Критериалды бағалау – сапаға жетудің тиімді түрі


Тимирбекова Кулпаш Сейтмагамбетовна

Рудный қаласы әкімдігінің “№7 мектеп-гимназиясы” бастауыш сынып мұғалімі

Тәуелсіз елді өркениетті әлемге танытатын, дамыған елдер қатарында терезесін тең ететін күш –  білім және білімді ұрпақ. Сондықтан да Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің  дәстүрлі Жолдауларында білім саласына айрықша көңіл бөліп, еліміздің жарқын болашағы білікті де парасатты  шәкірттеріміздің қолында екенін назардан тыс қалдырған емес.

Иә,  ұстаздық жолымда  “Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес, далаға” деген педагогикалық  ұстанымды жаныма  серік етіп келемін. Яғни,  мен  үшін оқушы білімін бағалауда мүлдем жаңа бағытта жұмыс істеу қажеттілігі туындады. Осы қажеттілікті шешу жолдарының бірден –бір жолы оқушы білімін критериалды бағалау  жүйесі бойынша сараптау.  Критериалды бағалау жүйесінде ең маңызды нәрсе – оқу процесінің өзі, сол арқылы оқушы өзін-өзі бағалауды үйреніп, өз білімінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп, әрі қарай қалай даму керектігін түсінеді, яғни, бұл жүйеде оқушының қалай жұмыс жасағаны, қалай ойланғаны бағаланады.

Бағалауды өткізу үшін, оқушылардың нені білетіндігін және не істей алатындығын анықтау қажет. “Кембридж”  біліктілікті арттыру курсын  аяқтамасам да, өзгермелі заманның легіне ілесіп, критериалды бағалауға байланысты 4 «Ә», 4 «Б» сыныптарынан сауалнама алдым. Мақсатым  оқушылардан бағалаудың қандай өлшем бірлігі тиімді екенін білу. Нәтижесінде оқушылардың басым бөлігі  он балдық, ауызша, рейтиндік бағалаудың болғанын қаласа, 2 оқушы ғана  критериалды арқылы бағалауды қажет етеді екен. Міне, осы сәттен бастап критериалды бағалау түрін тәжірибеме енгіздім. Алғашында сәтсіздеу жері бірін – бірі бағалау барысында тым асыра бағалау  көрініс тапты.

Дегенмен  “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деген қағиданы ұстана отырып, шәкірттерімді әділ бағалауға  баулыдым.  Әсіресе, әдебиеттік оқу сабағында өлең шумақтарын жатқа айтуда сахналық мәдениет, дауыс ырғағы, сөз мәнері  т.б  ұпаймен бағалап, әділ баға алуына жағдай туғыздым. Оқушы өзін – өзі реттей отырып, өз білім деңгейін анықтап, өз білімін басқалармен салыстыруды үйренді.  Шәкірттерім арасында “Мен жаңа тақырыпты қандай деңгейде меңгердім?”, “Қаншалықты белсенділік таныттым?”, “Өз ойымды жеткізе алдым  ба?” деген сұрақтар туындап, әділ баға алғандарына іс – әрекет үстінде  көзі жетті.

Міне, бағалаудың кез – келген тәсілдерін кеңінен қолданған  сәтте ғана әрбір әріптесім үлкен жетістікке жететінін түсіндім. Топ жұмысын критерийлермен бағалау да жұмыстың нәтижелілігіне және оқушылардың өзара бағалау арқылы өз пікірлерін ортаға салуына мүмкіндік берді. Өз пікірін еркін айту, өзгелердің жұмысына өзіндік бағасын беру өмірге бейімділіктерін арттырды.

Бұл өзгерісті «Республика рәміздері» тақырыбында ашық сабақта  критериалды бағалау түріне еркін үйренгенінен байқадым. Қазіргі таңда үшінші  сыныпта сабақ беремін. Бағалау жүйесін  кеңінен  пайдалану барысында олар осы кезден бастап, бір – бірін әділ бағалауға дағдылануда. “Айжан не үшін 3 алды, Марат не үшін 5 алды” деген сұрақтарға бірлесе жауап іздеуде. Әрине, бұл  үшінші сынып сынып үшін үлкен жетістік. Осы жылдар арасында өз тәжірибемде критериалды бағалаудың  өте ұтымды екеніне көзім жетті. Өйткені,  бастауыш саты – жеке тұлғаның бойында адалдықты, шығармашылыққа баулитын салғашқы саты. Ендеше, шәкірті жүрегіне адалдық дәні өз еңбегін адал бағалаудан басталатыны анық.

Критериалды бағалау жүйесінің тиімділігі:

  • заман талабына сай бәсекеге қабілетті, білімді, іскер, ойлау жүйесі дамыған, логикалық тұжырым жасауға бейім, еркін ойлай алатын жеке тұлғаны қалыптастырады;
  • жеке жұмыстар жүргізу арқылы білім дәрежесін, ой-өрісін әрі қарай дамытады;
  • оқушылардың білім сапасын арттырады;
  • оқушының тұлғалық бағытын белсенді позициясына бағыттауға мүмкіндік беретін бірден-бір бағалау жолы;
  • тұлғаны өзіндік жауапкершілікке, тұғырлы нәтижеге, бағытқа жеткізетін, шығармашыл бағалау жүйесі.

Қазіргі таңда  біздің мектептің ұжымы да заман талабына сай бейімделіп,  оқушы білімі – қалыптастырушы және жиынтық бағалау негізінде  бағалануда.   Сабақта қалыптастырушы бағалауды жүйелі өткізу –  жиынтық бағалаудың  нәтижелі,сапалы болуының баспалдағы екені анық.

Жиынтық бағалау тоқсан соңындағы оқушы білімінің жетістігін саралайтын жұмыс, ендеше осы жұмыстың  бастауы негізі  қалыптастырушы бағалауда қаланады. Қалыптастырушы  бағалау жұмысы сабақтың толық бөлігін қамтуы міндетті емес. Оны сабақтың басында , сабақтың ортасында, сабақтың соңғы бөлігінде жүргіземін. Уақыт көлемі  тапсырма деңгейіне сәйкес  5-10 минут  болуы мүмкін.

Критериалды бағалау  бүгінгі білім беру жүйесінде зор маңызға ие.  Өйткені қазір оқушылардың білімділігі ғана басты рөлде емес, басты рөлде оқушының құзіреттілігін, оның жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту, қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынасу, өзін-өзі дамыту, өзіндік білімін көтеру сияқты мақсаттар қойылған.    Критериалды бағалау сабақтың өн –бойында жүзеге асып отырады. Алдымен топтық жұмысты бағалауда өте тиімді. Өйткені топ жұмысын критерийлермен бағалау жұмыстың нәтижелілігіне және оқушылардың өзара бағалау арқылы өз пікірлерін ортаға салып, еркін жеткізуіне алып келеді. Сабақ процесінде өтілетін тақырыпқа байланысты немесе топқа орындауға берілген бір тапсырмаға табыс критерийін  құруға болады.  Табыс критерийі – нәтижеге қол жеткізудің ең тиімді жолы. Табыс критерийін дайындап, берілген тапсырма орындалып болған соң, топ мүшелері өз есімдерін жазып, әрбір критерий бойынша өздерін бағалайды. Жұмысым жүйелі болу үшін табыс критерийінің бірнеше үлгілерін дайындап жүрмін. Сабақ барысында дайын үлгілерді топқа ұсынып, бірлесіп критерий құруын тапсырамын. Оқушылар алдымен топта ақылдаса отырып, өз ойларын ортаға салады. Сонан соң сынып оқушыларымен түгел бірлесе отырып критерийлерді нақтылап аламыз.                       

Ойымды түйіндей келе, формативті бағалаудың мынадай әдіс – тәсілдерін  әріптестеріме ұсынбақпын: Бағалаудың тиімді әдіс тәсілдерінің түрлері көп ,ол мұғалімнің шеберлігі мен фантазиясына байланысты тәсілдерді ұсынуға болады. Таңбаларға байланысты бағалау,түстерге байланысты ,бастауыш сынып оқушылары үшін  телефон маркалары арқылы, табиғат құбылыстары арқылы (күн “5”, бұлт”4″ жауын “3”), арнайы құрастырылған критерийлер арқылы, геометриялық фигуралар арқылы (бес жұлдыз  “5” , шаршы “4”, үшбұрыш “3”), т.б. Сонымен қатар,  ыстық орындық, өрмекшінің өрмегі, серпілген сауал, орта ішіндегі орта, Карусель әдісі … “Бағалау ағашы” арқылы оқушылардың қай тұста тұрғанын анықтап, төмен белгілеген оқушының себебін “Сұрақтар бар қорапқа ” салып себебін. сабақтың қай кезеңін  түсінбегенін біліп алуға болады.

Өзін-өзі бағалау, бірін-бірі бағалау, топтық бағалау, топбасшының бағалауы,бір топтың мүшелері екінші топтың мүшелерінің жұмысын бағалау,топ мүшелері: спикер арқылы оқушылардың мәнерлі сөйлеуін бағалау,  сабақ барысында уақытты дұрыс қолдануды бағалау, дизайнер арқылы орындалған жұмыстарды эстетикалық жағынын бағалау.

Сабақ үрдісінде формативті бағалау (қол шапалақтау, жұлдызша беру)  ынталандыру мақсатында жүзеге асып отыратын сабақтың негізгі бөлшегі болып саналады. Яғни, тәжірибем барысында критериалды бағалау артықшылықтары: оқушы нақты не мақсатта жұмыс істеп отырғанын біледі, оқушыға өзінің білімділік деңгейі анық көрініп тұрады, білім берудің сапасы артады. Ендеше, заманмен қоса жаңарып,  дәстүрлі бағалаудан арылып, жаңа заман көшіне ілесе берейік!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *