«КӨПТІЛДІЛІК – МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЖАСТАҒЫ БАЛАНЫҢ КОММУНИКАТИВТІК-ТІЛДІК БІЛІКТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚҰРАЛЫ РЕТІНДЕ»


Калиакпарова Нургуль Айгалиевна
КМҚК №134 «Гауһар» ағылшын тілі маманы

Әлем күннен күнде түрлене келе, көптеген тілдердің алуандығымен таң қалдырады; сол себептен бала бір тілден аса, яғни бірнеше тілдік ортаға тап болатын жағдайлар көбеюде.

Қоғам қазіргі білім беру жүйесіне түпкілікті айрықша мақсат қоюда. Бүгінгі күні мектепке дейінгі мекемеде уақыт өте келе балабақшадан жоғарғы оқу орны мен ғылымға интеграцияланатын білім берудің инновациялық моделі қалыптастырылуы қажет.

Мектепке дейінгі мекемелерде инновациялық технологиялар мен жаңашыл білім беру технологияларын енгізу баланың ары қарай мектепте, колледжда, ЖОО-да оқуын сапалы және сәтті білімін жалғастыруда потенциал қалыптастырады. Бұл өз кезегінде қазіргі заманғы ұрпақтың бүтіндей болашағына әсер етеді.

Мектепке дейінгі мекеменің жалпыға бірдей білім беру стандарты күтілетін нәтиже ретінде баланы мектепке дайындығымен қатар, оқуға деген дайындығын қарастырады. Соның ішінде «Коммуникация» саласы баланы көптілділікке, тіл білуге деген құштарлыққа, ана тілінде немесе шет тілінде әлеуметтік-мәдени қарым-қатынасқа түсуге, айналадағы адамдармен вербалды немесе вербалды емес құралдар арқылы сөйлесуге деген құштарлығын дамытуды көздейді. Мектепке дейінгі жас тіл үйретуді бастаудың ең қолайлы кезі, себебі бұл кезде баланың назарының концентрациясы тиімді, логикалық ойлау қабілеті жоғарырақ, және есте сақтауға арналған жады әлдеқайда көлемдірек.

№134 «Гауһар» балабақшасында ағылшын тілі оқу қызметі стандартқа, оқу кестесіне сай өткізіледі. Оқу қызметі кезінде түрлі әдіс−тәсілдер қолданылады. Балабақшада тіл үйренуде ақпараттық және коммуникациялық әдістер кеңінен қолданылады, оның ішінде компьютерлік құрылғылар, мультимедиялық құралдар, аудиолар және т.б. Оқу қызметінде АКТ қолдану мотивацияның 2 түрін дамытады: өзіндік мотивация, яғни берілген материал баланың қызығушылығын тудырады, және бала осы тілді біліп, үйреніп түсіне алатынын көрсету арқылы баланы мотивациялау. Бұл баланың өзінің жетістіктеріне қанағаттануын, өз күшіне сенімділігін тудырып, баланы әрі қарай сол жетістіктерін жетілдіріп, жоғары сатыға көтеруге ынталандырады. Менің пайымдауымша, ертегіні не болмаса әңгімені тыңдау, немесе танымдық фильмдер көру оқытатын бағдарламалардан анағұрлым қызығырақ.  Балалар тілдің мағыналық (семантикалық) негізін тез ұғып, өздері сөйлей бастайды. Әсіресе оқытуда баланы тілдік ортаға толық жайғастыру әдісі қолданылса бұл тиімдірек болады. Бұл әдісте ағылшын тілімен жиі және терең байланыста болу көзделеді.

Оқыту құралдары жайлы сөз қозғағанда, мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған компьютерлік ойындар туралы айтып кеткен де жөн. Олар балаға жеңіл әрі қызықты формада ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде сөздерді, сөз тіркестерін, есте сақтауға ақыл-ойын және компьютерлік біліктерін дамытуға көмектеседі.

Баланың соқыр сезімі өте алғыр, қазір нәтижесі айқын білінбесе де, бір-екі жыл ішінде баланың ерекше дамыған тілдік (лингвистикалық) қабілеттерін көретінімізге кәміл сенімдімін. Сол себепті №134 «Гауһар» балабақшасында осы тақырыпта жоба бастадым. Осы жоба аясында балалармен АКТ көмегімен ұйымдастырылған іс-әрекеттер жүргізіліп басталды. Ағылшын тілі ұйымдастырылған іс-әрекеті барысында балаларға үнтаспалар, видеолар, оның ішінде мультфильмдер көрсетілу көзделуде.

Баланың сөздік қоры бірнеше ондық сөзге жеткенде ұйымдастырылған іс-әрекетті ағылшын тіліндегі аудиоертегілермен түрлендіруге болады. Бастапқы кезеңде кішкентай әңгімелер тыңдатылған жөн. Бұл әңгімелер балаға түсінікті болуы шарт. Өйткені бала материалды түсінбесе, оның қызығушылығы төмендейді. Ал қызығушылықсыз өткен іс-әрекет құнды әрі тиімді болуы екіталай. Аудиоертегілерді тыңдау барысында балаларға көрнекілік құралдар көрсетіп, сонымен қатар сөздерді қайталу ұсынылады. Аудиоертегілерді тыңдауды неғұрлым қызықты ету үшін тағы бір әдісті қолдану-балаларға ертегінің суретін салғызу.  Бірақ ертегіні тыңдау барысында сол ертегіні бірден салу тек бала сол ертегінің сюжетін білген жағдайда ғана мүмкін.  Бала ертегіні бұрын естімеген болса, сол ертегіні екінші немесе үшінші рет тыңдалуында ғана балаларға қарындаштар мен қағаз берген жөн. Өйткені ертегіні тыңдау барысында бала сурет салу баланың түпкілікті біліктеріне әсер ететін үдеріс. Бұл түпкілікті біліктіліктеріне бір уақытта  ақпаратты қабылдау мен сол ақпаратты өңдеп шығару жатады. Сурет салу кезінде балада естіген- білгенімен ассоциативті байланысы пайда болады. Суреттегі сюжетпен ассоциацияланып, ағылшын тіліндегі сөздер ерікті, тіпті еріксіз түрде де баланың есінде қалады.  Мұндай ағылшын тілі іс-әрекеті кезінде әр балаға көңіл бөліп, бір уақытта тыңдауды әрі сурет салуды білетіндігіне көз жеткізген абзал.Төрт-бес жастағы балада тыңдалған ақпаратты өңдеу, яғни сол сәтте сурет салу біліктілігі болмайды. Бірақ ертегілерді үнемі тыңдап, оларды лезде өңдеуге бейімделген бала бір уақытта естіп, оны тыңдап-түсініп әрі естіген ақпаратын түрлендіруді үйренеді.

Видеофильмдердің басты мақсаты- мектеп жасына дейінгі балалардың коммуникативті оқыту әдісі арқылы ағылшын тілін үйрету болып табылады. Cөздік қор (лексика) мен грамматикалық материал ойын түрінде енгізіледі. Тек сөздер ғана емес, сонымен қатар бұл сөздің қай жерде қолданылатынын, қандай әрекет орындауға болатыны айқын көрсетіледі, бұл баланың сөзді тез жаттап, баланың ағылшын тілінде сөйлеу біліктілігін арттырады.

Фонетикалық материал (дыбыстар, екпін, ритм, интонация) еліктеу, яғни имитация арқылы жаттықтырылады.  Ағылшын тілі өз ана тілі болып табылатын адамның ұйымдастырылған іс-әрекетке қатысқаны фонетикалық материалдың жақсы меңгерілуіне септігін тигізеді. Бірақ балабақшада мұндай мүмкіндіктің болмауын ағылшын тілінде мультфильмдер көрсетумен алмастырылады. Балалар мультфильм көруді өте ұнатады және  сол мультфильмды бірнеше рет көруден жалықпайды. Сондықтан ағылшын тілі іс-әрекетінде мультфильмдер көру шет тілін үйренудің бірнеше мәселесін шешуге көмектеседі:

·  Балада «бұл сөздерді не үшін жаттаймын» деген сұрақ туындамайды

·  Оған мультфильм көру өте қызықты болғандықтан, ол кейіпкерлердің фразаларын қызығушылықпен қайталайды.

Мультфильмдер балаға  жаңа сөздерді  үйренуге ғана көмектеспейді, сонымен қатар ағылшын тіліне тән дыбыстарды игеруге көмектеседі. Балаға мультфильм ұнаған жағдайда бірнеше рет қайталап көру бірте-бірте оның жатталуына септігін тигізеді. Ағылшын тілін үйретуге қажетті роликтер ретінде 2-3 жастағы балаларға арналған арнайы анимацияланған өлеңдер мен мультфильмдер таңдаған жөн(мысалы Мэйзи тышқаны-Maisy Mouse туралы роликтер ), өйткені бұл мультфильмдердің тақырыптары балаға түсінікті, яғни санау, жануарлар аттары және тағы да басқа.

Тіл үйретуде дәстүрден тыс әдістердің бірі − театралды-ойындық қызмет. Бұл баланы ешбір қысымсыз диалогтық сөйлеуін дамытуға, мимика, жест, қозғалыс арқылы ипровизациялауына, коммуникативтік мәселелерді шешуге көмектеседі. Мұндай әдіс №134 «Гауһар» балабақшасында ағылшын тілі вариативтік бөлімінде кеңінен қолданылады. Баланың мультимедиялық  құралдар арқылы көрген ертегілерін сахналау оқу қызметі мен вариативтік бөлімнің байланысын ұштастырады.

Театр қызметі –сөйлеудің ең нақты моделі. Театрды диалогтық сөйлесуге үйретудің формасы ретінде де қарастыруға болады. Сонымен қатар, бұл ойын, ал ойын – баланың тұлғалық даму механизмінің басты құралы. Ертегі қойылымын балалар ойын ретінде қабылдап, бір−біріне әлдебір кейіпкерді қалай дұрыс ойнау керектігін көрсетіп, бір−бірінің сөздерін жаттап та алады. Театрдың мағызды аспектәсәнәі бірі – балаларды түрлі эмоцияға бөлеуінде. Осындай тәсілмен берілген ақпарат жылдамырақ қабылданып, шет тілдерін үйренуге деген құлшынысын ұлғайтады.  Оған қоса, бала оқу қызметінде көрген ертегілерін театр арқылы өзі ойнап шығады. Образды сомдау шығармашылық шеберлікті қажет етеді. Шынайы орта жасалынады. Мысалы, тәрбиеленуші әнші рөлін сомдаса топқа микрофон әкелу т.б. Артықшылығы тәрбиеленушілердің қызығушылықтары мен ынтасын арттырады, ұялшақ, тұйық балалардың өзіне деген сенімділігін қалыптастырады. Себебі балалар мұндай әрекет кезінде өздерінің емес басқаның рөліне енетіндіктен жауапкершілікті сезінбейді және еркін болады.

Тіл білу –әлемдік үрдіс, яғни ол мәдениетаралық тіл табысудың бірден бір көзі. Біздің бүгінгі мектепке дейінгі жастағы балалар – ертеңгі күнгі еліміздің басқарушылары, иелері. Бала бойында азаматшылдық пен париоттық сезімдерді  қалыптастыру ана тілге деген сүйіспеншілік пен өзге тілдерге деген құрметтен басталады. Жақсы жағдай жасалған ортада бала жасы неғұрлым кіші болса, соғұрлым шет тілдерді жақсы игеру мүмкіндігі көбірек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Земченкова Т.В. Английский для дошкольников.-М.:ВАКО, 2008г.

2. Конышева А.В., Английский для малышей. – Санкт-Петербург. КАРО, 2010г.

3. Шишкова И.А., Вербовская М.Е., Английский для самых маленьких: Учебник. – М.: ЗАО «РОСМЭН-ПРЕСС», 2008г.

4. Губанова Н.Ф., Театрализованная деятельность дошкольников: 2–5 лет. Методические рекомендации, конспекты занятий, сценарии игр и спектаклей. – М.:ВАКО, 2011

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *