Сын тұрғысынан ойлау технологиясы арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың тиімді жолдары


 Оспанова Гүлнұр Елубайқызы
 «Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің №16  орта мектебі» ММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында анық көрсетілген. Функционалдық сауаттылық дегеніміз- адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, жасына қарамай үнемі білімдерін жетілдіріп отыруы.  Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның физикалық құбылмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады.

Мұндағы басшылыққа алатын сапалар:

-белсенділік;

-шығармашылық тұрғыда ойлау;

-шешім қабылдай алу;

-өз кәсібін дұрыс таңдай алу;

-өмір бойы білім алуға дайын тұруы болып табылады.                                                                                Бұл функционалдық дағдылар мектеп жасынан  қалыптасады.

Сабақ барысында оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылатын технологиялар баршылық. Солардың бірі «Сын тұрғысынан ойлау технологиясы». Сын тұрғысынан ойлау технологиясының стратегиялары  оқушыларды тынымсыз ізденімпаздыққа баулиды. Баланың еркін де терең ойлауына, үздіксіз жұмыс жасауына жол ашады.

Сын тұрғысынан ойлауды үйрету үшін мына төменгі шаралар орындалуы шарт:

1) сын тұрғысынан ойлауды тудыру үшін уақыт керек;

2) оқушыларға ойланып-толғануға, ойын ашық айтуға рұқсат беру;

3) әртүрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау;

4) үйрену барысындағы оқушылардың белсенді іс-әрекетін қолдау;

5)кейбір оқушылар түсіп қалған қолайсыз жағдайларды әжуаға айналдырмау;

6) оқушылардың бір-бірінің жауабына жасаған сынының дәлелді, дәйекті болуын талап ету;

7) сын тұрғысынан ойлауды бағалау.

Сыни ойлау сабағының құрылымдық формуласы 3 кезеңнен   тұрады:

I.Қызығушылығын ояту ( «көпір жасау», ой қозғау) – қызу оқу жұмысымен шұғылдануда қызығушылықтың оянуы. Бұл кезеңде мұғалім бұрынғы білетін білімдерін жаңа материалмен ұштастыруға жағдай жасайды. Сабақтың мазмұнына сай алынған стратегиялар арқылы оқушылардың ойы шыңдалып, ашылады. Сабаққа белсенділігі, ынта – жігері артады. Бұл кезеңде мұғалім жаңа ақпаратты таныстырады.Тақырып бойынша жұмыс жасауға итермелейді.Таңдап алынған стратегияларға байланысты өз бетімен білім алуға көмектеседі.

ІІ.Мағынаны таныту ( мағынаны ажырату) —  оқып жатқан тақырыптардың қажетін түсіну. Мағынаны тану кезеңі негізгі кезең сондықтан оқылып жатқан материалдың қажеттілігін түсіндіреді.

III. Ой-толғаныс (рефлексия, жаңа білім құрастырылады) – тұжырымға келу, қорытындылау, жаңа білімді бекіту. Бұл бағдарламаның қорытынды үшінші кезеңінде үйренгенін саралап, салмақтап ой елегінен өткізеді, білімді бекітеді. Оқушылар осы кезеңде өз шығармашылықтарын көрсете алады. Өзіне және сыныптастарына сын көзбен қарайды. Өздерін бағалайды. Оқып, білгендерін таразылайды.

СТО — дамыту сабақтарының мақсаты біреу нақты сабаққа байланысты.  Міндеттері үш түрлі болады. Олар: мазмұнға байланысты, СТО -ды дамытуға байланысты, топпен жұмысқа байланысты. Сабақ құрылымы үш кезеңнен тұрғанымен, ондағы қолданылатын стратегиялар ауыса береді. Ал, кейбір стратегиялар кезеңге нақты арналған. Сол себептен, орнымен пайдаланған ұтымдырақ болады. Сабақ кезеңдеріне байланысты қолданылатын стратегияларға тоқталып өтейік:


Cабақ кезеңдері
Қолданылатын стратегиялар
1
Қызығушылығын ояту
Жоба әзірлеу, болжау кестесі, тірек сөздер, венн диаграммасы, Т кестесі, бір айналым күнделік, блум таксаномиясы, миға шабуыл, топтастыру,рөлдік ойын
2
Мағынаны тану кезеңі
Пікір — талас, аквариум, İNSERT, RAFT, ДЖИКСО, кубизм, презентация, геометриялық фигуралар, түртіп алу, жұпта талқылау, бағытталған оқу, талдау картасы.
3
Ой толғаныс кезеңі
Эссе(ой толғаныс),  пирамида, құндылық сызығы, Sinkuein немесе бес жолды өлең, түйін сөз, семантикалық карта, концептуалды таблица, бір айналым сұхбат.
Қызығушылығын ояту кезеңінде жаңа тақырыпты ашуға мүмкіндік беретін, оқушылардың  ой- өрісін кеңейтетін, ізденімпаздық қабілетін қалыптастыратын  стратегияның бір түрі- жоба әзірлеу. Оқушы  тақырыпты алдын ала қарастырып, өздігінен ізденіп, түсініп, игеріп, талдап, презентация үлгісінде дайындап жасап әкеледі. Қатысушыларға мектептен тыс  шығып, талқыланатын мәселе бойынша өз әрекетінің жобасын жасауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, топтың жұмысын не жеке орындаушының  өз жобасын қорғауда, басқалардың алдындағы өзінің артықшылығын дәлелдейтін және достарының пікірін білуге  мүмкіндігі болады. 10  сынып  оқушысы     «Ыбырай Алтынсарин – балалар әдебиетінің атасы» деген тақырыппен  жоба әзірлеп, сабақ барысында көрсетті.

Қызығушылығын ояту кезеңінде сабақта жиі қолданылатын стратегияларының бірі – Венн диаграммасы – бұл стратегияның мақсаты салыстыру, пайымдау. Екі зат немесе мезгілдің (объектінің) айырмашылығы мен ұқсастығы жазылады. Бір- біріне айқасқан екі немесе үш шеңбер.(тек шеңбер ғана болу керек деген қате түсінік) Екі жағына салыстырылады, ал айқасқан жеріне ортақ қасиеті жазылады.  Әдебиет сабағында Батыр Баян поэмасындағы кейіпкерлерге салыстырмалы түрде ой жазу керек болды. Оқушылар  топта орындап, өздерінің пікілердін ортаға салды. 11 сынып оқушысының талдауы

Рөлдік ойын-  бұл өмірлік жағдайлардың белгілі бір мінез-құлық немесе эмоционалдық жақтарын меңгеру ниетінде алдын-ала бөлінген рөлдер арқылы қатысушы топтардың сахналап ойнауы.Рөлдік ойындар шағын топтарда (3-5 қатысушы) жүргізіледі. Қатысушылар  рөлдерді бөледі, жағдайды ойнайды және барлық топқа ұсынады (көрсетеді). Мұғалім балалардың мінез-құлқын ескере отырып рөлді өздері бөледі.

Бұл әдістің артықшылығы, әрбір қатысушы өзін ұсынылған рөл жағдайында көрсетеді,  сол жағдайды айтарлықтай шынайы байқайды, әрекеттердің салдарын сезінеді және шешім қабылдайды. 11 сыныпта қазақ әдебиеті пәнінен Мұхтар Әуезовтың «Еңлік – Кебек» пьесасы тақырыбын өткенде оқушыларға үй тапсырмасы ретінде берілген көріністен үзінді.

Келесі басты кезең мағынаны тану кезеңі болмақ.Оқушыларға қызықты стратегияларының бірі- “Аквариум” – балаларға мәселені  “қоғам алдында” талқылауға ұсынғандағы диалог формасы. Шағын топ белгілі бір мәселе бойынша диалогты жүргізуге кімге сеніп тапсыруға болатынын таңдайды. Кейде тілек білдірушілер бірнеше болуы мүмкін. Қалған барлық оқушылар көрермен рөлін атқарады.  11 сыныптың   оқушысы Мағжан Жұмабаевтың атынан сөз сөйледі. Сол кісінің кейпінде болып, көрермендердің сұхбатына бірінші жақта жауап беріп отырды. Бұл баланың ойын жеткізуде мұқият ойланып сөйлеуіне, сөз саптауына   септігін тигізеді.

Әдебиет сабағында оқушылардың шығармашылық қырларын ашу, оқушылардың бойындағы ашылмаған қабілеттерін  білу, оны ары қарай дамыту  мақсатында РАФТ   стратегияны қолданған жақсы. Оқушы қандайда бір объектіні алып, сол рөлге еніп өз ойын жазады. Бұл стратегияны қолдануда бала сол зат туралы ойын жазба түрде, бірінші жақта хабарлайды.    Оқушы жұмысқа кіріспес бұрын мәтіннің мазмұнын жетік түсінуге тырысады, ол үшін оны бірнеше қайтара оқып, ой елегінен өткізеді. Рафт оқушылардың тілін дамытады, қиялын өрбітеді, өз ойларын қағаз бетіне түсіру арқылы эссе жазуға жетелейді, ресми іс қағаздары жөнінде түсініктері қалыптаса түседі.11 сыныптың оқушылары әдебиет сабағында Мағжанның образына еніп,  шығарманың тақырыбынан алыстамай, ішкі ойымен байланыстырып, Мағжанның өз бауырларына және анасына арнап жазған хат үлгісіндегі   жұмыстарын ұсынды.

Осы кезеңнен алыстамай  тілде де, әдебиетте де презентация стратегиясын қолдану балалаларды ұйымшылдылыққа, бір- бірін  тәрбиелеуге жетелейді. Ұяңшаң келген оқушылар ашылып, өз білгендерін ортаға салып, тілдесіп, жақындаса түседі. Бір – бірін алып жүруге, үйретуге итермелейді.Өз ойын қорғауға, өзгенің пікірін тыңдап машықтануға төселдіреді. Бұл стратегияда оқушылар топтарға бөліне отырып, өздеріне бөлінген, не берілген сұрақтарға байланысты тақтаға немесе плакатқа сурет, кесте  құрастырып, оны қорғайды. Бұл жұмысты орындауға және әрбір топтың қорғауына белгілі уақыт беріледі. Оқушылар өз жұмыстарын орындау кезінде мұғалім әрбір топтың жұмыстарын қадағалап, кеңес беруі тиіс. Әрбір топ өз жұмыстарын қорғаған соң басқа оқушылардың сұрақ қоюларына құқығы бар. Бұл әдіс оқушылардың ойлау, қиялының дамуына, материалдың есте берік сақталуына ерекше ықпалын тигізеді. Осы стратегияны қазақ тілі сабағында 10 сыныпта қолданған болатынмын. Сабақ қызықты әрі тартысты өтті.

Үшінші ой толғаныс кезеңінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын  қалыптастыратын келесідей стратегияның  бір түрі ой толғаныс стратегиясы – тақырыпқа сай оқушы өз ойын қорыта және жинақтай отырып, ой-толғанысын жазады. Оқушы өз бетімен жеке жұмыс жүргізеді. Эссені 5-10 минут ішінде тоқтамай жазады. Бұл әдісте оқушы бала өз ойын еркін жеткізе білетін болады. Өмірде кездесетін жағдайларға, оқиғаларға саналы, ойлы қарауға үйренеді. Сабақтың аяғында «Мағжан – сыршыл  ақын» тақырыбында оқушыларға ой толғау жазғыздым.

Оқушының шығармашылық қырын танытатын тағы бір стратегия Sinkuein немесе бес жолды өлең стратегиясы – оқушы берілген тапсырма бойынша өлең құрастырады. Бұл жұмыс түрі оқушыны ойландырады, поэзияға шабыт береді,  шығармашылыққа баулиды, ізденіске жол ашады.

Мұғалім бұл жүйемен жұмыс жасағанда, үнемі оқушы санасында болып жатқан өзгерістерді бақылап, оның дамуын жан- жақты зерттей отырып, өз сабақтарын соған сай өзгертіп отыруы тиіс. Сын тұрғысынан ойлау технологиясын қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында қолдана отырып тұлға қалыптастырудың тиімді жолдары  көп екенін түсіндім. Қоғамның дамуы жас ұрпақтың меңгерген білімі мен машықтық қалыпқа түскен іскерлік дәрежесіне байланысты. Ұлтты ұлт етіп дүниежүзілік деңгейге көтеретін оның саналы да дарынды, талантты ұрпағы. Ал білімді ұрпақ, болашақ ел тірегін тәрбиелейтін, оқытатын- ұстаздар екені аян. Ендеше заман талабына сай оқыту, білім беру, модернизация деңгейіне жеткізу- біздің  тікелей міндетіміз болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *