МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРҒА ЭТНО МӘДЕНИ БІЛІМ БЕРУДЕ ТЕХНИКАЛЫҚ ҚҰРАЛДАРДЫҢ ПАЙДАСЫ.

Дүйсекеева Дана Нығметовна
КМҚК №134 «Гауһар» тәрбиешісі

Бәсекеге қабілетті білім кеңістігін құруға бағытталған қазақстандық білім беру реформасының басты мақсаттарының бірі – инновациялық технологияларға сүйене отырып, баланың бойында шығармашылық ойлауды дамытуға мүмкіндік жасау болып отыр. Мұндай күрделі міндеттерді шешуде мектепке дейінгі мекемелердің алатын орны ерекше. Бүлдіршіндердің білім берудің кейінгі сатыларында нәтижелі дамуын анықтайтын негіз – балабақшадан қаланатындығы баршамызға мәлім.

Қазіргі кезеңде еліміздің білім беру ұйымдарында оқыту процесін ізгілендіру мақсатында көптеген жұмыстар жасалуда. Оларды ғылыми тілмен айтқанда «инновациялық процесс» немесе «педагогикалық жаңалықтарды енгізу» деп аталады. Инноватика ұғымының мәні латынның «in-novus» деген сөзінен шыққан, «жаңарту, өзгерту, жаңашылдық» деген мағынаны білдіреді. Яғни, педагогика ғылымында жаңа әдістерді, тәсілдерді, құралдарды, бағдарламаларды пайдалану.

Инновациялық білім беру құралдарына: аудио-видео құралдар, компьютер, интерактивті тақта, интернет, компьютер – мультимедиялық құрал, электрондық оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешен, инновациялық ақпараттық банк, инновациялық сайт және тағы басқалары жатады. Сондықтан да қазіргі таңда көптеген интерактивтік бағдарламалық бөлімдер, қозғалмалы объектілер құруға мүмкіндік беретін векторлық және графикалық жабдықтар көптеп шығып, қолданыс табуда. Осындай құралдардың бірі – мультимедиялық оқулықтарды балабақшада кеңінен пайдалану оқу іс-әрекеттерін жоғары дәрежеде жүзеге асыруға мүмкіндік туғызары анық. Бұл жағдайда тәрбиеші әр оқу іс-әрекеттерін өткізер алдында жиі-жиі көрнекіліктер ауыстырмаған болар еді. Ал мультимедиялық оқулықтар арқылы тәрбиеші уақытты тиімді және ұтымды пайдаланары айқын.

Осы иновациялық технологияларды балаларға этномәдени білім беруде қолдану қазіргі таңда тәрбиешілердің алдында тұрған міндеттердің бірі.

«Халықтың этникалық-мәдени сәйкестiлiгi өз тарихында, мәдениетiнде болған оқиғаларды бiлу, қалыптасқан рухани құндылықтарға адалдық, ұлт қаhармандарын қастерлеу нәтижесiнде құрылады. Ол ұлттың азат және ерiктi жасампаздық шығармашылығы процесiнде қалыптасады.

Этникалық-мәдени сәйкестiлiк жағдайына халықтың өзi тудырған әлеуметтiк-жүйе арқылы қол жетедi. Оған отбасы, мектепке дейiнгi балалар мекемелерi, оқу орындары, ұлттық-мәдени орталықтар, журналдар мен газеттер, көркем және ғылыми әдебиет, ғылыми-зерттеу және әкiмшiлiк мекемелерi, тағы басқалары жатады» [1] деп Қазақстан Республикасындағы этникалық-мәдени бiлiм тұжырымдамасында атап көрсетті.

Бұл жағдайларда этностық-мәдени сәйкестілікті қалыптастыру мәселесін педагогикалық тұрғыда зерттеу маңыздылығы артады. Қоғамның қазіргі даму кезеңінде мектепке дейінгі ұйымдардың оқу-тәрбие процесінде балаларды жан-жақты дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеуді жүзеге асырып, этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыруға мүмкіндік беріп, халықтың рухани мәдениетін зерде мен ой елегінен өткізіп, оны қазіргі заман құндылықтарымен байланыстыра білуге машықтандырады.

Этномәдени білім беру дегеніміз  мектеп жасына дейінгі балалардың  шығармашылығын дамытатын мүмкіндіктер, ұлтымыздың бай мәдениеті, ұлттық болмыс, тарихы, тілі, ұлттық құндылықтар туралы білім беріп, жан-жақты, Отанын сүйетін, адамгершілігі мол, рухы биік, жаһандық өркениеттің халықтарына төзімді жеке тұлғаны тәрбиелеу. Этномәдениет ата-бабаларымыздың тәрбиеге байланысты  ғасырлар  қойнауынан сараланып жеткен іс-тәжірбие жиынтығы, қанша  уақыт өтсе де тат баспайтын адалдығы айнадай ұлттық қазына. Халқымыз өз ұрпағын ізгілікке  инабаттылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуді басты мақсат санаған. Олай болса, бүгінгі ұрпағымызды халқымыздың баға жетпес бай салт-дәстүрі негізінде тәрбиелеу, оларға ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін терең сіңіру қажет. Халық батыры Бауыржан Момышұлы  айтқандай «өткенін білмеген, одан тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы-тұл, келешегі тұрлаусыз» [2].

Көп ұлт мекендеген Тәуелсіз Қазақстанның ерекшелігі де  этникалық білім берудің  қажеттігін туындатады.  Кез-келген халық ғасырлар бойы жинаған қоғамдық және әлеуметтік  тәжірбиесін, ата-бабалардан алмасқан тәжірбиеге өз үлестерін қосып келесі ұрпаққа  мәдениетін, тарихын  аманат етіп отырған. Ежелден келе жатқан тарих толқынында халық- үлкен күш, ол мәдениетті, тарихты жасаушы жалғыз таусылмас қазына, құндылықтардың  қайнар бұлағы. Сол таусылмас қазына мен қайнар бұлақтан  өркен алатын жас ұрпақты  халық дәстүрінде білім беріп, тәрбиелеу қазіргі білім саласының басты міндеті. Қырғыз халқының дана ұлы Шыңғыс Айтматов «…..өз халқының және басқа халықтардың тарихы, мәдениетінен, тәжірибиесінен бейхабар адамның болашағы жоқ, бүгінгі күнмен ғана өмір сүреді» [3] -дейді.Өйткені тек білімді адам ғана басқаның мәдениетін, өз төл тарихы мен мәдениетін бағалай алады, өз халқының ажырымас бөлігі екенін сезініп, сол халық  мәдениетінің  қажеттілігін өтей алады. Ал этномәдени білім  жеке тұлғаның этномәдени ерекшеліктерінің  қалыптасуына және оқу мен тәрбиенің  ұлттық жүйесін дамытуға негіз болады .

Этномәдени білім беруде  көп нәрсе біліктілік, ұғымдылық, танымдылық тұрғысынан берілу керек. Біз әлемдік деңгейдегі білім берудің озық үлгілерін жоққа шығармаймыз,  оны зерделеу, білу қажет. Бірақ дүние жүзінің ұлттары мен ұлыстарының мәдениеттері, салт-дәстүрлері, тілдері сан түрлі болғандықтан, сусындайтын этномәдени білім мен тәрбие көздері де  сан түрлі. Осы рухани көзді елемеу  ұлтсыздандыруға апаратын жол.Сондықтан, әлемдік деңгейдегі білімді қажетінше пайдаланып өз этномәдени білім мен тәрбиеге  негізделген  ұлттық білім жүйесін дамыту қажет. Этномәдени білім беру жүйесіне көшу бір күндік нәрсе емес,  әулеметтік-экономикалық және демографиялық  негіздерді ескере отырып ұзақ перспективаны қамтитын ұзақ процесс. Бүгінгі жастарымызды бізден әлдеқайда сауатты болуға бағыттауымыз, бағыт-бағдар беруіміз керек. Абай атамыз айтқандай «Адам баласы  бір-бірінен ақыл, ғылым, ар , мінез деген нәрселерімен озады. Одан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі ақымақтық»[4], сондықтан да жастарымыз озық болсын десек этномәдени білім мен тәрбиені оқу орындарында басты назарда ұстау керек.Біз халықтық тәлімнің ақ уыз шырынан нәр беретін текті тәрбиеге қол жеткізетін ұлттық қазына , рухани байлық атты қасиеттерімізді үнемі назарда ұстауымыз керек.Бұлардың бәрі жас ұрпаққа үйренумен, таныммен , тағлыммен келеді.Сондықтан да, қазіргі оқуымыз да , тәрбиеміз де этномәдени тұрғыда болуы керек деп есептеймін.

Әр мектепке дейінгі білім беру мекемесінде ерте жас тобынан бастап мектепке дейін шығарып салуға дейін этномәдени компонент элементтері кездеседі. Күн тәртібінің барлық сәттерінде қандай да болсын элемент болуы мүмкін – халық ертегілері, халық педагогикасының бөлімдері, фольклор, мақал – мәтелдер, әдет – ғұрыптар мен салт – дәстүрлер, халық ойындары және т. б. Балаларға әрдайым жомарт қазақ халқымыздың бойындағы бар жақсы қасиеттер мысалға келтіріліп, тәрбие және оқыту үдерісінің ажырамас бөлігіне айналды. Соның арқасында тәрбиеленушілердің қоршаған ортаны сезіну, қоғамдану, өзіндік бағалау, тұлға ретінде даму сияқты маңызды қасиеттері дамып қалыптасады.

Этномәдени компонент – бұл танымдық белсенділікті, өзбетінше, шығармашылық дамуды, халықтардың өзіндік тұрмыстық ерекшеліктеріне және жалпы сұлулыққа араласуын оятатын құрал. Бұл жалпы халықтық мәдениетке, қатынасу мәдениетіне апаратын жол. Халық тұрғындарының арқасында балаларда мейірбандылыққа, тілектестік сезімдеріне тәрбиеленеді.
Мектепке дейінгі қоғамдық білім беру жүйесіне этномәдени компоненттің енгізілуінің негізгі шарты – мектепке дейінгі ұйымдағы балалардың эмоционалдық дамуын және аман – саулығын қадағалау. Эмоциялар тәртіпке тікелей әсер етіп, қоғамдық арақатынас пен тартымдылықты қалыптастырады. Олар бағалау рөлін атқарып, баланы әрекеттерге итермелейді, тәжірибені белсендетіп, жинақталуына ықпал етеді.

Этномәдени білімді  жолға қоюдың жолы оқу процесіне  жаңа педагогикалық технологияларды қолданып ғана қоймай, қазіргі заманғы техникалық құралдардың көмегімен авторлық бағдарламалар жасап, тек ғана мектепке дейінгі ұйымдарда ғана пайдаланбай отбасында да пайдалану септігін тигізеді. Ата-аналары қолданылатын ұялы телефондарға, планшеттерге балаларға қызық болатын арнайы бағдарламалар жасау. Мысалға «Қуыршақты ұлттық киімге киіндір». Бұл бағдарламаларда ұлттық киімдердің үлгісі тұрады, балалар киімді таңдайды, таңдалған соң ол киімнің атауы қазақша және ағылшынша айтылады. Бала қуыршақты киіндіріп ғана қоймай, ұлттық киім түрлерін ғана емес,сонымен қатар тіл үйренеді. Сонымен қатар осындай мақал-мәтелдерді, жұмбақтарды, ертегілерді, салт-дәстүрлерді, қазақ халқының бай халық ауыз әдебиетін осылай үйретуге болады деп ойлаймын.

Мультимедиялық оқулықтар біріншіден балалардың қызығушылығын арттырады, екіншіден зейін қойып көрумен қатар түсінбеген жерлерін қайта көруге, тыңдауға және алған мағлұматты нақтылауға мүмкіндік береді, сонымен қатар бүлдіршіннің білім алу кезеңінде оқу іс-әрекетіне белсенділігін арттыра түседі. Мультимедиялық оқулықтар балабақша бүлдіршіндеріне арналған таптырмас құрал. Себебі, бұл кезеңдегі балалардың зейіні әдемі түстерге, әдемі ойыншықтарға, әдемі суреттерге, яғни, әдемілікке, әсемдікке әуес болады. Кез келген сабақта әр түрлі әдемі, ұнамды, жағымды суреттер, сызбалар, тәсілдер арқылы графикалық иллюстрациялар негізінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану тәрбиеленушілердің танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, логикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға, шығармашылықпен еңбек етуіне жағдай жасайды.

21 ғасыр ғылым мен білімнің дамыған кезінде балаларды жан-жақты, ұлтын сүйетін, мәдениетін білетін, қазақ тілінің барлық қыр сыраларын көрсете алатын, өз этномәдениетімізді басқа тілдеде еркін таныстыра алатын ұрпақ тәрбиелеуге, баланың одан әрі қызығушылығын арттыруға көп септігін тигізеді деп ойлаймын.

«Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз» [5]  деп Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында атап көрсеткендей бізге білімді ұрпақ қажет. Сондай ұрпақ тәрбиелеп шығару ол біздің міндет.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.                      Қазақстан Республикасындағы этникалық-мәдени бiлiм тұжырымдамасы 1996 жыл

2.                      Адам қайраты 1981жыл

3.                       Мұхтар Әуезов энциклопедиясы — Алматы, «Атамұра» баспасы, 2011 жыл.

4.                      «Абайдың қара сөздері» Алматы 2011 жыл.

5.                      Н.Ә. Назарбаевтың  Қазақстан халқына жолдауы. Астана 2014 жыл

Leave a Reply

Your email address will not be published.