«Жамбыл облысының туристтік бағыттары»


Советбекова Инжудария Маратқызы
Жамбыл экономика және ақпараттық технологиялар колледжі 1 «c2» тобының студенті
Жетекші: тарих пәнінің мұғалімі Тулегенова Ғайша Анафияқызы

Тақырыптың өзектілігі. Қазіргі дүниежүзілік экономиканың даму жағдайында туризм жетекші және динамикалық дамушы салалардың бірі болып отыр. Дүниежүзілік туристік ұйым  мәліметтеріне сәйкес дүниежүзі экспорты бойынша авто көліктер, химия өнімдері және жанар жағармай экспортынан кейін туризм бойынша тауарлар мен қызметтер(7,4%) төртінші орында.

Еліміз Еуразияның жүрегінде орналасқандықтан әр аймағының табиғаты ерекше.  Бір күн ішінде туристер жер бетінде кездесетін барлық ландшафты және климаттық аймақтарды көре алады. Бұл еліміздің құнды ерекшелігі. Ғасырлар бойы осы жерден Қытайдан Таяу Шығыс пен Еуропа елдеріне апаратын көне керуен жолдарының жүйесі өтті. Ұлы Жібек Жолы сауда жолы ретінде б.з.б. ІІІ ғасырда туындады. Жолдың елеулі бөлігі қазіргі Қазақстан аумағы арқылы өтті. Тараз қаласы Ұлы Жібек жолы бойында орналасып, ежелгі және орта ғасырларда сауда-саттық жолындағы басты орталық болды. Көшпенділер мен отырықшы өркениеттерінің түйіскен нүктесіндегі көне қала. Облысымыз тарихи, археологиялық және архитектуралық ескерткіштерге бай. Жамбыл облысын  аспан астындағы дала музейі десек те болады. Аймақта Ұлы Жібек Жолы бойымен арнайы туристік қызмет көрсететін туристік кешен салуға да болады. Сол кездегі халықтың мәдени құндылықтарын сақтай отырып танымдық тур ұйымдастырылса, елдің тек ішкі туризмі ғана емес, халықаралық туризм де жанданатын еді. Облысымызда  туризмді дамытуға жақсы алғышарттар бар. Алайда, туризм индустриясының дамуы үшін бірталай жұмыстарды іске асыруды қажет ететін тетіктер әлі жетерлік.

Зерттелу деңгейі. Орыс әскерлерінің оңтүстік-батысқа жылжу барысында Шу мен Талас алқаптарын жаудап алып, Ресей империясына қосу аймақта зерттеушілердің келуіне себеп болды. Олардың ішінде тарих пен археологияға қызығушылар да болды. Археологиялық ескерткіштер мен көне архитектуралық құрылыстарға арналған жұмыстар пайда бола бастады.

1864 ж. суретші М.С.Знаменский Ақыртас қирандыларының, оның қамал құрылыстарының бірнеше суреттерін салды. Ірі тас блоктарынан тұрғызылған бұл ескерткіш өзінің құпиялығы мен жоспарының ерекшелігімен өзіне бірден көңіл аударды. Шығыстанушы П. И. Лерх, Ақыртаста 1867 ж. болып, оны буддалық монастырь деп анықтады. Бірнеше жылдан соң геолог Д.Л. Иванов оны сипаттады және ең қызықты өрнекті блоктардың суреттерін салды.

1889 ж. Күйік асуының маңындағы Үңгірлісай деген жерде мола қазылып, онда жібек матаға оралған мүрде мен бес қола айна табылды. Басқа молада күміс ыдыс пен екі тиын табылды. Бұл олжалар туралы «Императорлық Археологиялық комиссияның есебінде» хабарланды.1890 ж. шығыстанушы Е.Ф. Каль Әулиеата уезінің ескерткіштерін зерттеді, обалар мен қарауылтөбелер туралы мәліметтер жинады, Жетітөбе қорымының үлкен обаларының бірінде қазба жүргізді.

1893-1894 жж. Шымкент – Әулиеата – Мерке – Піспек – Ыстықкөл – Верный маршруты бойынша ғылыми сапарда болған В.В.Бартольд Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудің тарихы мен археологиясын зерттеуде маңызды рөл атқарды. 1894 ж. жарияланған есепте ол ортағасырлық жазба деректердің жиынтығын берді, тарихи очерк жазды және археология мен архитектураның ең қызықты ескерткіштерін, оның ішінде Талас және Шу алқаптарындағысын, Тараздың көне қалажұрттарын, Ақыртас кешенін, Түймекент пен Құлан қалажұрттарын сипаттады. Ғалымның ғылыми ықпалында 1895 ж. Ташкентте құрылған Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің жұмысы да жүріп жатты. Бұл үйірменің мүшелері өлке администрациясының өкілдері, оқу орындарының директорлары мен оқытушылары, шенеуніктер, әскерилер болды. Олардың санатында Талас және Шу алқаптарының ескерткіштерін ашушы және зерттеушілері В.А.Каллаур, В.П.Лаврентьев, Н.П.Остроумов, А.А.Диваевтар болды. Көнені зерттеуде әсіресе В.А.Каллаур көп еңбек сіңіріп, бай ғылыми мұра қалдырды. Оның көптеген мақалалары ортағасырлық қалалардың орнын анықтауға, қалажұрттардың, қорымдардың, тас мүсіндердің сипатына арналған. Көне түркілік руникалық жазуларды ашу мәртебесі де оған бұйырды. Ол архитектуралық ескерткіштерге де көп көңіл бөлді, П.И. Лерх пен В.В. Бартольд келтірген Ақыртас сипаттамасын толықтырды, Айша Бибі мен Бабаша Хатун кесенелерін, Ұлы Жібек жолындағы көне қалалар мен мекендерді, Тектұрмас тауындағы және Таластың төменгі ағысындағы архитектуралық құрылыстарды, тас мүсіндер мен көне түркілік руникалық жазбаларды сипаттады.

В.П. Лаврентьев Әулие Ата айналасындағы «төбелер» – қалажұрттардың реестрін жасады. Көнені әйгілі зерттеушісі А.И.Добросмыслов 20 ғ. басындағы Әулие Ата құрылымын сипаттап қалдырды.

Зерттеушілер мен өлкетанушылар көлемді фактілік материал жинақтады, олардың жасаған ескерткіштердің сипаттамалары осы күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ, өйткені, олардың көбісі уақыт өте келе бұзылды немесе өзгерді. Сондықтан, сақталған мәліметтер олар туралы жалғыз дерек болып қалды. Жалпы бұл жұмыстар материал жинау, облыстың археология және архитектура ескерткіштерін тіркеу мен сипаттау жұмыстарына жол ашты.

1917 ж. төңкеріс пен азамат соғысынан кейін, кеңес мемлекетінің бастапқы кезеңінде Шу-Талас аймағының археологиялық ескерткіштерін зерттеу жұмыстары қайта жанданды. 1925, 1927 және 1930 жж. М.Е. Массон Тараз қалажұрты мен Талас алқабының ескерткіштерін зерттеді. 1936 ж. ол Талас өз. жоғарғы ағысында кездейсоқ табылған руникалық жазуы бар таяқты ғылыми айналымға енгізеді.

Алғашқы ғылыми қазба жұмыстары 1927 ж. Көненің ескерткіштері мен өнер ескерткіштерін қорғау жөніндегі Орта Азиялық комитетінің экспедициясы (М.Е.Массон) жүргізді. Экспедиция Әулиеата маңының топографиясын зерттеді, шахристан мен қорымда қазба жүргізді. Қазба барысында ортағасырлық керамика мен терракоталық әрлеуіш материалдардың тамаша үлгілері табылып, Әулие Атаның астында ортағасырлық қаланың қалың мәдени қабаттары бар екені анықталды. Қалажұрт фортификацияның қалдықтарын сақтап қалған, үш қатар жалмен қоршалған, Талас өзенінің өткелінде орналасқан және Талас алқабының осыған ұқсас ескерткіштерінің ішіндегі ең ірісі болды. Археологиялық материалдар, оларды сараптау М.Е.Массонға бұның Тараздың – ортағасырлардағы Орта Азия, Еуразияның ірі қалалары бірінің қалдықтары екіндігін дәлелдеуге мүмкіндік берді.

1925 ж. Айша Бибі кесенесін архитектор Б.П.Денике зерттеді. Кейіннен ол архитектуралық өрнекті сараптамасы және бағалау жөніндегі еңбегін жариялады. 1937 ж. кесенені Шығыс мәдениеті музейінің экспеди¬циясы (Б.М. Никифоров, Н.В. Черкасов) зерттеді.

1931 ж. Шу алқабында археологтар М.П.Грязнов, С.И.Тереножкиндер жұмыс істеді.

1936 ж. Талас және Шу алқаптарында Жетісу археологиялық экспедициясының (ЖАЭ) жұмыстары басталды. Экспедицияны КСРО Ғылым академиясының Ма-териалды мәдениет тарихы институты, Мемлекеттік Эрмитаж, КСРО-ның Ғылым академиясының Қазақ және Қырғыз филиалдары, Қазақ КСР Халық комиссарлары Кеңесінің жанындағы қорықтар мен ескерткіштерді қорғау басқармасы ұйымдастырды. Жұмыстар 1935- 1938 жж. жүргізілді.

Жұмыстардың нәтижесінде кең хронологиялық диапазондағы: б.д.д. V ғ. – б.д. ХІХ ғ. дейінгі алуан археологиялық ескерткіштер ашылып, мерзімделді, Тараз қалажұртында 6 қазба, соның ішінде стратиграфиялық қазбада салынды. Қалажұрттың топографиясы эзерттелді. Қалажұрттағы қазба 11 ғ. бірегей моншасын ашты, көне су құбырын анықтады, керамика, шыны, металл, тиын коллекциялары жинақталды. Алғаш рет Тараз қаласының тарихын археологиялық материалдарды пай¬далана отырып қалпына келтіру әрекеттері жасалды.

1938 ж. археология және архитектура ескерткіштерін зерттеу және сақтау үшін Жамбыл археологиялық пункті ұйымдастырылды. Оны кәсіпқой археолог Г.И.Пацевич басқарды.

1935-1938 А.Н Бернштамның жетекшілігімен ұйымдастырылған СССР ҒА Қазақстан филиалымен жүргізілген жұмыстар барысында Таразбен оның төңірегіндегі қалаларға қатысты тың материалдар жинақталды. Тараз қалашығына қазба жұмыстарын жүргізу арқылы қаланың құрылысын анықтауға күш салды. А.Н Бернштам Луговой елді мекенінің жанынан үйсін қонысының орыны мен Беріққара және Кеңкөл обаларына қазба жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар өңірдегі көптеген қалалармен оба қоныстарды жаңадан ашып жарыққа шығарушы ғалым болды.

1940 ж. сол кезде құрылған тарихи-өлкетану музейіне археологиялық материалдар жинау үшін Жамбыл археологиялық пункті қазба жұмыстарын бастады. Қазбалар Тараздың Әулиеата орнындағы қалажұртқа толық сәйкес екендігін дәлелдеді. Ортағасырлық қала тұрғындарының дүниетанымы жөнінде қызықты материал тараздық қорымдардың қазбасы мен жерлеу кешендерінен кездейсоқ олжалар берді.

Соғыстан кейінгі жылдары Г.И.Пацевич бастаған Жамбыл археологиялық пункті мен белгілі өнертанушы және архитектура тарихшысы Л.И.Ремпель жұмыс істеген Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі зерттеулерін жалғастырды.

1946 – 1951 жж. Тараз қаласының қорымы мен Тектұрмас тауындағы қорым зерттелді, қалажұрттың өзінде қазба жүргізілді, Ақыртас кешені, Талас өзенінің жазық бөлігі мен төменгі ағысындағы қалажұрттар зерттелді.

Г.И.Пацевич, Л.И.Ремпель экспедициялары көне қалажұрттардың орналасуы, ескерткіштер картографиясы жөнінде кең және қызықты материал жинақтады, оларды жариялады.

Соғыстан кейінгі жылдары 1960-шы жылдарға дейін республиканың оңтүстік өңірінің архитектураның даму тарихын зерттеу жұмыстарын Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанынан құрылған Архитектура істері бойынша басқармасы ұйымдастырған экспедиция жүргізді. Экспедицияны архитекторлар Т.К. Басенов, М.М.Меңдіқұловтар басқарды. 1956 ж. Жамбыл облысының ескерткіштерін зерттеу және Қазақстанның археологиялық картасын дайын¬дау үшін А.Г.Максимова басқарған Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография Институнының Жамбыл археологиялық экспедициясы құрылды.  Экспедицияның жұмысы барысында облыстың белгілі ескерткіштері зерттелді, жаңалары ашылды және олар туралы мәліметтер дайындалды.

1958 ж. экспедицияның М.К.Қадырбаев бастаған отряды Талас ауданында Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу үшін өте сирек, негізгі таралу аймағы Орталық Қазақстан болып табылатын Тасмола мәдениетінің тай¬палары қалдырған «Жоталы оба» (мұртты оба) қазылды. Оны қазу барысында обалар архитектурасын сипаттай-тын бірегей материал алынды, қару-жарақ заттары, керамика және «полихромдық стильге» жататын зергерлік бұйымдар табылды.

60-70-ші жж. облыста Х.А.Алпысбаев бастаған археологиялық экспедиция жұмыс істеп, Қаратауда палеолит кезеңінің бірегей табылу орындарын ашты. Төменгі палеолит кезеңінің тас құралдарының табылуының әлемдік маңызы бар. Палеолит ескерткіштерін зерттеуді Ж.К.Таймағанбетов жалғастырды.

1961 ж. бастап 1968 жылға дейін облыс территориясында Жетісу археологиялық экспедициясы жұмыс істеді. Экспедиция құрамында Е.И.Агеева, Т.Н.Сенигова, А.Г.Максимова, М.С.Мерщиев бастаған бірнеше отрядтардан тұрды. Тараз қалажұртының стратиграфиясы зерттелді, қаланың пайда болу және қалыптасу мерзімі, оның даму кезеңдері анықталды. Ерте темір ғасырының кезеңі зерттелді, атап айтқанда, Шөлтөбе мен Қызыл-Қайнар мекенжұрттарына қазба жүргізілді. А.Г.Максимова бастаған отряд Қызыл-Қайнар, Шошқала сияқты үйсін қорымдарын зерттеді, Луговое (К.М.Байпақов) және Аспара (Л.Б.Ерзакович) қалажұрттары зерттелді.

1974 жылдан қазірге дейін аздаған үзілістермен Қазақ мемлекеттік университеті, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университетінің У.Х.Шәлекенов бастаған археологиялық экспедиция¬сы Ақтөбе Степнинское қалажұртын зерттеп келеді. Ақтөбе қалажұртынан басқа экспедиция отрядтары ерте көшпелілер ескерткіштерін (A.M. Оразбаев) және Шу алқабының қалажұрттарын (М.Е. Елеуов, Н.О.Алдабергенов) зерттеді.

1983-1984 жж. Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институның Л.Б.Ерзакович бастаған Тараз археологиялық экспедициясы құрылды. Екі жыл ішінде Жамбыл қаласының маңындағы және Талас өзенінің орта ағысындағы мекен және қала жұрттары зерттелді, қаңлы кезеңінің Шөлдала мекенжұрты, Жамбыл қаласының Сүлейменов көшесіндегі төрткүл қазылды, Талас өзені алқабындағы көне ирригацияны зерттеу басталды.

1985 жылдан 1989 жылға дейін облыста Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының К.М.Байпақов бастаған Ескерткіштер Жинағының археологиялық экспедициясы, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің «Қазжобареставрация» институтының экспедициясы (А.О. Итенов, А.Н. Проскурин, Т.Д. Жанысбеков) жұмыс істеді. Экспедициялар жұмысы археология және архитектура ескерткіштерін анықтау және паспорттауға, тарих және мәдениет ескерткіштерінің Жинағы үшін материал жинауға және Жетітөбе қорымы, Өрнек, Луговое Е, Қостобе қала-жұрттары сияқты эталонды ескерткіштерге қазба жүргізуге бағытталды. Қырғыз Алатауы мен Қаратауда петроглифтер зерттеле бастады. Мерке өзенінің жоғарғы ағысында шоғырланған түрік мүсіндері зерттелді (Э.А. Новгородова).

Архитектура мен монументалды өнердің ескерткіштерін паспорттау мен зерттеу жұмыстары жүргізілді.

1990 ж. облыста Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы, ал Археология  институты  құрылғаннан  кейін  К.М.Байпақов бастаған Оңтүстік Қазақстан археологиляқ экспедициясы жұмыс жүргізе бастайды. Экспедициялық жұмыстар жаңа ескерткіштер анықтау және зерттеуге, сонымен қатар, Луговое, Қостөбе, Өрнек, Төменгі Барысхан қалажұрттарында, Ақыртас кешенінде қазба жұмыстарын жүргізуге бағытталды.

Археология және архитектура ескерткішін зерттеудегі жаңа кезең ел Президенті қолға алған «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы аясында 2004 ж. басталды.

Мәдени мұраның сан алуандығы мен байлығы өркениетті қоғамның негізгі белгісі, ұлттық және мемлекетік сана-сезімнің интеграциялық компоненті болып табылады. Мәдени мұраның заттық бөлігі халықтың материалданған жадысын көрсетеді. Мұның маңызды бөлігін археологиялық мұра құрайды.

Зерттеу жұмысының мақсаты: Жамбыл облысы аумағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштер баға жетпес жәдігерлер, тарихымыздың куәгерлері болып табылатындықтан, оларды әр түрлі туристік маршруттарға енгізу.

Зерттеу жұмысының міндеттері:

–         Жамбыл облысының тарихи ескерткіштері туралы толық мағлұматтар алу және талдау;

–         Тарихи және мәдени обьектілерді анықтау, есепке алу;

–         Оларды туристік маршруттарға бөлу, жүйелеу.

Жұмыс құрылымы: жұмыс кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Соңынан пайдаланған әдебиеттер тізімі мен қосымша материалдар берілген.

1.                Жамбыл облысының тарихи-мәдени ескерткіштеріне қысқаша сипаттама

 

Қазақстан Республикасының оңтүстігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлік. 1939 жылы 14 қарашада құрылған. Жерінің аумағы 144,3 мың шаршы шақырым, тұрғындарының саны 983,9 мың адам (1999 ж.). Батысында Оңтүстік Қазақстан, солтүстігінде Қарағанды, шығысында Алматы облыстарымен, оңтүстігінде Қырғыз Республикасымен шектеседі. Облыс аумағындағы 383 елді мекен 10 әкімшілік ауданға, 4 қалаға, 13 кенттік және 82 ауылдық әкімшілік округтерге біріктірілген (1999 ж.) Орталығы – Тараз қаласы.

Жамбыл облысының көп бөлігі жазықты болып келген. Шу өзенінің аңғарынан солтүстікке қарай Сарыарқаға дейінгі кең өңірді сазды, ұсақ шоқылы Бетпақдала шөлі (ең биік жері Байқара жотасы, биіктігі 665м), Шу-Талас өзені аралығын төбешікті‑қырқалы құмды Мойынқұм шөлі алып жатыр. Облыстың оңтүстік-батысында Қаратау жотасы (1600 м), оңтүстігінде Қырғыз Алатауы (1400 м), оңтүстік‑шығысында Желтау, Айтау таулары Іле Алатауына ұласып кетеді. Ең үлкен өзені-Шу, ол облыстың шығыс бөлігінен батысқа қарай ағып өтеді. Талас өзенінің суы тау бөктеріндегі жазыққа шыққан тұсында егін суаруға пайдаланылады. Үшінші ірі өзені-Асы суы мол жылдары Таласқа қосылады. Көптеген орта және кішігірім өзендер (Шабақты, Бүркітті, Ырғайты, Құрағаты, т.б.) Қырғыз Алатауы мен Шу-Іле тауларының және Қаратаудың беткейлерінен басталады. Өзендер мұздық (Шу, Талас), қар және ыза суымен толығады. Көлдердің көбі жазда құрғап, сорға айналады. Ірілері-Ақжар, Ащыкөл, Ақкөл, Билікөл, Үлкен Қамқалы, т.б. Шу өзенінде Тасөткел бөгені, Асы бойында Терісащыбұлақ бөгені салынған.

Жамбыл облысы Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі ежелден-ақ шартарапқа кетіп жатқан керуен жолдарының тоғысқан жері болған.  Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Ежелгі Тараздың «саудагерлер қаласы» болып аталуы бекер болмаса керек. Тарихымыздың темір қазығына айналған Ежелгі Тараз қаласы ортағасырлар кезеңінен-ақ  ірі сауда мен мәдени орталығына айналған. Бұл өңір тарихымыздың әр түрлі кезеңдерінен  сақталған тарихи-мәдени ескеркіштерге бай өлке. Ескерткіштер өңірдің шығысы мен оңтүстік-шығысында Желтау, Айтау тау жоталарынан бастап оңтүстік-батысында Қаратауға дейін, солтүстігінде Сарыарқадан оңтүстікке қарай Талас алатауына дейінгі аралықта кездеседі. Жамбыл облысында 2006 жылға дейін мемлекеттік есепке алынған 1072 ескерткіш болса, оның ішінде 840 археологиялық, 111 тарихи, 107 сәулет және қала құрылыстары, 5 монументальді өнер ескерткіштері бар. 2006-2007 жылдары аралығында Тұран археологиялық экспедициясы (М.Елеуов) Жуалы, Жамбыл, Талас және Сарысу аудандарында жүргізген  барлау жұмыстарының нәтижесінде бұрын ғылымға белгісіз болып келген 240 ескерткішті ашып, ғылыми айналымға енгізді. Соның нәтижесінде Жамбыл облысынан ашылып, есепке алынған археологиялық ескерткіштердің саны 1080-ге жетті. Есепке алынған ескерткіштердің қатарында тас ғасырының тұрақтары, қола, ерте темір ғасыры мен ортағасырлық обалар, оба қорымдары, ежелгі және ортағасырлық елді мекендер, қалалар мен бекіністер, төрткүлдер мен қарауыл мұнаралары, жар тастарға салынған суреттер бар.

Тас ғасырының тұрақтары Қаратаудың тау алды жазықтарында және далалық жазықтарда кездеседі. Тастан, тас аралас топырақтардан үйілген әр түрлі тарихи кезеңдердің обалары тау шатқалдарында, тау үстінде, тау алды жазықтарында және өзендер мен көлдердің жағаларында орналасқан.

Қола, ерте темір және ортағасырлық жартастарға салынған сурет орындарын Желтау, Айтау, Хантаулары мен Қаратау және Талас Алатауының солтүстік беткейіндегі шатқалдардан және тау алды жазықтарындағы қой тастардан кездестіруге болады.

Ортағасырлық елді мекендер мен қалалар Талас Алатауының солтүстік беткейімен жүрген Ұлы Жібек жолының бойында және Шу мен Талас өзендерінің аңғарларында орналасқан.

Жамбыл облысы аймағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштері баға жетпес жәдігерлер, тарихымыздың куәгерлері болып табылатындықтан, оларды әр түрлі туристік маршруттарға енгізуге болады.

2.  ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ТУРИСТІК БАҒЫТТАРЫ

 

2.1.              ӨЛКЕТАНУШЫЛЫҚ ТУРИЗМ

Жамбыл облысының тарихи – мәдени ескерткіштерге бай өлке екенін және оның табиғатының ерекшеліктерін ескере отырып, облыс көлемінде туризмнің өлкетанушылық, экологиялық, этнотуризм және альпенистік туризм бағыттарын дамытуға болады.  Туризмнің бұл саласының негізгі мақсаты сыртқы, ішкі туристерге және жергілікті халыққа Тараз қаласы мен Жамбыл облысының бай тарихы мен табиғатын жан-жақты таныстыру.

Облыс көлемінде өлкетанушылық туризмді келесі бағыттар бойынша ұйымдастыруға болады:

–                        ­Тараз жәдігерлері

–                        Тараздың алтын сақинасы

–                        Телікөл керуен жолымен

–                        Талас керуен жолымен

–                        Шу керуен жолымен

–                        Ұлы Жібек жолымен

–                        Жамбыл облысының алтын шеңбері

–                        Керей мен Жәнібек хандардың жолымен

 

2.1.1. Тараз жәдігерлері

Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласының көлемінде Ежелгі Тараз қаласы, Қарахан кесенесі, Шамансұр кесенесі, Тектұрмас кешені, Тас көпір, Төңкеріс төрткүлі, Төрткүл керуен сарайы және Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі орналасқан.

Ежелгі Тараз қаласы. 2000 мыңжылдық тарихы бар қаланың орны қазіргі Тараз қаласының орталық бөлігінде, Көкбазардың астында жатыр. Орталық бөліктен, шаруашылық аймағынан және оларды сырттай қоршаған бірнеше ұзын қорғандардан тұрған ежелгі қаланың тарихи бедері бүгінде толық бұзылып кеткен. Қаланы 1867 жылы П.П. Лерх, 1893-94 жылдарда В.В. Бартольд зерттеген. 1927 жылы М.Е. Массон шағын көлемде қазба жүргізген. 1938-40 жылдарда Жетісу археологиялық экспедициясы, 1950 және 1983-85 жылдарда Тараз археологиялық экспедициясы әртүрлі көлемде қазба жүргізген.(Сурет-1,2)

Қарахан кесенесі, 20 ғ-дың басы. Төле би мен Байзақ батыр көшелерінің қиылысында орналасқан кесене ортағасырлық бейіт кешеніне кіреді. ХХ ғ-дың басында толық бұзылған кесенені 1905-06 жылдарда ишан Саид Бекхасов қайта тұрғызған. Кесенедегі қайта қалпына келтіру жұмыстары 1975-85 және 2000 жылдары жүргізілді. Қазір кесене «Көне Тараз ескерткіштері» Мемлекеттік қорық-мұражайының қарауында.

Шамансұр кесенесі, 13 ғ. Қаланың орталық бөлігіндегі ортағасырлық бейіт кешенінде орналасқан. Қазір «Көне Тараз ескерткіштері» Мемлекеттік қорық-мұражайының қарауында.

Төңкеріс төрткүлі, 6-12 ғғ. Жамбыл даңғылымен Сухамбаев көшесінің қиылысында орналасқан. Төртбұрышты көлемі 52 х 52 м, биіктігі 3-4 м.  Ескерткішті 1980 жылы «Көне Тараз ескерткіштері» Мемлекеттік қорық-мұражайы қызметкерлері, 1983-1985 жылдары Тараз археологиялық экспедициясы зерттеді. Төрткүлдің бұрыштарында мұнара орындары сақталған. Ескерткіштің жоғары қабатын ХХ ғ-дың зираты алып жатыр.

Тектұрмас кешені, 10-14 ғғ. Талас өзенінің оң жағалық тік жарқабағында орналасқан. Кешен ежелгі Тараз төңірегінде орналасқан ортағасырлық жерлеу орындарының бірі. 1986 жылы кешен қоршалып, ескерткіш тақтасы қойылған.

Тас көпір, 13 ғ. Тас көпірдің орны қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінде, Тектұрмас кешеніне жақын жерде, Талас өзенінің жағасында сақталған. Осы көпір жайлы алғашқы мәлімет қытай саяхатшысы Чань-Чуньде кездеседі. Көпірдің жобасын 1872 жылы Сырдария құрылыс-жол комиссиясының мүшесі Н. Белов түсірген.

Төрткүл керуен сарайы, 11-13 ғ-дың басы. Қаланың батыс шетінде орналасқан. Тік төртбұрышты, көлемі 80 х 80 м,оны қоршаған жалдың ені 6 м, биіктігі 1,5-2 м. Оның оңтүстік-батыс қабырғасы сақталмаған, оңтүстік-шығыс қабырғасы бұзылған. 1983-85 жылдары Тараз археологиялық экспедициясы керуен сарайда зерттеу жұмыстарын жүргізді. 2009 жылдан бастап «Археологиялық экспертиза» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазба және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізе бастады. (Сурет-3)

Жамбыл облысы тарихи-өлкетану музейі. Тараз қаласының орталық алаңында орналасқан. Музей 1931 жылы ашылған, оның залдарының жалпы көлемі 1492 шаршы метр. Музей қорында 30 мыңнан аса заттар сақталған.

 

2.1.2. Тараздың алтын сақинасы

Бұл бағыт бойынша туристер, өлкетанушылар Тараз қаласының аймағында орналасқан әртүрлі тарихи кезеңдерден сақталған келесі ескерткіштермен танысады:

–                        Ортағасырлық Төменгі Барысхан

–                        Талас қарауыл мұнарасы

–                        Ботамойнақ тасқа салған суреттері

–                        Ботамойнақ мұнаралары

–                        Жетітөбе обалар қорымы

–                        Ортағасырлық Қостөбе

–                        Ақыртас кешені

–                        Ортағасырлық Түймекент

–                        Кіші Бурыл мұнарасы

–                        Ортағасырлық Бектөбе

–                        Айша бибі кесенесі

–                        Бабаджа қатын кесенесі

Ортағасырлық Төменгі Барысхан. Ибн Хордадбек пен Қудаманың жолжазбаларына сәйкес Төменгі Барысхан Тараздан шығысқа қарай үш фарсах жерде орналасқан. Қала жайлы: «Барысхан – Тараздан шығысқа қарай орналасқан, адамның дауысы жетерлік жердегі қала. Оның айналасында қазіргі күні құлап қалған қабырға бар. Үлкен мешіт базарлардың ортасында тұр»,- делінген. Төменгі Барысхан Тараздан 15 км жерде, Талас теміржол бекетінің маңындағы ортағасырлық Төрткүлтөбе қаласымен баламаланып жүр.(Сурет-4)

Талас қарауыл мұнарасы, Талас темір жол бекетінен шығыста, биік төбенің үстінде орналасқан. Тас аралас топырақтан үйілген обаның аумағы 10-12 м, сақталған биіктігі 2 м шамасында.

Ботамойнақ тасқа салған суреттері, ерте темір және орта ғасырлар. Тасқа салынған суреттер Тараз қаласынан 15 км шығыста Ботамойнақ тауының батыс беткейінде орналасқан. Жартастың оңтүстік беткейіне салынған суреттерде арқар, тауешкі және басқада жануарлар бейнеленген.

Ботамойнақ мұнаралары, тастан қаланған 2 мұнара Тараз қаласынан шығыста Ботамойнақ тауының ең биік жерінде орналасқан.

1 – мұнара, 10-12 ғғ. Тараз қаласынан 20 км шығыста, таудың биік жерінде орналасқан. Тастан қаланған мұнараның аумағы 7 м, биіктігі 2,8 м.

2 – мұнара, 10-12 ғғ. Ботамойнақ 1 мұнарасынан 3 км батыста, Тараз қаласынан 17 км шығыста, таудың биік жерінде орналасқан. Тастан қаланған мұнараның көлемі 5,6 x 6 м, биіктігі 3,1 м.

Жетітөбе обалар қорымы, ерте темір ғасыры.  Ақбұлым ауылынан солтүстік шығыста 5 км жерде, Алатаудың солтүстік баурайындағы тау алды жазығында орналасқан. Қорымдағы аумағы 8-95 м, биіктігі 0,4 – 8 м келетін обалар екі қатар болып орналасқан. 1861 жылы П.И. Лерх ашқан қорымды 1890 жылы Е.Ф. Каль, 1985-1986 жылдары ЕЖАЭ (П.Е. Қаратаев, Р.Б. Исмагилов) зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізді. (Сурет-5)

Ортағасырлық Қостөбе, 6 – 12 ғғ. Сарыкемер ауылынан шығыста, Талас өзенінің бірінші жағалық терассасындағы алаңда орналасқан. 1938 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы, 1986-87 жылдары тарихи және мәдени ескерткіштер Жинағының археологиялық экспедициясы (К.М. Байпақов) зерттеген.

Ақыртас кешені, 8 – 12 ғғ. Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде, Ақшолақ темір жол станциясынан 6 шақырым оңтүстікте, Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан. Кешеннің құрамына сарай құрылысы және өзеннің құрғақ арнасының екі жағындағы оған жанасып жатқан территорияда шоғырланған  нысындары  кіреді. Олар  қала сыртындағы үй-жай, қамал, саябақ, тас алатын карьер, саз балшық карьері, хауздар (су қоймасы). Оған ең алғашқы көңіл аударған орыс суретшісі М.С. Знаменский. Ол 1864 жылы қаланың қирандысына барып, Ақыртастың панорамасы мен қабырғалардың бөліктеріне байланысты қызықты суреттер салып қалдырған. Ескерткішті 1867 жылы белгілі ғалым П.И. Лерх зерттеген. П.И. Лерх Ақыртасты будда монастыры деп санаған. 1893 жылы оған В.В. Бартольд барған. Ол ескерткіш туралы аңыздар келтіріп, оны христиандық құрылыс, нақтырақ айтқанда, несториандықтардың монастыры деп түсіндіреді. Ескерткішті 1936-1938 жылдары Талас аңғарында зерттеулер жүргізген Жетісу археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам) тексерді. Одан кейін ескерткішті 1940 1945-46 жылдары Г.И. Пацевич зерттеп, үлкен мақала жазды. Кешенді 1945 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы сәулет  өнері ісі жөніндегі экспедициясы зерттеді (Т.К. Басенов).

Ортағасырлық Түймекент, 6 – 12 ғғ. Түймекент ауылының оңтүстік‑шығыс шетінде, Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан. Теңіз деңгейінен биіктігі 476 м. Тік бұрышты көлемі 250 × 310 м. Оны қоршаған қамалдың қабырғалары мен бұрыштарындағы мұнараларының биіктігі 4,5-7 м. Түймекентте 1894 жылы В.В. Бартольд, 1936-38 жылдары Жетісу археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам), 1983 жылы ҚазМУ-дың археологиялық экспедициясының тобы (М. Елеуов) зерттеу жұмыстарын жүргізді. (Сурет-6)

Кіші Бурыл мұнарасы, 9 – 12 ғғ. Құмжота ауылынан 1,5 км батыста, Кіші Бурыл тауының ең биік жерінде орналасқан. Тастан қаланған мұнараның көлемі 7,5 x 7,5 м, сақталған биіктігі 1,5 м. Мұнараны 1998 жылы ҚазМУ Қаратау археологиялық экспедициясы (М. Елеуов) есепке алып, 2000 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия университетінің археология және этнология кафедрасының экспедициясы қазба жүргізген.

Ортағасырлық Бектөбе, 7 – 12 ғғ. Бектөбе ауылының батыс шетінде орналасқан. Бұрыштарымен төрт тарапқа бағытталған тік бұрышты төбенің табанындағы өлшемі 312 × 343 м, биіктігі 6 м, үстіндегі алаңның көлемі 100 × 120 м. Қалашықты 1938 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы (А.И. Бернштам) ашып, зерттеген. Қалашық ортағасырлық Джамукат қаласымен баламаланады. Сол жылдары қалашықта біршама қазба жұмыстары жүргізілді. Қалашықты кейінірек 1978 жылы Жамбыл облысы тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы, 1989 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының тарихи және мәдени ескерткіштері Жинағының археологиялық экспедициясы (К.М. Байпақов) зерттеген.

Айша бибі кесенесі, 11 – 12 ғғ. Тараздан 20 км батыста, Айша бибі ауылында орналасқан. 1979-85 жылдары ескерткіште консервация- реставрациялау жұмыстары жүргізілген.

Бабаджа қатын кесенесі, 10 – 11 ғғ. Айша Бибі кесенесінің жанында орналасқан. Ескерткіш 1897 жылы, 1938-39 жылдары, 1943, 1953 жылдарда зерттелген. 1979 жылы қалпына келтірілді.

 

2.2. Ұлы Жібек жолы бойындағы Телікөл және Талас керуен жолдары
2.2.1. Телікөл керуен жолымен

Ежелгі Тараз қаласынан басталып Қаратаудың солтүстік беткейімен жүрген бұл бағыт келесі ескерткіштер арқылы өтеді:

–                        Ортағасырлық Бектөбе қаласы

–                        Берікқара обалар қорымы

–                        Майтөбе бекінісі

–                        Арбатас төрткүлі

–                        Бұрқаты елді мекені

–                        Ортағасырлық Саудакент

–                        Ықылас Дүкенұлы кешені

–                        Шоқай датқа кесенесі

–                        Бөріқазған

–                        Тәңірқазған

–                        Ортағасырлық Тамды

–                        Ортағасырлық Қаракемер қаласы

–                        Ортағасырлық Бектөбе

–                        Айша бибі кесенесі

–                        Бабажа қатын кесенесі

Ортағасырлық Бектөбе, 7 – 12 ғғ. Бектөбе ауылының батыс шетінде орналасқан.

Берікқара обалар қорымы, б.з.д. 2- б.з. 4 ғғ. Ленинский путь ауылынан 3 км оңтүстікте, Қаратаудың тау алды жазығында, Тараз – Қаратау автокөлік жолының екі жағында орналасқан. 1938-39 жылдарда Жетісу археологиялық экспедициясы, 1957 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы, 1978 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы, 2006 жылы Тұран археологиялық экспедициясы (М. Елеуов) зерттеген.

Майтөбе бекінісі, 8 – 10 ғғ. Майтөбе ауылының шығыс шетінде орналасқан. Сегіз қырлы бекіністің биіктігі 4-5 м. Оны 1941 жылы Жамбыл археологиялық бекетінің экспедициясы, 1980 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы, 2006 жылы Тұран археологиялық экспедициясы (М. Елеуов) зерттеген.

Арбатас төрткүлі, 10 – 13 ғғ. Майтөбе ауылының териториясында, Арбатас өзенінің оң жағасында орналасқан. Төртбұрышты көлемі 110 х 110 м, оны қоршаған қамалдың биіктігі 3 м. Төрткүлді 1980 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы (Қ. Байбосынов) ашып, зерттеген.

Бұрқаты елді мекені, 8 – 12 ғғ. Жаңатас қаласының солтүстік шетінде, Бұрқаты өзенінің сол жағасында, жолдың жиегінде орналасқан. Солтүстік, солтүстік-шығыс жағының біраз бөлігін су шайып кеткен төбенің көлемі 85 х 80 м, биіктігі 3-4 м. Елді мекенді 2006 жылы Тұран археологиялық экспедициясы (М.Елеуов) ашып, зерттеген.

Ортағасырлық Саудакент,  9 – 15 ғғ. Саудакент ауылының (бұрынғы Байқадам) территориясында орналасқан. Жобасында төрт бұрышты қаланың көлемі 230 х 160 м, биіктігі 3 – 6 м. Қаланы 1901 жылы В.А. Колосовский, 1946 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеп (Ә.Х. Марғұлан), цитадельдің солтүстік-шығыс бұрышына шурф салған. 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан археология экспедициясы (А.Н. Бернштам), 1980 жылы Жамбыл облысы тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы зерттеді.

Ықылас Дүкенұлы кешені, Саудакент ауылының оңтүстік шетінде, Жаңатас – Тараз – Шолаққорған автожолдарының қиылысында орналасқан. Сәулетшілері: Э.М. Байтенов, А.С. Еспембетов, Г.Б. Сахариева. 1993 жылы қазақ «халық ақыны» Ы. Дүкеновтың 150 жылдық мерейтойына арналып соғылған.

Шоқай датқа кесенесі, 18 ғ. Саудакент ауылының шығыс шетіндегі Саудакент қаласының ортағасырлық ескі зиратында орналасқан. 1946 жылы Г.И. Пацевич, 70-80 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің «Қазжобақайтаөңдеу» институты, 2000 жылы тарихи және мәдени ескерткіштердің Жинағы экспедициясы зерттеген. Ескерткіш 1990 жылы қайта қалпына келтірілген.

Бөріқазған тұрағы, ерте тас ғасыры. Қаратау қаласынан 38 км солтүстік шығыста, тау алды жазығындағы үсті тегіс қырқада орналасқан.  Ескерткішті 1958 жылы Х.А. Алпысбаев ашып зерттеген.

Тәңірқазған тұрағы, ерте тас ғасыры. Қаратау қаласынан 34 км солтүстік шығыста, үсті тегіс тау алды жазығындағы қырқада орналасқан. Ескерткішті 1968 жылы Х.А. Алпысбаев ашып зерттеген.

Ортағасырлық Тамды, 11 – 13 ғғ. Қаратау қаласының батыс шетінде, Тамды өзенінің оң жағында орналасқан. Географиялық координаттары: С. Ш. 43° 10’ 50’’, с.б. 70° 25’ 47’’. Теңіз деңгейінен биіктігі 570 м. 1941 жылы Жамбыл археологиялық бекеті (Г.И. Пацевич), 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы, 2009 жылы Тұран археологиялық экспедициясы ортағасырлық Тамды қаласында қазба жұмыстарын жүргізді. (Сурет-7)

Ортағасырлық Қаракемер қаласы, 7 – 12 ғғ. Қаракемер ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 2 км жерде орналасқан. Ескерткішті 1938 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам) ашты. 1978 жылы Жамбыл облысының тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы (К. Байбосынов), 1989 жылы тарихи және мәдени ескерткіштер Жинағының археологиялық экспедициясы зерттеген.(Сурет-8)

Ортағасырлық Бектөбе қаласы, 7 – 12 ғғ. Қаракемер ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 2,5 км жерде орналасқан. Қаланы 1938 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам) ашып, қазба жүргізді. 1978 жылы Жамбыл облысының тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы (К. Байбосынов) зерттеді.

 

2.2.2. Талас керуен жолымен

Талас өзенін жағалап жүрген бұл бағыт келесі ескеррткіштер арқылы өтеді:

–                        Ортағасырлық Төменгі Барысхан

–                        Ортағасырлық Қостөбе қаласы

–                        Ортағасырлық Түймекент қаласы

–                        Жайлаутөбе қаласы

–                        Шөлтөбе бекінісі

–                        Қонысбай төрткүлі,

–                        Нарынбай төрткүлі

–                        Ортағасырлық Оққұм қаласы

–                        Ортағасырлық Төрткүлтөбе

–                        Ортағасырлық Шаруашылық қаласы

–                        Ортағасырлық Тектұрмас қаласы

–                        Ақкесене мұанарсы

–                        Қалмақарық каналы

 

Жайлаутөбе қаласы, 1 – 5 ғғ. Ақжар ауылынан 1 км, солтүстік-батыста орналасқан. Оның көлемі 140 х 120 м, биіктігі 6 м. Ескерткішті 1978 жылы Жамбыл облысының тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы (К. Байбосынов) ашып, зерттеген. (Сурет-9).

Шөлтөбе бекінісі, 9 – 11 ғғ. Жетібай ауылынан 0,5 км оңтүстікте орналасқан. Көлемі 180 х 130 м, биіктігі 6 м. Бекіністі 1936 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам) зерттеп, 1983 жылы  ҚазМУ-дың археологиялық тобы (М. Елеуов) жобасын түсірген.

Қонысбай төрткүлі, 10 – 12 ғғ. Кеңес ауылынан шығысқа қарай 7 км жерде орналасқан. Тік төрт бұрышты, көлемі 240 х 240 м. Оны қоршаған қамалдың ені 10-15 м, биіктігі 2-3 м. Төрткүлдің оңтүстік және солтүстік қабырғаларының ортасында «Г» тәрізді қақпалары бар.  Төрткүлді 1936 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам) ашып, зерттеді. 1983 жылы ҚазМУ-дың археологиялық тобы (М. Елеуов) зерттеу жүргізіп, жобасын түсіріп, оңтүстік – батыс қабырғасына кесік салған.

Нарынбай төрткүлі, 8 – 12 ғғ. Кеңес ауылынан шығыста, Тараз – Тегістік жолының жағасында орналасқан. Тік төртбұрышты көлемі 240 х 240 м. Оны қоршаған қамалдың ені 15-20 м, биіктігі 2-3 м. Төрткүлдің қабырғаларында, бұрыштарында мұнара орындары сақталған. Ескерткішті 1936 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам) ашқан. 1983 жылы ҚазМУ-дың археологиялық тобы (М. Елеуов) қайта зерттеген.

Ортағасырлық Оққұм қаласы, 6 – 12 ғғ. Шахан ауылынан 13 км солтүстік-шығыста, Сәмбет-Бостандық жолынан батыста 0,3 км жерде орналасқан. Төртбұрышты, көлемі 200 x 220 м. Оны қоршаған қамалдың биіктігі 3 м. Оның батыс және шығыс қабырғаларында орналасқан «Г» тәрізді қақпалары бар. Шахристанның оңтүстік-шығыс бұрышында орналасқан цитадельдің биіктігі 15 м. Қаланың орталық бөлігін қоршап жатқан екінші қамалдың көлемі 440 x 440 м, биіктігі 2-2,5 м. 18 мұнарасы бар осы қамалдың сыртындағы ордың ені 18-20 м, тереңдігі 2,5-3 м. Оққұм қаласын және оның төңірегіндегі өңделген алқаптарды қоршап жатқан үшінші қамалдың ені 10-12 м, биіктігі 1-1,5 м. Қаланы 1894 жылы В.В. Бартольд, 1936-38 жылдары Жетісу археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам) зерттеген. 1983 жылы ҚазМУ-дың археологиялық тобы (М.Е. Елеуов) жобасын түсіріп, оны қоршаған екінші және үшінші қамалдарға кесік салынған.

(Сурет-10).

 

Ортағасырлық Төрткүлтөбе, 7 – 13 ғғ. Бостандық ауылынан 2 км батыста орналасқан, төртбұрышты көлемі 230 x 90 м, биіктігі 3 м. Төрткүлді 1980 жылы Жамбыл облысының тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы (К. Байбосынов) зерттеді.

Ортағасырлық Шаруашылық қаласы, 7 – 13 ғғ. Сәду Шәкіров ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 8 шақырым жерде орналасқан. Қаланың болжамды көлемі 400 x 300 м, биіктігі 1,5-3 м. 1949 жылы  Жамбыл облысы тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Л.И. Ремпел, 1980 жылы Қ. Байбосынов зерттеді.

Ортағасырлық Тектұрмас қаласы, 7 – 13 ғғ. Бөлтірік шешен ауылынан солтүстік-батысына қарай 11 шақырым, Көшек батыр ауылынан солтүстік-батысқа қарай 5 шақырым жерде орналасқан. Көлемі 300 × 200 м. Оның солтүстік бөлігінде цитадель орналасқан. 1949 жылы Жамбыл облысы тарихи­-өлкетану музейінің қызметкері Л.И. Ремпел, 1980 жылы осы музейдің экспедициясы (Қ.Байбосынов) зерттеді.

Ақкесене, 10 – 12 ғғ. Үшарал ауылынан 21 км солтүстік-батыста Қалмақарық каналының жағасында орналасқан. Көлемі 21 х 22 м төртүлдің шығыс бұрышындағы кесектен қаланған мұнараның табанындағы аумағы 11 м. Сақталған биіктігі 12,6 м. Мұнараны 1898 жылы В.А. Каллаур, 1945, 1949 жылдары Л.И. Ремпель мен Г.И. Пацевич зерттеді. 1983 жылы ҚазМУ-дың археологиялық тобы (М.Е. Елеуов) жобасын түсіріп, оны қоршаған қамалдың қабырғасында, мұнарасында қазба жұмыстарын жүргізді. (Сурет-11).

Қалмақарық каналы, 13 – 14 ғғ. Тоғызкент ауылынан 20 км солтүстікте орналасқан. Ені 20 м жуық, тереңдігі 3-4 м канал оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай ондаған шақырымға созылып жатыр. Оны 1980 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы (К. Байбосыныов) зерттеген.

 

2.2.3. Ұлы Жібек жолымен

Бұл бағыттың мақсаты туристерге Ұлы Жібек жолының Жамбыл облысы арқылы өткен бөлігінде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштермен таныстыру. Алматы қаласынан (автокөлікпен) шыққан  туристердің Жамбыл облысындағы сапары Кенен – Шақпақата ауылдары аралығында келесі туристік нысандар арқылы жүреді:

 

–                        Кенен Әзірбаев музейі

–                        Өтеген батыр ескерткіші

–                        Қордай төрткүлі

–                        Ортағасырлық Ақтөбе қаласы

–                        Ортағасырлық Аспара қаласы

–                        Сыпатай батыр кесенесі

–                        Ортағасырлық Мерке қаласы

–                        Мерке обалар қорымы

–                        Мерке ғибадатханасы

–                        Ортағасырлық Құлан­ қаласы

–                        Абсент ескерткіші

–                        Ақыртас кешені

–                        Жетітөбе обалар қорымы

–                        Ортағасырлық Төменгі Барысхан

–                        Ежелгі Тараз қаласы

–                        Ортағасырлық Бектөбе

–                        Айша бибі кесенесі

–                        Бабаджа қатын кесенесі

–                        Ортағасырлық Бурнооктябрь қаласы

–                        Бауыржан Момышұлы кешені

–                        Шақпақата төрткүлі

 

Кенен Әзірбаев музейі. Кенен ауылының шығыс шетіндегі саябақта орналасқан. Музей 1981 жылы ашылған, авторлары В. Генералов, С. Самигуллин, А. Борвикова. Музейде қазақтың халық ақыны, әнші әрі композитор К. Әзірбаевтің шығармашылық және қоғамдық қайраткерлігі туралы мағлұмат беретін экспонаттар жинақталған.

Өтеген батыр ескерткіші. Аудан орталағы Қордай ауылынындағы Мәдениет сарайы ғимаратының алдындағы орталық алаңда орналасқан. Ескерткіш 1999 жылы батырдың 300 жылдық мерейтойы қарсаңында, ашылған. Мүсіннің биіктігі 4,1 м. Авторлары Д. Жолшиев, М. Ким.

Қордай төрткүлі, 10 – 12 ғғ. Қордай ауылының солтүстік-шығыс шетінде орналасқан. Төртбұрышты, көлемі 255 х 235 м, биіктігі 2 м. Оны қоршаған қамалдың ені 10 – 12 м, биіктігі 1,5 – 2 м. Қамалдың бұрыштарында, және қабырғаларында бір – бірінен 25-30 м аралықта мұнаралар орналасқан. Төрткүлдің шығыс бұрышынды көлемі 50 х 50 м шағын бекініс сақталған. Ескерткіштің бірқатар бөліктері шаруашылық жұмыстары кезінде бұзылған. Қаланы 1937 жылы Ю.Г. Платонов жетекшілік еткен жас өлкетанушылар ашып, зерттеген. 1953-54 жылдары П.Н Кжемяко, 1982 жылы ҚазМУ-дың археологиялық тобы (М.Елеуов) төрткүлде қазба жұмыстарын жүргізіп, оның қамалына кесік салып, бір мұнарасын қазып, зерттеген.

Ортағасырлық Ақтөбе қаласы 6 – 13 ғғ. Баласағұн ауылынан оңтүстік-шығыста 3 км жерде, Ақсу  және Қарабалта өзендерінің аралығанда орналасқан. Қаланың тарихи-топографиялық құрылымы орталық бөліктен (шахристан 1, шахристан 2, цитадель) оны сырттай қоршаған, кең алқапты алып жатқан шаруашылық аймағынан және оларды сырттай қоршаған бірнеше ұзын қорғандардан тұрады. Қаланың орталық бөлігі Ақсу өзенінің сол жағасында орналасқан. Ескерткішті 1941 жылы Жамбыл археологиялық бекеті (Г.И. Пацевич), 1953-1954 жылдарда П.К. Кожемяко зерттеген. 1974 жылдан бастап Әл‑Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы (У.Х. Шалекенов, М. Елеуов, Н. Алдабергенов) ортағасырлық Ақтөбе қаласының барлық бөліктерінде кең көлемде қазба жұмыстарын жүргізіп, әр түрлі тарихи кезеңдерден сақталған құрылыстарды, ашты.

Ортағасырлық Аспара қаласы, 8 – 16 ғғ. Нововоскресеновка ауылының оңтүстік-шығыс шетінде, Аспара өзенінің ескі өзегінің жағасында орналасқан. Қала орталық бөліктен және ұзын қорғанмен қоршалған шаруашылық аймағынан тұрады. Орталық бөліктің көлемі 250 х 360 м. Ортағасырлық қаланы 1941 жылы Жамбыл археологиялық бекетінің экспедициясы (Г.И. Пацевич), 1954 жылы П.Н. Кожемяко, 1964-1965 жылдары Жетісу археологиялық экспедициясының Аспара тобы (Л.Б. Ерзакович) зерттеп, қазба жүргізген. 1988 жылы ҚазМУ- дың археологиялық тобы (М.Е. Елеуов) жобасына толықтырулар енгізіп, ұзын қорғандарының бекіністерін зерттеген.(Сурет-12)

Сыпатай батыр кесенесі, 19 – 20 ғғ., Сыпатай ауылының шығыс шетінде, Алматы-Бішкек-Тараз жолының жағасында орналасқан. Ескерткіш Сыпатай (1781-1868) батырдың 210 жылдық мерейтой қарсаңында 1991 жылы ескі кесененің үстіне орнатылған. Кесененің көлемі 9 х 9,5 м. авторлары: Ю.Г. Литвиненко, В. Ким, П.М. Кибиткин.

Ортағасырлық Мерке қаласы, 7 – 13 ғғ. Мерке ауылының ішінде, ескі өзектің жағасында орналасқан. Қаланың сақталған бөлігінің көлемі 380 х 250-275 м. Қаланың шаруашылық аймағы толық бұзылып кеткен. Оны қоршаған ұзын қорғанның шағын бөліктері жергілікті тұрғындардың бау – бақшасында сақталған. Ортағасырлық қаланы 1893-94 жылдары В.В. Бартольд, 1936 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам), 1964 жылы Жетісу археологиялық экспедициясының Луговой тобы, 1986-1987 жылдары ескерткішті Қазақ КСР тарихи және мәдени ескерткіштер Жинағының археологиялық экспедициясы және 1988 жылы ҚазМУ-дың археологиялық тобы зерттеген.(Сурет-13)

Мерке обалар қорымы, ерте темір ғасыры. Мерке аулынан оңтүстік – шығыста орналасқан. Бірнеше топтан тұрады. Аумағы 20 х 60 м, биіктігі 2-3м үлкен обалар солтүстіктен оңтүстікке қарай тізбектеле орналасқан. Екінші топтағы обалардың аумағы 3 х 18 м, биіктігі 0,3-1,5 м. Обаларды 1977 жылы Жамбыл облысының тарихи-өлкетану музейі (А.П. Попов), 2000 жылы Мерке археологиялық экспедициясы (А. Досымбаева) зерттеді.

Мерке ғибадатханасы. Ғибадатхана Ойтал өзенінінің сол жағасындағы ашық алаңда орналасқан. Кешеннің құрамына тасқа салынған суреттер, түрік руникасы, маньчжур жазбасы, таңбалар мен суреттер бар ескерткіштер кіреді.

Мерке ғұрыптық кешені, 2 – 11 ғғ. Мерке ауылынан 47 км оңтүстікте, Мерке өзенінің жоғары ағысындағы биік таулы алқапта орналасқан кешен 66 мың га жерді алып жатыр. Оның құрамында обалар, тасқа салынған суреттер, ғұрыптық орындар бар. Осы кешеннен обаларға қойылған 76 тас мүсін ашылған.

Ортағасырлық Құлан­ қаласы, V ғ. – XIII ғ. басы.  Ортағасырлық қала Құлан ауылында және оның төңірегінде орналасқан. 1893-94 жылдарда В.В. Бартольд, 1936 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы, 1963-65 жылдары Жетісу археологиялық экспедициясы Луговой тобы, 1987 жылы тарихи және мәдени ескерткіштер жинағы археологиялық экспедициясы (К.М. Байпақов) зерттеген.

Абсент ескерткіші. Рим Олимпиада ойындарының чемпионы, КСРО-ның 7 дүркін чемпионы Абсентке қойылған мүсіннің биіктігі -2,7 м, тұғыры-2,2 м. Ескерткіш 1976 жылы, ат спорты манежінің алаңына орнатылған. Авторы Р.И. Тияров. Абсент‑ахалтеке тұқымды қара түсті айғыры (1952 жылы) Луговой жылқы зауытында тәрбиеленген.

Ақыртас кешені.

Жетітөбе обалар қормы.

Ортағасырлық Төменгі Барысхан.

Ежелгі Тараз қаласы.

Ортағасырлық Бектөбе.

Айша бибі кесенсі.

Бабаджа қатын.

Ортағасырлық Бурнооктябрь қаласы, 8 – 12 ғғ. Бурнооктябрьск ауылынан 0,6 км оңтүстікте, Теріс өзенінің оң жағалауынан 0,3 км жерде орналасқан. Қаланы 1893 жылы В.В. Бартольд, 1940 жылы  Жамбыл археологиялық бекетінің экспедициясы (Г.И. Пацевич), 1978 жылы Жамбыл облысы тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы, (К. Байбосынов) зерттеген.

Бауыржан Момышұлы кешені. Кешенге батырдың атындағы музей және ескерткіш кіреді. Кеңес Одағының батыры, қазақ жазушысы, батыры  Бауыржан Момышұлы музейі 1995 жылы Ұлы Отан соғысының жеңісінің 50 жылдығына байланысты ашылған. Музейде батырдың өмірі мен қызметіне қатысты экспонаттар қойылған. Батырдың ескерткіші музейдің алдына қойылған.

Шақпақата төрткүлі, 8 – 10ғғ. Шақпақата ауылынан оңтүстікке қарай 1 км жерде орналасқаан. 1940 жылы Жамбыл археологиялық бекетінің экспедициясы (Г.И. Пацевич) ашып, зерттеді. 1978 жылы Жамбыл облысының тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы (К. Байбосынов), 2000 жылы ҚР-ның тарихи және мәдени ескерткіштері жинағы археологиялық экспедициясының тобы зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Қорытынды

 

Сонымен, Жамбыл облысында туризмді дамытуға жақсы алғышарттар бар. Облыс “Жiбек жолының тарихи орталықтарын жаңғырту, түркi тiлдi мемлекеттердiң мәдени мұрасын сақтау және сабақтастыру, дамыту, туризм инфрақұрылымын құру” мемлекеттiк бағдарламасына іліккен, облыстың ішкі және халықаралық туризмнің дамуы үшiн үлкен мүмкiндiктерi бар. Осы аймақ арқылы Ұлы Жібек Жолының бөлігі (Сайрам кенті – Тараз – Ақшолақ-Ақыртөбе станциясы – Құлан – Меркі – Шу – Аспара – Қордай) өтеді, жол бойында тарихи және мәдени қызықты ескерткiштер орналасқан. Жібек жолы бойындағы 5 ескерткіш ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енгізілді. (Шу ауданындағы Ақтөбе қалашығы, Т.Рысқұлов ауданындағы Өрнек, Құлан қалашықтары, Байзақ ауданындағы Қостөбе қалашығы және Жамбыл ауданындағы Ақыртас кешені). Қазіргі кезеңде аймақтық туризм дамуының негізгі артықшылығы «Ежелгі Тараз» жобасы болып табылады.

Жамбыл облысы әкімшілігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің алдында облысымыздағы туризм саласын дамыту бойынша шешілуін қажет ететін біраз мәселелер тұр.

PhoCusWright компаниясының соңғы есептеріне сәйкес жыл сайын саяхатшылар Интернет арқылы әлемдегі сапарлардың ширегін брондайды екен. Мамандардың айтуы бойынша желіде отыратын адамдардың 72%-ы потенциалды саяхатшылар. Бұл тұрғыда, Тараз қаласында туристерге қонақ үйлерді онлайн брондауға мүмкіндіктер жасау қажет.

Жамбыл облысында инфрақұрылым жобалары жүзеге асырылды. Мысалы, халықаралық көлік магистралі телімінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы. « Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі 2015 жылы қолдануға берілген болатын. Дейтұрғанмен, туристердің қалада болу әсерін құртатын туристік қызмет көрсету сапасына тікелей ықпал ететін мәселелер бар. Олар  туризм орындарында инфрақұрылымдардың жеткіліксіз дамуы, көп тілді нұсқағыштардың негізгі нысандарға жоқтығы, жаяу жүру туристік маршруттардың бойында дәретханалардың тапшылығы, мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін қажетті жағдайлардың жоқтығы, білікті кадрлардың тапшылығы, аялдамалардың павильондарында ақпараттық көрсеткіш тақталардың және маршруттар көрсетілген буклеттердің жоқтығы тағы бар. Қазіргі кезде туристердің көбі такси қызметтеріне жүгінеді. Бұл жағдай  туристерге барлық қоғамдық көлік жүйесі туралы ақпараттың жеткіліксіз екендігімен түсіндіріледі. Такси қызметтерімен туристерге қызмет көрсету бөлігінде такси жұмысын жүйелендіру мен оларды рәсімдеуде біртұтас ұстанымын енгізу және қызмет көрсетудің сапасын жоғарылату қажет. Тағы бір ескерерлік жайт, туризмді дамыту үшін қажетті шарттың бірі  жақсы ұйымдастырылған және қолжетімді инфрақұрылым болғандықтан, Ақыртас және Тау Самалы  туристік нысандарына апаратын жолдардың құрылысы үшін техно-экономикалық негіздеме, жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге 22,3 млн. теңге облыстық бюджеттен жұмсалған, алайда бүгінгі күнге дейін жолдардың құрылысы басталмады. Сондай-ақ, Төрткөл керуен-сарай жобасының әзірленгендігін айрықша атап өткен жөн. «Қазақстандағы ең ежелгі мешіттің қазіргі уақытта Тараздан табылғандығы және қайта қалпына келтіруді талап ететіндігі айқын. Қазіргі нысандардың қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалған жағдайда, « Ортағасырлық Тараз » кешенді туристік маршрутының жасалуы мүмкін. Бұл Жамбыл облысының сирек дестинациясы ғана емес, сонымен қатар бүкіл Қазақстанның бірегей дестинациясына айналады» дейді мамандар. Ендігі, тамыр-тарихы жеті қабат жер астында жатса да мұнараларының маңдайы еңкеймеген Тараз шаһары мен Әулиеата жәдігерлерінің әлемдік мінберге көтерілуі алдағы уақыттың еншісінде…

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Б. Әбілдаұлы. Талас, Айша Бибі, Қарахан. Алматы Санат. 2002, (16б).

2.     Ә. Кекілбай. Талайғы Тараз Алматы 2002 (15б)

3.     Тараз қаласының 2000 жылдығына арналған Республикалық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары 2002 (24б).

4.     К. Байпаков, Л. Ерзакович. Древния  города Казахстана. Алма-Ата 1971г. (64-65б).

5.     М.Мырзахметов,  И.Жеменей,  А.Әбдуалиев.  Көне   Тараз. Алматы. 2002, (40б).

6.     Б.Әбілдаұлы. Талас, Айша Бибі, Қарахан. Алматы. Санат 2002, (72б).

7.     Тараз Жамбыл облысы. Энциклопедиясы. Алматы. 2003, (25б).

8.     Ә.Х. Марғұлан «Жұлдыз» журналы 1984, №4 (176б).

9.     Ә.Кекілбай. Талайғы Тараз. Алматы 2002, (83б).

10.                       А.Н. Бернштам. Талас алқабының ескерткіштері. Алматы 1941, (15б).

11.                       Тараз қаласының 2000 жылдығына  арналған Республикалық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары. 2002, (136б).

12.                       Б. Әбілдаұлы. Талас –Тарас-Тараз. Егемен Қазақстан 2002, 28 тамыз

13.                       Ж. Дәдебаев. Атыңнан айналайын. Әулие ата. Алматы 2002, (35б).

14.                       С. Әулие. «Тараздағы мұражай». Тарих сериясы 2005, №1 (134б)

15.                       М. Қожанов. «Құлпырып жасарған Тараз» //АР-ДАҚ 2002, қыркүйек.

16.                       Б. Әбілдаұлы. Талас, Айша Бибі, Қарахан. Алматы «Санат» 2002, (70б).

17.                       Ж. Дәдебаев. «Аңызбен ақиқат» //Егемен Қазақстан 2002, 27 шілде (3б).

18.                       М. Мырзахметов, И.Жеменей, А.Әбдуалиев. Көне Тараз                    Алматы 2002, (87б).

19.                       Б.Әбілдаұлы. Талас, Айша Бибі Қарахан. Алматы, «Санат» 2002, (245б).

20.                       Молдақыков Т.«Тараз өңіріндегі тарихи ескерткіштер».//Қазақстан музейлері 2007, № 4 (36б).

21.                       Ә. Кекілбай «Талайғы Тараз» Тағдырымен тағылымы. Егемен Қазақстан 2002, 17-қыркүйек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *