«Тәуелсіздік- елімнің ерлік жолы»


Ильдебаева Сауле Құрманғажиновна
Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп лицей интернатының тәрбиешісі

Мақсаты: Елімнің Тәуелсіздігі үшін күрескен, бойында ұлттық рухы бар, Отанға деген патриоттық сезімі қалыптасқан азаматтардың өмірін болашақ ұрпаққа үлгі өнеге-ету және тарихымызды таныту.

Барысы:

1-жүргізуші:

Қазақстан, көк байрақты нұр едің,

Сен дегенде лүпілдейді жүрегім.

Өзің менің қуанышым,бақытым,

Өзің менің мақтанышым, тірегім.

Қыран құсым көк аспанда самғасын,

Желбіресін көк байрағың сан ғасыр!

Жас ұландар,берік ұста туыңды,

Жарқыратып туған елдің таңбасын!

Халқымыздың азаттық жолында сан ғасырлық тарихы бар.Ерлік пен елдіктің талай көрсете білген ата-бабаларымыздың табанды күресінің арқасында бірлігін сақтай отырып «Қазақ» деген іргелі елдің шаңырағы көтерілді.Пешенесіне талайлы тағдыр батпандап,қайғымен қасірет жазған халқымыздың азаттық үшін ақтық бұлқынысы Желтоқсан жаңғырығына айналып әлемді дүр сілкіндірді.Сол сілкіністен бастау алған азаттық күресі 1991 жылы Тәуелсіздікболып салтанат құрды.Бұл қазақ халқы үшін,Қазақстанды «Отаным,елім,жұртым» деп білетін әрбір қазақстандық үшін үлкен оқиға,зор қуаныш.Ендігі жерде біздің бір ғана Отанымыз бар,ол-Тәуелсіз Қазақстан!

2-жүргізуші:

Тәуелсіз елдің тілегі- бейбітшілік, тыныштық, Келешегі-білімді ұрпақ. Тәуелсіздік-кешегі қанға бөккен боздақтардың рухы әрі күллі бабаларымыздың аңсар арманы, мақсат-мұраты еді.

Егеменді ел болудың белгісі –

Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күші.

«Егеменді» деген сөзден естілер

Ата жұрттың арғысы мен бергісі.

1-жүргізуші:

Қазақ елінің жеткен жетістіктері (бейнефильм,слайд, пікір).

Қазақстан Тәуелсіздігіне 26 жыл.

1991 жылы қазақ ұлты өз Тәуелсіздігін қолына алып мемлекет атанды.Сан ғасырлар бойы ата – абамыз армандаған азаттықты Қызыл империяның күйреуінен кейін елімізді тәуекел тұғырына қондырды. Оған дейін қақ бөлінген әлем жаңа ғасырды алып келді. Өсер елдің баласы арманшыл келеді.XXI ғасырда Қазақстан дүниежүзіндегі өркениетті 50 елдің қатарына өз өнегесімен үлес қосуда.

Жер бетіндегі жас қала Астана– мыңжылдық мәдениет үдесінен шыққан егемен

елдің ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенімнің рәмізі, мемлекеттігін мәңгілік уақытқа меңзеп құрған қазақ елін үшінші мыңжылдыққа қойған мақсат– мұратының ел қатарында танылуы.Ғаламның өсіп– өркендеу кезеңінде сын– сағаттарда биік талапты бұл ұлттық ерлік пен елдік мүддесінің парасаттыжауабы болмақ.

1– жүргізуші

1991 жылы 16 желтоқсанда біздің елімізде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Ата заңы қабылданды. Адамзат қоғамының тарихында бұл жылдар аса маңызды, шешуші оқиғаларға толы болды. Осы жылдар ішінде Тәуелсіз қазақ мемлекетінің жүйесі бес ғасырлықүзілістен кейін қайтадан қалпына келтірілді, еліміз өз билігін өз қолына алды. Әлемнің 100–ден астам мемлекеті

2-жүргізуші: 1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі “Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы” заңды қабылдады. Ескеретіні, Қазақстан КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдады. Бұл заң 1990 жылы 25-қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақ елінің елдігін нығайта түсті.

1-жүргізуші:

Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз.  Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 26 жыл. Жиырма алты жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық.

2-жүргізуші:

1991 жылы ел тәуелсіздігін алған кезде халық болып қана қуанған жоқпыз. Қазақ елінің өз алдына республика болуын қалаған әрі ең бірінші болып мойындаған Түркия. Бұл тәуелсіздікті бір ел ғана емес, бүкіл ел болып қолдайды деген сөз. Ал іргесі қаланған жаңа республиканың әрі қарай өмір сүруі үшін ерен еңбек керек. Ол оның ішкі және сыртқы әлемі, экономикасы, ақшасы деген секілді көптеген құндылықтарға келіп тіреледі. Аталған құндылықтарды жиырма алты жыл ішінде үлкен мақсатқа айналдырған еліміз астанасын да бекітті. Тіпті бүгінде Астана арман қалаға айналды. Апортына бүкіл ел сүйсінген Алматының өзін мәдениет пен әдебиеттің қаласына айналдырды. Өзінің ішкі туризмі, теңгесі, ұзын сонар қара жолдары тарамдалып жатты.

1-жүргізуші:

Арысы қазақ хандығынан бастап берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы осы аманатты сақтау. Жәнібек пен Керейдің керген керегесін кілем үсті көтеріп, Отанды қастерлеп өту әрбір ұрпақтың міндеті. Қазақта «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді тірлік кешу ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес.

Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн.
2-жүргізуші:

Алаулаған жанарыңнан нұр тамып Бүгін сені күллі дүние жүр танып. Көк байрағың желбірейді көгіңде Әнұраның әлемде жүр шырқалып.
Тәуелсіздігімізге тұғыр болатын саналы да, тәрбиелі, білімді азамат болу – жас өреннің басты парызы. Бүгінгі жасөспірім, ертеңгі армандап өсіп келе жатқан талапты Ұрпақтың еншісі – сол Тәуелсіз Болашақ.

1-жүргізуші:

Ендеше бүгінгі тəрбие сағатымызды аяқтаймыз. Қош сау болыңыздар. Тəуелсіздігіміз биіктей берсін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *