Менің педагогикалық философиям


Барасова Оксана Зайдуллиевна
№8 Дарынды балаларға арналған облыстық мектебі (БҚО, Орал қаласы) қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Әлі есімде…

Әдеттегідей көршінің балалары бүгін біздің қараша үйге жиналды.  Бірі қаламмен дәптер бетін шимайласа, енді бірі тақпақ жаттап әлек. Ортада  орындықта отырған бұйра шашты кішкене бойлы қара қыз (өзім) тәмпіш мұрын арғы көрші баласының  жазуын қызыл сиямен бағалап отыр:

– Бүгін сабаққа дайындығың жақсы, бірақ тақпақты тақылдап айту керек,- деп тап бір мұғалімдерше  «оқушысын» отырғызды. Бірінен соң бірі шуласа қол көтерген балалар Абайдың, Қадырдың өлеңдерін жатқа айтуда. Міне осылай жалғасқан оқу күні «қоңыраудың» шылдырымен аяқталды…

Болашаққа бағдар боларлық мына бір естен кетпес естелік «ұстаз» деген ұлағатты сөздің мәнісін ұқтырғандай…

Қай қоғамның да іргетасын қалайтын құндылықтардың бірі-білім. Балалық шақтан ұласқан бала жанына гүл егіп, санасына нұр құятын ұстаз болсам деген арманымның салмағы соншалық ауыр екенін сезбеппін. Себебі, даналықты іздеп, ұлы жолға түскен жанның алдында бір үлкен міндет тұрады. Ол – еліміздің жарқын болашағын қалайтын бойында «халқым» деген бұла сезімі бұлқынған отансүйгіш, санасында оқуға деген құштарлық тасыған білімді де ойлы, ұлттық рух сіңірген тәрбиелі азамат қалыптастыру. Міне, мен де сол игі міндет пен биік жауапкершілікті  арқалаған «мұғалім» деген абыройлы атқа ие болуға аяқ басқан жас ұстазбын.

Ұстаздық  қызмет жолын биік  баспалдаққа теңер едім, өйткені зерделі жастың  білім мен білік  белестерінде  үнемі өсу мен  өрлеу болатынын өзіме серпін берген 5 сатысынан – ақ  сездім.

Сонымен, мен үшін  ұстаздық қызмет –қуаныш, өйткені  арайлып атқан таңмен бірге   оқушылардың жарқын жүздеріне бөленіп, ерекше  бақыт табамын.

Мектепте балаларға жүрек жылуын беріп, оларды білім нәрімен сусындатып жүрген әрбір мұғалімге қойылатын қазіргі таңдағы талап өте салиқалы болып отыр. әсіресе, қазақ тілін оқыту – қиын да, қызықты жұмыс. Бүгінде қазақ тілін оқытатын мамандарға қойылатын талап күшті, демек жас өскіндерді сыни ойлауға баулу, қалай оқыту керектігін үйрету, дарындылық пен таланттарын ашуға жағдай жасау.

Жастық–даналықты меңгерер тамаша уақыт екені даусыз. Олай  дейтінім, қызығушылығымды оятқан  Кембридж университетінің білім беру факультетімен бірлесе жасалған сындарлы оқыту бағдарламасы таптырмас мүмкіндік берді. «Постер», «СМАРТ», «Үш көмекші» деп аталатын деңгейлік курс мұғалімдеріне ғана түсінікті ұғымдар және Александер, Маслоу, Мерсер атты  ғалымдардың елеулі еңбектерімен «қаруланып», мектептегі  іс-тәжірибемді  жүйелі  түрде  жоспарлаудан  бастадым. әр күнді «Не істеуім керек?», «Не істедім, не сәтті, не сәтсіз болды?» сұрақтары аясында нәтижелі жұмыстануды мақсат тұттым.

Ұстаздық қызмет – мен  үшін  шығармашылық.

Өзен қайтсе үлкейеді? Өзіне келіп құйылған бұлақтардың бәрін қабылдай берсе. Білімділік те солай, құр оқып қана қоймай, шәкірт бойына білім нәрін сіңіре білсем ғана, білімдар ұстаз бола алатыным анық.

Әр білім алушы менің оқымаған кітабым,  әрбір парағын ашқан сайын жаңалық табамын. Иә, оқушының ішкі жан дүниесі ашылмаған сыр сандық. Оны аша білу үлкен зерделілікті қажет етеді. Жас  ұрпақтың дарыны мен  талантын ашу шығармашылық қабілетін жетілдіру, олардың  өзіне деген сенімін нығайту, өмірде өз жолын таңдауына түрткі болу абыройлы  борышым деп білемін.

Бүгінде озық техника қарыштап дамып, көз ілеспес жылдамдықпен алға жылжудамыз. «Мобильдік ғасыр» деген атау да бердік. Осы ғасырдың көшіне ілесу бүгінгінің басты талабы болып отыр.  Осы орайда әлеуметтік желіде (инстаграмм) #білпедагог атауымен (хештег) өзім жүргізіп отырған парақшамды ерекше атағым келеді.

Ендігі мақсат, болашақта жетілдіріп, кеңейтіп, педагогтар мен  ата-аналардың іздегенін табатын, таптырмас әдістемелік  дүние боларына сенемін.

Ұстаздық қызмет  – мен үшін жарқын болашақ.

Тектілік пен тереңдіктен нәр алып, өлең мен өнерден жаралған, шежіре мен білімнен тамыр тартқан, батырлық пен ақындықты қос қанатындай тең ұстаған, сұлулық пен сұңғылықтың өлшеміндей болған  қазақ тілін заманның сұранысы мен талабына сай оқыту  басты мақсатым.

Жеті  жұрттың тілін білу артық болмас, тілдің үш тұғырлылығын қолдаймын немесе өзгеріске әркез дайын болуымыз керек. Жалпы өзгеріс ұғымын мен, адамның бір жаңалыққа ұмтылуда болатын жарқын үдеріс деп түсінемін. Өйткені, өмірде түрлі жағдайлардың орын алуына қарай, адамдар түрліше өзгеретінін көріп жүрміз. Абайша айтсам, бірі өңін жөндеп, жұртқа ұнау үшін өзгеріп әлек, енді бірі дүние мен малды ғылымның жолына сарып қылып, өнер іздеп, жұрт тануға батыл қадам жасап жатыр. [Абай қарасөздері:57-бет]

Үшқан құстың қанаты талатын тәуелсіз еліміз қазына мен байлыққа кенде емес. Игерілмей жатқан аймақтар, кәсіп, техника қаншама? Осының көзің тауып, тиімді жарата білуі үшін  біздің оқушыларымыз сауатты, дені сау, өмір сүруге қабілетті болуы керек, сол себепті «Ұстаз» деген ұлы мамандықтың тізгінін ұстаған, біз, мұғалімдер өркениетке ұмтылған шәкірттермен бірге, пәнді оқытудағы шеберлігімізбен қоса, ой түйсігімізді, пайымдау қабілетімізді, таным көкжиегімізді кеңейтіп, өзімізді ұдайы жетілдіргеніміз дұрыс деп ойлаймын. Демек, әлеммен бірге біз де өзгеруіміз керек.

«Өз еңбегін талдай білген адам ғана тәжірибелі ұстаз бола алады»,- деген В.Сухомлинскийдің сөзін оқытушының талмай ізденген еңбегінің нәтижесінде ғана көрінетіні белгілі.

Тыңғылықты ізденістің арқасында «Анашыма мың алғыс»  (Республикалық, I орын) «Ұлы дала елі» (Қалалық, I орын) эссе бойынша жоғары нәтижелер табандылық пен ізденістің жемісі. “Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан!” деп Ұлы Абай сөзімен айтсам, шәкірттерім қоғамның бір кірпіші болып қаланса,   ұстаздық ойымның оң болғаны деп ойлаймын.

Ұстаздық қызмет  – мен үшін мәңгілік жастық шақ.

Қойын кітапшамдағы мына бір сөзге ерекше назар аударып қалыппын…«Адам жаны үнемі  кемелденіп отыруы керек. Сол кемелдену арқылы ол өз-өзін, қоршаған әлемді таниды.»(А.Мұсаходжаева) делінген екен. Иә,мен үшін мақсат – жетістіктің желкені.Олай дейтінім,аудандық “Дала дарындары” байқауы, аудандық  ғылыми – тәжірибелік конференцияда тыңдалған “Қыз бала тәрбиесіндегі Ғ.Мүсірепов шығармаларының рөлі”, “Жастарды ішімдіктен Қадыр афоризмдері арқылы аластау” баяндама тақырыптарының үздік көрсеткіші менің  ұстаздық қызметімнің тек бастапқы сатыларында екенімді аңғартады. Жастықтың жалынды оты маздап тұрған шақта әлі талай тың жұмыстардың атқарылары сөзсіз.

Құнарлы қазақ тілі мен тамыры терең әдебиеттің қайнарына сусындап өскен мен, жас маман жыр алыбы Жамбылдың мына сөзімен ой  түйгім келеді, «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деген екен, ендеше аса құрмет тұтар қоғам қайраткерім Президент Н.Ә.Назарбаевтың  көрегенділігін қолдаймын. Елбасы жүргізіп отырған парасатты саясаттың арқасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі де елімен бірге өзінің қайта өрлеуінің әрбір күні ғасыр жүгін арқалаған ауыр болса да – абыройлы, күрделі  кезеңін жүріп өтті. Ендігі мақсат тәуелсіз Қазақстанның өсіп келе жатқан жас ұрпағын өз Отанының мемлекеттігінің кепілі – мемлекеттік тілді құрметтеуге баулу, оны оқып үйренуге деген қызығушылықтарын арттыру болмақ.

Ұстаздық қызмет  – мен үшін өмір мектебі.

Біз қадам басқан ХХІ ғасыр жан-жақты дамыған, білімді, өз ісіне, өзгенің ісіне әділ баға бере алатын, өзіне сенімді, Отанының әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына зор үлесін қоса алатын азамат тәрбиелеуді талап етеді.

Осы орайда, ұлы Абайдың пәлсафасына тағы да тоқталғым келіп тұр: «Тегінде адам баласы  адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» . Шынымен де солай немесе  тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні:

О, жасұлан!

Маздаған өмір сәулесін

Кеудеңе түсіре алдым ба?

Жүрекке бойлап бардым ба?

Алдыңда әлде жас ұрпақ

Қарыздар болып қалдым ба?

Менің педагогикалық философиям осыны меңзейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *