«Сүт тағамдарының адам ағзасына пайдасы» жоба


    Елікбай Ханшайым Ерболқызы

     «Сәкен Сейфуллин атындағы гимназия» КММ 2 «В» сынып оқушысы

    Жетекшісі:  сынып жетекшісі, бастауыш мұғалімі Ажибаева Гулжаухар Пауеденовна

Мазмұны

І.Кіріспе                                                                                             3

ІІ. Негізгі бөлім                                                                                4-7

1) Сүт тағамдары туралы мәлімет                                                  4

2) Сүттен жасалатын тағамдардың түрлері                                   5

3) Сүт – адам денсаулығына қажетті нәр                                      6-7

ІІІ.Зерттеу бөлімі                                                                              8

1) Сүттен жасалатын тағамдарды дайындау әдістері                   8

А.Зерттеу затым: қаймақ                                                                 8

Ә. Зерттеу затым: сары май                                                            9,10

Б. Зерттеу затым: сүзбе                                                                   11

В. Зерттеу затым: құрт                                                                    12

Г. Зерттеу затым: айран                                                                   13

2) Сүт тағамдарының басқа да сырлары бар                                 14

ІҮ.Қорытынды                                                                                  15

Ү.Пайдаланылған әдебиеттер тізімі                                               16

І. Кіріспе

Ел-жұрт жадында мәңгі жатталып қалған «ас – адамның арқауы» деген қағида бар. Қазақ халқы асты жоғары бағалаған әрі қастерлей білген. Халқымыз тамақты бәрінен де жоғары қойған. Бұған «астан үлкен емессің», «асты қорлама, құстырады» деген мақал-мәтелдер де куә бола алады. Қалай айтса да халық асты құрметтеу мен бағалау жолын, оны дәмді етіп әзірлеудің ретін таба білген. Қазақ халқы дәмді тағам берумен бірге оның таза, бүтін ыдыстарына дейін ерекше назар аударған.

Қазақтарда тамақ дайындау әйелдерге жүктелген. Қазақ әйелдері тағамның алуан түрлерін дайындауымен бірге қыста да, жазда да оның таза әрі бұзылмай сақталуының әдіс- тәсілдері мен жолдарын білген. Бұл қағидаларды ұрпақтан-ұрпаққа , келіндеріне үйретіп отырған. Әсіресе, құрт, ірімшік, сары май сияқты жеңсік тағамдарды дайындауда қазақ әйелдерінің шеберлігі мен өнері қалай мақтаса да тұрарлық. Қазақта мал және одан алынатын өнімдер басты байлық қоры.

Менің зерттелетін жұмысымның мақсаты: осы малдың, оның ішінде сиыр сүті, одан жасалатын тағамдар түрлері және пайдаларына көз жеткізу.

Жобаның міндеттері:

Сүт тағамдары туралы мәлімет жинау.

Сүт тағамдарының жасалу әдістерін жасап үйрену.

Сүт тағамдарының адам өміріндегі пайдасын, маңыздылығын білу.

Мәселе: сүт тағамдарының адам денсаулығына пайдасы бар екенін зерттеу.

Зерттелетін зат: сиыр сүтінің тағамдары.

Бұл тақырыпты таңдаған себебім: жазғы демалыс кезінде әжемнің ауылына барамын, сүт, айран ішемін, қаймақ, құрт, май жеймін. Әжем үнемі «ақ» жеп-ішу керектігін және пайдасы зор екенін айтады. Ауылдағы өнімнің барлығы табиғи, таза. Мен сүт тағамдарының жасалу әдістерін үйреніп, біздің ағзамызға пайдасын зерттеп, әжемнің үйреткендерін достарыммен, сыныптастарыммен бөлісейін дегенмін, өйткені біз қала тұрғыны болғандықтан дайын өнімді пайдаланамыз да, жасалу әдіс-тәсілдерін және табиғи сүт өнімінің, зауыттан шығарылып, біз дүкеннен сатып алатын тағамдарға қарағанда қаншалықты пайдасы бар екенін біле бермейміз.

ІІ. Негізгі бөлім

1. Сүт тағамдары туралы мәлімет.

«Сиыр сауып ішсең мың күндік,

Етін сойып жесең бір күндік».

(мақал)

Сүт тағамдарын халық «ақ» деп атайды. Осы ақтан бірнеше жүздеген жылдар бойы халық аса бай тәжірибе жинақтай жүре одан жүзден астам тағам түрлері мен дайындау әдістерін жасаған. Сүт тағамдарын көбінесе сиыр сүтінен жасаған. Сөйтіп, бір сүттен сұйық, қою, қоймалжың, ащы, тұщы, жұмсақ, қатты, ұнтақ тағамдарын жасап шығарған.

Сүт құрамы жағынан тамаша тағам. Адам сүт тағамдарын күнде тамақтану жүйесіне еңгізу қажет. Себебі, оның құрамында адам ағзасын тазартатын заттар бар. Сүт тағамдарын басқа тағамдарды дайындауда оларды қосып дайындайды. Мысалы: ботқаларды сүтке пісіргенде өте дәмді болады. Оған сары май қосса, ботқа пайдалы,әрі жұмсақ болады.

Сиырдың сүті қою, сіңімді, майлы болу үшін, малға өте дұрыс күтім қажет. Оған уақытында жемін, суын, шөбін беріп отырса сиыр сүтті көп береді. Оны маған әжем айтқан.

Сүт және сүт тағамдарына байланысты ырымдар мен тыйымдар да бар екен.

Олар:

1.Жерге төгілген сүтті басуға болмайды.

2.Сауылған сүттің бетін ашып қоюға болмайды. Себебі, қоқым түсіп кетуі мүмкін.

3.Сүттен жасалған тағамдарды жерге төгуге болмайды.

2. Сүттен жасалатын тағамдардың түрлері

Мал және онан алынатын өнімдер қазақтың басты байлық қоры. Соның ішінде ұлт тағамдарының негізгі көзі болып табылатын сүттің орны бөлек. Сүт тағамдарын халық бір сөзбен айтқанда «ақ» деп атайды.

Сүттен жасалатын тағамдардың түрлері:

қатық, қойыртпақ, шалап, қаймақ, айран, құрт, сары май, уыз, сүзбе, іркіт, ірімшік.

3) Сүт – адам денсаулығына қажетті нәр.

Сиыр сүті – табиғи өнім. Оның құрамында адам ағзасына қалыпты жетілу үшін барлық зат бар. Соған орай оған физиологиялық құндылығы жағынан бірде бір азық тең келе алмайды. Сүтті біз сиырды сауып аламыз. Оны әйел адамдар қолымен және сауу апаратымен сауады.Сүт жылы жерде тұрса,тез бүлінеді.Сондықтан оны тоңазытқышқа қоямыз.

Сүт ас қорыту мүшелеріміздің жұмысын жақсартып отырады. Сүтті пайдаланып әр түрлі тағамдар дайындауға болады. Айран ұйытып, ірімшік, құрт кептіруден бастап, ботқа пісіруге дейін осы бір өнім пайдаланылады. Ал сүт қосып дайындалған тағам өте дәмді болады. Оның үстіне сүт өнімдерінің дәрілік қасиеттері бар. Олар емдеу, алдын алу, диеталық тағам ретінде де қолданылады.

Мысалы:

Сүт– құрамында

А дәрумені – көздің көргіштігін жақсартады,

С дәрумені – имунитетті жоғарлатады ,

D дәрумені – сүйектің қатаюына септігін тигізеді.

Айран– асқазанымыздың ауруын емдеуге көмектеседі;

шөл қандыратын сусын.

Сүт – ұйқы қашқанда жылы сүт ішіп жатса, адам жақсы ұйықтайды.

Құрт – балаларға беру міндетті. Өйткені бойының өсуіне, сүйектері мен тістерінің дұрыс қалыптасуына пайдасы зор.

Сары май – адам денсаулығының қуат көзі. Одан адам күш –қуат алады.

Сүзбе, ірімшік – адамның сүйектері мықты болу үшін қажет тағам.

Медицина ғылымы пайда болмай тұрып-ақ алдындағы асын тани білген қазақ нағыз данышпан. Асылы, аузынан ажырамаған халқымыз қымызын ішіп, құртын жеп отырып – ақ осы күнгі көп кеселдің алдын алған.

8

ІІІ Зерттеу бөлімі

1. Сүттен жасалатын тағамдардың дайындау әдістері:

А. Зерттеу затым: Қаймақ

Қаймақ – жаңа сауған сүтті сепаратор құралымен сүттен майын ажыратып ағызып ала аламыз. Бұл тағамның бірнеше түрі бар: піскен қаймақ, шикі қаймақ, балқаймақ.

Піскен қаймақ – піскен сүттің бетінен алынады. Шайға құю үшін қолданады.

Балқаймақ – қаймаққа бал қосып қайнатып алынады.

Шикі қаймақ – сиырды сауып, оның сүтін сүзіп сепаратор құралымен алынатын түрі. Оны мен арнайы бақылап отырып анықтадым.

Ә. Зерттеу затым: Сары май.

Сары май – қазақ халқының қасиетті тағамы. Қазақтың дастарханында май маңызды орын алады. Өйткені май тағамының беретін құнары және қуаты мол. Сүттен қаймақ, қаймақтан май жасалады. Қою қаймақты былғап отырып май алуға болады. Оны май шайқау дейді. Әбден май түзілген соң оның суы қалады. Оны құрт қайнатуға жинайды. Ал алынған майды жуып тұздап, мұздатқышқа қатырады.

Мен бірнеше күн жиналған қаймақты кең ыдысқа салып, оны оқтаумен былғадым. Былғап отырып қаймақтың қоюланып жатқанын байқадым. Сөйтіп, менің былғаған қаймағым сары түске ауысты. Мен оны әрі қарай былғадым

Содан сары түсті май біріге бастады да, оның арасынан суы шықты. Сөйтіп, мен ақ түсті қаймақтан сары түсті май жасадым.

Б.Зерттеу затым: Сүзбе.

Сүзбе – сүтке айран қосып ірітіп қайнату арқылы дайындалады. Кейде ашып қалған сүттің ұйығанын қайнатып сүзбе алынады.

Менің әжем сүзбені жасағанда мен оған көмектестім. Біз ащыған сүтті бір үлкен ыдысқа құйып, оны отқа қойдық. Ол қайнағасын сары суы шығады. Ал сүзбенің өзі ыдыстың түбінде қалады.

Әжем оны сүзіп алды да қапшыққа, немесе құрғау үшін қазіргі уақытта осындай сүзбе сүзуге арналған ыдысқа салады. Оның суы ағып болған соң сүзбе дайын болады. Мына суретте біз жасаған дайын сүзбе.

12

В. Зерттеу затым: Құрт.

Құрт – сөзінің мағынасы «құрғатылған» сүт дегенді білдіреді. Құртты дайындау үшін ашыған сүт, майдың суын бір үлкен ыдысқа бірнеше тәулік жинайды. Ол ашыған соң қазаннын түбіне май жағып отқа қояды да, оған ашыған сүттерді құяды. Түбі жабысып қалмас үшін оны былғап отырады.

Әбден қоюланған құртты қапқа құйып іліп қояды,сонда оның қалдығы тағы ағып құрғайды. Содан қаптан алып қолымен сықпалап өреге, не тақтайға жаяды. Әжем құртты жиі қайнатады. Мен оған көмектесемін. Құртты бірге қайнатамыз. Әбден қоюланған құртты қапқа құйып іліп қояды,сонда оның қалдығы тағы ағып құрғайды. Содан қаптан алып қолымен сықпалап өреге, не тақтайға жаяды. Мен жаюды үйрендім.

Г. Зерттеу затым: Айран

Айран – ұйытылған сүт. Оны қаймағы алынған сүттен де, алынбаған сүттен де дайындауға болады. Ол үшін сүтті 5-10 минут қайнатады, қанжылым қалыпқа түскенше суытады. Содан соң ұйытқы қосып араластырады да, ыдысты жақсылап бүркеп тастайды. Ол бірнеше сағат аралығында ұйып болады. Ұйыған айран ашып кетпеуі үшін бетін ашып салқын жерге қояды. Айранды сусын ретінде де, тағам ретінде де пайдалануға болады. Мен әжемнің көмегімен айранды да жасауды үйрендім.

2. Сүт тағамдарының басқа да сырлары бар.

Сүт – табиғи өнім болып табылады. Ол қасиетті әрі сіңімді тағам. Сонымен қатар сүт, сүтті тағамдарды күнделікті өмірде қолдануға болады:

1)ыдыстарды тазалауға;

2) шаш түбірін беріктетуге;

3) бет тазалауға;

4) қолдағы сырды кетіруге;

5) етті дәмді пісіруге;

6) жәндіктер шаққан ісікті қайтару үшін;

7) түтінге уланған жағдайда ішкізу;

8) мал терісін илеуге;

Қорытынды.

Сүт тағамдары – адам денсаулығына қажетті құндылық екеніне көз жеткіздім. Бұл тағамдардың емдік, тұрмыстық пайдасы бар.

Мен сыныптастарымның арасында сүт тағамдарының қандай түрлерін білетіндерін тексергенде, олар қаймақ , май, айран, құрт деп жауап берді. Мен оларға тағы басқа түрлерін айтып таныстырдым. Олар: қатық, сүзбе, балқаймақ. Оны менің әжем дайындайды. Енді мен достарымнан сүт тағамдарының пайдасы жайлы сұрағанымда олардың көбі білмей шықты. Мен осы жобам арқылы оларды сүт тағамдарының пайдасымен таныстырдым. Біздің ағзамызға өте қажет екенін айттым. Мысалы: асқазанымыз дұрыс жұмыс істеу үшін сүт ішу керек, сүйегіміз бен тісіміз мықты болу үшін ірімшік пен құрт жеу қажет екенін айтып таныстырдым. Мен сүттен алынатын тағамдардың қалай алынатынын өз қолыммен жасадым. Құрт кептіруге әжеме көмектестім, май шайқадық, сүт тарттық, сүзбе жасадық.Осыдан мынандай қорытындыға келдім:

Сүттен алынатын тағамның барлығы әрі дәмді, әрі пайдалы, әрі қасиетті.Оларды ішіп жеген адам ешқашан ауырмайды, денсаулығы мықты болады.

Сонымен қатар үлкен ыдыстарды (қазан, таба, құмыра, шәйнек) тазарту үшін ашыған сүтті құйып тазартуға болатынын достарыма айттым. Оны мен әжеммен бірге жасап байқадым. Менің ойымша болашақта сүттің әлі талай пайдалы сырлары мен қырлары ашылып әлемге танылады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.

1.Қалиев С.,Оразаев М., Смайылова М., Қазақ халқының салт- дәстүрлері. Алматы «Рауан» 1994

2. Кенже Ахметұлы С., Қазақтың дарқан дастарханы, Алматы кітап, 2007 жыл.

3.Ермакова В.И. Аспазшылық, Просвещение 1993 жыл.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *