Өмір талабы латын әліпбиі


Тлеубекова Камшат Жарылкаганкызы

 Ә. Мусин атындағы Балқаш гуманитарлы -техникалық колледжінің қазақ тілі және әдебиет пәнінің оқытушысы

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жыл­ға  дейін  қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан  латын әліпбиіне көшірілуін қамтамасыз ету мақсатында латын графикасына кезең- кезеңмен көшуді қамтамасыз етіп, қазақ тілін латын әліпбиіне көші­ру­дің нақты кестесін жасауды тапсырып, уақыт ұттырмай бұл жұмысты қазірден бастан қолға алу қажеттігін атап өтті.

Демек, қазақ тілі- мемлекеттік тіліміз. Қазақ жазуын латын әріптеріне көшірудің басты мақсаты- бұл қазақ тілін дамыту үшін жасалып жатқан шаралардың бірі. Жазуымыздың латын әріптеріне көшірудің мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясын кеңейтуге де қосар үлесі зор. Сондықтан да Қазақстанның дамып, әлем көз тіккен талай маңызды шаралардың ұйытқысы болуы, оның мемлекеттік тілі мен жазуының да дамуына  түрткі болып отыр.      Сонымен бірге, қазақ жазуының латын әріптеріне көшірілуі  ел болашағы- жас ұрпақтың оқу- білім және ғылым жолында ғы ізденістеріне көптеген мүмкіндіктермен жол ашады. Ал  осы  мақсатқа кедергісіз қол жеткізу үшін не істеу керек? Бұл мәселені жан-жақты талқылау мақсатында республика көлемінде әрбір мекеме, ұйымдарда іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Соған орай бізде қаламыздың С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханаларының бірінде дөңгелек үстелге қатысқан болатынбыз. Сонда  бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған «Латын әліпбиіне көшуге»  дайынбыз ба? деген сұраққа студенттер  жан- жақты жауап беріп, өз ой-пікірлерін  ортаға салып  жинақтады.

1-Студент: Елбасымыздың 26 қазандағы Жарлығы көптен бері қазақ халқын толғандырып келе жатқан латын графикасына көшу мәселесіндегі түйінді шешіп, жаңа белестерге жол ашқандай болды.

Қазіргі уақытта еліміздің басты проблемасына айналып отырған ең өзекті тақырыптардың бірі – әліпбиіміздің өзгеруі, яғни қалыптасқан дәстүрді бұзып, кириллицадан латын әрпіне көшу. Қазақстан халқы өз тәуелсіздігін жариялағаннан бері бүгінгі қолданыста жүрген кириллицадан латын әліпбиіне  көшу мәселесі жөнінде пікірлер жиі  айтылып келеді.

Қазіргі қолданыстағы кириллица – қазақ тарихындағы төртінші алфавит екені бәрімізге мәлім. Сонау сақ дәуірі, түркі дәуірі кезеңіндегі ата-бабалаларымыз өздері ойлап тауып, енгізген, құрастырған алфавиттен басқалары бодандықтың кебімен күштеп енгізілді. Түркі заманынан мұра болып қалған осынау құндылық «руно» жазуы еді. Одан кейін араб шапқыншылығы кезеңінде елімізге араб жазуы (төте жазу) ислам дінімен қатар келді. Латын және кириллицаны Кеңес үкіметі енгізді. Мұндағы мақсат – алфавитке көшу арқылы қазақ халқымызды рухани есеңгіретіп, халықтық болмыс, ұстанымдарынан айырып, мәңгүрт етіп алдарына салып айдап өз дегендерін жүзеге асыру еді.

«Ресей тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, үкіметке онан артық іс болмас» деген Ахмет Байтұрсынұлының 1914 жылы жарық көрген «Қазақ» газетіндегі жанайқайы бекер емес-ті.

Кеңес үкіметінің орыстандыру саясаты мақсаты терең, ауқымды қарқынмен жүзеге асырылды.Нәтижесінде, орыс тілі өмірдің көптеген салаларында жалғыз ғана тіл болып, ұлттық тілдерді ығыстырды.
Сондықтан кеңес үкіметі құрамындағы қазақ, өзбек сияқты басқа да түркі халықтарының санасында кириллица мәжбүрлеумен және зорлық-зомбылықпен байланыстырылады.

Қазіргі сөз болып жатқан қазақ алфавитінің кириллицадан латын әліпбиіне ауыстыру мәселесін  отарсызданудың бір маңызды қадамы, отарлаушылардың зорлап таңылған алфавитінен арылу, еркіндік алу деп түсінемін.

2-студент : «Латын алфавитіне көшу — заман талабы» – деп ойлаймын. Латын әліпбиіне көшу саясатын Елбасы бекер бастап отырған жоқ. Мұның тиімді жақтары өте көп. Себебі әр ұлттың өзіндік бірізділігі, ерекшелігі ең бастысы оның тілімен белгіленеді. Сондықтан тілдің дамуы, өркендеуі қандай болса да  өте маңызды.

Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі тіліміздің әрі қарай жаңғыруына жақсы ықпал етері сөзсіз. Себебі латын әліпбиіне көшу арқылы біз психологиямызды орыс тіліне деген тәуелділіктен босатамыз деп ойлаймын.  Сондықтан мемлекеттік тілдің латын әрпіне көшуі – заман талабы. Бұл мәселені көтеру – Президентіміздің көрегендігін көрсетеді. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» – деген болатын. Ендеше орыс тіліне жалтақтай беріп қарайтынымыз да осы кертарпаның бірі деуге болады. Бұл жолда латиницаға көшу – тиімді әрекет. Ол біздің ұлттық кодымызды сақтап, ұлт ретінде дамуымызға жол ашады.

3-студент: Қазіргі таңда қолданыста жүрген жазу үлгілері аз емес. Солардың ішінде  латын әліпбиін дүние жүзі елдерінің көбісі қолданатыны деректерден белгілі. Латын әліпбиі бізге таңсық емес, себебі ол біздің қоғамға әлдеқашан еніп кеткен. Оны еліміздегі кез- келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал, «латынның бізге берері не?» дегенде, толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Мысалы, «Үштұғырлы тіл» саясатын жүзеге асыру бағытында ел бойынша ағылшын тіліне көп назар аударылып келеді. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру дегеніміз – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу дегенді білдіреді. Оған қоса, ағылшынша білсең – әлемдегі ең үздік, ең беделді жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндігің мол. Осы орайда, латын әліпбиіне көшуді шет тілдерін жоғары дәрежеде игерумен байланыстыруға болады. Енді «Не үшін латын әрпіне көшуіміз керек?» деген сауалға жауап іздер болсақ, латын жазуы қазаққа бұрыннан таныс, қолданысқа оңай, игеруге ыңғайлы. Оған қоса, жаратылыстану ғылымдарында да оның қолданыста дәлділігі мен ептілігін дүниежүзінің өмір тәжірибесі дәлелдеді және бұл әліпби ақпараттық- технологиялар саласын дамытуға септігін тигізері сөзсіз.
Латын әліпбиін қолдану- озық техника мен компьютер тілін меңгеруге жол ашады дегеннен бөлек, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтеді, шет елде жүрген қандастарымыздың осы жазу арқылы қазақ жеріндегі барлық жаңалықтан хабардар қылады деген де әңгімелер айтылып жүр. Мүмкін, бұл бастама,  шынымен, еліміздің  әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену жолына ашылар есік болар деп ойлаймын.

4-студент: Латын әліпбиіне кіру- әлемдік ғылыми, тілдік кеңістікке кіру үшін қажет. Бұл басқасын айтпағанда, түркі халықтарына ортақ әріп. Сонымен қатар, әріп қолданысы қазақ тілінің фонетикасына үйлесімдірек болып табылады. Біз, әлемдік ғылым мен технологияны, экономиканы игеру үшін ағылшын тілін үйреніп келеміз. Латын әліппесі сол тілді игеруге негіз, тиімді алғы шарт болары сөзсіз. Халықаралық терминологияны алыңыз, немесе медицина мен басқа ғылымдар тілі көбінесе латынша жазылады.

Менің пікірімше, ынтасы бар адамға бұл әріпті үйренудің еш қиындығы жоқ, соның ішінде жоғары білімді немесе шет тілін білетін адамдарға.   Алысқа бармай- ақ қоялық, қазір көп адамдар әлеуметтік желілерде отырады. Сонда отырып- ақ, өзара  латынша жазуды үйрене берсе де болады.

 

5-студент: Менің  ойымыша, латын алфавитін меңгере алу-алмау қорқынышы, қазақ тілін білу деңгейі және көпшіліктің ұлттық санасының орыс тілі, сонымен қоса кириллицаға тәуелділігі мәселесі.

Латын алфавиті жайлы Уикипедия: «Неміс, француз, ағылшын, испан, итальян тағы басқа роман және герман тілдерінің жазбаша негізі болып табылатын қазіргі заманғы латын әліпбиі 32 әріптен құралған», деген мәлімет береді.

«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес», — жазады Н.Ә. Назарбаев мақаласында. Шынымен, заманауи құралдар: компьютер, ұялы телефон, т.б. нәтижесінде ағылшын тілі әр-қайсымыздың үйімізге кеңінен кіріп жатыр. Сонымен қатар, қазіргі еңбектеніп жатқан 50-60 жас аралығындағы қызметкерлердің көбі кезінде мектепте болсын, ЖОО оқыған шағында ағылшын, француз немесе неміс тілі бойынша қарапайым білім иеленді, сондықтан оларға да латын әріпіне көшуге қиындық туғызбайды.

Міне, топ студенттері бұл қоғамдық талқылау шарасына   белсене қатысып, латын әліпбиін қолдау өз болашақтарын қорғаумен пара-пар екенін жеткізді. Дәйекті фактілер келтіріп, латын әліпбиіне көшу білім мен ғылымның қайнар бастауына үлкен жол ашатын мүмкіндік деген шешімге келіп, рухани жағынан танымдық тәрбие ала білді.

Қорыта айтқанда жаңа заманда өмір сүріп, білім алу еңбек ету, белгілі бір мамандықты игеру адамның белсенді іс- әрекеттері мемлекеттік тіл мен ағылшын тілінен оның жазуынан айналып өте алмайды. Сондықтан латын әріптері өркениеттің жазуы ретінде өмірдің өзі талап етіп отырған басты қажеттіліктердің бірі.Әліпбидің нұсқасын жасап, жүйелі түрде үлкен саяси шешіммен, жігермен іске асыратын болсақ, қазақ ұлты тіл тұғырынан таймайды. Сондықтан, латын әліпбиіне көшу ұлттық санамыздың жаңғыруына үлкен септігін тигізеді деп ойлаймыз.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *