Алаш әдебиетіндегі ұлт – азаттық идеясы


Қалибекова Шырын Қайырғазықызы
«Семей қаласының Д.Қалматаев атындағы мемлекеттік медицина колледжі» КМҚК “Мейіргер ісі” 
Жетекші: қоғамдық пәндер мұғалімі Есентаева Алуа Серікқазықызы

Кіріспе

Алаш азаматтарының басым көпшілігі ұлт мүддесі үшін аянбай күрескен, сол жолда жандарын қиған ерлер. Олар өз жырларында барлық ерлерді бостандық, еркіндік, ел қамы үшін күресуге, бірігіп тізе қосуға, бір тудың астына бірігуге шақырған. Алаш зиялылары бастаған рухани мәселелер бүгінгі Қазақстанның тәуелсіздік мұраттарымен сабақтасып жатыр дегенде, олардың осы тақырыптар төңірегіндегі ойларының қазірде де өміршең екендігін аңғаруға болады. Осы идеяның сарынының бүгінгі күнде де исі аңқып тұрғаны белгілі. Қазіргі таңда жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы болып табылатын Мәңгілік Ел ұлттық идеясы ата-бабаларымыздың сан жылдардан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман –тұрмысы байқуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Міне, осы идея алаш әдебиетшілерінің де туындыларына арқау болған. Алаш зиялылары тәуелсіз мемлекет құрып, халқын бір кездерде уысынан шығарып алған азаттыққа жеткізуді армандады, сол үшін аянбай күресті. Тәуелсіздік идеясы қазақ халқының да ХҮІІІ ғасырдан бастап көкейкесті мәселелерінің бірі болды. Ресей бодандығын қабылдауға мәжбүр болған халықтың  тәуелсіздік уақыт өте келе қол жетпес арманына айналды. Сол үшін де халық талай ұлт-азаттық қозғалыстар мен көтерілістерге шығып, батырлары, ел қамын ойлаған азаматтары тәуелсіздік жолында өз өмірлерін құрбан етті.

Ұлтжанды, елжанды жақсы мен жайсаңдары ат үстінен түспей күн кешіп, түн қатты. Бодандық қамытын киген халықты озбыр отарлау саясатына қарсы топтастыруға Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жақып Ақпаев, Райымбек Мәрсеков, Халел Досмұхамедов және тағы сол сияқты өз заманынан ілгері кеткен, еуропалық деңгейде білім алып, ойлай білетін, алдыңғы қатарлы зиялылар ұмтылды. Ұлт зиялыларының алдында тәуелсіз қазақ мемлекетін жаңғырту, мәдениетті көтеру, оқу-ағарту ісін жетілдіру, жер, әйел теңдігі, дін тәрізді мәселелерді шешумен қатар қоғамды өзгерту сияқты асқақ арман тұрды. Ұлт зиялыларының ақындық сөздері қалың қазаққа арнал-ды, халқын ұйқыдан оянуға, елдің қазіргі күйіне көз салып, ілгері ұмтылуға, азаттық, бостандық жолына үндеді.

Ғылыми жұмыстың басты мақсаты: Осы ғылыми жұмыста ұзақ уақыт бойы аңсаған тәуелсіздік таңы, әдебиетшілеріміз жырлаған азаттық тақырыбына байланысты туған жырларды белгілі кезең шындығымен байланыстыра қарап, сипаттама беру мақсат етілді. Халқының бостандығы мен азаттығы, болашағы бақытты жолында жан сала күрескен, сол жолда құрбан болған алаш әдебиетшілерінің сан салалы асыл идеяларының негізі бүгінгі тәуелсіз Қазақстан идеяларының жүзеге асқанын баяндау.

Ғылыми жұмыстың әдістері:

Алаш әдебиетшілерінің ұлт-азаттық тақырыбына байланысты туған жырларының идеялық сипатын зерделеу;

Алаш әдебиетіндегі ұлт-азаттық тақырыбының қазіргі таңдағы мәңгілік ел идеясымен сабақтастығын саралау;

1 – тарау. Алаш әдебиетіндегі ұлт-азаттық идеясы

1.1.Алаш тұлғаларының көзқарасындағы үндестік

Қазақ әдебиетінің тарихын, көне дәуірден бүгінге дейінгі өткен жолын зер сала қараған адам сол дәуірдің бәрінде де жалғасып үзілмей келе жатқан бір ұлттық идеяны көреді. Ол–халықтың бірлігі, тәуелсіздік, ешкімге бодан болмай дербес ел болу идеясы. Сол арқылы халық өзінің намысын, биік мәртебесін қорғаған. Мұның тегі арғы түркі мұраларынан бастау алатыны даусыз. “Күлтегін” жырында кездесетін “әкеміз, ағамыз құрған халықтың атақ-даңқы өшпесін деп, түрік халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым” деген сөздер сол халық мүддесі жолына өмірін арнаған, жанын да қиюға дайын батырдың монологы. Осы ұлт мүддесі үшін ол сыртқы жаумен алысады, елінің тұтастығы мен бірлігін сақтауға тырысады.
ХХ ғасыр – қауырт қоғамдық құбылыстар мен метаморфозалар ғасыры. Тарихи ұлттық сана түлеп, жаңғырықты. Алаш тұлғаларының қоғамдық сананы біржолата жаңа белеске көтеріп кетуі әдебиеттің түбегейлі мүдделерін айқындап бергендей еді. Жаңа қаламгерлер, жаңа қоғам, ел қайраткерлері шықты. Саяси күрестің маңызы артты.
Ел болып бірігу үшін үлкен ортақ мүдде керек болды,ұлттық азаматтық тұтастыққа қол жеткізу керек болды. Осы орайда алаш ардагерлері, исі алаш қауымы бірі ағалық, бірі інілік жолмен «Алаш баласы» болып, туыстық жүйе құрды. Сондықтан да Алашорда үкіметі – елдіктің, мемлекеттіліктің белгісі, қазақ халқының ең басты «ескерткіші» деуге әбден болады.
Қазақ әдебиетінің тарихын, көне дәуірден бүгінге дейінгі өткен жолын зер сала қарасақ, сол дәуірдің бәрінде де жалғасып үзілмей келе жатқан бір ұлттық идея– халықтың бірлігі, тәуелсіздік, ешкімге бодан болмай дербес ел болу идеясы. Сол арқылы халық өзінің намысын, биік мәртебесін қорғаған. Мұның тегі арғы түрік мұраларынан бастау алатыны даусыз, «Күлтегін» жырында кездесетін «әкеміз, ағамыз құрған халықтың атақ-даңқы өшпесін деп, түрік халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым» – деген сөздер сол халық мүддесі жолына өмірін арнаған, жанын да қиюға дайын батырдың монологы. Осы ұлт мүддесі үшін ол сыртқы жаумен алысады, елінің тұтастығы мен бірлігін сақтауға тырысады [1.167].
XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті Абайдың ағартушылық, демократтық жолын ұстана отырып, оны саяси күрес идеясымен толықтырды, отаршылдықты, ұлттық езгіні айыптады, халықтың қараңғылыққа қамалып отырған күйін керіп күйініп, оны өнер-білім үйренуге шақырды. Орыстың ұлы революционер-демократы А.И. Герцен XIX ғасырдағы орыс әдебиетінің қоғам алдындағы еңбегін зор бағалай келіп, «бұл әдебиет саяси бас бостандығы жоқ елде жан ашуын айтатын бірден-бір трибунаға айналды» деген еді. Біздің әдебиетіміз де XX ғасыр басында осындай үлкен қоғамдық міндет атқарды. Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың осы әдебиеттің басы-қасында болуы», ұлт мүддесі жолындағы саяси күресті әдебиетшілердің бастауы – біздің әдебиетіміз үшін үлкен мақтаныш. Қазақ халқының патриархалдық мешеулікке байланып, орыс отаршылдығының езіп-жанушы күшейген тұсында қиналған халықтың жан ашуын алдымен осы екеуі айтты. Халқына жаңа сөз арнады. Бірі сөз тыңдауға салғырт надан халқының құлағына маса боп ызыңдап, екіншісі бар даусымен «оян, қазақ» деп жар салды, XX ғасыр басындағы қазақтың прогресшіл әдебиеті, оның қайраткерлері осы идеядан нәр алды. Халық бостандығы тақырыбына жыр жазған ақындардың барлығы да Ахмет пен Міржақыптың кең қолтығының астынан өрбіді. Отаршылдыққа қарсы күрес, елдің тәуелсіз даму жолына түсуі, алдыңғы қатарлы елдерге теңелу, оқу-білім үйрену, халық тұрмысының ауыртпашылықтарын ашына сөз ету бүкіл дәуір әдебиетінің ерекшеліктеріне айналды.
Ахметтің ақындығы 1909 жылғы Петербургте басылған «Қырық мысалдан» басталады. «Маса» (1911. Орынбор) кітабында заман жайлы ойларын көркем бейнелей отырып жеткізді. Ол ұлт тағдырын, оның бостандығы идеясын, қанау астындағы күйін шебер суреттеп, адам бойындағы азаматтық сезімді, намысты оятуға қызмет етті.
Бүкіл өзінің саяси-қоғамдық, ағартушылық және әдеби-публицистік қызметінде Ахаңның қасында болған идеялас жолдасы, сенімді досы және інісі Міржақып Дулатов еді. Бұл екеуінің өмірінде де ұқсас жайлар көп. Екеуі де орыс мектебінде білім алып, ауылдық мектептерде мұғалім болудан бастады. Елді оқу-білімге үгіттеп, патша әкімшілігінің зорлық-зомбылығына қарсы күреске дайындады. Екеуінің саяси-революцияшылдық қызметі де басталды. 1905 жылғы орыс революциясы күндері Қарқаралыда болған халықтық демонстрацияға, Оралдағы конституциялық-демократиялық партияның сьезіне қатысты. Міржақып сол съездің жұмсауымен 1906 жылы Петербургке барып, «Серке» атты қазақша газет шығаруға араласты. Газеттің 1907 жылғы бірінші санында «Жастарға» деген өлеңін бастырды, екінші санында «Біздің мақсатымыз» атты мақала дайындады. Онда Қазақстанда 1905 жылы демонстрация кезінде патша өкіметінің атына айтылған талап-сындар жазылғандықтан, газет конфескеленіп, таратылмай өртеніп кетті. Полиция күзетінің мәліметінде мақала «Қазақ халқын жергілікті және орталық өкіметке қарсы қою рухында жазылған» делінген.
Дулатовтың ақындық публицистік қызметі де осы тұстан басталады. 1909 жылы ол атақты «Оян, қазақ!» атты өлеңдер кітабын жариялады, 1911 жылы қайта басылған кітапты патша әкімшілігі конфескелеп, баспаға айып салды, авторын түрмеге жапты. Петербургтегі баспасөз істерінің кеңесшісі В.Д. Смирнов кітапты оқып отырып, оның мазмұнын «Серке» газетінің екінші санындағы мақалаға ұқсастық тапқан.
Осы сияқты қуғынға қарамастан, М. Дулатов өзінің әдеби-публицистік қызметін тоқтатқан жоқ. «Бақытсыз Жамал» атты роман (1910), «Азамат»(1913), «Терме»(І915) кітаптарын жариялады[1.231].
«Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған. «Қазақ» газеті болатын» деп М.Әуезов тегін жазбаған.
«Қазақ» газеті ұлт-азаттык қозғалысының бостандық үшін күрес идеясына ұласуына зор әсер етті. Алашорда кұрылған тұста тәуелсіз мемлекеттің идеологиясына негіз болған осы идеялар еді. Ахмет пен Міржақып идеясы елді оятты. Алдымен ойы бір, ақылы бір жас таланттар оянды. Олар ұстаздарының ісін жалғастырып алып кетті. С.Торайғыров, М.Жұмабаев, С.Дөнентаев, М.Сералин, С.Көбеев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов сияқты бірін-бірі толықтыра шыққан жастар тобы әдебиеттің жанрлық, тақырыптық ізденістерін байытып, қазақ халқы өмірінің шындығын кең көлемде бейнелеуге жетті. Елдің артта қалушылығын сынап шеней отыра, отаршылдық езгіге қарсы үн көтерді, тәуелсіздіктің туын биік ұстауға тырысты. Бұл салада Сұлтанмахмұттың таланты айрықша танылды. Ол Алашорда көтерген идеяның жауынгер жақтаушысы болды. Ұлт көсемдерінің соңынан еріп, қазақ халқына атар таң, келер жарық, сәуле, нұрды солардың есімімен байланыстырды. “Таныстыру” (1918) поэмасында “Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов… бірі – Күн, бірі – Шолпан, бірі Айым” деуінің де сыры осында. “Әлиханның Семейге келуі” (“Сарыарқа”, 1917. 30 қазан, 1З қараша) атты мақаласында Сұлтанмахмұт елдің “еңбегі сіңген ерін” күтіп алғанын суреттей келіп: “Ол ері – елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет көрген, басқан аяқ кер кеткен заманда жасымай алашына қызмет еткен, болса да қалың тұман, қараңғы түн, туатын бақ жұлдызына көзі жеткен, түймеге жарқылдаған алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, қайткенде алаш көркейер деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамед ұлы Бөкейханов еді”, – деп жазды. Осы сөздердің өзі-ақ Сұлтанмахмұттың Әлихан бастаған іске тілектестігін танытады. Ол Алашорда құрылған күндері “Алаш ұранын” жазып, патшаның құлауына, елдің автономия алуына қуана үн қосты. Сұлтанмахмұт шығармашылығы ақынның заман туралы үлкен толғанысынан туады. Әсіресе, оның романдары реалистік өнердің күшімен XX ғасыр басындағы қазақ елі өміріндегі қайшылықтар мен рухани сілкіністі кең бейнелейді. “Қамар сұлуда” ол қазақ әйелінің тағдырына үңіле отырып, ескі ауылды құрт аурудай есеңгіреткен, тоздырып бара жатқан қараңғылықты, әдет-ғұрыптың кертартпа жақтарын ашына сынай суреттесе, «Кім жазықтыда” қазақ қоғамы жайлы ойларын ел билігін ұстаған адамдардың әрекеті арқылы көрсетеді. Әжібайды жаңалық атаулыға бөгет болып, ескі тіршілікті бар күшімен қорғап отырған ауыртпалықтың шындық бейнесіне айналдырады. Ақынның “Шындықтың аулын іздеп шығуы да” заман, уақыт әсері[1.267].
Сұлтанмахмұтпен бірге Алашордаға қатысып, оған арнап өлеңдер жазған ақын Сәбит Дөнентаев еді. Оның өлеңдерінде қазақ халқының тағдыры мен ішкі өмірінің қайшылықтары терең қойылды. Ақын патшалық Ресейдің бодан халық жөніндегі саясатына сенімсіздікпен қарап, әкімшіліктің зорлық-зомбылығына қарсы үн көтерді. Ол өмір шындығын аллегориялық әдіспен, тұспалдау жолымен суреттеді. Заманның азулы мен тырнақтынікі екенін көрді. Адам төзгісіз тығырыққа тірелген халықты бірде-бір жағы өрт, бір жағы жар ортасында тұрған бейнеде, бірде биік таудың тасасына тығылған мүсәпір күйде бейнелейді.
Кез келіп арыстанның арбауына,
Тап болып қу түлкінің алдауына,
Бірі ойнап, бірі шындап итермелеп,
Тықсырды жердің биік жарлауына.
немесе:
Біз келдік биік таудың, панасына,
Жаһанның сыймай сахара даласына,
Құйын мен жел, дауылда аман-есен,
Биік тау, бізді сақтап қаласың ба?
Тынышты алып төбемізге тас құлатып,
Әлде өзің тырнағыңды саласың ба? –
деген жолдар Сәбиттің отаршылдыққа деген көзқарасын айқын танытады. Ақыры биік тау пана бола алмады, төбесіне тас құлатып, тырнағын салды. Қазақ биік жар мен өрттің ортасында қалды.
Дәуірдің негізгі оқиғаларына өзі куә болып, ой елегінен өткізген, елі мен жерінің тағдыры қатты толғантқан Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері бұл дәуірдегі қазақ әдебиетінде ерекше орын алады. Ол отаршылдық психологияға қарсы болып, қазақтың еркін өмір сүруін қалады. Оның өлеңдері ой еркіндігінен туатыны да осыдан.
Не көрсем де алаш үшін көргенім,
Маған артық ұлтым үшін өлгенім.
Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейер
Істей берсін колдарынан келгенін,
Мағжан отаршылдыққа қарсы түркі халықтарының бірлігін көтерді, шығыстың абыройын көкседі.
Бір күнде сенің иең түрік еді,
Ер түрік ен далаға көрік еді.
Отырса, көшсе, қонса, ерік еді.
Тұрғанда бақыт құсы бастарында
Іргесі жел – күн тимей берік еді,-
дейді ол “Орал тауы” өлеңінде.
Жүсіпбек пен Мұхтардың алашқа қатысы, тілектестігі бұрыннан белгілі. 1918 жылы Семейде Алашорда жұмысына араласып, екеуі “Абай” атты журнал шығарды, елдіктің, тәуелсіздіктің туын көтерген өлең, әңгімелер, мақалалар жариялады, Жүсіпбектің «Ұран», «Әскер марсельезасы» өлеңдері сол тұста жазылған. Олар қазақ халқының азаттық, тәуелсіздік жолындағы күресінің ұранына айналды. Патша құлағаннан кейінгі үмітін ақын Алашордаға артты.
Жүсіпбек пьесалары мен романдары қазақ халқының ел болуын, тәуелсіздік жолымен дамуын, оның оянып, есейіп келе жатқан жаңа адамдарын бейнелеу мақсатын көздеді. Ол шын мағынадағы европалық үлгідегі бірінші қазақ романын жазды, «Қартқожа» мен «Ақбілек» арқылы халық ішінен шығып, ұзақ өмір талқысынан өтіп барып жолын тапқан жас ұрпақтың өкілдерін көрсетті[3.107].
Ахмет пен Міржақыптың қазақ әдебиетіне әсері ақын-жазушылардың Алашордаға қатысуымен өлшенбейді. Олар көтерген ұлттық тәуелсіздік, бодаңдыққа қарсылық, халықты оқу-ағарту жолына тарту, ұлт мүддесіне адалдық XX ғасырдың әдебиетіне түгелдей осы идея арқылы тарады. Мұны біз сол дәуір әдебиеті өкілдерінің бәрінен табамыз.
Қазақ халқының отаршылдық езгі астындағы тағдыры жайлы ойлану Б.Майлин, Ғ.Қарашұлы, Н.Орманбетұлы, М.Көпейұлы сияқты ақындардың өлеңдерінде анық байқалады. Ахмет пен Міржақып көтерген идея оларға да ой салғаны даусыз, Бейімбет – «Қазақ» газетін оқып, соның идеясымен суарылып өскен акын. 1917 жылы патша тақтан түскенде ол:
Бұрынғыдай байың, жарын шашылма,
Бірлікпенен жұмыс атқар басыл да.
Азын-аулақ миың болса басында,
Партия, штат, дау-дамайды қой, қазақ, –
деп елдің бөлінбеуін қолдап өлең жазды.
Ахмет пен Міржакып шығармаларының идеясы ғана емес, реалистік дәстүрі қазақ әдебиетінің өмір шындығын шынайы бейнелеу мен образ жасаудағы ізденістеріне де мұрындық болды. Реалистік әдебиет дәстүрі қалыптасты. Ол заман шындығына, тәуелсіздік пен азаттық жолындағы күреске ұмтылған халықтың ой-санасына, арман-тілегіне сай дамыды. Қазақ қоғамының мешеу қалпында, халықтың қараңғылық пен надандығына сыншылдықпен қарау реализмнің сыншылдық бағытын өрістетті. Ауыз әдебиетінен ауысқан дидактикалық сарын азайып, көркем суреттер мен жанды бейнелер молырақ көріне бастады. Әдеби тілдің дамуы мәселелері күн тәртібіне қойылды. Бұл жайлар қазақ әдебиетінің озық дәстүрінің жалғасуын, Ахмет пен Міржақып бастаған жолдың өміршеңдігін дәлелдеді. Жаңа әдебиет азаматтық рухтың биіктігін, гуманизм мен демократтық көзқарасты, Отан сүюшілік пен туысқандық идеяларын жырлаушы болды[1.234].
1.2. Азаттық жырлардың ақтаңгерлері

Бүгінгі ұрпақтың кешегіні білуі, бағалауы ұлтымыздың болашағы үшін қажет. Соның ішінде, халқымыздың рухани өміріндегі ең қасиетті мол қазына алаш арыстарының мұралары. Алаш зиялыларының еңбектері туралы бүгінгі күнде жазылып та айтылып та жатыр. Олар насихатталып, бүгінгі ұрпаққа пайдасы тиюі керек. Бізге қойылар негізгі міндет – ғалым Д.Қамзабекұлы атап көрсеткен: «алаш рухын насихаттау сол зиялылар секілді тәуелсіз ойлауға, кез-келген нәрсені салмақтап, оған ұлт мүддесі тұрғысынан баға беруге үйрену» [3.109]. Дәл қазіргі күні ана тіліміздің  көсегесі көгермей тұрғаны, дініміздің мүшкіл халі, рухани құндылықтар мен адами қасиеттеріміздің биіктен көріне алмай жатқаны ұлттық рухтың оянбай, жетіспегендігінен деп түсінеміз. Сондықтан біз сөз еткелі отырған бүгінгі күні ең өзекті мәселе – ұлттық рухты оятуға, туған халқын өрге сүйреуге бар күш жігерін жұмсаған Алаш ақындарының бізге артқан аманаты еді. Алаш азаматтарының басым көпшілігі ұлт мүддесі үшін аянбай күрескен, сол жолда жандарын қиған ерлер. Олар қоғамдағы маңызды жұмыстармен айналыса жүріп, қуғын-сүргін азабына қарамастан, әдебиет, публицистика, журналистика, сын, ғылым, аударма салаларында бай мұра қалдырды. Алаш арыстары – табиғатынан асыл туған, айрықша дарынды жандар. Бұл буын өкілдері қазақтың әдет-салтымен тәрбиеленген, мұсылманша хат танып, исламның иманды бұлағынан нәр алып, одан кейін жәдидше, орысша оқып, бірнеше тілді меңгерген жандар. Олар үлкен мәдени қалаларда білім алған өз заманының көзі ашық зиялылары, сондай-ақ сан салалы мамандық иелері екенін де ерекше айтуымыз керек. ХХ ғасыр басындағы ұлттың ояну кезеңінің жалынды жаршысы, Сұлтанмахмұт Торайғыров Алаштың ардақты азаматтарына жан даусымен Алаш деп ұран салады. Ол барлық ерлерді бостандық, еркіндік, ел қамы үшін күресуге, бірігіп тізе қосуға, бір тудың астына бірігуге шақырады.

Алаш туы астында,

Біз – алаштың баласы.

Күніміз туып көгерді,

Сарыарқаның даласы.

Құрт аурудай жайлаған,

Құртпаққа бізді ойлаған,

Қанымызға тоймаған,

Қолымызды байлаған,

Ерімізді айдаған,

Елімізді лайлаған.

Жерімізді шимайлаған,

Өшті залым қарасы.

Жасасын, алаш, жасасын! [3.86]. Ақынның бұрыннан бері ішінде қайнап жүрген бүкіл арманы  осылай ұран болып шығады. Ол Алаш партиясының ұранын құптап, бостандық жолындағы алдағы күнге жасаған жоспарына шаттана қосылады. «Алаш ісіне адалдықты, оны қолдауды уағыздайды, бірлікке, ел тұтастығы үшін күреске шақырады» [3.105]. Аталған кезең әдебиетін «Алаш ұранды әдебиет» деп анықтаған ғалым академик Р.Нұрғали Алаш азаматтарының көздеген мақсаты мен ұстаған бағытын былай деп түсіндіреді: «Алаш қозғалысына қатысып, «Алаш» партиясын құрысып, Алашорда үкіметін жасаған қайраткерлер ішінен қазақ әдебиетінің алтын діңгек, сом тұғырлары шықты. Отаршылдықпен шайқас, артта қалушылыққа қарсылық, надандықты мансұқ ету, азат, тәуелсіз, демократиялық, дербес мемлекет құруды биік нысана ету, белгілі бір тап мүддесі емес, жалпы ұлт мақсаты үшін күресу, өркениетті нысана тұту – бұл Алаш ұранының астына жиылған ұлылы-кішілі азаматтардың баршасының дүниетанымына ортақ, етене қасиет, сапалар еді» [3.112]. Елінің ұлттық мүддесін көксеген, ұлтының өркениетке жетуіне бар күш-жігерін жұмсаған халқымыздың қайратты қамқор азаматы А.Байтұрсынов биік пафостағы азатшыл рухты қазақ әдебиетіне алғаш болып алып келді. Ахметтің өлеңдеріндегі ел тағдыры, халық қамы, бостандық арманы – «Маса» жинағындағы басты сарын. «Ақын елін маса болып шағып, оның намысы, жігерін оятуға бет алған. Сондықтан болар, азаматтық сарыны басым бұл өлеңдер сол кездегі зиялыларға ерекше әсер еткені белгілі» [3.128]. Жан-жақтан қысқан қайғыны ұлғайтып, уытын жайып, елдің басына қара бұлт торлап отырғанын жүрегі ауыра отырып толғайды.

Қазағым, елім,

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді оянып!

Қанған жоқ па әлі ұйқың?

Ұйықтайтын бар не сиқың?!

«Елді бұрынғы мешеуліктен арылтып, өнер мен білімге ұмтылуға шақыру идеясы Абайдан, Абай заманынан басталды. Алайда, осы идеяның жаңа қоғамдық жағдайда кеңірек, жаңаша мағынаға ие болып, «Оян, қазақ!» деген сөздің ұлттық ұранға айналуы осы кез – ХХ ғасырдың басы болатын», — дейді академик З.Ахметов [3.198].

Халқының қамын ойлаған ірі қоғам қайраткері, Алаштың ардақты азаматы, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті, педагогикасы, мәдениеті, саясаты өміріндегі аса ірі тұлға Міржақып Дулатов ұлтына жұртына «Оян, қазақ!» деп жар салды.
Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты –
Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты  —
деп Міржақып Алаш азаматтарын бір тудың астына бірігуге шақырады.
Алаштың өршіл, азаткер ақыны Мағжан өзінің алған бетінен, халқына берген уәдесінен еш айнымайды.
Не көрсем де Алаш үшін көргенім,
Маған атақ — ұлтым үшін өлгенім!
Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін!
Ұлты үшін күйінген ақын бұдан артық не десін?! XXI ғасырға дейін тірі жеткен — бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның азат азаматтары ұлы ақынның ер де қайсар рухына, көреген данышпандығына бас иіп тағзым етпеуге хақы бар ма?
Мағжан Жұмабаев:
Алаш айбынды ұраны,
Қасиетті құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемін!
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бір таңда,
Мен жастарға сенемін!
Алаш қайраткерлері ұлт тағдыры жастардың қолында екенін ескертіп, сол жолда аянбай еңбек етуге шақырады[3.267]

2       тарау. Тәуелсіз Қазақстан және алаш идеяларымен сабақтастығы.

2.1 Алаш әдебиеті және қазақ руханияты.

Қазақтың ХХ ғасыр басындағы зиялылары тәуелсіз мемлекет құрып, халқын бір кездерде уысынан шығарып алған азаттыққа жеткізуді армандады, сол үшін аянбай күресті.
Тәуелсіздік идеясы қазақ халқының да ХҮІІІ ғасырдан бастап көкейкесті мәселелерінің бірі болды. Ресей бодандығын қабылдауға мәжбүр болған халықтың тәуелсіздік уақыт өте келе қол жетпес арманына айналды. Сол үшін де халық талай ұлт-азаттық қозғалыстар мен көтерілістерге шығып, батырлары, ел қамын ойлаған азаматтары тәуелсіздік жолында өз өмірлерін құрбан етті. Ұлтжанды, елжанды жақсы мен жайсаңдары ат үстінен түспей күн кешіп, түн қатты. Бодандық қамытын киген халықты озбыр отарлау саясатына қарсы топтастыруға Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жақып Ақпаев, Райымбек Мәрсеков, Халел Досмұхамедов және тағы сол сияқты өз заманынан ілгері кеткен, еуропалық деңгейде білім алып, ойлай білетін, алдыңғы қатарлы зиялылар ұмтылды. Ұлт зиялыларының алдында тәуелсіз қазақ мемлекетін жаңғырту, мәдениетті көтеру, оқу-ағарту ісін жетілдіру, жер, әйел теңдігі, дін тәрізді мәселелерді шешумен қатар қоғамды өзгерту сияқты асқақ арман тұрды. Зиялылар санының аздығына қарамастан әлеуметтік, қоғамдық-саяси мәні зор сан қырлы, күрмеуі қиын істерді атқарып, ұлт мүддесінде еңбек етті. Осы мақсатта «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын шығарып, өздері өмір сүрген уақыттың ең өзекті мәселелерін көтеріп, бұқара халыққа насихаттады. Бостандық пен тәуелсіздіктің мәнін ұлт зиялылары «Қазақ» газеті арқылы халық санасына сіңіріп, елдің назарын осы мәселеге аударуға тырысты.
Қазақ зиялылары үшін тәуелсіздік идеясы 1917 жылы аса өзекті болды. Ақпан төңкерісін пайдаланып, зиялылар ұлттық мемлекеттікті жаңғырту, өз алдына тәуелсіз ел болуды мақсат етіп қойды. Алаштың арыстары тәуелсіздікке ұлттық автономия ретінде қарады. Тәуелсіздікке жетудің тағы бір маңызды факторын зиялылар халықтың бірлігі деп санады. Сондықтан да үнемі өз шығармаларында оны насихаттап отырды.
«Бірлік қылсаң, алашым,
Ілгері қарай басасың.
Қол ұстасып ұмтылсаң,
Қатар жұрттан асасың»–деген өлең жолдары айтқанымызды дәйектей түседі. Ә.Бөкейхановтың ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көсемі болуы оны теңдікке, ұлттық тәуелсіздікке жетудің басқа бейбіт, саяси жағын қарастыруға итермелеушіге, тұтас қазақ елінің мүддесін көздеушіге айналдырды. Теңдік пен ұлттық тәуелсіздіктің төте жолы деп Әлихан өркениетті елдердің мәдениетінен үлгі алу, сөйтіп халықтың ұлттық мәдениетін өркендету, өнер білімін көтеру, ұлттық сана-сезімін оятуды санаған. Осы идеяны ұлт-азаттық қозғалыстың жаңа стратегиялық бағыты етіп алған.Өзгелердің мәдениетін тану, ғылым -білімін үйреніп, өркениетке ұмтылу тәуелсіздікке бастайтын жол деп түсіндірді[4.117].
Тәуелсіздікке қарулы көтеріліс арқылы емес, бейбіт жолмен қол жеткізуді мақсат етті. Қару кезенуді, қан төгісті жақтамаған ұлт зиялылары қарулы көтеріліске түбегейлі қарсы шықты. Сондықтан да 1916 жылғы көтерілісті қолдамады. Ондағы ойы халқын тәуелсіздікке қанды көтеріліс жолымен емес реформалар, ұлттың саяси белсенділігі арқылы жеткізгісі келді. Алаш арыстарының ұлттық автономияны құру туралы идеялары осының дәлелі. Тәуелсіз ел болудың өзін зиялылар ұлттық автономия жариялау деп білді. Осылайша ұлт зиялылары қазақ халқының санасын оятып, оқу, білімді насихаттап, елдің тәуелсіздігі, азаттығы үшін күресті. Алаш тәуелсіз мемлекетін құрып, оны жариялау үшін барын салды. Дегенмен Алаш қозғалысы идеясы тәуелсіз даму жолына бағытталған баға жетпес құндылығымен тарихта қалды. Сол тарихтағы асқақ ұстанымға ХХ ғасырдың соңында Қазақстан ешбір қан төгіссіз, қару кезенусіз қол жеткізді. Елбасының сөзімен айтсақ, «Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргетасын қаладық.Тәуелсіздікпен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі –Мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік тұғыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады». Алайда осының бәріне оңайлық пен қол жеткізілмегені ақиқат. Тәуелсіздікті ұстап тұруды білу, оның құндылығын бағалай алуды ұлт зиялылары ХХ ғасырдың бас кезінде айтқан. «Бостаншылықтың пұлын білмей, орнына ұстай алмаған жұрт, ер жетіп, есі енбеген бала болып шықпақшы, «Жібекті ұстай алмаған жүн етеді» дегендей, ұстай білмесе жақсы нәрсе жаманға айналуы оп оңай» –, деп жазулары осының дәлелі. Шындығында да тарихта «өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің  тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама». Қазақстан да солардың қатарында болудың аз-ақ алдында тұрды, өйткені ел терең экономикалық құлдырауға ұшырап, жаңа мемлекет құру, тың реформалар жүргізу қиын асулар мен өткелдерге тап келді. Бірнеше дағдылы оқиғалар тарихымызда қалды. Елбасының кемел саясаты мен берік ұстанымдарының арқасында мұның бәрі тарих еншісіне айналды. Тәуелсіздік тарихтың қатал сынына төтеп берді.

2.2.         Алаш әдебиетшілері шығармашылығының қоғамға тигізген әсері

Ұлттың бойында сан ғасырлар жинақталған рух пен мұраттың ұлы бұлқынысы болған Алаш қозғалысы ел тағдырына қатысты барша идеяны өзіне өзек еткені бүгінде көбімізге белгілі. Құдайға тәуба, Алаш қайраткерлері күресінің тағылымы да, Алаш қаламгерлерінің мұрасы да жылдан жылға қазақтың рухани-мәдени өміріне еніп, «Алаш» сөзі аяулы ұғым, қасиетті түсінік ретінде қоғамымызда асқақтатыла айтылып келеді. Күнделікті теледидардан, радиодан, газеттерден «Алаш» сөзінің айрықша мән беріліп айтылғанына, жазылғанына куә болудамыз. Яғни, Алланың алқауымен қазақ баласының жаны мен жүрегіне, ойы мен пікіріне, санасы мен сезіміне «Алаш» ұғымы уақыт өткен сайын бойлай түсуде. «Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сүйтіп қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою ойлап әуре болмастан ауызға түсіп отыр» – делініпті «Алаш» партиясы құрылған Бірінші жалпықазақ сиезі жөнінде жазылған «Қазақ» газетіндегі сүйінші мақалада [4.157]. Сонау ХХ ғасырдың басында елдің еркіндігі үшін күрескен ерлер қалаған осы қасиетті сөз тәуелсіздігіне жеткен қазақ баласына да соншалықты қымбат, аяулы ұғымға айналуда. Бұл – санамыздың жаңғыруы, тарихи тамырларымызды қастерлеуіміз, елдіктің белгісі, өсер жұрттың өнегесі.
Кеңес өкіметі, партиялық органдар қанша­лықты қаталдық жасап, қырағылық көрсеттім дегенмен, Алаш идеялары, ұлттық азаттық рухы, тәуелсіздік сарындары, әсіресе әдебиетте, өнерде, ғылымда жойылып кеткен жоқ.
Тарихшылар, әдебиетшілер еңбектерінде, оқу­лықтарда, түрлі құжаттарда, көркем шығарма­ларда, кинофильмдерде күні кешеге дейін партия, үкімет тарапынан қадағаланып, жоспарлы түрде бағыт­талып отырған арнаулы саясаттың салдарынан Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алашорда өкіметі тура­лы тарихи шындық бұрмаланып, қып-қызыл өтірік айтылып келді. Ең бастысы, Алаш қайрат­керлері қазақ ұлтының қас дұшпаны болып көрсетіліп, олардың шығармаларына тыйым салынды.
Әділіне келгенде, Алаш қозғалысына қатыс­қан азаматтардың басым көпшілігі ұлт мүдде­сіне арналған күнделікті аршынды іс, қарымды әре­кеттермен айналыса жүріп, қуғын-сүргін азабына қарамастан, әдебиет, публицистика, ғылым, аударма салаларында орасан бай мұра қалдырды.
Кейін қолдарынан билік кетіп, халыққа қызмет етудің бір-ақ жолы – оқу-ағарту саласы ғана қалған аз уақыттық тыныс шақта ұлт ті­лін­де ғылымның барлық жүйесі бойынша оқулықтар жазуға кірісті. Алаш ұранды әде­биетті жасаған қаламгерлердің жеке басына, шығар­маларына тән ортақ, сапалы белгілер олардың тағдырын, мұрасын біртұтас құбылыс ретінде қарауға мүмкіндік береді.
Әділіне келгенде, Алаш қозғалысына қатыс­қан азаматтардың басым көпшілігі ұлт мүдде­сіне арналған күнделікті аршынды іс, қарымды әре­кеттермен айналыса жүріп, қуғын-сүргін азабына қарамастан, әдебиет, публицистика, ғылым, аударма салаларында орасан бай мұра қалдырды.
Кейін қолдарынан билік кетіп, халыққа қызмет етудің бір-ақ жолы – оқу-ағарту саласы ғана қалған аз уақыттық тыныс шақта ұлт ті­лін­де ғылымның барлық жүйесі бойынша оқулықтар жазуға кірісті. Алаш ұранды әде­биетті жасаған қаламгерлердің жеке басына, шығар­маларына тән ортақ, сапалы белгілер олардың тағдырын, мұрасын біртұтас құбылыс ретінде қарауға мүмкіндік береді.
Қоғамдық белсенді әрекетке, негізінен ХХ ғасыр басында шыққан бұл толқын 1905 жылғы алғашқы орыс революциясы, 1917 жылғы ақпан, қазан рево­люциялары, өкімет басына большевиктердің келіп, Кеңес өкіметінің орнауы секілді аспан жарылып, жер сілкін­ген­дей ғаламат жарылыстар тұсында қайрат көр­сетті. Осы ұлы ағыстардың баршасы олардың жеке өміріне, қоғамдық, шығармашылық тағдырына ықпал жасап, терең із тастады.
Табиғатынан дарынды жаратылған бұл буын өкілдері қазақы тал бесікте тербетіліп, исламның иманды бұлағынан нәр алып, мұсылманша хат танып, одан кейін жәдитше, орысша оқып, орта, жоғары дәрежелі білім алған: Орынбор, Омбы, Семей, Алматы, Таш­кент, Уфа, Қазан, Мәскеу, Петербор секілді шаһарлар тәрбиесін көрген, өз заманының көзі ашық зиялылары. Бұлар мұғалімдік, инженер­лік, заңгерлік, экономистік, дәрігер­лік секілді сан алуан мамандық иелері. Түркі, славянды былай қойғанда, араб-парсы, ағыл­шын, неміс, француз секілді жеті жұрттың тілін меңгерген. Күрес жолына шыққан кезде бұл ерлердің бес қаруы сай еді. Сол замандағы кез келген озық елдің зия­лыларынан асып түспесе, кем соқ­пайтын, әр түрлі ғылым не­гіз­дерін меңгер­ген, сегіз қыр­лы, бір сырлы тұл­ғалар еді. Алаш қоз­ғалы­сына қатысып, Алаш партиясын құрысып, Алашорда өкіметін жасаған қайрат­керлер ішінен қазақ әдебие­тінің алтын діңгек, сом тұлғалары шықты. Отаршылдықпен шайқас, артта қалушылыққа қарсылық, надандықты мансұқтау, азат, тәуелсіз демократиялық, дер­бес мемлекет құруды биік нысана ету, белгілі бір тап мүд­де­сі емес, жалпы ұлт мақсаты үшін күресу, өрке­ниетті нысана тұту – бұл ағымда болған ұлылы-кішілі азаматтардың барша­сының дү­ниетанымына ортақ, етене қасиет сапалар болатын.
Осы идеялар қазақ әдебиетінде бұрыннан бар үлгілермен қоса жанрлық формалар арқы­лы жүзеге асырылып, роман, драма, публи­цис­­ти­ка­ның соны түрлері туды. Әлем әде­бие­тінің класси­калық шығармалары аударылды. Сөйтіп, әсіресе Абай сабақтарын нысана тұт­қан, бұрынғы озық дәстүрлерді жалғастырған жаңа сапалы Алаш ұранды әдебиет тарих­ы­мыздағы ерекше кезең болып табылады.
Қорытынды

 

Алаш қайраткерлерінің түп қазық идеясы – қазақ мемлекеті. Ол үшін ата-баба қанын төгіп қорғаған, сақтап қалған, мыңжылдар бойы ешқайда көшпей, тұрақты мекен еткен жерді бөлшектемей, жатжұртқа таптатпау, сатпау, жерден айрылғаның барлық байлықтан, дәулетіңнен, құт-берекеңнен айрылу, өлу, өшу деген сөз. Осы мәселені алаш әдебиетшілері өз шығармаларына арқау ете білген.

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті әлемдік көркемдік тәжірибені меңгерген дарынды қаламгерлер жасаған, барлық жанрларда дамыған, сұлулық жүйесі қалыптасқан, биік эстетикалық деңгейге көтерілген маманданған өнер екенін тамаша туындыларымен әйгілеп берді. Алаш ұранды әдебиет мұраттары ілгері дамып, жай көзге оп-оңай шалына бермейтін, өнердің ғажайып ұлттық игілік, асыл арна, биік нысаналары көгала толқын іспетті ағыстар талантты қаламгерлер шығармаларында өрістен өріске көтеріліп, жаңа арналар тауып, буы бұрқырап жатты. Саясаттан қашу, тоталитаризм құрығынан құтылу үшін қаламгерлер шыншыл сөз өткізудің сан алуан тәсілін тапты: бүгінгі тақырыптардан кетіп, тарих қойнауына сүңгіді; астарлы, емеурін ой айту амалдарын меңгерді; сөз өнерінің табиғатына жат сарындардан безді. Көкейкесті сырларды бейнелі, суретті, ишара сырлы сөзбен айта білген үздік шығармалар халық махаббатына бөленді, ұлттың рухани игілігіне айналды; еліміздің тұрмыс-салтын, тарихын, мінез-құлқын өзге жұрттарға таныстырды.

Алаш мүшелерін түгелдей қырып тастағанмен, олардың идеялары қазақ халқының санасында, жаужүрек перзенттерінің іс әрекетінде жалғасып жатты. Бұл ретте Алаштың бас шығармасын тудырған Мұхтар Әуезов, коммунист бола жүріп алаш идеяларын іске асырған Смағұл Садуақасов, Ілияс Омаров, Бауыржан Момышұлы, Ілияс Есенберлин, Ермұхан Бекмаханов, Бейсенбай Кенжебаев, Жұмабек Тәшенов, Өзбекәлі Жәнібеков ерліктері ұмытылмақ емес.

Тәуелсіздік идеялар қазақ әдебиетінде бұрынна бар үлгілермен қоса жанрлық формалар арқылы жүзеге асырылып, роман, драма, публицистиканың соны түрлері туды. Сөйтіп, әсіресе Абай сабақтарын нысана тұтқан, бұрынғы озық дәстүрлерді жалғастырған жаңа сапалы Алаш ұранды әдебиет тарихымыздағы ерекше кезең болып табылады.

Ұлттық мемлекетті қалыптастыру идеясы ұлттық қажеттіліктердің негізінде туындайтын білім болса, ұлттық идеяның білімін қалыптастыратын нағыз зиялылар. Қазақстандағы ұлттық идея қазақтармен бірге дүниеге келді, әрі тарих сахнасына да қазақтармен қол ұстаса көтерілді. Ұлтқа деген құрмет ұлттық сана-сезімнің қалыптасу деңгейіне байланысты.

ХХ ғасырдың басында қазақтың ұлттық идеясы заман талабына сай сапалық тұрғыдан жедел жетілді. Әрі уақыт ағымына орай, саяси тұрғыдан ширығып, Алаш идеясы дүниеге келді. Оны жетілдіруші әрі қозғаушысы Алаш партиясын шынайы қажеттіліктен құрған алаш қайраткерлері тарихи мүмкіндікті мүлт жіберіп алмау жолында жан аянбай еңбек етті.

Бұл ел тарихындағы елеулі кезең турасында Президент Н.Ә.Назарбаев: «ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстанның қоғамдық саяси өміріндегі Алаш партиясының алатын орны мен қызметін зерттеу Отандық тарихымыздың ең өзекті мәселелерінің бірі. Өйткені кезінде «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған қағидалары күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр» – деп әділ бағасын берді.

1-қосымша

«Алаш әдебиетіндегі ұлт-азаттық идеясы»

жөніндегі жүрдек сауалнама

Жас дос! «Алаш әдебиетіндегі ұлт-азаттық идеясы»» жөніндегі жүрдек сауалнамадға өз  пікіріңізбен бөлісуіңізді сұраймын. Ұсынылған сұрақтарды мұқият оқып, тиімді нұсқасын таңдап, дөңгелектеп белгілеңіз.  Аты-жөніңізді жазу міндетті емес. Сіздің пікіріңіз ғылыми мақсаттарға пайдаланылады. Сауалнаманың қорытындылары бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде жарық көреді.

1.Сіздің жасыңыз?

а)  16-18

ә)  19-22

б)  23-25

в)  26-30

2. Алаш қайраткерлерін?

а) білмеймін

ә) білемін

б) естуім бар

3. «Алаш» сөзін жиі кездестіретін қазақ халқының аңызы:

А) «Жошы ханның жортуылы»

В) «Қорқыт ата»

С) «Алаша хан»

D) «Оғызнама»

Е) «Ақсақ құлан»

4. «Қырық мысал» авторы?

а) А.Байтұрсынов

ә) М.Дулатұлы

б) Ж.Аймауытов

Өз пікіріңізді жазуыңызды сұраймыз…

______________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

қатысқаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Х.Досмұхамедұлы. Аламан. – Алматы: Алаш, 1991.
2. А.Байтұрсынұлы. Әдебиет танытқыш // Бес томдық шығармалар жинағы. 1-том. – Алматы: Алаш, 2003.
3. Тілешов Е. «Алаштың» жолы //«Алаш қозғалысы» жинағы, Алматы, 2008.
4. Әдеби мұра және оны зерттеу. Алматы: Қазақ ССР ғылым академиясы баспасы, 1961.
5. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда.-Алматы, 1995
6. Омарбеков Т. Қос төңкеріс және Алаш қозғалысы// Ақиқат.-1994.-№9-Пб.
7. Құл-Мұхаммед М. Алаш қайраткерлері: саяси құқықтық көзқарастарының қалыптасуы.- Алматы, 1998
8.Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. 1-том.
9. Бекмаханов Е. Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында.-
Алматы, 1994.
10. Бөкейхан Ә. Таңдамалы шығармалар жинағы.-Алматы, 2003
11. Қозыбаев М. Ақтаңдақтар ақиқаты.-Алматы, 1992
12. Қойгелдиев М. Алаш өткен жол // Ақиқат.-1994
13. Бөкейхан Ә. Таңдамалы қазақ энциклопедиясы.-Алматы, 1995
14. Асфендияров С. Қазақстан тарихының очерктері.-Алматы.-1994
15. Қойгелді М. Алаш идеясы // Жас алаш.-2007.-№44

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *