«Татулық достық кілті»

Сайлау Шынар
«№22 негізгі орта мектеп-интернаты» КММ тәрбиешісі

Тәрбие сағатының мақсаты:
1. Оқушыларға  достық туралы әңгімелей отырып, достар, достық  деген мағлұматтарды ой қозғау стратегиясын пайдалана отырып, оқушыларға сұрақ қою арқылы жан-жақты ойлауға үйрету.Оқушыларды өзіндік жұмыс істеуге, ізденуге үйрету.
2. Оқушыларды адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелеу, өзімшілдік және басқа жаман әдеттеден аулақ болуға үйрету.
3. Оқушылардың адамгершілік қасиетін, бір-біріне деген достық сезімдерін нығайту.
Көрнекіліктер: көрнекілік, слайд, қима қағаздар
Тәрбие сағатының түрі: сұрақ – жауап, тренинг, ойын
Тәрбиеші:

– Сәлеметсіздер ме құрметті оқушылар! Бүгінгі тәрбие сағатымыз өте ерекше, ерекшелігі біздің сабағымызға қонақтар  қатысады.

Балалар бүгінгі біздің тәрбие сағатымыздың тақырыбы: «Біз бәріміз біргеміз» деп аталады.

Ал енді балалар біз бәріміз бірге болу үшін қандай болуымыз керек? Қалай ойлайсыңдар? Сендер өз пікірлеріңді еркін айтыңдар. (Слайд-3)

Балалар, сендер дос болу деген не екенін білесіңдер ме?
Ойын: (Слайд-4)

Балалар мен сендермен бір ойын ойнаймын. Ойынға отырған барлық оқушылар қатысады. Бұл ойын сендердің ұзақ уақытқа дейін еске сақтау қабілеттеріңді анықтайды. Мен 2 – 2 – ден тұратын сөздер айтамын, мұны қайталап айтпайсыңдар тек қана екінші сөзін естеріңе сақтап алыңдар. Мен сендерден сұрағанда бірінші сөзін өзім айтамын, сендерекінші сөзді айтасыңдар.

Қыз – ақылды,  екеуі – достар, мектеп – сәлем, оқушылар – тату, бала – адал, еңбек – бірлік. Ол сөздерді сабақ соңында  сұраймын.

Ендеше мына көріністі тамашалайық.

Сахналау: «Ырыс алды ынтымақ» аңыз әңгіме (Слайд-5)

Автор: Баяғыда бір ақылды қария болыпты, оның тоғыз ұлы бар екен. Бірақ балалары әкесінің ақылын тыңдамай әр қайсысы өз бетінше жүріп тұрады. Олардың бұл қылығын жұрт күлкі етеді. Бұдан әбден шаршаған қария балаларын шақырып алып.

Қария: Қане балаларым күштеріңді сынап көрейік, мына тобылғыны тобымен сындырыңдар.

Балалар: Жақсы, күш сынасып көрейік

Қария: Тобылғының бауын шешіп, ал енді бір бірлеп сындырыңдар.

Балалар: Жарайды әке.

Қария: Мен балаларым сендердің келешектеріңді ойлап қапа боламын. Жауларың көп, татулық ынтымағың жоқ болса, дұшпандарың сендерді жаңағы жалғыз тал тобылғыдай бырт бырт сындырады. Ал буылған тобылғыдай бірлікте бірлікте болсаңдар, сендерді ешкім сындырмақ түгіл, майыстыра да алмайды. Менің айтарым  осы.

Автор: көп ұзамай қария дүниеден өтеді. Балалары ақылға келіп, бірлесіп тіршілік етіп халыққа үлгі көсеткен екен.

Бұдан қандай қорытынды жасауға болады?

Ал енді оқушылар бұл көріністен қандай үлгі алуға болады?

Кімнің іс әрекетін дұрыс деп санайсыңдар?

Достық туралы өлеңдер оқу: (Слайд-6)

Дарын:

Нағыз достар бір – біріне ұнаған.
Қиындықта бірін – бірі сынаған.
Мүмкін емес доссыз емес өмір сүруде,
Сүйеу болар шақтарыңда құлаған.

Аида:

Досы үшін дос көнеді бейнетке,
Дос деген сөз ең қадірлі жер – көкте,
Жақсылардың айрылмас досы көп.
Қолын берген қиыншылық кездессе.

Айдана:

Түсіне білген адамға достық қымбат,

Бірге ойнап, күлген жастық қымбат.

Ал егер досы жоқ адам болса,

Ол адамға өмірдің несі қымбат?

Жанерке:

Достық

Ортақ мекен жер шары,

Төбемізде бір аспан.

Барлық ұлттыңбаласы,

Достығымыз жарасқан.

Ақерке:

Ортақ бізге бір Отан,

Ортақ жердің байлығы.

Еңбек ортақ, жыр ортақ,

Ортақ бізге барлығы.

Диляра:

Туыспыз біз бәріміз,

Біз Отанды сүйеміз.

Бақытты елде туған соң,

Бақытты өмір сүреміз.

Жағдаяттарды шешу  (Слайд-7)

Ø Сен бүгін көшеде асығып жүріп досыңның анасын көрмей қағып кеттің? Не дейсің?…

Ø Сен белгілі себеппен бір күн сабақтан қалып қойдың. Ертеңіне сабаққа келсең, сенің досың басқа сыныптасыңмен дос болып кетіпті. Сен бұл жағдайды қалай қабылдайсың?…

Ø Сырым мен Дана дос болатын. Бірде Сырымның лақтырған добы Дананың басына тиді. Сырым добын домалатып, теуіп ала жөнелді.

Дана мен Сырымды шын дос деп айтуға бола ма?

Олардың  достықтары қалай жалғасады деп ойлайсың?

Оқушылардың жауаптары тыңдалады

Сергіту сәті «Бақытты балалық» әні (Слайд-8)

Ойын: (Слайд-9)

Балалар мен сендермен тағыда ойын ойнаймын. Ойынға 4 оқушы шығады. Бұл ойынның мақсаты сендердің жылдам еске сақтау қабілеттеріңді тексеру, ал  шарты суреттерге сөйлем құрастыру. Мұнда өздеріңе берілген суреттерге екі – екіден сөйлем құрастырасыңдар. Бір – біріңнің құрастырған сөйлемдеріңді  мұқият тыңдаңдар, өйткені оны қайталап айтасыңдар.

Қорытынды:

Сөзжұмбақ шешу (Слайд-10)  флипчартта берілген сөзжұмбақты шешесіңдер (бұл сөзжұмбақтың жауабы алдында  айтылған сөздердің екіншісі, ол сөзді кім жаттады?)

Адамдардың бір-біріне деген ең қымбатты сезімдерінің бірі – достық.  Ал адамдардың бойындағы ең игі қасиеттердің бірі- достаса білу. Адамдар қарым-қатынасындағы аса бағалы құндылық- достық. Сол себепті, балалар, әрқашанда дос болайық бәріміз! (Балалар хормен айтады)

Достық бізге тым ыстық,
Бірлік – байлық, ырыс – құт.
Жарқырасын күніміз,
Жаса, жаса тыныштық!

Жер шарының айналасына оқушылар алақандарына достарына тілек жазып жапсырады. (Слайд-11)

Рефлексия: Оқушылар бүгінгі сабаққа қалай қатысқанына көршілес оқушылар бір-бірін бағалайды. Олар бір-біріне екі жұлдыз, бір тілек айтулары керек.

Мұғалімді бағалау: бүгінгі алған білімдеріңнің өздеріңе қай жерінде қажеті көп оны сандыққа, түсінбегенін ет машинаға, керексізін себетке салады. Мысалы өз ойларын айтуға болады.

Leave a Reply

Your email address will not be published.