«Балабақшадағы жаңаша тәрбиелеу»


Жамкеева Айдана Несипбаевна»
КМҚК №134 «Гауһар» тәрбиешісі

Мектепке дейінгі ұйым – бұл дамуға ұмтылған, жаңа мүмкіндіктерді іздеген, баланың, жанұяның, қоғамның сұраныстарын қанағаттардыруға қажетті жағдайларды жасайтын, педагогтардың шығармашылық және кәсіби жұмыстарын жағдаймен қамтамасыз ететін, заманауи талаптарға жауап беретін күрделі ағза.

Сол мекеменің бір кішкентай болса да, басты бөлшегі-тәрбиеші.

Тәрбиеші! Бұл әрдайым үлкен әріптермен жазылуға тиіс мазмұнды сөзді әп дегеннен жаныма жылы қабылдадым.

Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген екен. Бұл жолда үлкен ізденіс, парасат қажет. Тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатады. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеу – біздерге артылған аса жоғары міндет.

Оның маңыздысы  бүлдіршіндердің көкірегін рухани қазынаға толтыру. Ойын арқылы тілін дамыту дағдыма айналған.  Өйткені,  менің міндетім  жас ұрпаққа қазыналы да бай ана тілі – қазақ тілін сіңіру.  Тіл арқылы бала бойына ұлттық құндылықтарды, дәстүр мен салтты, ұлтымызға тән ізгіліктерді, жалпы адамзатқа ортақ өркениеттік ұстанымдарды жұғысты етудеміз.

Мен үшін де содан бері  осынау өмірімдегі ең қастерлі әрі қасиетті мамандық ол – тәрбиешілік. «Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» дегендей, әу баста ұлтымыздың, тәуелсіз еліміздің ертеңі боларлық бүлдіршіндерді тәрбиелеу жолын таңдағаныма еш өкінбеймін. Қиындығы мен қызығы, ауыртпалығы мен жауапкершілігі қатар жүретін осы еңбектің жолындағы педагогикалық ұстанымым – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр тәрбиеленушімнің бойынан жылт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, бұлақтың көзін ашу, биікке жетелеу, сондай ізденістер арқылы биік мақсаттарды орындау. Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт.Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын  менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Көзін ашып, тұнығына қану үшін тәрбиешіде жылы жүрек, аялы алақан және   тәрбиешіге  тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу сезімі болу керек екенін түсіндім.Бұрынғы ұстанымдарды ұстана бермей баланы жаңарту , жаңғырту да тәрбиешінің міндеттерінің бірі.Заман талабына сай азамат тәрбиелеу үшін тәрбиеші де үнемі оқу мен ұмтылста болуы қажет.Мектепке дейінгі ұйымда да жұмыс талабы мен жоспары да жаңарады, өзгереді, дамиды.Демек осы мектепке дейінгі ұйымның жұмысын жандандыруда инновациялық технологиялар мен әдістердің маңызы өте жоғары. Жалпы бүгінгі күні мектепке дейінгі ұйым жұмысына инновациялық технологиялар мен әдістерді енгізу бірқатар шешуге болатын қиындықтарды туындатады. Олар жасалатын жұмыс ауқымының артуы, лауазымдық міндеттер шеңберінің кеңеюі, инновациялық технологиялар мен әдістердің жеткіліксіз ресурстық қамтамасыз етілуі, материалдық және моралдық ынталандырудың әлсіздігі, ал балалар үшін оқу жүктемесінің артуы орын алып отыр.

Еліміздің қоғамдық өмірінде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, білім беру жүйесіне, соның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға сәйкесті өзгерістер енгізуді талап етеді.

Сондықтанда, бүгінгі мектепке дейінгі білім беру жүйесіне, оның сапалы мазмұнын жаңғырту мәселелеріне айырықша көңіл бөлінуде. Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатындағы басым бағыттардың бірі мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін дамыту болып табылады.

Қазір мектепке дейінгі ұйымға балалармен үдемелі инновациялық технологиялар мен жаңа бағдарламалар негізінде жұмыс жасауға қабілетті педагог қажет. Ол көп білуі, өзімен тұрақты жұмыс жасауы, арнайы білік және дағдылары болуы тиіс; өз шеберлігін тұрақты түрде жетілдіруі, инновациялық технологияларды, дәстүрлі емес әдістерді меңгеруі; компьютерді білуі, Интернетті пайдалана білуі қажет. Егерде әр балабақшада осындай тәрбиеші-педагог болса, онда мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бүгінгі күн талаптарына, ата-аналар мен қоғам талаптарына жауап беретін болады.

Мектепке дейінгі білім беру үдерісіне енгізу үшін үлгіге мынадай әдістер мен технологиялар ұсынылады.

Дамытушы технологиялар. Дәстүрлі оқытуда балаға үйрену үшін

дайын өнім мен әрекеттің үлгілері беріледі. Ал дамыта оқытуда бала өзінің әрекеттерін талдау нәтижесінде мәселені шешуге өзбетінше қол жеткізеді.

Дамыта оқытуда балаларға тілдерін дамытуға бағытталған, олардың белсенді сөздіктерін байытатын, сөз жасау дағдыларын бекітетін, заттарды сипаттайтын, мәтіндер құрауға жәрдем беретін көрнекі үлгілер қолданылады.Жұмбақтарды шешу барысында белгілері бойынша нысандарды анықтайды. Кіші топтарда алғашқы кезде педагог әрбір берілген суреттерді жан-жақты түсіндіреді. Ал келесі кезеңде ересек топтарда суретке қарап онда не жасырылып тұрғанын өзбетінше тауып, түсіндіруді ұсынылады.

Танымдық ертегілер балаларды қоршаған ортамен таныстыруға, айнала қоршаған шындыққа белсенді танымдық қарым-қатынасты туындатуға және құбылыстардың мәніне жетуге мүмкіндік беретін білім қорын жинақтауға бағытталған. Танымдық ертегілер балаларды бөлек деректермен таныстырады, құбылыстардың артында не жатқанын айтады. Ертегілер мынадай талаптарға сәйкес болуы керек: танымдық материалдан құрылуы, балаға бала жасына сәйкес білімнен хабар етуі, оның мазмұнын білуге дене қызығушылыққа баулуы керек. Танымдық қызығушылықты туындату үшін міндеттерді шешу басқа жағымсыз сәттермен жасырынбай кейіпкерлердің әрекетінің бел ортасында болғаны, ғылыми мазмұнға қызығушылыққа шақыруы, күрес, жанашырлық пен кейіпкерді іздеу нақты осы мазмұнмен байланысты болуы, соның айналасында шоғырлануы, сонда іске асуы қажет. Ертегі балаларды қызықтыруы үшін: ертегідегі барлық қимылдардың өрбіуі сол сауалдардың шешімі болуы, сауал мен оның шешімі бала үшін жағымды кейіпкердің тұлғасында нақтылануы, сонымен бірге ол қуанатындай, қобалжыйтындай, ойша күресе алатындай, қойылған мақсатты іздеуді және шешуді, сауалды шешу жай ғана баяндау сипатында берілмей, кейіпкердің белсенді әрекетінің нәтижесінде берілуі қажет.

Жобалау технологиялары – бала мен педагогтың бірлесіп жүзеге асыратын эксперименттік әрекетін құру. Жобалық іс-әрекет – бұл білім беру мазмұнының кез келген бағыты бойынша іздеу, зерттеу, практикалық тапсырмаларын шешу үшін белгілі бір жоспарлар, белгілі бір мақсаттары бар мақсаттылық іс-әрекет. Жобалық іс-әрекет негізінде ересектер мен балалардың белгілі бір практикалық проблеманы бірлесе жұмыс істеу үдерісінде қол жеткізілетін іс-әрекеттің нәтижеге бағыттылығы (оның барысында бала өзі үшін көптеген жаңа және бұрын білмегенді ашады) туралы идея жатыр. Бұл нәтижені шынайы практикалық іс-әрекетте көруге, зерделеуге, қолдануға болады. Кіші мектепке дейінгі жастағылармен мынадай тақырыптарда: «Пішін, түс, көлем»; «Жыл мезгілдері», «Су», «Қар», «Құм», «Жарық пен жылу» жұмыстарды өткізуге болады. Ал ересек жаста баланың бастамашылдығы, белсенділігі, мүмкіндіктері айтарлықтай арта түседі. Бұл жас кезеңі балалардың танымдық қажеттіліктерін зерттеу, іздеу әрекеті түрінде «жаңаны» ашуға,ойлаудың өнімді түрін дамытуға бағытталған дамыту үшін маңызды.

Денсаулықты сақтау технологиялары – өзінің денсаулығын қолдауға қажетті білім, білік дағдыларды қалыптастыру мен дамыту. Мектепке дейінгі кіші жастағы балаларға педагог ертегі мазмұнын бұрыннан таныс балалардың білетін қимылдарымен суйемелдей  отырып айтады. Балалардың назары ертегінің мазмұнында болғандықтан жаттығуларды орындау қызықты және еліктірер сипатта болады. Ал ересек жастағы балалар үшін күндізгі ұйқыдан соң балаларды сергіту үшін қолдануға болады.

Жаңарту  қолымызға үлкен сеніммен тапсырылған, ата-аналарының бір бөлшегі баланы жан-жақты дамыту тәрбиешінің мойнындағы өте ауыр жүк.

Жүгіміздің ауырлығын сезінбей балаларымыздың бізге деген махабаттарын жоғалтпай жаңарып, шындалып отырайық.

Қолданылатын әдебиеттер:

1. «Бала мен балбақша» журналдары № 6   2015 жыл

2. «Мектепке дейінгі тәрбиелеу» № 2   2013 жыл

3. «Ұстаздар әлемі» № 5 2014 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *