«Жаңа технологиядағы сәндік ине түйреуіш»


 Бегалиева Гульмира Тынымбаевна
 «Балалар мен жасөспірімдер сарайы» КМҚК, Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы қосымша блім педагогы

Сабақтың мақсаты:  Жаңа технологиялар арқылы құрақ өнерінің қолдану аясын кеңейту. Құрақтан сәндік бұйымдар жасау.

1.Білімділік:  пенопластқа құрақ құрау әдістерін үйрету, түрлендіре білуге түсінік беру, оны  қалай қолданылатыны жайлы мағлұмат беру, бұйым жасап үйрету.
2. Дамытушылық:  құрақты қазіргі заман талабына сай жаңартып құрай білуге дағдыландыру, жұмысты өз бетінше орындауға бағыттау, икемділік шеберліктерін арттыру.
3.Тәрбиелік: Оқушыларды ұлттық қол өнерді сүюге, өзге ел қолөнеріне құрметпен қарауға, шеберлікке, ұқыптылыққа, төзімділікке тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: аралас сабақ

Сабақ типі: Іскерлік дағдыларды жетілдіру.

Сабақтың әдісі: түсіндірмелі, сұрақ-жауап, әңгімелеу, көрсету, сарамандық.

Техникалық құралдар: компьютер, экран, бейнематериалдар

Пәнаралық байланыс: тарих, қазақ әдебиеті, сызу, бейнелеу, музыка.

Көрнекіліктер:  пенопластқа құралған әлем құрақтарының шағын көрмесі, бейнеслайдтар, буклеттер, дайын жұмыстар.

Қажетті құралдар: түрлі-түсті маталар, құрғақ желім, ине, қайшы, пенопласттар,  дайын бұйымның сызылған  үлгілері, оймақ.

Сабақтың жоспары:

Кіріспе бөлім:

1.  Ұйымдастыру кезеңі: сәлемдесу рәсімі, сабақтың тақырыбы, мақсаты мен міндетімен таныстыру

2. Өткен сабаққа шолу.

3. Жаңа сабақ.

а) теориялық бөлім (жаңа сабақты түсіндіру) бейнеслайд.

б) практикалық бөлім

4. Сабақты пысықтау

5. Қорытынды.

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі.

– Оқушылардың сабаққа қатысуын, құрал-жабдықтарын тексеру.

– Оқушылардың назарын сабаққа аудару мақсатында мақал- мәтелдердің, жасырын сөздерін толықтыру.
1. Көз қорқақ, қол ……. /қол батыр/.

2. Иненің …….. /жіпсіз/ күні жоқ.

3. Еңбек ……../түбі/ береке.

4. Білім ……. /инемен/ құдық қазғандай.

5. Қол ……./өнері/ кілемде, сөз өнері өлеңде.

6. Еңбек – дәулет, бедел ……. /сәулет/

7. Өнер …….. /өлмес/, үміт ……. /сөнбес/.

ІІ. Өткен тақырыпты еске түсіру. Үй тапсырмасын тексеру, қайталау.
Ұстаз: Балалар сендерге құрақтың шығу тарихына байланысты аңыз әңгімелер іздестіріп келіңдер деген болатынмын. Кәне кім жинаған аңыздарын айтады, тыңдайық.
1-ші оқушы. Құрақтың қасиеті «Құдай құрастырсын» деген ырымға байланысты.
Ертеректе баласы шетіней берген ата-ана, көрші ауылға барып үй-үйден құрақтың қиындысын жинайды. Бұл жиналған қиындыны «жиынды» деп атайды. Осы жиынды матадан жас нәрестеге астарлап, етегін қайырмай «сілекей» яғни көйлек тіккен. Етегін қайырмаған себебі, артынан бала ілессін, құралсын деген ниетпен қайырмаған.
2-ші оқушы. Біздің ата-әжелеріміз ертеректе жазу-сызу болмаған кездің өзінде түрлі геометриялық фигураларға ұқсастырып құрақтар тіккен. Оны тікелей сүлу табиғатпен байланыстырып алған, мысалы: «Ботакөз, қошқар мүйіз, жұлдыз» құрағы ұшқан құстың, тырнаның ұшуына қарап «тырна қатар» құрағын құраған.
3-ші оқушы. Қошқар мүйіз оюын тікелей малмен байланыстырып, оны аса бір дәлдікпен құраған, мұндағы ойлары ұрпағым малды, жанды болсын деп ырымдарға балап тіккен.
Ұстаз: Бүгінгі күнде ата-бабамыздың айналысқан қандайда бір кәсібі болмасын, өз маңызымен қасиетін жоймаған. Қайта түрленіп қазіргі заман талабына сай ерекшеленіп отырады. Өнердің басқа түрлері сияқты, құрақ құраудың, оқушылылардың ой- өрісін, білімдерін жан-жақты дамытуға әсері мол.  Өткен сабақтарда  біз қандай жұмыстар жасадық?

Балалар:  түрлі құрақтарды матаға, тіпті пенапластқа да  құрап үйрендік

Ұстаз: Балалар, құрақты құрау үшін әуелі не істейтінімізді есімізге түсірейік? (Оқушылардың  жауабы)

1) Материал таңдап дайындаймыз

2) Үлгісін жасаймыз

3) Үлгімен матаны қиямыз

4) Құрақтың түр-түсін анықтап машинаға жүргіземіз

5) Астарлаймыз

6) Жиектеп, мақта салып аяқтаймыз.

Ұстаз: Құрақ түрлері өте көп. Құрақпен қазақ халқынан басқа, өзге елдер де шұғылданады. Бірақ оны әрқалай атайды. Орыс халқы мозайка немесе «Пэчворг» ағылшын тілінен аударғанда  (құрақ құрау, құрастыру) қызықты жұмыс, үлкен қиял беруші өнер.

«Пэчворг» техникасы геометриялық қиындыларды біріктіріп тігу арқылы қайта бүтін мата жасау. Ал, жапон тілінде құрақ құрау өнері – “сашико” деп аталады.

Балалар,  біз сіздермен      пенопласт шарға құралған  сәнді инетүйреуішті жасауды үйренеміз.

Ш. Мұғалімнің жаңа сабақты түсіндіруі.

Теориялық бөлім.

Ұстаз: Жаңа «Артишок» техникасы жайында. Құрақ өнерінің бұл түрі өзінің атауын «артишок» жемісіне ұқсас болғандықтан иеленген. Осы техниканың басқа да атаулары бар – «тістер», «бұрыштар», «балықтың  кабыршығы», «қауырсын» т.б. Артишок техникасы – пэчворктың ең жаңашаланған түрі. Құрақтың бұл түрімен жұмыс жасау барысында қиғаш жолақтар (лента)  мен төртбұрышты етіп қиылып алынған маталар пайдаланылады. Осы техника бойынша тек қана шар жасалып қоймайды.  Басқа да бұйымдар өте әдемі болып шығады, мысалы: шырша жаңғағын, шырша ойыншықтарын, жемістер.Артишок техникасын  Жаңа жыл және Пасха мейрамдары  қарсаңында көп пайдаланады. Ол пішіндерінің, өлшемдерінің түрліліктерімен, қолданатын материалдарының үйлесімділіктерімен ерекшеленеді. Біз бұл техникаға тек түрлі-түсті матаны ғана пайдаланып қоймай, оған қағаздарды да қолдана аламыз. Негізі ретінде кез келген затты алуымызға болады.

(Бейнеслайдта көрсетілген материалдар арқылы  жаңа сабақты түсіндіру.

Пенопласт шарға  құрақ құрау

Ұстаз: Пенопласт шарға құрақты қалай орналастырамыз, шын мәнінде бұл өте қарапайым жасалады. Құрақ құрау болғанымен, оны жіпсіз, тікпей, тек қана иненің көмегімен құралатын жаңа ерекше технология. Осындай құрақты балалар да оңай құрай алады. Оған өздеріңіз куә бола аласыздар. Ол үшін:

1. Алдымен кішкене жұдырықтай шар пенапласты таңдап аламыз.

2. Матаның түр-түсін таңдап, төрт түрлі матаны төрт бұрышты  он төрт

бөлікке бөліп, дайын үлгімен матаны қиып дайындап аламыз.

3. Одан кейін пенопласт шарға сары матаны қойып, тұмаршалап, инемен түйреуді бастаймыз.  Осылай бір қатардан сарыны тұмаршалап төртеуін түйрейміз. Сарыдан кейін тұмаршалап инемен төрт қатар жасыл матаны түйрейміз. Одан кейін солай алқызыл түсті матаны, сонан соң көк түсті  матаны түйрейміз. Біз шардың жарты бетін түйреп үйрендік. Енді келесі   жарты бетін тура осы реттікпен қайта қайталаймыз.

4. Шардың екі жағы да құралып біткеннен соң дәл ортасынан жылтыр лентамен әсемдейміз.

5. Пенопласт шарға  құралған құрақ түрінің жасалу  жолы міне осындай.

Слайдтағыдай симметриялап, сары, жасыл, алқызыл  және көк  түстерді үйлестіре, пенопласт шарға орналастырамыз.   Экраннан бейнеслайд көрсетіледі.

IV.  Практикалықбөлім .
Сабақтаң қауіпсіздік ережесін еске түсіруден бастаймыз.

1. Инемен жұмыс істеу кауіпсіздік ережесі. Инені жерге қадамауға сабақсыз қалдырмау, инені ауызға салмау т.б.

2. Қайшымен жұмыс істеудің қауіпсіздік ережесі. Қайшыны ашық қалдырмау. Қайшыны берген кезде, үшкір жағын өзіне қаратыып ұсыну.

Бүгінгі сабағымыздың ұраны «Талаппен баста, талғаммен аяқта»

Педагог: Біз бүгін пенопласт шарға  құрақ құрап үйренеміз. Сондықтан, екі баладан бірлесіп отырамыз. (оқушыларға  құрал-жабдықтарды таратады)

Бейнеслайд көрсетіліп тұрады.

(Мұғалімдерге жасалатын  материалдар  таратып, жасалу жолдары түсіндіріледі Сергіту сәті. «Т Е Х Н О Л О Г И Я» сөзіне сөзжұмбақ.

Өткенімізді баяндайтын адамды қалай атаймыз? Тарихшы.

Не бәрін жеңбек? (Еңбек)

Оны бірнеше маман иелері киеді? Мысалы дәрігер…. (Халат)

Жіптің  орысша аудармасы? (Нить)

Ұлттық зерді қалай атаймыз? (Ою)

Сызғыштың орысша атауы? (Линейка)

Іскердің құралы? (Оймақ

Қыздарға сыйлайтын сыйлық? (Гүл)

Жіптің серігі? (Ине)

Емдік табиғи  тастың түрі? (Янтарь)

Сабақты пысықтау: (сұрақ жауап)

1. Біз бүгінгі сабақта қандай жұмыстар атқардық?

2. Пенапласт шарға  құрақ құрау барысында қандай құрал-саймандарды  пайдаландық?

3. Біз бүгін қандай халықтың  құрақ түрімен таныстық?

5. Пенопласт шарға  құрақтарды қалай орналастырдық? (әуелі шар таңдадық,  құрақтың үлгісін жасадық, оны пенопласт шар бетіне тұмаршалап ине түйреуішпен түйреп, кезекпен қатар-қатар орналастырды. Матаны үлгімен түр түсіне қарай үйлестірдік. Құралған шар пішінге желім жағып алдық та, ұзын жылтыр жолақ жабыстырдық.  Солай жұмысымызды аяқтадық.

VI. Қорытынды:

Педагог: Сабақты қорыта келе, құрақ өнерін жете меңгеріп, оны тек күнделікті тұрмысқа пайдаланатын бұйымдар ғана жасаумен шектелмей, оны жаңа технологияларда орындап,  сәндік  ине түйреуіш ретінде де, шырша ойыншықтары және балаларға жұмсақ доп қылып ойнау үшін де, сыйлық ретінде де  падалануға болатынын білдіңдер және жасап үйрендіңдер.

VII.Оқушылардың жұмысын бағалау.

VIII. Үйге тапсырма: Ғаламтордан немесе басқа да ақпарат көздерінен жаңа құрақ түрлерін  тауып,  сол құрақ бойынша зерттеу, жобалық жұмыстарға дайындық жасау.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *