарақшылар:

Жарайды, тек айтсаңыз болды.

Ханшайым:

Ұлы мәртебелім, ойынның шартын мен айтайын, рұқсат етіңіз. Сендер 2 топқа бөлініп, өздеріңе топ жинаңдар.

Ойындар ойнатылады.

***

 

Ойын аяқталғанда «Бремендік музыканттар» ертегісінің музыкасы ойналады. Ортаға жігіт, есек пен мысық шығады.

Жігіт:

Армысыңдар, балалар!

Есек:

Амансыздар ма, жаңа жыл кешінің қонақтары!

Аяз ата:

Қош келдің, жігітім!

Жігіт:

Жаңа жылдық кешке біздің балаларға деген тосын сыйымыз бар.

Қарша қыз:

Ол қандай тосын сый?

Жігіт:

Менің досым – тамаша сиқыршы.

Мысық:

Мен сендерге сиқыр көрсете аламын . Сиқырды пайдаланып, бардан жоқты, жоқтан барды жасай аламын.

Ханшайым (таңданып):

Әке, бұл мүмкін емес қой. Мен бұған сенбеймін. Олар бізді қарақшылар сияқты алдап кетпекші.

Жігіт:

Ханшайым, сенбесеңіз қазір дәлелдейік.

Ортаға сиқырлы әуенмен мысық сиқыр көрсете отырып, қоразды, итті шығарады.

Ханшайым (сеніңкіремей):

Иә, сен жоқтан барды жасай алдың. Бірақ барды жоқ қыла алған жоқсың ғой

Мысық:

Бір минут (жан-жағына қарап, дорбаны көрсетіп) Мысалы мұнда не бар?

Ханшайым:

Оның ішінде Жылан бар.

Мысық:

Ендеше қараңыз (сиқыр жасап) Ал енді ол жоқ.

Король:

Жендеттер, дорбаны ашып көрсетіңдер!

Жендеттер бос дорбаны көрсетеді.

Барлығы:

Сен не істедің? Біз Жаңа жыл иесіне зорға жетіп едік қой

Осы сәтте Мысық сиқыр жасап, Жыланды сиқырлы қораптан шығарады.

Мият:

Балалар, міне, Мысық шынында да сиқыршы екен. Рахмет саған. Жаңа 2013 жыл иесі Жылан  ортамызға келді. Қарсы алайық, қане, бәріміз бірге «Жаңа жыл! Жаңа жыл! Жаңа жыл!» деп қайталайықшы.

Ортада Жаңа жыл әні орындалады

Барлығы:

Жаңа жыл! Жаңа жыл! Жаңа жыл!

Жылан:

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мені құтқарғандарыңа көп–көп рахмет.  Мен сендерге жаңа жылда көп жақсылық, қуаныш, молшылық, тыныштық, бақытты балалық шақ сыйлаймын.

Эльзат:

   Балалар , жаңа жыл ортамызға келді.  Жаңа жылдың құрметіне бәріміз бірге шығыс биін билейік..

Шығыс биі биленеді

 

***

 

Жылан:

Рахмет, балалар, менің сендерді бір ертегімен таныстырғым келіп отыр. Мүмкін сендер танитын боларсыңдар, теледидардан көрген шығарсыңдар? Қане, бәріміз бірге қошеметпен қарсы алайық!

 

«Крокодил Гена» муз. шығады. Ортаға Гена мен Чебурашка билеп кіреді.

 Крокодил Гена:

Саламатсыңдар ма, балалар! Қандай әдемісіңдер, көңілдісіңдер!

Чебурашка:

Сәлем, балақайлар! Жаңа жылдарың құтты болсын! Бүгін жаңа жыл мерекесімен бірге Генаның да туған күні екен, сондықтан бізде екі қуаныш бүгін.

Аяз ата

Крокодил  Гена, ортамызға қош келдің! Туған күнің құтты болсын, денің сау, бақытты бол!  Туған күніңе арнап балалар өнерін көрсетсін. Қане, балалар, кім өнерін көрсетеді?

Ортада блалар өнерлерін көрсетіп жатқанда Гена өз гармонын шыршанын түбіне қойып, балалармен билеп жүреді. Осы сәтте ортаға Шапакляк шығып, генаның гармонын алып, тығып қояды.

Аяз ата:

Гена, міне, сенің туған күніңе балалар өнерлерін көрсетті.

Қарша қыз:

Гена, сіздің «Туған күн» атты әніңізді балалардың бәрі біледі. Бәріміз бірге сіздің орындауыңызда сол әнді айтсақ қайтеді?

Гена:

Жарайды, Қарша қыз (жан-жағына қарап гармонын іздей бастайды)

Осы кезде « Шапакляктың муз.» ойналады

Чебурашка:

Гена, сенің гармоныңды Шапакляк ұрлап бара жатыр. Ұстаңдар оны, тезірек ұстаңдар!

Осы кезде ит пен қораз Шапаклякты қуып жетіп, қолындағы гармонын тартып алады да, Генаға береді.

Мият:

Шапакляк сенің бұл қылығың дұрыс емес. Біреудің сыйлығын рұқсатсыз алғаның,яғни ұрлағаның жарамады. Қане сол жаман ісің үшін туған күн иесінен және  балалардан кешірім сұра.

Шапакляк:

Кешіріңдер, балалар,  расында да менен қателік кетті. Крокодил  Гена кешір мені. Гармоныңа қатты қызығып жүруші едім. Енді рұқсатсыз ештеңе алмаймын.

Эльзат:

Балалар, Шапаклякты кешіреміз бе? Ендеше балалар, сендер ән айтыңдар. Ал Шапакляк сендермен әбден шаршағанша билесін.

Ән-би

Гена:

Балалар, сендерге көп рахмет. Енді бәріміз брге ән орындайық. Ал, бір, екі, үш…

Крокодил Гена  гармошкасымен «Туған күн» өлеңін айтады. Балалар сол музыканың әуенімен бәрі бірге шеңбер жасап неше түрлі би қимылдарын жасайды.

 

***

 

«Маймылдардың муз.» ойналады. Маймылдың балалары залға шулап кіріп, әр нәрсеге тиісіп жүреді. Залдың бір шетінде Сүт таситын көлік  тұрады. Маймыл-ана балаларын қуып жүреді. Біреуін ұстаса екіншісі қашады… Әрең  бала-шағасын жинайды.

Маймыл:

Саламатсыңдар ма, балалар!  Балаларымды жаңа жыл кешіне алып келіп едім. Әбден шаршатты.

Аяз Ата:

Маймыл, балаларыңды жаңа жылдық кешке әкелгенің дұрыс болды. Балаларың сәл тентек, еркелеу екен. Мұнда келген балалар өте жақсы оқитын, үлгілі, көп отбасынан шыққан балалар. Сенің балаларың бүгінгі кештен кейін мына балалардан үлгі алып, ақылды болар.  Енді келген балалардың  өнеріне кезек берейік.

 

Эльзат:       Ал, келіңдер, келіңдер

Тақпақ айтып беріңдер.

Жомарт Аяз атадан,

Сыйлық алып көріңдер!

Келген балалардың өнерін тамашалау.

.

Мият:

                       Не ойласаң Жаңа жылда

Орындалады бар арман.

Жаңа жылды сондықтан,

Күтеді барлық балақан.

Аяз ата:

Рахмет балаларым,өнерлерің өрге жүзе берсін. Сендермен бірге шырша тойын тамашаладым. Енді менің  қайтатын уақытым да таяп қалды.  Сендерге жаңа жыл  көп жақсылықтар алып келсін.  Келер жылға дейін аман болыңдар балаларым.

Көңілді әуенмен Аяз ата мен Қарша қыз шығып кетеді.

 Эльзат:

Балалар, сендер жаңа жылда  не тілесіңдер, сол орындалады. Жаңа жылды ары қарай жақсы би билеп, жалғастырайық.

Мият:

Жарайсыңдар балалар! Кешке келген балаларға арналған сыйлық тапсыру рәсімін ауданымыздың әкімі Смаилов Марат Райымбекұлына  берейік.

Сыйлықтар тапсыру.

Эльзат:

Өтсін солай жаңа өмірдің күндері,

Шарпылмасын жүректердің мұң лебі.

Жарқылдасын жаңа жылдың оттары,

                   Таусылмасын Жаңа жылдың дүрмегі.

Мият:

Осымен  мерекелік кешімізді аяқтаймыз.

Эльзат:

Балалар бәріңізді мерекелік дастарханға шақырамыз!

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *