Педагогикалық ұжымда оңтайлы психологиялық климат қалыптастыру


Мылтықбай Аяулым Арыстанқызы
№3 «Балдырған» бөбекжай балабақшасы психологы

Тренинг мақсаты: педагогикалық ұжымның ынтымақтастығын, қарым-қатынас дағдыларын, эмоционалдық тұрақтылығын, өзіне деген сенімділігін, өзара достық қарым-қатынастарын арттыру.

Тренинг міндеттері:

·     оңтайлы психологиялық климат қалыптастыру;

·     қатысушылардың қарым-қатынасын жақсарту үшін олардың өзара ұқсастықтарын табу;

·     топта жұмыс істеу қабілеттілігін дамыту;

·     топтың ынтымақтастығын арттыру;

·     педагогтардың қарым-қатынас дағдыларын жоғарылату;

·     сәттілікке, табысқа, бақытқа деген сенімдерін арттыру.

Тренингке қажетті құрал-жабдықтар: қатысушылар санына қарай А-4 форматты қағаз; қалам; түрлі-түсті қағаз қиындылары; жасыл, қызыл, сары түсті жапырақтар; тақта; ағаш макеті; желім; баяу әуен.

Тренингтің өткізілу барысы:

Психолог: Қайырлы күн, құрметті әріптестер! Сіздерді бүгінгі тренингте көргеніме және де сіздермен бірге шамалы демалып, ойын ойнап, бір-біріміз жайында ақпарат алысуға мүмкіндік туғанына өте қуаныштымын! Бүгінгі тренинг барысында сіздермен  педагогикалық ұжымда оңтайлы психологиялық климат қалыптастыру жайында  әңгімелесеміз.

Сонымен, педагогикалық ұжымдағы психологиялық климат дегеніміз не? Бұған анықтама бермес бұрын, алдымен, жалпы ұжым дегеніміз не екеніндігіне тоқталсақ.

«Ассоциация» жаттығуы

Ұжым сөзін сіз қандай сөздермен байланыстырасыз? Барлық қатысушы тәрбиешілер өз ойларын, пікірлерін білдіреді.

Психолог:  ия, шынымен де, біз үшін ұжым белгілі бір мағынаға, мазмұнға ие.  Ұжым дегеніміз бұл – ортақ қоғамдық мақсаттар мен міндеттер біріктіретін адамдар тобы.  Ал психологиялық климат дегеніміз – еңбек ұжымының негізгі көңіл-күйін  анықтайтын тұлғааралық қарым-қатынастар. Жағымды климат орнаған жерде жұмыс істеу де көңілді марқайтады, жағымсыз климат орнаған жерде адамның ештеңеге зауқы да соқпайды. Педагогикалық ұжымдағы психологиялық климат та дәл солай: жағымсыз жағдайда тәрбиешілер өздерін жайсыз сезінеді, ұжымнан кетіп қалуға тырысады. Жағымды жағдайда тәрбиешілер өздерін кәсіби жағынан жетілдіруге барынша ұмтылады.

Педагогикалық ұжымда оңтайлы жағдай қалыптастыру, ұжымның ынтымақтасты – ұжымдағы барлық қатысушылардың міндеті болып табылады.

Психологиялық климатты оңтайлы деп қай кезде айта аламыз?

–       ұжымда мейірімділік, қамқорлық, сенім мен өзара түсінісушілік болса;

–       ұжым мүшелері шығармашылық қабілеттерін көрсетсе және жоғары с апаға ие болса;

–       бақылаусыз-ақ жұмыс атқарса және де әркім өз ісіне жауапкершілікпен қараса;

–       ұжымдағы болып жатқан барлық жағдайларға өз үлесін қосыпбелсенді қатысса.

«Сәлемдесу» рәсімі

Мақсаты: күлімсіреуді ақпарат жеткізу құралы ретінде қолдану.

Тапсырма: күлімсіреу арқылы қатысушылармен амандасу.  Бүгін біз бір-бірімізбен күлімсіреу арқылы амандасамыз. Күлімсіреудің түрлі нұсқаларын таңдау өз еріктеріңізде: шынайы, сайқал, мазақ, шынайы емес, т.б.

Жаттығуды талдау:

1.     Күлкінің қай нұсқасы екендігін қандай белгілеріне қарап білдіңіз?

2.     Амандасудың орнына күлімсірегенді көргенде қандай әсер алдыңыз?

3.    Қарым-қатынас орнату үшін қандай жағдайларда және қаншалықты жиі күлкіні пайдаланасыз?

«Түстер тақтасы» жаттығуы

Мақсаты: түстер арқылы қатысушылардың тренинг басталған уақыттағы  көңіл күйлерін анықтау.

Тапсырма: алдарыңыздағы түстер тақтасынан сіздердің дәл осы сәттегі көңіл күйлеріңізге сай келетін түсті тандап алыңыздар.  Көпшілік таңдаған түс түстер тақтасына ілінеді.

Жаттығуды талдау:

1.     Біздің көңіл-күйіміз қандай?

2.     Ол біздің әрі қарай жұмыс істеуімізгі әсер ете ме?

3.     Неліктен жаңа істі жақсы көңіл-күймен бастау керек?

«Орын алмастыр» жаттығуы

Мақсаты: педагогтардың өздерін еркін ұстауларына ықпал ету.

Тапсырма: қатысушылар  шеңбер жасап орындықтарда отырады. Шеңбер ортасында жүргізуші тұрады. Қатысушылар жүргізушінің айтқан нұсқауларын жылдам орындауы керек. «кімде ортаңғы топ орын алмастырыңыздар» ; «кім қазақ тобымен жұмыс істейді орын алмасстырыңыздар»; «кім қызыл киімде орын алмастырыңыздар»; «кім жақсы билейді орын алмастырыңыздар»; «кімге тренинг ұнап жатыр орын алмастырыңыздар» т.б.

Жаттығуды талдау:

1.     Жаттығу сіздерге ұнады ма?

2.     Қандай әсер алдыңыздар?

Осы жаттығу арқылы сіздердің жылдамдықтарыңызды, өздеріңізді қаншалықты еркін ұстайтындықтарыңызды байқадық. Енде келесі кезекте сіздердің бір-біріңізге қаншалықты назар аударатындықтарыңызды көргім келеді. Олай болса, келесі жаттығуға көшейік.

«Назар сал» жаттығуы

Мақсаты: педагогтардың  зейінділіктерін, байқағыштықтарын дамыту.

Тапсырма: тренингіміз басталғалы бері барлығымыз бірге жұмыс жасап жатырмыз. Олай болса, сіздердің байқағыштық қасиеттеріңізді ойын арқылы тексеріп көрейік. «Көздеріңізді жұмыныздар. Енді кімнің жанындағы көршісі қара шашты ? Қолыңызды көтеріңіз. Көзіңізді ашып, өзіңізді тексеріңіз де қайта жұмыңыз. Ары қарай жалғастырамыз. Кімнің көршісінің қолында сағат бар? Қолыңызды көтеріңіз. Көзіңізді ашып, өзіңізді тексеріңіз де қайта жұмыңыз. Ары қарай жалғастырамыз. Кімнің көршісі көк түсті күрте киген? т.б.»

Жаттығуды талдау:

1.     Жаттығу сіздерге ұнады ма?

2.     Қандай әсер алдыңыздар?

«Шатасу» ойыны

Мақсаты: қатысушыларды біріктіру, ынтымақтастығын арттыру.

Тапсырма: бұл ойында барлығымыз бір-біріміздің көңіл-күйімізді көтеруге тырысамыз. Барлығымыз шеңбер жасап тұрамыз. Енді көздерімізді жұмып оң қолдарымызды алға созамыз, кез келген қатысушының қолын ұстаймыз. Енді сол қолмен осыны қайталаймыз. Енді көздеріңізді ашып қараңыздар. көріп тұрғандарыңыздай қолдарымыз шатасып қалды. Ендігі біздің міндетіміз қолдарымызды ұстаған күйде шатасқан күйден шығу (баяу әуен ойнайды).

Жаттығуды талдау:

1.     Бұл ойын сіздерге ұнады ма?

2.     Тапсырманы орындау барысында қандай қиындықтар болды?

3.     Қандай әсер алдыңыз?

«Қошемет және сын» жаттығуы

Мақсаты: қатысушылардың бір-бірі жайындағы пікірлерін білу, айтылған сынды дұрыс қабылдай білуге үйрету

Тапсырма: бұл тапсырма сіздердің бір-бірлеріңіз жайындағы шынайы пікірлеріңізді білдіруге бағытталады. Әрқайсыңыз оң жағыңызда және сол жағыңызда отырған әріптесіңіздің бойындағы өзіңізге ұнайтын жақсы қасиеттерін айтып қошемет көрсетесіздер. Сондай-ақ, өзгертуін қажет ететін жағымсыз қасиеттерін, кемшіліктерін айтып сын пікір білдіресіздер. Бқл жердегі сіз бен біздің міндетіміз қошемет сөзге қуанып қана қоймай, айтылған сынды да дұрыс көтере білуіміз керек. Сын түзелмей мін түзелмейді деген сөз бекерге айтылмаса керек.

Жаттығуды талдау:

1.     Бұл жаттығу сіздерге ұнады ма?

2.     Тапсырманы орындау барысында қандай қиындықтар болды?

3.    Өзіңіз жайында қошемет сөз бен сыни пікір естігенде қандай сезімде болдыңыз?

«Біздің ұжымның жетістіктер ағашы» жаттығуы

Мақсаты: әрбір тәрбиешінің ұжыммен бірлесе жұмыс жасауда жеткен жетістігін көру.

Тапсырма: алдарыңызда көріп тұрғандарыңыздай үш түсті жапырақ берілген. Егер де сіз кәсіби жағынан жетістікке жеттім десеңіз тақтадағы ағашқа жасыл түсті жапырақты жабыстырыңыз. Егер де басқа адамдармен, әріптестеріңізбен жақсы қарым-қатынас орнатуға үйрендім десеңіз қызыл түсті, егер де жеке өміріңізде жетістікке жеттім десеңіз сары түсті жапырақты жабыстырыңыз.

Жаттығуды талдау:

1.     Бұл жаттығу сіздерге ұнады ма?

2.     Біздің ұжым қандай жетістікке қол жеткізді?

3.     Жаттығудан қандай әсер алдыңыз?

«Мен нені үйрендім?» жаттығуы

Мақсаты: кері байланыс орнату (рефлексия)

Тапсырма: алдарыңыздағы параққа тақтада көрсетілген сұрақтарға жауап жазып берулеріңізді сұраймын:

–         Мен нені үйрендім?

–         Маған не ұнады?

–         Мен нені білдім?

–         Мен неге таң қалдым?

–         Мен неге ренжідім?

–         Мен үшін ең маңыздысы не болды?

Жаттығуды талдау:

Шеңбер бойынша әр қатысушы өз пікірін білдіреді.

Тренингіміз басталған кезде «түстер тақтасы» жаттығуын орындау арқылы сол сәттегі топтың көңіл күйін анықтап тақтаға ілген болатынбыз. Олай болса, тренинг соңында осы жаттығуымызды тағы бір қайталау арқылы кәзіргі сәттегі ұжымның көңіл күйін анықтағым келіп отыр.

«Түстер тақтасы» жаттығуы

Мақсаты: түстер арқылы қатысушылардың тренинг соңындағы  көңіл күйлерін анықтау.

Тапсырма: алдарыңыздағы түстер тақтасынан сіздердің дәл осы сәттегі көңіл күйлеріңізге сай келетін түсті тандап алыңыздар.  Көпшілік таңдаған түс түстер тақтасына ілінеді.

Жаттығуды талдау:

1.     Біздің  тренинг соңындағы көңіл-күйіміз қалай өзгерді?

2.     Көңіл күйіміздің жақсы жаққа өзгеруіне не әсер етті?

3.     Жалпы бүгігі өткізілген тренинг сіздерге несімен ұнады?

Қоштасу рәсімі «Күнбағыс» жаттығуы

Барлық қатысушылар шеңбер құрып, аяқтарының ұшымен тұрып, күнге қол жеткізетіндей қолдарын жоғарыға көтереді, жақсылыққа, жетістікке, позитивке, мейірімділікке ұмтылады.

Психолог: осымен біздің бүгінгі педагогикалық ұжымда оңтайлы психологиялық климат қалыптастыру тақырыбында өткізілген тренингіміз өз мәресіне жетті. Ұжымымызда ешқашан жағымсыз жағдай орын алмасын, әрдайым ынтымағы жарасқан, сыйластығы артқан ұжым болып кәсіби жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындыра берейік! Белсенді қатысқандарыңыз үшін барлықтарыңызға көп рахмет.

(барлық тренинг қатысушыларымен естелік суретке түсу)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *