«Арқалы жырдың ардағы»


Бегжігітова Гулшахар Сейдәліқызы 
КМҚК «Балалармен жасөспірімдер сарайы» Жезқазған қаласы қосымша білім беру педагогы

Мақсаты: Сырда туып, қырда  өскен тұлғалы азамат Шынболат  Ділдебаевтың қайталанбас шыншылдық, ақындық, жыраулық, термешілік, жыршылық қасиеттерін насихаттау.

Білімділік міндеті: Шынболат Ділдебаевтың өмір жолдары мен өнер тұғырына шыға білген шығармашылығымен таныстыру.«Шындық» атты термесін домбырада ойнатып, мақамын үйрету.

Дамытушылық міндеті: Оқушыларға ақынның термелерін тыңдату арқылы есту қабілетін арттыру. Домбырада ойнау шеберлігін дамыту.

Тәрбиелік міндеті: Оқушыларға ақынның шыншылдығын, қайсарлығын, адамгершілік парасаттылығын насихаттай отырып,  болашақта дәл осындай  ұлтжанды, сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік азамат етіп қалыптастыруға бағыттау.

Сабақтың түрі: аралас.

Көрнекілік құралы: Сахнада Шынболат Ділдебаевтың суреті. «Арқалы жырдың ардағы» атты тақырып, кітаптары, экран диапроектор –Шынболат Ділдебаев туралы презентация  бейне-сюжет, домбыралар, «Шындық» туралы терменің сөзі (15 дана).

Пән аралық байланыс: қазақ әдебиеті, тарих, ән-күй

Кіріспе.

Сыр сүлейлерінің сарқытын ішіп  Арқаның  ақтаңгерлерінің  жолын қуған, есімі бүкіл республикаға танымал ақын, жыршы, термеші, өнердің ерең жүйрігі, ұлтымызға белгілі өнер  саңлақтарының бірі, арқалы жырдың  ардағы Шынболат Ділдебаев 1937 жылы сәуір айының 22 жұлдызында  Қызылорда облысының Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылында дүниеге келген. Әкесі Ділдебай Найманның ішіндегі Ақтаз, атағы алты алашқа түгел тараған Ахмет  Ишан Оразай ұлымен бір атадан тарайтын Тіней ұрпағының бетке ұстар түйе палуаны, әнші, сегіз өнердің басын құраған дүлдүлдің өзі болған. Анасы Гүлжауһар өнер адамы, әнші болған.  Көзі ашық, арабша оқыған башқұрт қызы.

Шынболат үш жасқа толғанда әкесі қайтыс  болады.  Анасы Гүлжауһар, ағасы Тасболат үшеуі 1940 жылдың аяғында Жезқазған өңіріндегі туыстары Тінейлерге және ұлы нағашысы Тілеулі батыр  ұрпағы Дәуітбайды сағалап көшіп келеді. Гүлжауһар «Екі жарты бір бүтін болыңдар» -деген үлкендердің ақылымен Ділдебайдың туған нағашысы  Кенжеғалимен тұрмыс құрады. Олар  Байқоңыр көмір кенішінің күнбатыс жағындағы Ақбалақтан аталатын оншақты  үйдің бірінде – бақауешкеде тұрады

Ш.Ділдебаев мектеп табалдырығын алғашқы рет Байқоңырда аттайды. 1953 жылы Байқоңыр көмір кешені жабылғаннан кейін, Жезқазған поселкесіне көшіп  келеді. 1953-1954 жылдың оқу жылынан бастап Жезқазған поселкесіндегі 7 мектепте білім алады.  Ақынның жиені Оразәлі Байділданың айтуы бойынша:

«Оқушылар күшімен қойылған қай концерт, қай кеш болса да, Шынболатсыз өтпейтін. «Қайран менің төртіншім-ай төрт қалаға бергісіз»,-деп жырлаған Жезқазған поселкесінің Оңтүстік елді мекеніндегі өзі  құралыптас өнерпаз қазақ жастарын маңайына  жинастырып,  кеншілер мәдениет  сарайында тұңғыш рет концерт  бергенінде өнер сүйер қауым:

– Бала болайын деп тұр.

– Е, кешегі Ділдебайдың тұяғы емес пе?

– Әруақтың орны десейші,-деп Шынболаттың жай болат емес нағыз асыл тектіден екенін сол кездің өзінде-ақ танып біліп қойғандай»-деп сыр шертеді.

Ендеше осы балалық шағы өткен жері, асырсап ойнап өскен жері «Төртіншім төрт қалаға бергісіз»- деп жырлаған.

«Төртіншім» термесін Домбыра терме үйірмесінің 2-жыл тәрбиеленушісі  Серкетай Нұрдәлеттің  орындауында тыңдаңыздар.

Кенші едім жердің кенін бұрғылаған,

Кеудемді жыр тасқыны ұрғылаған.

Шөлдеген кездерімде нәр алғанмын,

Абай мен Махамбеттей сұңғыладан –деген ақынның өлең жолдары оның үнемі шығармашылық ізденіс үстіндегі жан екенін  танытатындай. Алғашқы еңбек жолын  Ш.Ділдебаев 1956 жылы Жезқазған  кенішінің 45 шахтасында геология  саласында бастаған. Сол жылдары  жұмыстан қол үзбей жүріп, Жезқазған  тау-кен техникумында оқиды.

Ақын «Жеті қат жер астында бұрғы ойнатып шахтер атанып, еңбекте озаттар қатарында жүргенде де жүректегі жырын, көңіліне түйген сырын ортасына жайып салып, жан сарайын жалпақ әлемдегі жарқын дүниемен ұштастыра білген. Қолына домбыра алса ішкі сарайы ашылып,  тынысы кеңейіп, көңіл көркі, жүрек қағысы қос ішекте шертіліп, кеудесі күмбір қағып, әсем әуенін әуелетіп өзіне ғана мәлім өзгеше күй кешкен,  ақын-жыраудың өмірі еңбекке араласқаннан өнерімен бірге өрбіп, өз халқының асыл қазынасы әнмен жырын таратумен елінің  мәдениетіне өз үлесін қосумен өтті.

Ол кеншілердің мәдениет сарайындағы халық  театрында көркем өнерпаздармен жұмыс істеп, өзін талантты режиссер және көркемөнер үйірмелерінің  жетекшісі ретінде таныта білді.  Осы қасиеттерін елей отырып, қала басшылары  1974 жылы жаңа ашылған «Байқоңыр» кинотеатрына  директор етіп тағайындайды. Табиғи дарын, тума талантынмен өнер тұғырының биігіне шыға білген халық ұлы, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында «Арман» ән-би ансамблінің Кеңес Одағының біраз қалаларында қазақ халқының ұлттық өнерін, көркейте танытып, үлкен абыройға ие болғаны баршаға да аян. Өмірінің соңғы  жылдарына дейін кең жұртшылыққа танымал «Ұлытау үні», «Байқоңыр даусы» фестивальдарының белді жанашыры болған жерлесіміз  республикамызда ақындар айтысы  қайта жанданған кезде өзінің суырып салма ақындығымен көзге түсіп, еліміздегі бас ақынның бірі ретінде халық сүйіспеншілігіне     бөленген болатын. Шынболат ақын  бірнеше   мәрте республикалық ақындар айтысының  лауреаты атанды. Сонымен қатар Жезқазғанның бас ақыны ретінде  республикалық  айтыстарға жергілікті ақындарды бастап барып әр түрлі жүлделерге  ие болды.    Ш.Ділдебаев ұзақ жылдар еңбек еткені үшін 1987 жылы СССР Жоғарғы Советінің,  Президиумының жарлығымен,  «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Мәдениет  пен өнерді дамыту ісіне қосқан зор еңбегі үшін 1991 жылы «Қазақстан Республикасына еңбегі  сіңген мәдениет қызметкері», «Сәтбаев қаласының Құрметті  азаматы» атақтары берілді. Қызылорда, Ақтөбе қалаларының, Қызылорда облысы Шиелі ауданының Құрметті азаматы атануы, оның  өнерінің өміршеңдігі мен көпшіліктің оған  деген ықыласының белгісі еді.

Ана көкірек ауыз әдебиетінен, шешендік шеберлікті, қас жүйріктей тайпалтқан дүлдүлдер өнегесінен үлгі алған Ш.Ділдебаевқа халқы «Ән-жырдың ақиығы», «Шындықты шырқаған Шынболат», «Шым бұлақтай шымырқанған Шынболат» деген теңеулерімен қатар үлкен әріппен «Ақын-жырау» деген атақ таққан. Сонау Бұқар, Ақтамберді, Шал одан бері Мұрын жырау сияқты, сыр бойының сүлейлері атанған Тұрмағанбет, Кете, Жүсіп, Шораяқтың Омары, Майлықожа, Нартай, өзінің  жерлестері Тайжан, Болман, Иманжан секілді сөз зергерлері жас өнерпазға  мәңгілік ұстаз болғанын ақын-жырау әрқашанда өз сөзінде тілге тиек еткеді. Сондай-ақ ақын  Бұқар, Балқы, Базар бастаған атақты  жыраулар термелерін орындауда ел ішінде

халық мұрасының сақталуына мұрындық болғаны баршамызға да белгілі.

Ақынның көзі  тірісіндегі өзі жазған 1993 жылғы  «Кенші сыры», 1997 жылғы «Жылжиды жылдар» атты жарық көрген жыр жинақтары ұлан-байтақ қазақ сахарасына оны жазба әдебиеттің де,  жүйрік тарландарының  бірі екенін танытты. Үні  мен әуені  заманның   әніне айналса бұл кітаптары болашақ ұрпаққа мәңгілік  естелік болып қала бермек.

Алты Алашқа әйгілі, аты аңызға айналған ән болып, жыр болып өткен Шынболаттың ізіне ерген шәкірттері,  өнердің жолына түскен ізбасарлары  қазіргі таңда  бір ғана Жезқазған өңірінде емес, кең байтақ республикамыздың түпкір- түпкірлерінде айтыс, жыраулық, термешілік өнерін жалғастыруда. Халқымыздың «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген ұлағатты сөзін ескере отырып жүрегінің оты мен  жылуын туған халқына арнап өткен  арқалы ақын Ш.Ділдебаевтің есімі  2000 жылы 2 наурызда Сәтбаев қаласының «Кеншілер сарайына»  берілген болатын.

2002 жылы 19 сәуірде Кеншілер сарайының ішінен туғанына 65 жыл  толу қарсаңында Ш.Ділдебаевтың мұражайы ашылды. Мұражайында Шынболаттың  үнтаспаға жазылған даусы, жеке мүліктері, қолжазбалары, өз қолымен ағаштан ойып  жасаған заттары, құжаттары,  мақтау қағаздары және басқа да, қолы тиген  заттары оның өмірдегі, өнердегі  жолдарынан сыр шертіп тұрғандай көрінеді. Бұл мұражай ақынның мәңгілік арамызда қалатындығының белгісі.

Жыршы  –  термешілер  мектебін     ашып, ата бабадан қалған төл  өнеріміздің дәстүрін сақтап, келер ұрпаққа аманат ету Ш.Ділдебаевтің  арманы еді.

Әр ғасырдың қилы-қилы оқиғалары, қилы-қилы тағдырлары болатыны сияқты, оның да сол оқиға,  тағдырлардың ортасынан орын ойып алатын әйгілі адамдары болады. Соның бірі де, бірегей де-айтыскер әрі жазбаша  ақын, жыршы, жырау, термеші, Қазақстан Республикасының  Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, бір ғана кенді өлкенің емес, дүйім қазақ елінің мақтан тұтар  азаматы Шынболат Ділдебаев екендігі баршамызға белгілі. Сондықтанда ақынның

тұла бойынан сырда туып, қырда өскен болмыс бітімінен, сырдың самал желіндей желпіген табиғилық, сыр сүйелерінің саз сарыны мен қоса қырдың, Сарыарқа даласының шетсіз-шексіз атырабындай, кендік, Ұлытаудай қарт бабасының өрлігі айқын көрінеді. Кеудесінен күмбірлеген жыр әуенінде халқымыз деп соққан сыры сезіледі. Оны мына терме жолдарынанда білуге болады. Домбыра терме үйірмесінің 3-жыл тәрбиеленушісі

Бримжанов Расулдың      орындауында   Ш. Ділдебаевтің «Өзім туралы» термесі.

«Бала артына қарап өседі» дейді, халқымыз, анасы Шынболат деп ат қойғаннан соң ба? Жоқ балалық шағы соғыс өртіне тұспа тұс келген ұрпақтың өкілі болғаннан соң ба? Болаттай төзімді «Қашанда қайтсемде жеткізем» деп, халқыма шын сөзімді»-деген Шынболат ақынның жүрегінен шындықтың үні әрқашан жарқын көрінеді…Тәніне жара   шықса,  дәрігерлер      емдейді.      Ал қоғамның      жарасын кімге емдетеміз? Шындықты айту оңай емес, ол бәрімізге  бірдей жаға  бермейді. Оны Махамбет, Ақтамберді мына шынболат сияқты шыншыл ақындар ғана айта алады дейді ақын Шерхан Мұртаза. Иә, заманында кеңестік дәуірде дүниеге келген ақын сол  дәуірдің әнін, тынысын жырламасқа лажы да жоқ еді. Бұл бір ғана Шынболаттың емес, одан бұрын кеңес дәуірінде туғандардың да,  тұтастарының да, тіпті әдебиетке келген   кейінгі толқындардың да пешенесіне жазылған несібесі еді.     Сөйтіп ақын қыстығып, қымтырылып, екі-ұдай  сезім жетегінде жүрген  кезінде кек сауырын қамшыдай осып-осып өткен найзағайдың отындай болып Шынболаттың  «Шындық» атты термесі жарқ етіп шыға келді.

Олай болса Домбыра терме үйірмесінің 2-жыл тәрбиеленушісі Дербес Оразалының орындауында Ш.Ділдебаевтің «Шындық» атты термесін тыңдаңыздар.

Халықтың  ойындағы,  көңіліндегі, жан түкпіріндегі  шындықты  дөп басып Шынболатша айтқан сол кезде ешкім болған жоқ десек, артық айтпағандығымыз. Яғни ақын заман күйін төккен, шындықтың бозторғай үнін сайраған. Алтайдан Атырауға дейін қанат қағып қайран қазекең, намысы жанып бара жатқандай асқан рухпен естіледі. Өзі арқылы елін, сөзі арқылы жерін жырлаған алып кеудеден асыл жыр, арман сыр міне осылайша төгіледі. Ендеше бүгін Ш.Ділдебаевтің «Шындық» атты термесін домбырада ойнап үйренейік.

Балалар бүгінгі сабағымызды жүйелей келе, мынандай сұрақтарға жауап берулеріңді сұраймын:

Бүгінгі ашық сабағымыз кімге арналды? (Шынболат Ділдебаев)

Ш. Ділдебаев кім болған? (Кенші, ақын, жыршы болған.)

Ақынның қандай кітаптары бар? (“Жылжиды жылдар”, «Кенші сыры»).

Ақынның қандай термелерін тыңдадық? (“Төртіншім”, “Өзім туралы”, “Шындық” термесі.)

Қорытынды: Сонымен қорыта келе Ш.Ділдебаевтің ақындығы, жыраулығы, жыршылығы  әр қайсысы өзіндік зерттеуге сұранып тұрған дүние.    Қазақтан әлі талай ақын да, жырау да, термеші де шығар, бірақ ақынның қайталанбас бір қасиеті, оның шыншылдығы, алмас  қылыштай өткірлігі, турасын айтатындығы. Халық жәй адамға құрмет көрсетпейді, адамның да адамына, жүйріктің де жүйрігіне құрмет қошемет жасайды. Оны төбесіне  көтереді. Халқымыздың осы асыл қасиеті бар жерде, өнеріміз көркейе береді. Өркеніміз өсе береді. Ақынның өзі өлседе сөзі мәңгі жасай береріне менің сенімім мол.

Олай болса, Батырхан Мырзабековтың «Шындықтың аты өлмейді» атты Шынболат Ділдебаевтың рухына арнап жазған өлеңін ұсынамыз.

Орындайтын: қалалық, облыстық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Серғазин Еділ.

Қолданылған әдебиеттер.

1.     Ш.Ділдебаев кітабы, «Қазақмыс корпорациясы». Жезқазған 2008ж.

2.     Ш.Ділдебаев «Жылжиды жылдар» өлең жинағы. Жезқазған 1997.

3.     Ш.Ділдебаев «Кенші сыры» өлең жинағы.

4.   «Шындықты шырқаған Шынболат»  жайлы баспа сөз беттерінен де              деректер.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *