«Менің елімнің тарихындағы,менің отбасымның тарихы»


Шөптібай Диас Қайратұлы

№6 Абай Құнанбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің 4 «В» сынып оқушысы

Жетекшісі: қосымша білім беру педагогы Жәмелова Инабат Күнтуарқызы

Оюшы, қолөнер шебері, өлкетанушы, Әлемдік Шыңғысхан Академиясының «Құрметті Академигі»,  Абылай ханның  300 жылдығына арналған халықаралық конференцияның «Алтын медалінің» және  «Қазына сыйлығының» екі мәрте иегері. Арқалық қаласының құрметті азаматы,Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық Мемлекеттік Педагогикалық Институтының ғылыми жұмысты ұйымдастыру және халықаралық байланыс бөлімі маманы .

Арқалық қаласы 2017

Мазмұны

Негізгі бет………………………………………………………………………. 1 бет

Атамның өмір жолы……………………………………………………….. 3-6 бет

Әулет шежіресі

Атамның шығармалары ……………………………………………………7-9 бет

Қорытынды ……………………………………………………………………..10 бет

Атамның өмір жолы

Атам Байділдин Шөптібай 1946 жылы 14-ші тамызда Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, қазіргі Айса Нұрманов атындағы ауылда дүниеге келген. Жоғары білімді. Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Әкім, партия, совет, кәсіподақ, комсомол қызметтерін атқарған. Қазақстан Компартиясының және Социалистік партиясының съездеріне делегат болып қатысқан, сондай-ақ Амангелді аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болған.

Атам ою-өрнек жасаумен қырық жылдан аса уақыттан бері айналысып келеді.Ою-өрнектердің 2000-нан аса түрін жасаған.Атам айтпақшы: шеберлікке баулыған адам – ол Самұрат деген ағасы екен. Қолынан келмейтіні жоқ еді. Кез келген материалыңызды кәдеге жарататын. Ет пен шәйдің арасында қол сандық жасап, келген қонаққа сыйлап жататын. Міне, осы екі кісінің өнегесі менің бойыма өнер болып қонды дейді. Кейін ересек шағында, атақты ғалым Сейіт Кенжеахметовтың ақылын алған. Ол кісі қазақтың мәдениеті мен өнері жайында 34 кітап жазып, артына өшпес із қалдырды ғой. Білетіні көп еді. Бірде атама: «Шөптібай, қолыңнан келіп тұр. Мына ісіңе ие бол. Біреулер атыңды жамылып кетіп жүрмесін. Тіпті, жасағаң заттарыңды иеленіп, өзімдікі деуден  тайынбайтындар бар. Ойған оюларыңды жинастыр» деп ақылын айтыпты. Қамқор ағасының ақылынан соң жасаған заттарын реттеп, жинастыруға кіріскен. Сейітқасым, Самұрат ағаларының өнегесі мен Сейіт ағаның ақылы атамды біраз жетістіктерге жетеледі. Атамның ою-өрнектері 1992 жылы Түркияда, 1996 жылы Америкада өткен Атланта Олимпиадасында қойылған. Ою-өрнектері Республикалық басылымдарда, телехабарларда жиі көрсетіледі, мәдени мекемелерде, жоғарғы және орта оқу орындарында өнерлі жастарға қосымша өнер саласы ретінде насихатталады  және оқушы, студенттермен тұрақты кездесулер өткізіп жүреді.Атамның қолынан шыққан еңбектері Астана және облыс орталықтарында жеке көрмелері тұрақты қойылып келеді. 2009 жылы Тұңғыш Президент мұражайында жеке көрмесі қойылды. Ою-өрнек жасаумен қатар Торғай аймағының тарихы мен одан шыққан тарихи тұлғаларға байланысты зерттеулер жүргізеді, Торғай аймағы Жер-Су атауларының шығу тарихын зерттейді. Сонымен қатар атам  өнерге байланысты мақал-мәтел, аталы сөздер, сирек шертпе күйлер, фото-суреттер жинаумен айналысады.

«Қазақтың ою-өрнектері», «Ою ой, өрнек сал», «Оюмен ой айтқан елміз» атты ою-өрнектердің және  «Санаулы ғұмырымдағы саналы ойларым», «Кейкі батыр» атты кітаптардың авторы, ғылыми жұмыстары Халықаралық және Республикалық деңгейдегі конференцияларда және баспасөз беттерінде  жиі  жарияланып жүр.

Кеңестік заманда жазықсыз қырық жылға сотталған Әлшорин Шіменбайдың түрмеде отырып жазған өлеңдерін жинақтап  «Мұхиттан өткен қайық» атты кітабын жазған автор. «Қостанай облысы, Торғай аймағы көрікті жерлерінің ақпаратты-бағдар тізбесі» және  «Құпия сырлы өлке-Арқалық» атты кітаптардың қазақша мәтінін жазушы.  Арқалық қалалық Арқа дидары телехабары жанынан «Ардагер» хабарын дайындап жүргізді. Арқалық қалалық «Жасұлан»  балалар мен жасөспірімдер орталығының Торғай аймағы тарихын таныстырудағы тұрақты сарапшысы. Менің атам:

Қолөнер шебері

Өлкетанушы
Ұстаз

Арқалық қаласының құрметті азаматы
Бірнеше ғылыми жұмыстардың авторы
«Қазына сыйлығының» екі мәрте иегері
Оюшы

Біздің отбасымыз  үлкен. Отбасымыздың негізгі тірегі ол атам мен әжем. Атам бізге әр уақытта өзінің басынан кешкен қызықты оқиғаларымен өз өнері жайлы айтудан еш жалықпайды.Атам айтпақшы отбасымыз біздің зор байлығым.

Мен  Диас Шөптібай атамнан ою сыры туралы сұрап,көп нәрсеге қанықтым.

Әулет шежіресі

Сіздерді атамның шежіре ру тарихымен таныстырып өтейін.Атам әйгілі «Төрелер» әулетінің ұрпағы.Бұл әулеттен түрлі батырлар, данышпандар мен әулиелер  дүниеге келген.Солардың бірі де бірегейі менің атам- Шөптібай.

 

Бәйділдә                                       Байзақ                          Талғат,Бейсенбай

Сәлімжан, Әлімжан

Жанұзақ         Бейбіт                                                     Бауыржан, Жасұлан, Асылан

Шөптібай

 

Балтабай        Ерасыл:, Ақзер, Ақнұр.

Шоқан                     Асылхан

Ерхан                      Төрехан

Темірлан

Нұрхан                   Әлихан, Ақмонщшақ

Ержан                      Нұрасыл,Ақназар,Нұрәли

Қайрат                    Мирас,Диас,Мұстафа

Менің атам халыққа танымал,сыйлы  кісі.Мен әрдайым  атамды мақтан тұтам.Әрқашан да ізденіп  жүреді,жаны  жаңалықтарға құмар кісі.Атамның қашан болсада бос уақытты жоқ. Не кітап жазып жатады,не жаңа зерттеулермен айналысып жатады.  Атамның ізденгіштігі соншалықты жаhандағы барлық жаңалықтарға қанық.Атам бірнеше кітаптар жазған кісі.Жарыққа шыққан еңбектері: Қазақтың ою – өрнектері”,”Ою ой, өрнек сал”, “Оюмен ой айтқан елміз”, “Қостанай облысы, Торғай аймағы көрікті жерлерінің ақпаратты – бағдар тізбесі” кітабының қазақша мәтінінің авторы.  “Құпия сырлы өлке Арқалық”, “Санаулы ғұмырымдағы саналы ойларым” әдеби – танымдық кітап,”Мұхиттан өткен қайық”, “Кейкі батыр” тарихи зерттеу кітаптарының да авторы.

Атамның шығармалары:

Атам  кітап жазумен ғана шектелмейді,  тарихи экспедициялармен Қазақстаның түпкір түкпірін аралап саяхатқа шығады.Сонымен қатар Қытай еліне дейін барып  қайтты. Ондағы тарихи оқиғалар және ерекше тың  жаңалықтарды бізбен бөлісті .Атам биылғы дүниежүзілік, күллі әлем тамашалаған «ЭКСПО-2017»  көрмесіне де өзінің қолынан шыққан құнды жәдігерлерін қойып  қонақтар назарына ұсынды.

Шөптібай атам  еліміздің батыры Кейкі  (шын аты Нұрмағанбет) туралы көп біледі.  Ол туралы, Кейкі батыр халық жадында мәңгі қалған адам деп айтып отырады. Атамның әңгімесінен білгенім: Кейкі – халқы  сүйген  батыр. Барша ғұмыры арпалыспен өткен азамат.  Елім, жерім, қазағым деп жалғыз жүріп жауға шапқан хас батыр.Осы батырдың бас сүйегін  Ресейден алдырып туған топыраққа жерлеу үшін жүргізілген жұмыстардың басы -қасында атам Байділдин Шөптібайдың болғанын да мақтан тұтамын.

Қорытынды

Біздің бабаларымыз тасқа таңба салған ғой. Таңбаның соңы өркениетті дүниеде жазу, сызу, суретке айналды. Осы айтып отырған оюларымыз жазу, сызу, суреттің де қызметін атқарады. Түп тамырын тастағы таңбадан алатын ою арқылы қазақ бірін-бірі ұғысқан. Ою өткен дәуірде жазудың қызметін атқарды дегенге бір ғана мысал. Сызудың қызметін атқарғанын тарихи ескерткіштер көрсетіп келеді. Геометриялық сызықтар арқылы ою ойып, ғимараттарды әсемдеген. Суреттің қызметін атқарғанына алаша, кілем, киім-кешектердегі оюлары дәлел.

Ал адамның ішкі дүниетанымын, жансарайын ашуда оюдың он сегіз түрлі қасиеті бар: дәлдік, есептілік, теңдік, теңеу, үйлесім, жарасым, пішін, көркемдік, тазалық, нәзіктік, тартымдылық, парасаттылық, жылылық, ой саларлық, ептілік, шабыт, іскерлік, икемділік. Балаға қазақ ою арқылы да   тәрбие берген. Тал бесіктен – жер бесікке дейін гі аралығымыздың бәрі – ою. Тек оны көре білуіміз керек. Жер-Ананың шағын нұсқасындай болған киіз үйді мысалға алайық. Есігі – сықырлауықтан бастап, төрі мен шаңырағына дейін ою. Ішіндегі тұрмыстық заттары, ыдыс аяқтарының бәрінде ою. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Ыдысқа салған оюды киімге салмайды. Киімге салғанды төсеніш пен кілемге салмайды. Бір-біріне ұқсас болып көрінуі мүмкін. Дұрыстап қарағанға мүлде ұқсаспайтын оюлар. Киіз үй қазақтың көшпелі мұражайы ғой. Қазақты танимын деген адам киіз үйден бастасын. Ішіндегі оюы мен үйлесім тапқан заттарына терең үңілген адам қазақтың жанын түсінер еді. Қазақтың оюлары адамның жас ерекшелегіне қарай да бөлінеді.Ер адамға оқа ою салады. Қыз балаға жіңішкелетіп қиған оюды пайланады. Жас бала үшін көз тимесін деген оюларды қолданады. Тіпті күмістің өзін сары май жағып отырып созып, затқа сым тәрізді етіп ою түсірген. Оюға қарап-ақ, тарихтан біраз деректерді ұғынуға болады. Өйткені оюдың астарында қазақтың танымдық өрісі, өткені жатыр. Тек сөйлете білу керек…

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1. Мұрағат суреттері.

2. Ғаламтор желісі.

3. М.Жүнісов, Е.Тоқтарбаев  мақалалары,  республикалық  «Егемен Қазақстан», облыстық  «Қостанай таңы» газеті.

4.  «Арқалық қаласындағы дала  өлкесі тарихы облыстық мұражайы»  мұрағаты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *