ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР НЕГІЗІНДЕ ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ ТӘРБИЕ БЕРУ


Ибраев Эльдар Серикович
№68 МИББ кешені дене шынықтырупәні мұғалімі

Ұлттық ойындар – жеке адамдардың игілігіне асатын, ұлт өкілдерін түгел қамтитын   ұлтқа тән рухани қазына. Ұлтқа тән дейтініміз, ұлттық ойындары сол ұлттың өсіп жетілу барысында  пайда болып,  оның мыңдаған ұрпағының рухани азығына айналып, ұлттық болмысымен өзіндік ерекшелігін қалыптастыруға игі әсерін тигізетін, ұлттық ерекшеліктің бір қыры болып табылады.

Ұлттық ойындардың жасөспірімдерді тәрбиелеуде тигізетін пайдасын халқымыз ертеден – ақ білген. Ойын жасөспірімдердің жүгіріп, күш сынасып, ойнайтын ойыны болғандықтан, өкпенің жұмыс қабілеттілігін арттырып, дененің барлық мүшесін шынықтырып жас ағзаның дұрыс шынығуын, сұлу мүсінді,  сымбатты тұлға болып өсуін реттейді.

Қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойындарын зерттеп, алғаш рет жүйелеуді ғалым М. Гуннер жасаған: ол өзі жинаған қазақ халқының ұлттық ойындарын ескере отырып оларды мынандай белгілері бойынша саралауды ұсынады:

–  жалпы сипаттағы ойындар;

–  кедергі және күрес элементтері бар ойындар;

–  ашық жердегі ойындар;

–  қысқы уақыттағы ойындар;

–  демалысқа арналған ойындар;

–  ат спорты ойындары;

Мұндай ұсынысты автор қимыл ойындарың ережелерін сараптау негізінде жасайды. М. Гуннер арнайы сөз етпестен бұрын қазақ халқының ұлттық ойындары мен спорттық ойындары арасында шектеу келтіреді [1].

Арнайы ұлттық ойындары мен жарыстың нысандары түрлерін саралау М.Т.Тәнекеевтің  арнаулы зерттеулерінің  нысанасы болды. Ол  қазақ ұлттық ойындарының қалыптасуы мен  дамуы жолдарын  қарастырумен қатар,  көпшілік ұлттық ойындары мен спорт түрлерін  екі үлкен топқа бөлуге ұсыныс жасайды.

а). Ат спорттық түрлері;

ә). Атқа мініп жүруге байланысты  ойындар [2].

Б. Т. Төтенаев ұлттық қимыл ойындарын жастық басқыштарына айрықша назар аудара отырып, қазақ халқының әлеументтік өмірінің аясында қарастырады. Оның саралу жүйесінің ерекшелігі де осымен айқындалады. Автор қазақ халқының ұлттық қимыл ойындарын екі үлкен топқа бөлуді ұсынады.

1.       Салт – тұрмыс негізінде пайда болған ойындар;

2.       Жастар ойындары мен қимыл ойындары.

Бірінші топты құрамында мынандай кіші топтарды бөліп көрсетеді:

а\ мерекелік ойындар;

ә\ қазақша күрес;

б\ егіншілік тұрмысымен байланысты ойындарды келтіреді.

Бұл жерде ұлттық қимыл ойындарын тұрмыстық сипаттағы ойындармен араластыру жөніндегі ерекше  көзқарасты қарауға болады.

Екінші топқа мынандай кіші топтарды бөліп көрсетеді:

а\. Бір жасқа арналған ойындар;

ә\. Балалардың өмірге қөзқарасын қалыптастыратын әртүрлі ойыншықтарман ойналатын ойындар;

б\. Халықтық құралдарды пайдалануға байланысты ойындар;

в\. Жануарлардың мінез – құлқына еліктеуге байланысты ойындар;

г\. Саймандарды пайдаланбайтын ойындар;

д\. Қимыл ойындар [3].

Е. С. Сағындықов қазақ ұлттық ойындарын математика, ана тілі сабақтарында сыныптан тыс, және оқудан тыс тәрбиелік жұмыстарда  қолдану прблемасын зерттей келіп, пайдалынатын ойындар сипаты мен мазмұны жағынан жан – жақты болып келіп өзіне жаңа көзқарасты қажет ететіндігін айқындайды. Қалыптасқан жағдайға байланысты жүйелеп қимыл ойындарын мынандай үш топқа саралауды ұсынады:

а). Көңіл көтеретін қимыл ойындары;

ә). Дене шынықтыру спорт ойындары;

б). Ойлау қабілетін дамытатын ойындар [4].

Қазіргі заманғы педагогикалық үдірісте қазақ халқының ұлттық ойындарын енгізу жағдайларын қарастыра келіп, Ж. Т. Төлегенов қолданылып жүрген ойындарды ұтымды топтастыруға мүмкіндік беретін саралауды ұсынған.   Бұл ұсыныс бес топтан тұрады.

–  қимыл жылдамдығын, ептілікпен үйлесімділікті дамытуға бағытталған

ойындар;

–  күшті төзімділікті дамытатын ойындар;

–  зейін мен қимыл реакциясына тәрбиелейтін ойындар;

–  лақтыру қимылын дамытатын ойындар;

–  негізгі қимылдық сапаларды кешенді дамытуға байланысты ойындар [5].

Бұл отандық ғалымдардың зерттеулерін зерделеп байқар болсақ негізгі қағидасы – бұл дене сапаларын дамытуға белгілі бір ойындардың ықпал етуін зерттеу екенін байқауға болады.

Қазақтың қимыл қозғалыс, тапқырлық, ептілік, төзімділік, ой-қиял ұшқырлығына, бірлесіп атқаратын қимылдар үйлестігіне баулитын ойындарды тәрбие жүйесіне енгізілуде. Олар тек дене шынықтыруға ғана емес, жас ұрпақтың, туған халқының өткен жолын, тарихын, тілін, әдет-ғұрпын жақынырақ білуге де жақсы көмектеседі.

Өйткені, ұлттық ойындар халық педагогикасының аса белсенді, үнемі өзгеріп, жетіліп отыратын, тот баспайтын, өмірге үздіксіз келіп жататын ұрпақ арқылы жаңара беретін бөлігі болып табылады. Сондықтан оның атқарар қызметінің өрісі кең, салмағы ауыр.

Ол салауатты өмір салтын мұрат тұтқан, елі мен жерінің қамын ойлайтын  ұлтжанды, отансүйгіш патриот, адам баласын бауырым деп өзіне тарта білетін, жолдастық пен достықты бағалай алатын, басқадан үйренуді жатсынбайтын жаңа адамды тәрбиелеп қалыптастырудың қуатты құралы.

Сонымен қатар, ұлттық ойындар балалардың батылдық, ептілік, ұйымшылдық, жауапкершілік, төзімділік, халық шығармашылығына деген сүйіспеншілік тәрізді жақсы қасиеттерін дамытады.

Ұлттық ойындар ұрпаққа мұра болып жалғасып отырған және халықтың дәстүрлі шаруашылық-мәдени өнер тіршілігінің жиынтық бейнесі, көрінісі де болған. Бірақ ертеде ауызекі туып, халыққа тарап отырған, сондықтан көпшілігі бүгінгі ұрпаққа жетпей ұмыт болып кеткен.

Ұлттық ойындар – атадан балаға мұра болып келе жатқан рухани, мәдени қазына. Ол халықтың сәби шағы мен бүгінгі өскелең дәуірінің ұласымды көрінісі ретінде зерттеудің, үйренудің нысаны және   бүгінгі ұрпақты оқытып-тәрбиелеуде  үлкен білімділік, тәрбиелік маңызы бар, ұрпақтан ұрпаққа үздіксіз беріліп келе жатқан тәрбие үрдісі болып табылады.

 

Пайдаланған әдебиеттер
Гуннер М. М. Сборник казахских национальных игр и развлечений. – Алматы:  МКЛКСМ, – Казахстана, 1938.
М. Тәникеев. Мир националная спорта. – Алматы: Қайнар, -1998. –288 с.
Төтенаев Б. Қазақ ұлттық ойындары. Монография. – Алматы: 1978.
Сағындықов Е. С. Қазақтың ұлттық ойындары. – Алматы: Рауан, 1991. -175 б.
Төлегенов Ж. М.  Қазіргі педагогикалық үрдісте қазақтың ұлттық дене тәрбиесінің құралы мен формасы. … пед. ғыл. канд. дисс:.- Алматы:. 1992, – 165 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *