Иса Тіленбайұлы өлеңдеріндегі заман келбеті


Багытова Камила Мухаммединовна

 Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Бейнеу селосы «Бейнеу гимназиясы» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

1870 жылғы Маң­ғыс­таудағы Иса-Досан бастаған шаруалар кө­те­рілісі – қазақ тарихындағы ірі көтерілістердің бірі. Сол көтеріліс қолбасшыларының бірі Иса Тіленбайұлы – аузы дуалы шешен, би, ұзақ жылдар ел билеген болыс, ақындық сөз шығарған жан-жақты өнерпаз тұлға.

Ақынның өмір сүрген кезеңі – аласапыран уақыт. Патша үкіметінің жарлығымен Маңғыстауда «Уақытша ережені» жүзеге асыру үшін жер-жерге отрядтар шығып, алым-салықты көбейтті, малды талауға түсіріп, елді ойрандады. Осындай сәтте қарапайым халық өкілдері Иса Тіленбайұлы мен Досан Тәжиевтер елді жинап, табандылық пен төзімділік, қайсарлық пен батырлықтың үлгісін көрсетіп, көтеріліске қарсы шықты. Досан – қолбасшы, ерліктің үлгісі, Иса – көсем, шешен, би, кесек қимыл иесі батыр болған.

Иса Тіленбайұлының ақындық өнерін анықтайтын «Күйкеннен аттанарда», «Хиуаға кетерде», «Досанды жоқтауы», «Оязға баруы», «Болыс болып жүргенде», «Исаның қара өлеңдері» деген туындылары сақталған. Оның көптеген жырлары жазылып қалмаған, ол кездегі көптеген суырыпсалма ақындар жырларын қағазға түсіруді ойламай, керек жерінде шығарып айтып жүре беретін болған. Маңғыстау халқын өзінің суырыпсалма жырлары арқылы ел бірлігін нығайтуға шақырады. Ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжалын, тарихи оқиғаның мазмұн бағасын сөз қылады. Әрине, «бидің саяси салмағы зор болғандықтан, аузынан шыққан сөз олқы болмауға тиіс. Көлденең кісі мін таба алмайтындай, қоржындай ауыр, оқтай жұмыр, өтімді болу керек» (М.Әуезов).

Дәл сол мүддеден шыға білген Иса Тіленбайұлы Маңғыстау тарихындағы ең қиын кезеңдердің бірінде өмір сүрді. Ол ауыр жеңілістерді, патша ұлығының халыққа жасаған қысымын да, шекпен мен шенге сатылған залымдарды да өз көзімен көрді:

Бұл ұлық көрінгеннен жанымды алды,

Сұрамай керегінде малымды алды.

Атан, нар, арғымақ ат, азаматтан

Өзіне керектісін бәрін де алды, – дейді ақын («Хиуаға кетерде»)

немесе:

Артымда жылап-сықтап елім қалды,

Қансырап хан талапай жерім қалды,

Жандарал асымды ішіп, басқа теуіп,

Қайтейін, аяқасты көңіл қалды.

Біз енді қайда барып паналармыз?

Амалсыз бөтен жұртты сағалармыз.

Кең Алла кеңшілігін берер ме екен –

Біз бүгін боздап қалған қара нармыз, – деп күйінеді («Хиуаға кетерде»).

Бірақ атақты батыр, ел тірегі, көтеріліс жетекшілерінің бірі ретінде оның еңсесін қайғы баспайды. Алдыңғы сапта жүріп, елге ұйтқы болды. Басынан таяқ өтіп, қаннан қаймыққан, бет-бетімен бас сауғалап кетуге айналған жұртқа жанқияр ісімен де, жалынды жырымен де дем береді. Оның батылдығын, өжеттілігін «Ояз алдында» шығармасынан байқауға болады.

« – Қырық солдатымен Рукинді өлтіріп, ұялмай не бетіңмен келіп тұрсың, саған да кешірім сұрау керек пе? – деген оязға Исаның айтқаны:

Кешірім бере гөр деп сұранбаймын,

Жалынып жауға басты ұра алмаймын.

Амалсыз әлім кетіп келіп тұрмын –

Мылжыңдап сеніменен тұра алмаймын.

Жанымды алар болсаң қинамай ал,

Сенімен сенімді дос бола алмаймын…

Сонда ояз:

–                   Сенің осы келгеніңді, осы айтқандарыңды толықтай көрсетіп, сенің ерлігіңді бағалағандықтан, кешірім беріп, босатуды өтініп жоғарыдан сұранамын. Содан жауап келгенше, еліңе барып, тыным ал!» – деп еліне қайырған екен.

Халықтың бәрінен бұрын мазасын қашырып, миын қатырғаны алаңсыз көшіп-қонған төрт мезгілдік тараптары – жаз жайлауы, қыс қыстауы мен көктеу мен күзеуінің ай-күннің аманында жат қолына қарай бастағаны болатын. Себебі көшпенділердің түсінігінде “жер – елдің тұтастығының, халықтың саяси дербестігінің, тәуелсіздігінің және еркіндігінің белгісі әрі тірегі” [2].

Жаз жайлау Сарыарқаны алды орыс,

Қыстауға Маңғыстаудан бермей қоныс.

Солдаты алды-артымды бірдей қамап,

Ерулеп отырмадым бір күн тыныш. (Күйкеннен аттанарда) [6].

 

Әскерім қаруыммен сай болғанда

Ел үшін салмас па едім мен де соғыс?

Ел үшін мен де соғыс салмас па едім,

Мен болып Исатайдай қалмас па едім,

Көнсек те патша бізге күн бермейді,

Қолайлы мал жайлайтын жер бермейді.

Ала ауыз аңқау елде қор болғанша,

Кеткеннен енді Исаң ел көрмейді.

Адамға ең ыстық – Отаны, ата-бабасының ғұмыр кешкен, өзінің туып-өскен елі, жері. Маңғыстаудан кетуді өліммен пара-пар деп ұққан батыр үшін Маңғыстау қымбатты, сондықтан да Маңғыстауды қиып тастап кету мүмкін емес.

Хош, енді, кіндігімді кескен жерім,

Асаудай аяғымды алшаң басып

Сайраңдап елмен бірге өскен жерім.

Жаз Арқа, қыс Маңғыстау қоныс етіп,

Салтанат, сәндікпенен көшкен жерім.

Жанжалды жатқа салмай, жақыныммен,

Кеңесіп көшпен бірге шешкен жерім [6].

Осы жолдардан атамекенге деген махаббат, отаншылдық сезімдер үлкен серпінмен сипатталады. Кешегі мен бүгінгі өмірді, өз басына кешкен әр алуан ерлік пен қиыншылық сәттерді өзара салыстыру арқылы ой екшегенде, оның ел мен жерге деген сүйіспеншілігі де нақтылық мәнге ие болып отырады. Бұл – өз елін, өз жерін беріле сүюдің әдемі үлгісі деуге тұрарлықтай асқақ жыр.

 

Кетейін күншығысқа бетті түзеп,

Шықпаған тек шыбындай жаным қалды.

Қарындас, аға-жеңге, ініменен

Соңымнан бірі ермей, бәрі қалды.

Көрерміз құдай қосса әлі-ақ елді,

Бұл істі маңдайыма орыс алды.

Мен түгіл Ноғайлыда Әз Жәнібек

Бөлінген мұсылманның ханын да алды[6].

 

Ақын «Күн қайда?» өлеңінде «Көптің қолынан бәрі де келеді. Көп біріксе, жауға айбар, елге қорған еді ғой. Осы күні хан ұлы ма, әлде халық ұлы ма?» – деп жол таппай, шарасыз күй кешіп, шағынады.

Жігіттер, хан ұлы ма, халық ұлы ма-ай?

Ақылым осы күнде шашылулы-ай,

Ойына Маңғыстаудың ел қондырып

Күн қайда қанды судай сапыруға-ай?

Қылышы солдаттардың қызыл қынап,

Қызыл тіл, көргенім жоқ әлі сынап.

Ойына Маңғыстаудың ел қондырып

Күн қайда ұйықтап тыныш жатыр сұлап?

Көк қабақ Манашымен көрінгені-ай,

Көк қабақ, көшіп астым беліңнен-ай,

Көңілім Харазымға көтерілді –

Бір сапар жарылғай гөр жөніммен-ай.

Су ішіп Қосарқамнан жөнелгенде

Ақылым алпыс екі бөлінгені-ай[6], – деген сөздерден Исаның Харазымнан көмек күтуі  шарасыздықтан болған әрекет болғанын аңғарамыз.

 

Досанды жоқтауы

(батырдың әйеліне шығарып берген жоқтауы)

Ат туар айғыр салсаң құла сұрдан,

Қармансаң халық кетпес құлашыңнан.

Басында Қаратаудың қара қайрақ

Туады аруанадан мая тайлақ

Бөлініп елден шыққан өңшең бөрі

Тап болдың күшәлаға сорың қайнап.

Жылқысы біздің елдің ақты-қылаң

Кетпейді кетті жұрттан жаман ылаң.

Бұл жұртқа титтейіңнен біте қайнап,

Исадан, Досан, сенің көп пе күнәң?

Қолымнан ұшты қыран қос қаршыға

Еліңде мөрлі бидің жоқтығынан[6]., – деген шығармасында батырдың қазасы қапияда болғанын, жан серігі болған «қыран тектес батыр Досанның» өлімін аза тұтады. Бұл жұртқа титтейіңнен біте қайнап,

Исадан, Досан, сенің көп пе күнәң? – деген жолдардан Исаның серіктес қаруласының ерлігін, мықтылығын, батылдығын мойындайтынын аңғаруға болады. Өйткені, «өсер елдің ұлдары бірін-бірі батыр деген».

Иса, Досан ерлігін Ақтан, Бала Ораз, Қашаған, Сәттіғұл ақындар да өз шығармаларында жырлаған. Одан беріде Иса Тіленбайұлының мұралары туралы  Әбілқайыр Спанның «Иса Тіленбайұлы» (2004 жыл) атты еңбегі бар. Сайын Әділханұлының «Досан батыр»  (1998 жыл) кітабында да Иса Тіленбайұлының тарихтағы орны туралы айтылады. 8-9-сынып оқушыларына арналған «Маңғыстау әдебиеті» факультативтік курсының хрестоматиясында, «Маңғыстау ақын-жырауларының шығармалары (факультативтік сабақтар үшін)» оқулығында, жалпы білім беретін мектептің 8-11-сыныптарына арналған «Маңғыстау тарихы ХҮІІІ-ХХ ғасырлар» атты оқу құралында т.б. еңбектерде Иса Тіленбайұлының әдебиет пен тарихымызда алар орнын бағамдауға болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Амантай Шәріп Қазақ поэзиясы және ұлттық идея. – Алматы: Білім,

2000 жыл

2.     Әбілқайыр Спан. Иса Тіленбайұлы. Алматы, 2004 жыл

3.     Қазақстан тарихы. 3-том. Алматы, 2002 жыл 419-бет.

4.     Маңғыстау ақын-жырауларының шығармалары (факультативтік сабақтар үшін) – Ақтау, 2008 жыл

5.     Сақып Керелбаев.Сайын Әділханұлы. Құрастырушы: Айтуар Өтегенов. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2013 жыл (Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы)

6.       Үш қиян. Иса Тіленбайұлы. 2005 жыл 7 шілде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *