Эссе «Менің педагогикалық ұстанымым»


СКО Петропавл қаласы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебі

Гульнара Есенеева

«Мен еш уақытта өз оқушыларыма

еш нәрсе үйретпеймін – тек қана олардың

оқуы үшін жағдай жаратамын»
Альберт Эйнштейн

 Менің мамандығым – педагог-психолог. Жұмыс атқарып жатқаныма міне, бір жылдың төңірегі болып қалды. Бұл, әрине, әлі жана ғана тәй-тәй басып келе жатқан сәбидің жасымен парапар. Бірақ не дегенмен, қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы қатар жүретін педагогикалық саладағы  ұстанымым – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және  әр оқушының бойынан жақсылық  тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу. Бүгінгі әлемде білім беру ісіндегі жоспарлаудың маңыздылығын айта келіп, Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев былай дейді: «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі оның білімінің көрсеткішімен белгіленеді». Сондықтан да педагог және психолог  болу мен үшін жай ғана мамандық емес, ол – адам бағдарын жасаушы деп білемін. Әрбір оқушы өзгерістерге толы қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі адам болып, өмірге үлкен мақсаттар қойып, өзің бойындағы барлық қабілеттерін толықтай пайдалана біліп жоғары белестерден көрініп жатса, әрине, ол мен үнін ғана емес  баланың ата-анасы, достары, ұстаздар қауымы үшін де қуаныш сыйлайды деп санаймын. Педагог және психолог мамандығы оқушылар үшін тек жол сілтеушісі ғана емес, сонымен қатар, Бауыржан Момышұлы атамыз айтпақшы «Ұстаз – ұлық емес ұлы қызмет» деген керемет дана сөзін әрқашан көкейімде ұстай, бізге артылған жауапкерлікті сезіне отыра, үнемі өзіме деген талапты күшейтуге тырысамын. Әрине, өз ісіңнің нағыз шебер маманы болу үшін жоғары оқу орнын бітірумен ғана шектелмеу керек, ұстаздық атты ұлы шыңға көтерілу үшін өмір бойы оқу керексің деп ойлаймын.

Педагог және психолог маманы ретінде менің ұғымымда, біріншіден алдымыздағы әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем десек, сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, баланың басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан дүниесіне жол таба білу – біздердің, яғни психолог мамандарының басты борышы деп білемін. Екіншіден, ең бастысы, қай мұғалім болмасын шын мәнінде баланы жан тәнімен беріле сүюі керек. Алдымен рухани қуат беруі керек. Мейірімділік, шыдамдылық, кешіре білу, баламен тең жағдайда сырласу, оның мүмкіндіктеріне сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау тәрізді қасиеттері арқылы ғана баланың бойында адами қасиеттерді қалыптастыра арқылы білім шыңына жетелеп, жоғарғы нәтижеге қол жеткізуге болады. Үшіншіден, балаға үнемі қолдау көрсету қажет деп ойлаймын. Қолдау тек ұстаздар тарапынан ғана емес, ең бастысы ата-ана, жақын достары тарапынан  қолдау болған жағдайда ғана бала өзін қорғалған болып сезінеді. Төртіншіден, біз психолог маманы ретінде әр оқушының мінез-құлқын, көз қарасын, талғамы мен әдет – дағдыларын зерделеп, әр баланың өз шамасына сай дамуын әр түрлі амал-тәсілдер арқылы қадағалап отыруымыз қажет.

Елбасының бұл жол­­ғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат. Бір мүдде. Бір болашақ» Жолдауында да білім саласын басты назарға алды. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз: белсенді, білімді және  денсаулығы мықты азаматтар екені даусыз. Ол үшін бірегей білім беру жүйесі мен денсаулық саласының жұмысын жақсарту қажет.  Осы орайда заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну аса қажет екеніне көз жеткізген Елбасымыздың жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек деген ойы, біріншіден, біздерге, Зияткерлік мектептерге, сондай-ақ біздердің жеткен жетістіктерімізге деген зор сенім, екіншіден, үлкен  талап екенін түсініп отырмыз. Себебі біздерде Зияткерлік мектептерде жинақталған озық ойлар мен тәжірибені еліміздің мектептеріне тарату жүгі тұр.

Жақсы ұстаз – бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамның ең озық бөлігінің бірі деп есептеймін және солай болуы тиіс. Бұл міндетті орындау үшін, мен өз білімімді  ғылыми жұмыстар жазу арқылы, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып өз білімімді шыңдау үстіндемін.

Қоғамымызда болып жатқан өзгерістерден білім саласы да шет қала алмайды. Себебі, кешегі әбден қалыптасып қалған ескі жүйе бүгінгі күннің талап-тілегін орындай алмай отыр. Сондықтан, қазіргі оқытудың жаңа тәсілдері қарастырылуда. Солардың бірі – сабақ барысында оқытудың жаңа технологияларын қолдану. Ондағы мақсат – оқушының өзінше ойлау қабілетін арттыру және қазіргі заманғы компьютерлік құралдармен жұмыс істеуге үйрету. Сондықтан да педагогикалық процессте инновациялық технологияларды, яғни оқыту мен тәрбиенің тәсілдерінде, мақсаты мен мазмұнын нақты айқындауда, мұғалім мен оқушының бірлескен қызметінде ұйымдастыруға жаңалық енгізу негізінде қолданады. Инновациялық технологиялар ең алдымен оқушының шығармашылық қабілетін, яғни жаңалық ойлап табуға бағытталған қабілеттер деңгейін дамытады. Шығармашылық – өте күрделі психологиялық процесс. Мұғалімдерге қойылатын талаптардың бірі – шығармашылық. Мұғалім өз шығармашылығы арқылы оқушы шығармашылығын ұйымдастырады. Ал менің мақсатым – оқушыға оқу үрдісін ұйымдастыру барысында мұғалімдерге бағыт беру арқылы шығармашылықтың маңызын білдіру, баланың басқаға ұқсамайтын қабілетін ашу.

Қазіргі уақытта елімізде  әлемдік білім кеңістігіне бағыт алған жаңа білім беру жүйесі қалыптасуда. Ал, осы мақсатты орындау үшін мектебіміздің барлық оқу – кабинеттері қазіргі заманауи техника мен зертханалармен жабдықталған. Кез-келген компьютер арқылы сымсыз Wi-Fi желі арқылы интернетке қосылуға болады. Оқушыға жаңа білімді тиімді іс – әрекет, жаңа технологиялар, ақпараттық дүниемен қарым – қатынас жасау арқылы оңай меңгеру әдістерін дамытуға болады. Мұның бәрі  ақпаратпен жұмыс жасау және оны байыпты ұғыну жолдарын іздеу, оған сыни тұрғысынан қарау, өз пікірін дәлелдей алу қабілетімен қатар шығармашылығын дамытуға бағыт береді. Осылайша, оқушының шығармашылығын дамыту жолын оқушылардың ақпараттық және коммуникативтік мәдениетін қалыптастыруға бағыт беретін білім технологияларын қолдану арқылы дамыту керек деп білемін.

Халқымыз әрқашанда ұстаз мәртебесін көтеріп, аса жоғары қастерлеп, бағалаған. Ұлы Абай «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады», деп айтқаны белгілі.Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім», – деген. Ғасырға жуық уақыт өтсе де, Алаш арысының осы сөзі ескірмек емес.

Білім – барлық уақытта жоғары құндылықтардың бірі болған. Тек білімді, сауатты адам ғана келешек тізгінін қолына ала алады.  Ал,  баланың білімге, оқуға деген қызығушылықтарын оята білу ол біздердің, яғни ұстаздар қауымының басты міндеті деп білемін.

Метки:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *