ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ ДАМЫТУ-БІЗДІҢ БАСТЫ МІНДЕТ


Ещанова Айнур Тасбулатовна

бастауыш сынып мұғалімі Павлодар облысы, Екібастұз қаласы, №25 қазақ қыздар гимназиясы 

     Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту – басты міндет 2012 жылғы 27 қаңтардағы Елбасы Н. Назарбаевтың «Әлеуметтік – экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту мақсатында 5 жылдық ұлттық жоспарды қабылдау міндеті қойылған. Ұлттық жоспардың мақсаты – Қазақстан Республикасындағы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдай жасау. Қазіргі уақытта білім беру жүйесінде «функционалдық сауаттылықты» қалыптастыру мәселесін негізге алудың өзектілігін арттырып отыр.

Оқушылардың функционалдық сауаттылығы ең алдымен біріншіден, үйден отбасынан басталады. Өйткені, ата – аналардың балаларды оқытуы және тәрбиелеуі ұлттық жоспарда функционалдық сауаттылықтың негізгі тетіктерінің (механизмдерінің) бірі болып көрсетілген.

Біріншіден, функционалдық сауаттылық дегеніміз – адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге араласуы. Біз экономикамыздағы, әлеуметтік – саяси және рухани өміріміздегі жетістіктерді заңды түрде мақтан етеміз. Тіпті «экономика» деген сөздің өзін сөзбе сөз аударсақ «үй шаруашылығы» дегенді білдіреді. Сондықтан да отбасындағы экономиканы мемлекеттік экономиканың құрамдас бөлігі ретінде қарауға тура келеді. Демек, оған байыпты түрде біліммен әрі шаруақорлықпен қарау керек. Біліммен қарау деген түсінікті, ал шаруақорлықпен қарау деген не нәрсе? Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығы дегеніміз – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамытып қана қоймай, алған білімін сыныптан тыс жерде, күнделікті өмірде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету, яғни, оқушылардың мектепте алған білімдерін өмірде тиімді қолдануына үйрету. Жалпы, бұл жерде ата – ананың функционалдық сауаттылығы, соның ішінде баланың шаруашылыққа деген ұқыптылықпен қарауы болып отыр.

Екіншіден, функционалдық сауаттылық дегеніміз – өмір бойы білім алуына ықпал ететін, авторлық база жасау. Өмір бойы іздену, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына қарай ілесіп отыру. Оқушылардың функционалдық сауаттылығы екіншіден, мектептен басталады. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім. Оқушының бойына білім нәрін дарытуға көмек беретін функционалдық сауаттылық мұғалім бойында да болуы тиіс. Барлық елде балаға білім беру ерекше орын алып келеді. Балалардың ойлау қабілетін дамытуға, байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуге оқушыларды тәрбиелеу мұғалімдердің басты борышы.

Мұғалім сабақты түрлендіріп, өмірмен байланыстырып өтуінде, пәндік білімдеріне, ептіліктеріне және сауаттылығына сүйене отырып, оқу пәндері арқылы, оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру негізінде жүзеге асады. Тек білім ғана бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыра алады. Сондықтан да мұғалім сапалы білім, салиқалы ой – өрісі кең тұлғаны қалыптастыруы үшін 40 минуттық сабағын қазіргі заманғы білім берудің жаңа технологияларын қолдана отырып өту керек. Осы жерде орыс педагогы А.С.Макаренконың «45 жыл мұғалім болса да 45 минуттық сабағына дайындалып келу керек» деген нақыл сөзін еске алуға болады. Мұғалім оқушыны тек қана мектептің бағдарламасымен шектеліп қалдырмай, теориялық білімдерін практикалық жұмыстармен, өмірмен байланыстыра білуге үйрету керек. Осындай әдіс – тәсілдерді түрлендіріп, жүйелі түрде пайдаланып мұғалімнің шәкірттері өз бетімен жұмыс істеуге тез үйренеді.

Функционалдық сауаттылықтың негізгі міндеті – мұғалім баланы оқыта отырып, оның еркіндігін, белсенділігін, шығармашылық тұрғыда ойлауын қалыптастырып және де баланың өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру. Осыған орай оқушылардың алған білімдері негізінде әрекет етуге қабілеттілік пен даналықты білдіретін құзыреттерді қалыптасытыру орта мектептердегі жаратылыстану бағытындағы пәндер басым бағыттарының бірі болып табылады. Ой – өрісі кең тұлғаны қалыптастыруда жаратылыстану пәндерінің орны ерекше. Жаратылыстану ғылымдарының ішінде, өзгелерінен гөрі, тезірек дамып, күнделікті өмірде кеңінен қолданыс тапқаны физика. Сондықтан да болар, бүгінгі таңдағы роль атқаратын жетекші ғылымдардың біріне айналып отыр. Жыл сайын көптеген жаңашылдардың беті ашылуда.

Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру – оқушының логикалық ойлау қабілеттерін дамытудың үйлесімді жолы. Олай болса, функционалдық сауаттылық оқушының белгілі ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және білім, білік дағдыларының жиынтығы. Ол тек білім мен білік әлеміне барудың жолы ғана емес, ұлттық әлеуметтік дамуының өлшемі. Оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын дамыту үшін жаратылыстану бағытындағы пәндер оқушылардың сапалы есептерді өз бетінше шығаруына көп көңіл бөледі. Сапалы есептер оқушының логикалық ойлау қасиетін шыңдайды және пәнге деген қызығушылығын арттырады. Сабақта әртүрлі әдіс – тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың ой – өрісін дамытуға, есептер шығару кезінде қызығушылығын арттыруға, теориялық білімдерін практикада қолдана білуге үйретеді.

Осындай мақсаттарға жету үшін мынандай міндеттерге тоқталайық.

ü  Оқушының алған теориялық білімдерін практикамен ұштастыра білу.

ü  Оқушылардың алған сапалы білімдерін өмірде қолдана білуге үйрету.

ü  Кез келген проблемалық ситуациялардың шешімін таба білуге үйрету

ü  Оқушыларды ізденіске баулып, өз бетінше жұмыс істеуге үйрету

ü  Оқушылардың білімдерін Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудағы 2011 – 2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы аясындағы халықаралық зерттеулерге ( TIMS, PISA және PIRLS) қатыстыру.

Сапалы есептер шығару барысында оқушылар қажетті көлемдегі білімді игеріп қана қоймастан, өз бетінше шешім қабылдауға және болашақта мамандық таңдауына ынталандырылады. Сабақта сапалы есептер шығару арқылы алған білімдерін оқушылар күнделікті өмірмен байланыстырып отырады, өйткені оқушы ойлауға да ойлануға да қабілетті.

Қорыта айтқанда, функционалдық сауаттылықты жүзеге асырудың басты міндеті – оқушылардың теориялық білімдерін практикалық тұрғыда қолдануымен қатар тәуелсіз еліміздің келешегіне үлкен жауапкершілікпен қарауға үлестерін қосу болып табылады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс- қимыл жоспары. Астана.2012 жылғы 25 маусым.

2. Кененбаева М.А. «Бастауыш және негізгі мектепте математиканы дамыта оқытудағы сабақтастық мәселелері». Автореферат. – Астана, 2015 ж.

3. «Қазақстан-2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты». 2012 ж.

4. «Әдіскер-Методист» журналы, 2013 ж.

5. Н. Назарбаев. Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы. Жалпығ Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам. // «Егеменді Қазақстан», 10 шілде 2012ж.

6. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары. // «Егеменді Қазақстан» газеті.

7. Педагогика мәселелері №4 2014 ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *