«Мектепке дейінгі жастағы бала тілін түзетуді ұлттық құндылықпен байланыстыра отырып Су-Джок терапиясын қолдану».


Кыздаркулова Каракоз Жетписовна
 КМҚК №134 «Гауһар» логопед маманы

«Баланың  ақыл-ойы – саусақ ұштарында»

В.А.Сухомлинский.

         Баланың жан-жақты толық даму шарты – жақсы дамыған тіл болып табылады.  Бала тілге бай және тілі дұрыс дамыған болса, өз ойын толық жеткізіп, қоршаған ортаны тану мүмкіндігі кеңейіп, үлкендермен және өз құрдастарымен ара қатынасы маңыздана түсіп, психикалық дамуы белсене жүзеге асады.  Бірақ, соңғы кездері жалпы және  ұсақ мотриканың, сөйлеу тілі дамуының бұзылыстары бар балалалар саны көбеюде. Сондықтан бала тілін қалыптастыруда, тілдің тазалығы мен дұрыстығын, түрлі бұзылыстардың алдын алу және түзету жұмыстарының  уақытылы жүргізілгені дұрыс.  Қазіргі таңда мектеп жасына дейінгі балаларды оқытып – тәрбиелеуде, оның ішінде тіл түзетуде көптеген түрлі тәжірибелік материалдар қолданылуда. Бұл материалдарды шартты түрде екі топқа бөліп қарастыруға болады: біріншісі, бала тілін түзетуге және дамытуға бағытталған, және, екіншісі, дәстүрлі емес логопедтік технологияларды қолдану.

Дәстүрлі емес логопедтік технологиялардың бірі  – Су- Джок терапиясы («Су» – буын, «Джок»-табан) болып табылады.  Су – Джок терапиясын зерттеп шығарған , оңтүстік –корей  ғалым профессоры Пак Чже Ву. Оның зерттемесінде,  адам денесінің бөліктері бір-біріне ерекше  ықпал жасайды (құлақ, адам тұқымымен, қол және аяқ адам денесімен т.с.с.). Бұл емдеу жүйесі адаммен емес, табиғи құбылыспен жасалған, ғалым оны тек зерттеп ашқан. Адам денесіндегі қажетті нүктеге әсер ету – емделуге ықпалын тигізеді. Сондықтан жүйе сәйкестігімен керекті нүктелерді анықтап алып, бала тілін түзетіп, дамытуға болады. Буындарда және табандарда жүйелі жоғары белсенді, барлық дене мүшелеріне сәйкес келетін нүктелер орналасқан. Демек, анықталған нүктеге массаж жасау арқылы, соған ықпал ететін адам мүшесіне әсер етуге болады.

Логопедтік – түзету жұмыстарымда Су-Джок терапиясын, әсіресе дизартриялық бұзылыстарда, қол саусақтарының ұсақ моторикасын дамытуда және жалпы ағзаны жақсарту мақсатында белсене қолданамын.  Су-Джок терапия баланың таным қасиеттеріне, көңіл-күйіне әсер ететін қолайлы әдістердің бірі болып табылады.  Ол үшін мен өз іс-тәжірибемде массаж жасау үшін арнайы доптарды, тікенді доптарды, созымтал сақина және де тікенді таяқшалар қолданамын.

Қазақ балабақшаларында тәрбиеленетін балалардың тілін түзету өз ұлтымыздың құндылықтарымен тығыз байланысты. Өз ұлтымыздың бала тәрбиелеудегі құндылықтары дегеніміз – ата-бабамыздың ежелден бала тәрбиесіне деген қарым-қатынасын, сөйлеу мәдениетін үйрету жолдары болып табылады. Қазақтың ұлттық ойындары, санамақтары, жаңылтпаштарын, ертегілерін  су-джок терапиясымен байланыстырып бала тілін түзетуде белсенді қолданамын. Мысалы:  созымтал сақинамен «Санамақ» ойынын ойнату  (бас бармақ, балан үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек. Осы санамақты айтқыза отырып, созымтал сақинамен әр саусаққа массаж жасау).  Келесі санамақ түрі сұрақ қою арқылы ойнатылады

Бір дегенім не? — Бір дегенім білеу,

Екі дегенім не?— Екі дегенім егеу,

Үш дегенім не? — Үш дегенім үшкір,

Төрт дегенім не? — Төрт дегенім төрткүл. (Осы санамақты айтқыза отырып, арнайы доппен әр саусаққа массаж жасау).

Санамақ ойыны осылайша сұрақ қойып, түрлі сандар мен сөздерді қайталап айтқызу арқылы баланың ойлау қабілетін арттырып, сөздерді анық айтуды үйретеді.

Осылайша жаңылтпаштармен де бұл терапияны оңай қолдануымызға болады.  Қойылған дыбысты автоматизациялау мақсатында, белгілі бір дыбысқа бағыттылған жаңылтпашпен байланыстыра  арнайы доптарды, не болмаса тікенді доптарды қолдануымызға болады:  «Ж» дыбысына арналған Жарыста,  Жүз бала жүгірді.

Жартылай ұл бала жүгірді.

Жартылай қыз бала жүгірді.

Жарыста, …Гүл-дала дүбірлі!

Гүл-дала дүбірлі! ( көк түсті доп-ұл бала, оны оң қолмен, ал қызыл түсті-қыз бала, оны сол қолмен үстел устінде домалату),

«Т» дыбысына арналған:

Топ бала топтана,

Қуып жүр допты  ( мағынасына қарай, алақанының астында допты қуалау),

«Д» дыбысына арналған:

Дәуреннің, Дутары бар. Дағарадай,  (тікенді таяқшамен алақанды уқалау) Далада Дана да доп ойнап жүр,

Далада Сана да доп ойнап жүр.  (тікенді доппен алақанды уқалау),

«Р» дыбысына арналған

Омар ора алар,

Омар ора алмаса,

Орал ора алар  ( тікенді таяқшамен саусақ ортасыны массаж жасау) т.б.

Және де, жасқа сай етіп жұмбақты – санамақтарды бала логикасын дамыту мақсатында жиі қолданамын. Мысалы:

«Ал, санаңдар, санаңдар,

Бізде қанша адам бар?

Алдымда: Атам, әжем,

Алдымда: Әкем, анам.

Білмесеңдер, біліңдер,

Тағы саусақ бүгіндер.

Алдыма: әпкем, көкем,

«Аман жүрсін інім», – дер.

Өзім бармын, інім бар.

Кіп – кішкентай күнім бар.

Қанша болдық бәріміз?»

«Шұнақ құлақ бес ешкі,

Қос лақты бір ешкі,

Төрт қозылы екі қой,

Бәрі нешеу, айта ғой?»  – деген жұмбақты-санамақ жасыру арқылы, балаларға көптеген доптар (асықтар) ұсынылады, балалар мұқият тыңдай отырып қораптан доптарды алып отырады, массаж жасайды.

Сондай –ақ өз тәжірибемде ұлттық құндылықтармен су-джок терапиясын ертегі арқылы байланыстырып, балалардың ертегіге деген қызығушылықтарын, психологиялық қабілеттерін  белсене арттырамын.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1. Акименко В.М. Новые логопедические технологии: учебно-

методическое пособие. – Ростов н/Д: Феникс, 2009

2. Атабаев А.С. «Ұлттық ойындар – халық мұрасы»

Ұлт тағылымы – Алматы, 2006

3. Құрманбаева С.К. «Ұлттық ойындардың бүгіні мен келешегі»

Қазақстан мектебі. Алматы, 2004

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *