«Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!»


 Шохан Ақбота Берікқызы
 Екібастұз қаласы №18 жалпы орта білім беретін мектеп – коммуналдық мемлекеттік мекемесі 10 «А» сынып оқушысы
Жетекшісі: тарих пәні мұғалімі Кульмаганбетова Роза Аубакировна

«Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана».

Әлихан Бөкейханов

Бүгін тарих кабинетін жайша көзбен сүзіп өтіп, тегіс ақ қабырғаның сәнін келтіріп тұрған түрлі тарихи стендерге назарымды аудардым. Шектелген жазықтықтарда қазақтың қашан да тайғақ болған тарих жолындағы айрықша оқиғалар реті көрсетілген. Сонау Қазақстан жерінде алғашқы адамдардың пайда болуынан бастап жаңа заманның өзгерістеріне дейінгі жинақталған. Бір минут ішінде тарих тұңғиығына түсіп, толқындарын қуу-ерекше сезім. Осы замандар тоғысында не болмады дейсің?! Қазіргі терезенің ар жағына көз тастағанда жанарымызға түсетін бейбіт халық тіршілігі мен күніміз шуағына бөлей алатын ашық аспанымызды аңсаған, бір сөзбен айтқанда – тәуелсіздігіміздің иісін сезуді аңсап өткен халық жолында түрлі қиындықтар болды. Халықты бір шатыр астына жинақтау кезеңдері де тарихта бірнеше мәрте орын алды. Абылай, Кенесары замандарынан кейінгі үш жүздің басын қосып, сахара төсінде дербес қазақтың мемлекетін құруға құлшына кіріскен – Алаш Ордасы болатын.

Шарықтауы мен төңкерілісі қатар жүрген өмір жолында бүгін де айрықша орны бар Алаш Ордасының ғасырлық тарихы қалыптасты. «Алаш» құбылысы – ХХ ғасыр басындағы ұлттың өзін-өзі ұлт ретінде сақтап қалуға талпынған ірі қозғалыс ретінде тарихқа енді. Бұл қазақ-қырғыз Алаш автономиясының үкіметі  саяси және әлеуметтік- экономикалық бағытта жұмыс жасап түрлі мәселелердің алдын қайырған. Алайда ел санасында бұл мемлекет іргетасын қалап кеткен осы партияның атқарған ісі мен ерен еңбегі сақтаулы ма?  Төрағасы Әлихан Бөкейханов болған бұл  партияның ішкі жағдайымен танысып, мән-мағынасын кеңінен ашайық.

Екі ғасырға жуық патшалық Ресейдің қыспағында қалып, езгісіне түскен қазақты көзі ашық, көкірегі ояу Алаш қайраткерлері «Оян Қазақ, көзіңді аш, көтер басты!», деп ұран тастап, ұлт болып ұйысуға шақырды. Елдің еңсесін тіктеп намысын жану үшін, қаламын қару етті. Қалың ұйқыдағы бұқараны оятып ,елдікке шақырды. Қалың жұртты азат Алаш туының астына топтастыру тек насихат айтып қалумен шектелмеді. Ұлт көсемдері ниетін нақты іспен дәлелдеді. Ұлт зиялылары 1917 жылы Алаш партиясын құрып, Алаш Орда өкіметін жасақтады.

Қазан төңкерісінің артынша 1917 жылдың 21 қараша күні қазақтың либералдық-демократиялық қозғалысының лидерлері «Қазақ» газетінде өздері «Алаш» партиясының бағдарламасының жобасын жариялады. Мұнда осы партияның мемлекеттік құрылыс, қорғаныс, дің, ағарту мен ғылым салаларындағы, аграрлық мәселе т.б. жөніндегі нақты айқындамалары көрсетілді. Халық ісін орнын салуға көп ақыл, көп қызмет, көп жылғы шебер істеген әдіс керек болды. Серіктері Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сияқты т.б. Алаш арыстарының атқарған істері алдыға қойылған мәселердің шешімін табуға көмектесті. «Жұрт әділ болмай, жұрт ісі оңға баспайды» деп Әлихан Бөкейханов атамыз айтып кеткендей, бұл жобаны қазақ халқының басым көпшілігі қолдады. Осылайша нақты тарихи жағдайларды ескере отырып, қазақ халқының дамуының балама жолы ұсынылған болатын. Әрине, «Көзі соқырдан, көңілі соқыр жаман» емес пе?! Халық игілігіне жасалған өзгерістерге билеуші партияға айнала бастаған бостандық жаулары – большевиктер қарсылық көрсетті. Бұл өз алдына жеке бірталай еңбек жұмсайтын іс болды.

1917 жылы Ақпан төңкерісінің жеңісі күллі қазақ деген ұлт зиялыларының басын бір жерге қосуға мүмкіндік әкелді. 1917 жылдың сәуір-мамыр айларында көптеген облыс-уезд орталықтарында аймақтық қазақ съездері өткізіліп, қазақ комитеттері құрыла бастады.

Орал облыстық қазақтардың 1-ші съезі 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында өтті. Съезді уақытша қазақ комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Әлібеков ашып, құттықтау сөз сөйледі. Араға жылдар салып дүйім жұрттың басын қосып, алғашқы секундтардан олардың алдындағы жауапкершілікті сезініп, ел арасынан бұл бастамаға қолдау жинай білу – екінің бірінің қолынан келе беретін іс емес. Бұл нардың жүгіндей ауыр жұмысты Әлібеков абыроймен атқарып шықты.Төрт көз түгел болып, ел қамына бейжай қарамайтын ұлт зиялылары жиналып, жалпы алғанда 23 мәселе көтерілген болатын. Бірінші кезекте мемлекетті басқару туралы, уақытша үкімет туралы және жүріп жатқан импералистік соғысқа көзқарас туралы мәселелер қаралды. Съезд төрт күнге созылды. Ақырғы күні облыстағы оқу-ағарту, мәдениет және тағы да басқа мәселелер қаралды:Орал облысында қазақтар арасында бастауыш, орта, жоғары білім беру жүйесі қанағаттанғысыз деп тауып, төмендегі аталып өтілетін және тағы да басқа шешімдерді қабылдады:

– Мұғалімдер съезін шақыру қажет;

– Орал қаласында уақытша орта оқу орнын ашу қажет;

-Ерлер гимназиясының бағдарламасы негізінде қазақ балаларына арнайы оқу орнын ұйымдастырып, оны қазақтар қаражатына салынған бұрынғы кәсіптік мектептің үйіне орналастыру жөн деп табылсын;

– Қазақ тілінде газет, брошюралар шығару қажет деп табылсын;

Осы съезде Жаһанша Досмүхамедов: «Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты елдің тұрмысын, тілін білетін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз» деп өз ойын білдірген болатын. Бұл қанатты сөздер бүгінде шындыққа айналуда. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақтың бағына біткен бақ іспеттес емес пе?! Қандай болмасын ел болашағында өз ізін қалдырып, «ағысын бұра алатын» мәселелерді халықпен тұтас болып, бірге талқылайды. Бұл тарапта керемет үлгі ретінде сиясы әлі кеуіп үлгермеген «Заман талабы – қазақ тілін  латын алфавитіне көшіру» – ойып орын алған ұлттық жоба – жұрттың қалауымен бірге шешілген іс. Ешбір мемлекет жаңа әліпбиді қабылдарда жалпыхалықтық талқылауға салған емес. Бұл басшылардың халық үшін жұмыс жасап жатқанын көрсетеді. Ал халық өз кезегінде адал жұмыс пен мемлекетіміздің бейбітшілігін сақтап қалуы үшін еңбектеніп жатқанын атап кете аламыз.

Осы орайда біз қазақтың қазақтығын көрсететін оның тілі мен дінінің тұтастығы екенің айтқымыз келеді. XX ғасыр басында Алаш қайраткерлері көтерген тіл мәселелесі бүгінгі XXI ғасырдың да ең өзек жарды мәселесі болып отыр. М.Әлімбаев:

«Туған жерді сүю – парыз, сүю үшін білу парыз» – десе, ана тілімізді бәріміз де сүюге, қастерлеуге тиіспіз. Тіл адамның даңқын асырады. Адам ол арқылы бақыт табады» деп Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік» еңбегінде жазғандай  тіл саясатын көтерген XX ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамындағы басты ағымдарының бірі – автономиялық басқару жүйесіндегі мемлекеттік құрылыс болса, екіншісі – Мемлекеттік тіл саясаты еді. Ана тіліне деген үлкен жауапкершілік еді. Алаштың арыстарының бірі – Ахмет Байтұрсынов «Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді,» – десе, Күнбатыс Алашордасының идеологы саналған Ғ.Қараш: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді», – деген. Ана тілге деген махаббаттын сол заманнан оята білген дара тұлғаларымыздың қанша жылдық еңбегін жат ел ықпалына беріліп, жеке тарихымызды ұмыту арқылы таптай алмаймыз.

1917 ж. желтоқсандағы II жалпықазақ съезі ұлттық мемлекеттік құруға байланысты негізгі мәселелерді қозғағаны мәлім. Бұл съезде қозғалған мәселелердің шамалысы осындай болатын: қазақ автономиясы, милиция, ұлт кеңесі, ұлт қазынасы, халық соты, ауылдық басқару және т.б. Съезд бұл мәселелер бойынша Әлихан Бөкейхановтың Х.Ғаббасов, М.Шоқаев, Ж.Досмұхамедовтің баяндамалары мен жарыссөзде сөйлеген  сөздерін тыңдады.

Автономияның елге түсетін салмағының ең ауыры — қазына жинау ісі болды. «Пұл жағынан істі тоқтатпастың жалғыз-ақ шарасы — ақшаны қазір қарызға алу, жұрттан ақша жиналған соң орнына салу. Олай болса Орданьң өзі де, жергілікті комитеттері де қарызға берілетін ақшасы бар жерлерді қарастыру» идеялары да көтерілді. Мұндағы мақсат ұлт қазынасы жиналғанға дейінгі уақытты бос жібермей, ұтымды пайдалану еді. Осы орайда басқа да басшылықтардың Алаш автономиясын мойындауы үлкен көмек болушы еді. Халық қалауы осы болатын. Алайда бұл үміттер ақталмады. Бұған қарамастан Алаш Ордасы бар қайратын жұдырыққа жинап, алға басудың жолдарын қарастырды. Жалпыхалықтық бас қосулар арқасында қиындықтарды жеңіп, әділдік орнатуға мүмкіндік болды.

ХХ-ғасырдың алғашқы жылдарынан бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 30 жылдарға дейінгі тарихи кезеңді қамтыды. Кеңестік тоталитарлық билік алаштық атанған аға буын зиялылардың ең белсенді бөлігін, сондай-ақ олардың кеңестік-партиялық қызметтегі ізбасарларын қуғын-сүргінге ұшыратып, жауыздықпен жазалады.

Біз жаңа бейбіт заманда арыстан білек, жолбарыс жүрек бабаларымыздың бүгінгі теңдігіміз үшін күрес жолында тер мен қаны аралас аққандағы еңбегінің теңдесі жоқ бағасын білуіміз керек. Тарихты тудырушы да, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастау бұлағы да – халықтың өзі. Біз кешегі тұлдыр, болашағы бұлдыр халық емеспіз.  Жарқын болашаққа ұмтыла отыра, өткенімізді ұмытпайық . Алаш Ордасына қанша жыл толмасын, бұл партия еңбегі ел жадынан өшпейді.

 

Пайдаланылған мәліметтер:

1.     Оқушының қысқаша анықтамасы. 225 бет

2.     Қазақстан тарихы әдістемелік журнал. 2017 жыл

3.     kk.wikipedia.org .Алаш қозғалысы

4.     Болат Мүрсәлім: «Олар – Алаштың алтын дидары» abai.kz

5.      АЛАШ ОРДА ҮКІМЕТІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ Bilimger.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *