“Тәрбие – талбесіктен”


Тобашова Нагима Темирбековна

Рудный қаласы әкімдігінің “15  балалар бақшасы” КММ  тәрбиешісі

Даналық   сөздермен  оза білген біздің    халқымызда  «Балаңды  өз тәрбиеңмен  тәрбиелеме, өз  ұлтыңның тәрбиесімен  тәрбиеле»  деген   сөз  бар.

Сондықтан біз  халықтың нақыл  сөзінен  сусындаған,  аталар сөзімен өсіп-өнген, даналар  өсиетінен тәрбие алған,  ұлылар тәрбиесінен  тағзым   еткен дана халықтың  ұрпағымыз. Осыдай  даналық сөздерді жаңғыртып, ұлт болшағын тәрбиелеу басты парызым деп білемін. Заман талабына сай,  бүгінгі  күнде  балаларды    әдепті   де саналы  етіп  тәрбиелеу  үшін  ең алдымен  тәрбие ережелеріне сүйене  отырып,  ұлттық  дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды,  дінімізді,  ата-бабаларымыздан  қалған  насихат   мұраларын  бүлдіршін кезінен санасына сіңіру де менің міндетім.

Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде мектебінде шағын орталықта шәкірттер тәрбиелеуге  өзіндік үлесімді қосқаныма — жыл болды. Жас   ұрпақты  Отанын,  туған  жерін сүйіп, оны  қорғай  білуге үйрету, оқушы  бойында  патриоттық  сезім   мен  адамгершілік сананы қалыптастыру-егеменді  мемлекетіміздің  әр  отбасы   мен  азаматтарының  міндеті. Елдің  ертеңгі  ұрпағы,  киелі  жердің  иесі-балалардың  тәрбиесі – маңызды  іс.  Тәрбиенің көзі-ата бабамыздан  қалған  дана  сөздер  десек,  мен  сол   насихат  жүргізушісінің бірімін. Ал, бұл мен үшін зор мәртебе. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт болашағы – білімді ұрпақ қолында» деп айтқан сөзі  маған үлкен ой салды. Иә, жас ұрпақ тәрбиесі-адамзаттың мәңгілік тақырыбына айналып отыр. Оның негізгі мақсаты адам бойында ізгілік, инабаттылық, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адам қасиеттерін, тіршілікке қажетті дағдыларын қалыптастыру болып табылды. «Тәрбие тал бесіктен басталады» дегендей білім негізі шағын орталықтан бастап қаланады. Сонымен қатар шағын орталық мектепке апарар жолдың алғашқы баспалдағы. Әрине, тал бесіктен бастау алған тәрбие ғана жемісті болмақ.Сондықтан жас ерекшеліктеріне сай ынтымақты насихаттау барысында Астана туралы әңгіме ұйымдастырамын. Астана  сан ұлттардың сүттей ұйып тіршілік етіп отырған жері екенін баяндап, жеткіземін. Бүлдіршіндер де қарап отырмай, Астана туралы білгендерін ортаға салады. Сонымен қатар мектебіміздің қақ төріндегі  Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба, Әнұранға саяхат жасатып, елдігіміздің тірегі екенін түсіндіремін. Мемлекеттік рәміздерден басталған тәрбие  бүлдіршіндердің  бойында  адамгершілік құндылықтарымызды қалыптастырып өз іс-әрекеттеріне  жауапкершілігін арттырады және Отан игілігі жолында қызмет етуге ұмтылдырады.

Баланың иманды, қайырымды азамат боп ер жетуі ең алдымен, ата ананың, тәлім-тәрбиесіне, қоршаған ортаның үлгі өнегесіне байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соңы ілесің» деген сөз тегінен-тегін айтылмаған. Бала тәрбиесі-бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Дегенмен ата – ананың жұмысбасты болып, өз баласын ғаламторға тапсырғаны бізді алаңдатады.         Жас бала дегеніміз- жаңа көктеп келе жатқан жас шыбық,  тәрбиеші  болса жаңа күтуші. Сондықтан алдымен  баланы өз тілін, дінін  қадірлеуге шақырамын. Балаға айналадағы өмір шыңдығының әсері мол.Айналасындағы үлкендердің, өзінен ересек балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы, көңіл-күй ерекшеліктері, жүріс тұрысы, еңбек әрекеті-бәрі де үлгі-өнеге.

Бүгінгі балалар тез жетіліп келеді.Олар айналасындағы болып жатқан барлық оқиғаларды білгісі келеді. Осы орайда ұлттық тәрбиенің маңызы  зор. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасының тәрбиесі аздық етеді. Бала тәрбиесінде   шағын орталықтың  орны ерекше. Себебі  сыныпты   бала қоғамда өз ойын ашық айтуға үйренеді. Міне, осы сәтте ұлттық дәстүрімізбен тәрбиелеу  менің парызым. Егеменді еліміздің болашақ ұрпақтарының сана-сезімін, ұлттық психологиясын, ата-бабаларымыздың салт дәстүрімен сабақтастыра отырып, тәрбиелеу қазіргі күннің ең өзекті мәселенің бірі болып есептелінеді. Болашақ мемлекетіміз ұрпаққа деген сабақтастықтан туындайтын дүние болғандықтан, әр халықтың болашағы жастарына тәуелді екені даусыз мәселе. Егер бүгін бүлдіршіндер өз халқының рухымен тәрбиеленіп өспесе, онда елдің келешегі бұлыңғыр болмақ. Өйткені, ұлттың барша мұрасы жастарға аманат етіледі. Ал, жастар оны сақтамаса және өзінен кейінгілерге тапсырып кетпесе, біртіндеп ұлттың атауы да өшіп жоғалмақ.

Өз елінің рәміздерін, Ата заңын білуге, әрі құрметтеуге әрбір азамат міндетті. Сондықтан рәміздер туралы мағлұматты кеңірек беру мақсатында, сынып сағаттарын жоспарлаймын. Қазіргі кезде «Жастар – еліміздің болашағы» деген қанатты сөзді жиі айтамыз. Ал, сол жастардың болашағы, Отанымыздың ертеңгі тағдыры өзіміздің бүгінгі қызметімізді қалай атқарып жүргенімізге тікелей байланысты. «Бұтағымен ағаш сымбатты, ұрпағымен адам қымбатты» деген қазақ даналығында саналы сыр бар.

Иә, бала тәрбиесі қай заманның, қай қоғамның болсын, ойшылдары мен зиялыларын толассыз толғанысқа, үздіксіз ізденіске түсіргені күмән туғызбайды. Болашақ ұрпақ жайында Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев өз Жолдауында: « Қазіргі заманда кез – келген мемлекеттің тыныс тіршілігін қалыпты ұстап тұрудың аса маңызды шарты – адамдардың өздері, олардың ерік – жігері, қажыры, білімі болып табылады.

Ата – аналар өз балаларын өмірге даярлауға ерекше көңіл бөлуі тиіс. Олар қазіргі балалар елдің болашағын анықтайтын ХХl ғасырдың ересек адамдары екенін түсінуі қажет»- деп көрсетті. Иә, балапан қыран болу үшін оны самғатып ұшыратын ата да қыран болу керек. Отбасы бала үшін – алтын бесік. Бала тәрбиесі мен барлық адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы негізінен отбасында жүзеге асады. Олай болса балаға өз шаңырағында, өз табалдырығында дұрыс тәрбие берілуі – тәрбиенің ең басты шарты. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Сондықтан  ел  қамын ойлаған бабаларымыздың айтқандарынан түйгеніміз – қай қоғамның болсын көтерген мәселесі – бала жанына ізгілік дәнін егу. Себебі бала – өмірдің жалғасы, мәні мен сәні. Сондықтан да халық баланы көңілдің гүлі, көздің нұры деп ұққан.
Қазақ халқы отбасындағы бала тәрбиесінде әкенің алатын орны мен рөлі ерекше. Себебі әке-отбасын асыраушы, оның мүшелерінің тірегі, қамқоршысы және тәлімгері. Әкенің мінез- құлқы өзгелермен қарым-қатынасы, өнері, білімі-баланың көз алдыңдағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қыз баласын ұлмен тең санап, «әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп қыз тәрбиесін анасына, ұлды әкесіне табыстаған. Ру таңбасын көрсетіп, «жет атасын білген жетелі» деп жеті атасын жаттатқызған.

Халықтың аңыздары мен жырларын тыңдатып, халықтың ұлы болуға баулыған. Қыздарына отбасының ұйытқысы болуды ғана емес, ұлт тәрбиесін жалғастыруды, сақтауды үйреткен. Осы ұлы тәрбиенің нәтижесін ұрпақтар жалғастығынан көруге болады.Кішкене баланың еліктегіш болатынын білген әке ұл алдында үнемі өзінің жақсы қасиеттерін көрсетуге тырысқан.

Яғни, «Мың рет өсиет айтқаннан бір рет өнеге көрсеткеннің» артық екенін  ұғынған. Ендеше мына өтіп жатқан жаһандану, ғаламдану үрдістеріне жұтылып, ұлт ретінде жойылып кетпейік десек ұлымызды рухты, қызымызды ғұрыпты етіп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелейік дегім келеді. Ұлттық мұра, ұлттық тәрбие, ұлт болашағы тақырыптарында осы мақсатта бірқатар тәрбие сағаттары ұйымдастырылды.Бүлдіршіндерді Тәуелсіздікті,бірлікті дәріптеу арқылы тәрбиелеу ісін жүзеге асырудамыз.Былтырғы оқу жылы мерейлі мерекелерге толы жыл болды. Осы орайда мектебімізде  өткізілген іс – шаралар ұлттық тәрбиенің көзі болды десем, артық айтқаным емес.Сөзімді түйіндей келе, балаларымызды өзіміздің емес, ұлттық тәрбиеде тәрбиелейік. Ұлы ағартушының есімін иеленген біздің ұжымда да  шағын орталықта жаңа инновациялар егізілген. Әр сабағымызда жаңа технологияны пайдалана отырып, ұлтжанды, рухы биік ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегіміз еселене түспекшіміз. Бұл біздің мерейлі мақсатымыз екені анық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *