Тіл мәдениеті және оның проблемалары


Шамбетов Баатырбек Рыскулович
педагог специальных дисциплин Петропавловский колледж искусств

 «Не сөйлейтініңді біл,

Кімге сөйлейтініңді біл,

Қай жерде сөйлейтініңді біл,

Қай кезде сөйлейтініңді біл,

Қалай сөйлейтініңді біл».

Бөлтірік шешен

Әдеби тіл дегеніміз – жалпы халықтық тілдің хатқа түскен, белгілі бір дәрежеде өңделген ерекше түрі. Тіл білімі тарапынан алғанда «әдеби тіл» деп тек көркем әдебиет емес, ғылыми зерттеулердің, саяси трактаттардың, газет – журналдардың тілін де – қысқасы, жазба тілді айтамыз. «Әдеби тіл» термині «жазба тіл» дегеннің баламасы ретінде ұсынылады. М. Балақаев: «Әдеби тіл – жазба тіл. Жазба әдебиет арқылы тіл байлықтары, оның құрылысы сымбатты қалыпқа түсіп, екшеледі. Жазуы болмаған халықтың тілі әдеби тіл дәрежесіне көтеріле алмайды», – деп жазды. Дәл осындай тұжырымды Ғ.Мұсабаев та айтқан: «Әдеби тіл ең әуелі – ақ жазуға сүйенеді. Ол жазу стилінсіз әдеби тіл болмақ емес», – дейді.

Әдеби тілдің ең басты белгісі – оның өңделген, сұрыпталған, нормаланған тіл болуы, бұл – бір. Қызметі жағынан сол халықтың өмірінде ұйымдастырушы, қоғам мүшелерінің басын қосушы сипаты, яғни жалпыға ортақтық қасиеті болуы тиіс. Бұл – екінші меже. Әр нәрсенің, әр құбылыстың заты (мән – мәнісі, табиғаты) салыстыру арқылы, өзге нәрселердің, өзге құбылыстардың қарама – қарсысына  қою арқылы таныла түседі. Әдеби тілді тану үшін оның қарама – қарсысына қойылатын басты құбылыс – ауызекі сөйлеу тілі. Бұл – тілді әдеби деп тануға қажет үшінші шарт. Әдеби тіл – қоғамның қолдану практикасында сыннан өткен, нормаларын қоғам санасы дұрыс деп қабылдаған және ол нормалар барша үлгілерге ортақ болуы шарт. Бұл – төртінші сипаты.

Қазақтың «сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген мақалы дұрыс; Ойлауың дұрыс болғанмен, сөйлеп үйренбейінше, пікіріңді айта алмайсың. Сол сияқты ойлағаныңды жазып үйренбесең, тағы болмайды. Сөйлеуді адам коллектив ішінде жүріп, біреуге еліктеп, біреуден үлгі алып, халықтың бай тілін пайдалана жүріп, үйренгенін өзі сезбей қалатын болса, жазуды ойлай-үйрене алмайды. Пушкиндер өздері де грамматика жазған. Олар әдеби тілді жақсы біліп, өзі соны мықтап дұрыстау үшін, сол  жасаған тілін нормаға салу үшін жазған. Мысалы: Пушкин, Гоголь, Әуезов, Толстойлар 10—15 рет қайта жазып түзетуден жалықпаған. Оның себебі не? Сөзді асыл қазына деп, оған өте жауаптылықпен қараудан туған. Сондықтан да олардың жазғаны әлденеше ғасырлар бойы тозбай, қадірі түспей, үлгілі шығарма есебінде сақталып келеді.

Ал, сахналық сөйлеу мәдениеті деп – сахна тілі заңдылықтарын ұстана отырып ойлы, бейнелі сөздің айтылу техникаларын терең меңгеріп және шығарманың жанрлық айырмашылығы мен стильдік ерекшеліктеріне қарай сөз саптау мәнерін келтіріп айту тәртібі деуге болады. Мысалы, драматургияда автордың идеясы болады. Шығарманы қоюшы режиссер автормен қатар өзінің де идеясын іске асыруды көздейді. Осыған орай, спектакльде ойнаған актер драматургтің идеясын, режиссердің мақсатын ескере отырып, қажетінше оны өзінің шеберлігімен дамытуға, шарықтау шегіне жеткізіп орындауға тырысып бағады. Осылайша, кағаз бетіне жазылған әрбір сөздің көрермен құлағына жеткенге дейін сан қырлы астары ашылып, қырланып, сараланып барып негізгі көздеген мақсатына жетуі сахналық тілдің заңдылықтары мен техникасына байланысты. Осы үдерістің жүзеге асуы және де сөздің негізгі атқаратын қызметінің орындалу деңгейі актердің құзырында әрі міндеті деп білеміз. Сондықтан да, сахна тілі ұстаздары сабақ кезінде шешендік сөздерді жоғарыда айтып кеткендей ой жеткізу, анық сөйлеу, астарлап сөйлеуге машықтану мақсатында немесе керісінше, демді, дауысты тәрбиелеу үшін материал (мәтін) ретінде де пайдаланамыз. Сахналық тілдің мәселесі уақыт өте келе күрделене түсуде. Ол қазіргі қоғамға сай дамуды қажет етеді. Тіл техникасын меңгеру өз алдына, оны актерлік шеберлікпен ұштастыра білу көп еңбек пен ізденісті талап етеді. Театр маманы М. Байсеркенов: «… сахнадағы тіл мәдениеті әлі күнге өрге баспай келе жатыр. Жалаң декламация, жалған пафос, құрғақ баяндау көз аштырмайтын болды. Сахнадан сөйлеген сылдыр сөзден көрермен мезі болып бітті. Асығып – аптығып, сөзінің аяғын жұтып жұлмалап, жұлқып сөйлеген жаралы сөздерді естігенде, жаның жабырқайды. Жалаулаған жасық сөздің жаныңа батқаны сондай – жадап-жүдеп, күйзелмеске шараң жоқ», – дейді. Осы айтылғандай, дауыс шығарып сөйлеуді декламация немесе пафос деп түсінетін, шапшаң сөйлеуді асығып – аптығумен шатастыратын, жүрек жылытар нәзік сөзді жасық сөз деп ұғынатындарды сахнаның сәнін бұзушылар деп айтқан болар едік. Өйткені, сахнада астарсыз айтылған сөздің еш бір мән- мағынасы болмайды. Керісінше, көрерменнің ызасын келтіруі мүмкін.

Тіл мәдениетінің өлшемдері мен оған

қойылатын талаптар.

 

«Ана тілін жақсы білу – әркімнің азаматтық борышы. Егер әр бір сөзді орнымен жұмсай біліп, айтқан ойы мазмұнды, нысанаға дәл тиетіндей ұғымды шығып, тыңдаушысын баурап алардай әсерлі болса, ана тілінің құдіреті сонда ғана сезілер еді. Ал мұндай шеберлік тек тіл мәдениеті жоғары адамдардың ғана қолынан келер жайт» – деп тұжырымдайды М.Балақаев. Көптеген зерттеуші, ғалымдардың еңбектерін, мерзімді баспасөз ақпараттарын талдай келе, оқушылардың тіл мәдениеті деңгейін анықтау мақсатында  әңгімелесу, байқауларды негізге ала отырып, бүгінгі күнгі оқушылардың сөз саптауы көңіл аударарлық, көпшілігінің тіл мәдениеті төменгі деңгейде деген қорытындыға келдік.

Зерделеудің келесі кезеңінде қазіргі оқушы жастардың тіл мәдениеті деңгейінің төмен болу себебін іздестірдім. Жазушы Ә. Әбішев бұл туралы былай дейді: «Жастар ізденбейді, ағаларын оқымайды, олар қазақ әдебиетін оқымайды… Жастар сөйлемді әтейі бұзып жазады, олар ерекшеліктің белгісі түсініксіз жазу деп ойлайды… Тіл мәдениетінің төмен болуына ғылыми-техникалық прогрестің де әсері бар”, – десе, И. Нұғыманов: «Оқушылардың тілінде болатын кемшіліктердің себептері:

1. Ортаның әсері; а) оқушының сөйлеуіне жергілікті тіл немесе басқа тіл әсер етеді, ә) көшенің әсері (дөрекі, былапыт тіл),

2. Сөйлеу дағдыларының жоқтығы (тіл дамытуға немқұрайлы қарауы);

3. Жекелеген оқушы тіліндегі кемшілік (сақаулық, быдықтық, мыңғылдық, т.б.)» – деп көрсетеді.

Сондай-ақ М. Балақаев, Т. Қоңыратбаев, С. Қирабаев, Ш. Беркімбаева, Н. Уәлиев тағы да басқа ғалымдардың зерттеулерін негізге ала отырып, оқушы жастардың тіл мәдениетінің төмен болуының себептері төмендегідей:

1.   Көркем  әдебиет  оқуға деген  оқушылардың  қызығушылығының төмендігі.     Тіл     мәдениетіне     жастарды     тәрбиелеу     көркем     әдеби шығармаларын көптеп оқумен байланысты. Көркем әдебиетті аз оқитын адамның сөздік қоры аз болады, соған орай олардың сөйлеу мәдениеттілігі мен өз ойын логикалық баяндауы да төмен екендігі байқалады;

2.   Мәдени орталықтарға бару, ол туралы пікірлесудің өте сирек кездесетіндігі;

3.     Ата-аналардың     балаларының     тіл     мәдениетіне     жете     мән бермеушілігі;

4. Тілдік ортаның әсері;

Жалпы тіл мәдениетіне қойылатын талаптар қандай, әрбір мәдениетті адам мәдениетті сөйлеу, қарым-қатынас жасау үшін нені меңгеруі керек деген сұрақтар туындайды. Зерттеуші М. Балақаев өзінің тіл мәдениетін тереңінен зерттеген еңбектерінде тіл мәдениетінің негізгі принципі деп сөйлемдердің, жеке сөздердін тыңдаушыға, оқушыға бірден түсінікті болу керектігін көрсетеді. Зерттеуші жазуда, сөйлеуде адам ойына қажетті сөз таңдағанда олардың стильдік ерекшелігтерін ескеруді айтады. Тілдік норманы қалыптастыру, сауаттылық, тіл тазалығы, сөздерді дұрыс айтым, дұрыс жазу тіл мәдениетінің басты талаптары ретінде тұжырымдалады.

А. Жапбаров тіл мәдениетінің жоғары болуына мынадай талаптар кояды:

– сөздің жүйелі, анық, түсінікті болуы;

– сөздің тілдегі орфоэпиялық, грамматикалық, лексикалық нормаларға сай дұрыс құрылуы;

– сөздердің қажет еткенде бейнелі, көркем, эмоциялы болуы;

– сөздердің тыңдаушы немесе оқушының жағдайына, ортаның қажеттілігіне сай болуы.

Осы сияқты көптеген зсрттеушілер, ғалымдар, педагогтардың ой- тұжырымдары мен пікірлерін қарастыра келе тіл мәдениетіне қойылатын талаптарды төмендегідей сараладық:

– сөйлегенде тілдегі дыбыстарды дұрыс, анық айту;

– сөйлеу әуені, қарқыны, дауыс күші мен кідірісті сақтау;

– екпіннің түсуін, үндестік заңын сақтау;

– сауатты, қатесіз жазу;

– жазба мәтіндерде тыныс белгілерін сақтау;

– әріп таңбаларын дұрыс, түсінікті жазу;

– дұрыс айтып, сөздердің тізбегін табиғи заңдылықтарымен дыбыстау;

– сөйлегенде сөз тұлғаларын, түрленуін сақтау, қосымша, көмекші сөздерді дұрыс, өз орнында қолдану;

– сөздерді өз мағынасына қарай қолдану, мағыналарын анық біліп отыру;

– сөйлемдерді, әсіресе, күрделі ойды білдіретін кұрмалас сөйлемдерді дұрыс құрастыру;

– керекті сөзді сөздік құрамның ішінен іріктеп, әдеби вариантын қолдану, ретсіз енген, баламасы бар кірме сөздерді, жергілікті тілге тән диалектілерді, жаргон сөздерді тұс-тұстан қолданудан қашық болып, реттеп отыру;

–  тілдегі ауызекі, ресми іс-қағаздарды, публицистикалық, көркем поэзиялық, ғылыми стильдердің әрқайсысының ерекшелігін сақтап отыру;

– сөйлеу әдебінің сақталуы;

– тілдегі көркемдік құралдар, тіл байлығын, оның мүмкіндіктерін пайдалану;

– сөйлеуде тілдің өз заңдылықтарына қатысты халықтың ұлттық ерекшеліктерін сақтау;

– сөйлегенде ойдың көлемі, мазмұндық құрылымы, хабардың жеткізу жүйесін реттеу.

Өз алдыма тіл мәдениетінің даму сатысы қандай өлшемдер арқылы анықталатындығын айқындау міндетін қойғандықтан, ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді талдай отырып, тіл мәдениетінің мынадай көрсеткіштерін белгіледім: тілдің тазалығы, дәлдігі, анықтылығы, ойлылығы, орындылығы, мәнерлілігі, байлығы, әсерлілігі, жүйелілігі, түсініктілігі, мазмұндылығы, нақтылылығы, дұрыстығы, тілдік нормаға сай болуы, мағыналылығы, әдебі.

Егер осы айтылған көрсеткіштер адам бойында дамып, жетілсе, онда осы адамның тіл мәдениеті жоғары деп санауға болады. Сондықтан  мұғалімдер оқушыларға тілдік тәрбие бергенде тіл мәдениетінің көрсеткіштері мен талаптарын үнемі басшылыққа алып отырулары керек.

Жұмыстың келесі кезеңінде  тіл мәдениетін қалыптастыру жұмысының негізгі бағыттарын анықтауға тырыстым. Ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді зсрттеу, бір жүйеге келтіріп, талдау төмендегідей қорытындыға әкелді.

Тіл мәдениетін қалыптастыру тілді оқыту негізінде жүреді. Тілді оқыту – тілдің дыбыстық құрамын, лексикасын, грамматикасын оқыту арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан, оқытуда сөйлеу тілін дамыту тіл білімінің толық саласынан оқушыға білім беру арқылы жүргізіледі. Тіл материалдарын игеру дегеніміз, оны тану ғана емес, сол материалды дұрыс түсіну әрі дұрыс қолдана білу дағдысын игере білу деген сөз. Олай болса тіл мәдениетін қалыптастыру, тіл дамыту тәсілдері мен әдістері, амалдары мен жолдары осыны ескере отырып белгіленуі керек.

Жалпы тәрбие үрдісінің дұрыс бағытта жүруінің кепілі – педагогтар мен ата-аналар арасындағы өзара тығыз байланыстың болуы. Сондықтан тәрбие үрдісінің басым бөлігін ата-аналармен, балалармен бірлесе ұйымдастыру керек. Бұл тіл мәдениетіне де қатысты. Тіл мәдениеті шыңына жету жолы ұзақ әрі қиын. Ол отбасынан, балалар бақшасынан басталады, мектепте ана тілі жүйелі оқытылып, тіл дамыту, сауатты жазу үйретіледі. Оқушының колледжден алатын тіл сабақтары отбасы мен айналаның «тіл сабақтарымен» ұштасып жатуы керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *