БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫН ЖАҢА ФОРМАТТА ОҚЫТУ АРҚЫЛЫ МАТЕМАТИКА ПӘНІНЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ


Рсаева Акжаркен Досмагамбетовна 

бастауыш сынып мұғалімі Павлодар облысы, Екібастұз қаласы,  №25 қазақ қыздар гимназиясы

«Ұстаздық еткен жалықпас,

үйретуден балаға» А.Құнанбаев

Бүкіл әлемдік білім кеңістігіне ену мақсатына сәйкес бүгінгі таңда Қазақстанның білім беру саласында түбегейлі өзгерістер жасалуда. Қазіргі жүргізіліп жатқан түрлі бағыттағы сол өзгерістер білім беру жүйесінің қызметін жаңа уақыт талабына сай жетілдіруді, педагогика ғылымындағы табыстарды сын көзбен саралап отырып, тәжірибеде кеңінен қолдануды, білім алушыларды өзгермелі қоғамда өмір сүруге жан-жақты ұйымдастырудың жолдарын таба алу мүмкіндіктерін кеңейтумен тығыз ұштасып жатыр.

Қазақстан Республикасының «Орта білім  беруді дамыту» тұжырымдамасында: «Әрбір баланың жеке тұлғалық қасиеттерін ашу, оның мүмкіндігін өмірдегі мәнін көрсету арқылы білімге тереңірек ұмтылуына, сондай-ақ ізденісіне, бейімділігіне көмек беру, жағдай туғызу және оған өмір сүру үшін жаңа рухани күш беру-білім берудің түпкілікті мақсаты»  екендігін айқындалған. [1].

Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: …Бізге бұрыңғы қай кездегіден де білім мен ғылымның баға жеткізгісіз қорын барынша арттыру, оны қазіргі заманға сай ету қажет…  Білім беру жүйесінің басты міндеті-ұлттық және жалпы адамзаттың құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шындауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясын еңгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деген сөзі егеменді еліміздің білім беру жүйесін дамытудың  басым бағыттарын айқындауға тірек болды. Оқушылардың дара тұлғалық қабілеттерін шыңдау, ең алдымен, оның өздігінен іздену, өздігінен әрекет ету, кез келген жағдаятта өз бетінше оң шешім қабылдай алу дағдыларын дамытумен тікелей байланысты. [2].

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» – деп Абай атамыз айтып өткендей, ұстаз әрқашан ізденіс өз білімінің жоғарғы деңгейде болуына әрқашан назар аударып отыруы керек. Қазіргі жиырма бірінші ғасыр елбасымыз атап айтқандай білім заманы. Басқа елмен тереземіз тең біліміміз теңесу үшін, білім жолына өте көп назар аударылып жатыр. Болашақта өсіп келе жатқан ұрпағымызды көшбасшылыққа өз ойын ашық түрде айта білуге, еліміздің туын көкке желбіретіп, оның өсіп өнуіне өз ықпалын тигізетін ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Ол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаз. Қазіргі заман талабына сай оқу үрдісінде көптеген жаңашыл ойлар, жаңа технологиялармен жұмыс жүргізіп, оқытқан шәкіртерімнің өмірде алатын орны көп болса екен деген ойдамын.

Менің мақсатым – баланың сабақ үстіндегі оқу-әрекетін тиімді әрі қызықты болатындай етіп ұйымдастыру, әрекет нәтижесін байқау, бағалау және соның нәтижесінде алдағы жұмыстарды жоспарлау болып табылады.

Өз тәжірибеме келетін болсам, сабақтарымда сыни тұрғысынан ойлау, АКТ модульдерін жиі қолданамын. Ал мектепте алған білімді оқушылардың қолдана білуін, өмірмен байланыстыра алуын жүзеге асыру көп жұмыстануды қажет етеді.

Мектептегі сабақ беру кезінде іс-тәжірибеме өзгерістер енгізу арқылы өзімді де, оқушыларымды да өзгерте алдым дей аламын. Өзгеріс дегеніміз – жаңа тәсілдерді енгізу. Өз тәжірибеме енгізген жаңа тәсілдің бірі – тренинг. Тренинг оқушы назарын жаңа сабаққа аударуда, қызығушылықтарын арттыруда, ынтымақтастықты қалыптастыруда маңызды тәсіл. Сабақтарымда осындай тренингтерді өткізу оқушыларға жағымды, оң әсер берді және ең бастысы, оларға ұнады. Мысалы, сыныпта ынтымақтастық атмосферасын орнату мақсатында «Шаттық шеңбері» тренингісін ұйымдастырғанда оқушылар бір-біріне жақсы тілектер айтып, сыйластық танытты. Сабақ басталарда оқушылар тарапынан «бүгін қандай тренинг өткізесіз?», «бүгін топқа қалай бөлінеміз?» деген сұрақтарды есту маған жақсы көңіл-күй сыйлап, өз жұмысыма деген сенімімді арттыра түсті.

Топтық жұмыс – бұрын-соңды көп қолданбаған тәсілдерімнің бірі. Топтық жұмыс, біріншіден, оқушыларға бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігін тудырса, екіншіден, ұйымшылдыққа тәрбиелейді, бірін-бірі оқытуға, бірінен-бірі үйренуге жағдай жасайды және көшбасшыны анықтауға мүмкіндік береді.

Ал сыни тұрғысынан ойлау – креативті тұлғаны қалыптастырудың бір жолы. СТО-ды дамыту бағдарламасы – әлемнің түкпір – түкпірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Әрине, маған сабаққа тиянақты дайындалуға көп уақыт қажет болды және тапсырмаларды түрлендіріп, сабақты өмірмен байланыстырып, әр сабақ сайын топтарды өзгертіп отырдым. Соның нәтижесінде оқушыларда қызығушылық арта түсті. Әр сабақ соңында оқушылардың жеткен жетістіктерін, кемшіліктерін талдап, түсіндіріп отыруға тырыстым. Бұл – менің тәжірибемде енгізген ең басты жаңалық болды.

Әр сабаққа мақсат құрып, күтілетін нәтижені анықтап, олардың сабақ барысында не арқылы бағаланатынын көрсетіп отырдым. Сабақтарымның кіріспе, тұсаукесер, негізгі және қорытынды бөлімдерінде мұғалім және оқушы іс-әрекеттерін толық жазу арқылы сабақ барысында мұғалім – нұсқаушы, оқушы – ізденуші екендігі айқындалды.

Сабақтарда жұппен жұмыс, топпен жұмыс және жеке жұмыстар жасалса, сынып бөлмесінде топ ережесі және рефлексия жазатын бұрыштар жасақталып, парталардың орналасуында өзгерістер болды және оқушыларымның өз сөздерін «Менің пікірім былай», «Менің ойымша…» деп бастауларын талап еттім.

Жоғарыдағы талаптардың орындалуын ескере отырып, сабақтың төрт кезеңінде оқушылардың проблеманы шешу құзіреттілігі, ақпараттық құзіреттілігі және коммуникативтік құзіреттіліктерін дамыту мақсатында әртүрлі стратегиялардың тиімді қолданылуына ерекше мән бердім.

Мысалы, бір сабағымның кіріспе бөлімінде үй тапсырмасын «Конверт-сұрақ», «Снежный ком» әдісімен қайталау, тұсаукесер бөлімінде «Бұл мәлімет шындық па немесе жалған ба?» әдісімен ой қозғау, негізгі бөлімде топтарға тапсырма беру ( постер, слайд арқылы түсіндіру), компьютерде маршруттық карта арқылы, «Қай жұп шапшаң» ойыны арқылы есептер шығарту, қорытынды бөлімінде (Тест А-3,В-2, С-1) стратегияларды қолданудың тиімділігін анықтадым. Сонымен қатар, диалог арқылы сыни ойлауды дамыту іске асты. Себебі мәтін есептерді шығаруда оқушылардың жүйелі ойлауы, түсінуі, талдауы әңгімелесуі диалог арқылы орындалды.

Құзырлы оқытудың негізгі идеясы оқушы тақырыптың мәнін өз бетімен меңгеруі, түсінуі мен бағалай алуы болып табылады. Қорыта келгенде, сабақтарды осындай әдіс – тәсілдермен өткізу арқылы мен оқушылардың білімді өз бетімен оқып-үйрене алатынына, өзінің оқуы үшін өзі жауапты екендігін сезінетіндігін, қызығушылықтары оянып, белсенділіктері артатындығын, олардың ой еркіндігі дамитындығына көзім жетті. [3].

Елбасымыз Н.Назарбаев білім жолына ерекше көңіл бөліп отыр. Сондықтан да қазіргі сабақ барысын заманауи технологиясын қолдана отырып, балаларды білім нәрімен сусындатсақ, алдымыздан «Ұстаздан шәкірт озар» -дегендей небір білімді шәкірттер шыға берсе, олардың білімді, білгір азамат қылып шығарсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.    12 жылдық оқыту мәселелері.Қазақстан Республикасында жалпы орта білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттары.- Астана, 2006

2. Аяғанова Л. Жаңа технологиялар сабақта «Бастауыш мектеп» – 2003 – №4. 21-24 б.

3. Б.Барсай. Бастауыш сыныпта оқытудың жаңа технологиясы. Бастауыш мектеп, 1998, № 1 27-29 б.

4.  Айдосова З. “Дамыта оқыту технологиясының мәселелері ”(қазақ тілі мен әдебиеті).- 2004.- 93-7 бет

5.  Бастауыш мектеп методикасы. Алматы.- 1987, 6-12 бет

6. Баймұханов Б. Оқытудың жаңа технологияларының негізгі ерек шеліктері «Бастауыш мектеп» – 2000. -№8,9 – 3-6 бет.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *