Ата-аналарға кеңес «Мектепке психологиялық даярлықтың негізгі аспектілері»


Базарбаева Гүлдариға Джетбисбайқызы
Маңғыстау облысы .Жаңаөзен қаласы «№5 Сауле балабақшасы» психологі

Мектепке оқуға психологиялық даярлықты анықтаудың негізгі мақсаты мектепке икемделудің алдын алу. Балаларды мектепке даярлау баланың бүкіл өмірін қамтитын кешенді міндет. Ал психологиялық даярлығы осы міндеттердің бір ғана аспектісі. Психологиялық даярлық мынадай аспектілерге бөлінеді:

–         Интеллектуалдық даярлық;

–         Тұлғалық даярлық;

–         Адамгершілік даярлық;

–         Ерік даярлығы.
Интеллектуалдық даярлық.  Мектепке дейінгі  ересек жастағы балалар білімнің белгілі бір көлемін игереді, заттардың сыртқы қасиеттеріне қарай анықтаудың кейбір тәсілдерін меңгереді. Балалардың логикалық ойлауы жетімді болғанмен, олардың  жасына тән деп есептеу әлі де ертерек.Жалпылауды игерген күнде де ойлауы бейнелі күйде қалады. Көрнекілік- бейнелі ойлаудың жоғарғы формасы мектепке дейінгі жастағылардың интеллектуалды дамуының нәтижесі болып табылады.

Оқуға интеллектуалдық даярлық балада белгілі бір біліктің қалыптасуын қарастырады. Оларға көбінесе оқу міндеттерін бөле білу білігі және оны әрекеттің жеке мақсатына айналдыра алуы жатады. Осындай операция мектепке келген баладан таңдануды және заттардың ұқсастықтары айырмашылығын, олардың жаңа қасиеттерін іздеу қабілеттерін талап етеді.

Оқуға тұлғалық даярлық баланың ішкі позициясының қалыптасуымен түсіндіріледі. Бала табысты оқуы  үшін алдымен жаңа мектеп өміріне араласуға тырысуы қажет.Мектепке тұлғалық даярлыққа баланың өзіне өзінің қатынасы кіреді. Өзіндік бағасы жоғары баланың белсенділігі де жоғары болатыны белгілі. Сондықтан олардың өзіндік бағалауы мен қоршаған ортасының бағасын тепе-теңдікте ұстай отырып, баланың ішкі позициясының сақталуын қамтамасыз ету қажет.Сонда ғана баланың өзіне сенімділігі артып, тұлғалық бағдары, яғни мектепке оқуға ынтасы арта түседі. 5 жастағы  баланың үлкендерден көмек күтетін әдетінен арылту үшін өзінің  іс-әрекетіне бақылау жасай білуге үйрету қажет. Өйткені 4-5 жастағыларға қарағанда, олар қоршаған ортасына қатынасын жақсы сезіне алады.Әр баланың балалардың ортасына, қоғам ортасына кіру және олармен бірге бола білу білігі болуы қажет. Бұл сапалар баланың жаңа әлеуметтік жағдайларға жылдам икемделуін қамтамасыз етеді.

Үлкендермен ойнайтын немесе олармен көбірек қарым-қатынаста болғысы  келетін балалар мұғалімнің тапсырмасын орындаудан гөрі өзінің ойындағысын жасағанды жақсы көреді.

Адамгершілік даярлық. Мектеп жасына дейінгі балалардың адамгершілік сапаларының қалыптасуы оның үлкендермен өзара қарым-қатынастағы мінез-құлқының өзгеру сипатымен тығыз байланысты. Үлкендермен күнделікті қарым- қатынас, сондай-ақ рөлдік ойындар практикасында балада әлеуметтік біршама нормалар қалыптасады. Баланың жас және  жеке ерекшелігіне қарай қарапайым  этикалық талаптар түрінде байқала бастайды. Жақсы мен жаманды ажырата бастайды. Қалағанын таңдай алады және бағалай да біледі.

Ерік даярлығы. Мектепке дейінгі жастағы баланың мектепке  оқуға баратындығы жөнінде білгеннен бастап,өзінің танымдық және жалпы жүріс-тұрысын іштей басқаруды, өзін-өзі бақылауды сезіне бастайды. Бұл мектеп жасына дейінгі балаларды еркін көрсетеді. Әрине, оның баланың түрлі әрекетінде ситуациялық жағдайларға қарай өзіндік ерекше сипаты болады.

Алты жасқа қарай баланың ерікті әрекетінің негізгі элементтерінің  бірі-мақсат  қоюға, шешім қабылдауға, жоспарды әрекет етуге, кедергілерге қарсы тұруға, өзінің әрекетін бағалауға қабілеттілігі. Еріктің  қалыптасуында мақсатқа  жетуге тәрбиелеу маңызды орынға ие. Ол үшін баланың кез келген өзіндік әрекетіне үлкендер тарапынан тұрақты қолдау қажет. Балалардың өз іс-әрекетін реттеуін бірнеше деңгейге бөлуге болады.

Жоғарғы  деңгейде бала тапсырманы толық қабылдайды, оның барлық компоненттерін жүйелі, бірқалыпты жағдайда сақтайды, нақты орындауға және қателіктерін дер кезінде өзі түзетуге тырысады.

Екінші деңгейде бала тапсырманы толық қабылдайды, оның  көлемін сабақ соңына дейін сақтай алмауы мүмкін. Жұмыс кезінде кейбір компоненттерді есте сақтай алмағанынан қателіктер жіберуі мүмкін. Сапасы болмағанмен, жақсы нәтижеге қол жеткізуге тырысады.

Үшінші деңгей. Бала тапсырманың  белгілі бір бөлігін ғана қабылдайды, ал көлемін сабақ соңына дейін сақтай алмайды. Нәтижесінде тапсырмалар жүйесі ретсіз болып шығуы мүмкін.Өздерінің  қателерін байқамайды, сондықтан жұмыс барысында түзете алмайды. Нәтижеге аса қызыға қарамайды, жұмыс сапасын арттыруға  ниет білдіре қоймайды.

Төртінші деңгейдегі бала тапсырманың  бір бөлігін алғанымен, сол көлемде сақтай алмайды. Нәтижесінде түрлі сызықтар сызады, жіберген қателерін түзетпейді. Жұмыс сапасы жөнінде ойланбайды да.

Бесінші деңгейде бала тапсырманы қабылдай алмайды, алдына қойылған міндеттерді түсінбейді. Өзіне қолайлы қарындашпен ғана қағаз бетінде түрлі суреттер сызуға ғана мүмкіндігі жетеді.

Баланың жеке басының психологиялық даярлығы.

Мектепке дейінгі белсенді болған балада мектепте оқи бастағаннан өзгерістер болуы мүмкін. Солардың бірі- баланың белсенділігі баяулайды. Мұның себептері көп. Ең бастысы- уақытында оқуға тартылмағаннан. Кейбір балалар жеке психологиялық ерекшеліктеріне қарай мектеп өміріне қиындықпен икемделеді. Егер мектепке дейінгі ересек жастағылар оқи, жаза, есептей алатын, жасына сәйкес интеллектуалдық дамыған болса, бұл оның мектепке оқуға даярлығын көрсетпейді. Өйткені оның психологиялық даярлығы маңызды рөл атқарады. Баланың психологиялық даярлығы деп оның физиологиялық және әлеуметтік жағынан даярлығын айтуға  болады. Ол ақыл-ой мен эмоционалды-ерікті дамытудың белгілі бір деңгейіне қол жеткізуі тиіс. Бала ойлау операцияларын меңгеруі, қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды топтай, жинақтай білуі, өзінің әрекетін жоспарлай білуі, өзін-өзі бақылауды жүзеге асыра білуі тиіс.

Баланың өмірі мен дамуындағы жағдайлар оның таным қабілетінің қалыптасуы мен өзін-өзі таныту мүмкіндігімен сәйкестігін жойған кезде ішкі қайшылық  қалыптасады. Баланың іштей қобалжитын ішкі өмірі пайда болады. Сөйтіп жүріс-тұрыс бағдары оның ішкі өмірінде, ішкі жоспарларында жүзеге асып жатады. Дағдарыс жаңа әлеуметтік жағдайларға өтуді, жаңа әлеуметтік қатынасты талап етеді. Бұл мектепке барғысы  келетін сыртқы  белсенді талабынан көрініс табады.

Мектепке дейінгі ересек жастағы дағдарыс кезеңдері:

Дағдарысқа дейінгі кезең. Ойын баланың әрекет құрылымында екінші орынға ауыса бастайды. Балада оқушы болам деген субъективті талабы қалыптасады.

Дағдарыс кезеңі. Бала оқуға даяр болғанымен оқу әрекетіне баяу өтеді. Ол өзінің  мектеп жасына дейінгі әрекетіне қанағаттана қоймайды, эмоционалдық- тұлғалық қолайсыздық қобалжытады.

Дағдарыстан кейінгі кезең. Баланың мектепке келген сайын іштей қанағаттанушылығы артады, күдіктері сейіле бастайды.

Сөйлеу даярлығы. Сөйлеу даярлығы таным үдерісімен тікелей байланысты. Мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу тілі қаншалықты жеңіл өтеді, сондай-ақ оқу мен жазуға тез үйренеді. Сондықтан ата-аналар мектепке дейінгі жастағы балалардың сөйлеу тіліндегі ауытқушылықтарға баса назар аударған жөн. Дыбыстардың дұрыс дыбысталуын тексеруде тұрлі суреттер пайдалана отырып, баланы сөйлетуге тырысу қажет. Өлең, тақпақтар жаттатудың маңызы зор. Баланың ойын аяғына дейін айтуына жағдай туғызу, оны тыңдаудан жалықпау-оның жүйелі сөйлеуін қалыптастыру кепілі.

Математикалық даярлық. Баланың мектепке даярлық кезеңіндегі математикалық білімінің көлемін анықтау ата-ана және педагог үшін де маңызды.

Мектепке дейінгі ересек жастағылар білуі тиіс:

–         10-ға дейін санауды.

–         Сандарды сандық және реттік дұрыс қолдана білуі.

–         10 көлеміндегі сандарды салыстыруды, аз-көбіне қарай атай білуі, заттардың санын теңестіруді білуі.

–         Ұзындығына, еніне, биіктігіне қарай салыстыра білуі.

–         Заттарды өсуіне, кемуіне қарай орналастыра білуі.

–          Заттардың формасын ажырата білуі.

–         Заттардың ауыр-жеңіліне, ортақ белгілеріне, көлеміне, шамасына қарай тапсырмаларды ойын түрінде ұйымдастыруға болады.

–         Күнделікті тұрмыста жиі қолдана бермейтін сөздерді ( жартысы, жоғарғысы, төменгісі, артық,кем, бірдей, қанша болса, сонша, қалғаны, болғаны, ұзыны, қысқасы т.б.) белсенді сөздік қорына енгізуге жағдай туғызу қажет.

Мектепке дайындық түсінігіне: ақыл- ойының даму дәрежесі, эмоционалдық және әлеуметтік пісіп-жетілуі жатады. Мектептегі оқуға дайындық деген ұғым-мұнда бала дамуының  мектептегі оқу үдерісіне қатынаса алу қабілетін білдіреді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *