Мектепке дейінігі жастағы қиын балалар және олармен жұмыс істеу жолдары


Мылтықбай Аяулым Арыстанқызы
№3 «Балдырған» бөбекжай балабақшасы психологы

Соңғы жылдары  мектепке дейінгі жастағы балалардың қиын тәртібі өзекті мәселе болып отыр. Және де бұл мәселені шешу біраз қиыншылықтар тудыруда.   Әсіресе, жаңадан келген жас мамандар үшін қиын балалармен жұмыс істеу оңайға соқпасы анық.

Мақаланы жазудағы алға қойылған мақсат – «Қиын балалар деп қандай балаларды айтамыз? Олармен жұмыс істеудің тиімді жолдары қандай?» деген сауалдарға жауап табу.

Мақаланың міндеттері:

– мектепке дейінгі жастағы балалар арасында кездесетін қиын балаларды сипаттау;

– балалардың қиын тәртібінің негізгі себептерін қарастыру;

– қиын балалармен тиімді жұмыс істеу үшін ата-аналар мен тәрбиешілерге  арналған кеңестерді ұсыну.

Сонымен, қиын балалар деп біз қандай балаларды айтамыз? Балабақша тәжірибесінде неліктен «қиын бала» түсінігі жиі қолданылады? Балалардың қиын тәртібі жайдан жай еш себепсіз қалыптаспайды. Көп жағдайда баланың қиын тәртібіне негізгі себеп педагогикалық кері кету және дұрыс ұйымдастырылмаған тәрбие беру үрдісі.

Әрбір педагог «қиын бала» мәселесімен бетпе-бет келгендігі анық жайт. Қиын бала барлығын ренжітеді, басқа балалармен ойнау білмейді, ойыншықтарымен, басқа да заттарымен бөліспейді, үлкендердің айтқан сөздеріне, өтініштеріне құлақ аспайды, бір орында тыныш отыра алмайды, тіл алмайды, т.б. Балалардың мұндай қылық көрсетулеріне әртүрлі факторлар әсер етеді.

Біріншіден, жоғарыда айтып өткендей  педагогикалық процестің дұрыс ұйымдастырылмауы;

Екіншіден, отбасылық тәрбиенің ерекшеліктері: бала өмірін дұрыс ұйымдастырмау, балаға деген қарым-қатынастың дұрыс болмауы, қорқыту, шектен тыс әлпештеу, қақтығыстар, т.б.

Үшіншіден, бала тұлғасының ерекшеліктері: өзін-өзі дұрыс бағаламау, қарым-қатынасқа түсе алмауы, эмоционалдық дұрыс жетілмеуі, өзіндік алдына қойған мақсатының болмауы, т.б.

Төртіншіден, ересектердің жағымсыз қылықтар көрсетуі;

Бесіншіден, құрдастары, топтағы балалармен арадағы қақтығыстар;

Алтыншыдан, психологиялық және физикалық дамуындағы ауытқушылықтар [1].

Қиын балалар қатарына әдетте, қобалжуы басым балаларды, гипперактивті балаларды, агрессивті балаларды, тұйық балаларды, ұялшақ балаларды және тағы басқаларын жатқызамыз.

Қобалжуы басым балалар – кез келген өмірлік жағдайларда, тіпті ол елеусіз мәселе болса да, үнемі алаңдаумен болатын адамның жеке психологиялық ерекшелігі тән балалар. Өздеріне қоятын талаптары тым жоғары,  өздеріне қашанда сын тағады. Олардың өзін-өзі бағалауы өте төмен, барлық жағынан басқалардан нашармын деп есептейді. Мұндай балалар қашанда ересектердің қолдауын күтеді.

Баланың бойында қобалжудың пайда болу себептері:

·        Бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынастың бұзылуы;

·        Түрлі себептерден пайда болатын ішкі қақтығыстар.

Қобалжуы басым балалармен 3 бағытта жұмыс жасау ұсынылады:

1.     Өзін-өзі бағалауын жоғарылату;

2.     Баланы қобалжытатын жағдайларда өзін басқаруға үйрету;

3.     Денесін қысымнан босату.

Мұндай балалармен жұмыс жасауда драмалық ойындар жақсы нәтиже береді. Ойынның сюжеті баланың қорқынышы немен байланысты екендігіне қарай таңдалып алынады. Өзінің қорқынышын сурет арқылы бейнелеу, өз қорқынышы жайында әңгімелесу сияқты әдістер қолданылады. Қобалжуы басым балалармен жұмыс жасауда баланы біржолата қорқынышынан арылту мақсат емес. Мұндағы мақсат өз сезімдерін  ашық және еркін түрде білдіруге көмектесу, өзіне деген сенімділігін арттыру. Уақыт өте келе бала өз іс-әрекетін бақылауды үйренеді.

Қобалжуы басым балаларға кез-келген тапсырманы орындау тапсырылса, оларда міндетті түрде «Мен істей алмаймын», «Менің қолымнан келмейді» деген ой туындайды. Мұндай жағдайда оған өзінен әлдеқайда кішкентай, қолынан ештеңе келмейтін баланы елестетуін тапсырыңыз. Одан соң, керісінше, тапсырманы орындау қолынан келетін баланы елестетсін. Осылайша ол тырысып көрсе жасай алатындығын түсінеді.

Агрессивті балалар – тіл алмайтын, қатарластарына өте қатал қарайтын, төбелесқор, шектен тыс белсенділік танытатын балалар. Агрессивті бала басқа балаларға үнемі шабуыл жасайды, оларды мазақ қылады және ұрады, ойыншықтарын алып қояды, сындырады, бір сөзбен айтқанда балабақшаның «қорқынышына» айналады. Олар ересектердің түсінігі мен қолдауына мұқтаж. Сондықтан біздің міндетіміз – балаға уақытылы жәрдем беру.

Балалардың агрессивті тәртібінің себептері:

·        Ата-аналарының қабылдамауы;

·        Ата-аналар тарапынан дұрыс қатынас жасалмауы;

·        Жағымды эмоционалдық байланыстардың үзілуі;

·        Орынсыз айтылған сындар мен баланы төмендететін ескертулер;

·        Ата-ана назарынан тыс қалу;

·        Физикалық белсенділігіне шектеу қою;

·        Баланың жеке ерекшеліктері, оның мінезі, темпераменті, т.б.

Агрессивті балаларға қалай көмек көрсету керек? Мұндай балалармен жұмыс ұндай балалармен жұмыс  3 бағытта жүргізілуі керек:

1.  Баланың ашу-ызасымен жұмыс істеу – яғни балаға өз ашу-ызасын басқа адамдарға зиянын тигізбей шығаруды үйрету. Ол үшін мынадай ойын түрлерін қолдануға болады: «Айқай қапшығы», «Тебуге арналған жастық», «Ашу-ыза парағы», т.б.

2.  Өзін-өзі бақылауды үйрету – балаға ашу немесе қобалжу тудыратын жағдайларда өзін-өзі ұстай білу дағдысын үйрету. Ол үшін мынадай ойын түрлерін қолдануға болады: «Онға дейін санадым да мен шештім», «Сахнада ашу», т.б.

3.  Баланың сезімдерімен жұмыс істеу – өзінің және басқа адамдардың көңіліне қарау, өзін басқа адамның орнына қоя білу, басқаларға сену сияқты қасиеттерді үйрету. Ол үшін мынадай ойын түрлерін қолдануға болады: «Суретке қарап әңгімеле», «Келеңсіз жағдайдан шығу», т.б.

Гипербелсенді балалар –  қозғалыс белсенділігі шектен тыс жоғары балалар. Мұндай балалар бір сәт тыныш отыра алмайды. Ол күнімен қозғалыста, біреудің артынан қуады, секіреді, жүгіреді, тыным таппайды. Оның бірнәрсеге қызығушылық танытуы өте сирек, «Не үшін?» «Неліктен?» деген сауалдарды гиперактивті балалар жиі қолдана бермейді. Сауал қойған күнде де оның жауабын естуді ұмытып кетеді. Бала үнемі қозғалыста болса да ебедейсіз келеді, жүгіріп жүріп заттарды құлатады, ойыншықтарды сындырып алады, жиі құлап қалады. Көңіл-күйі күрт өзгереді. Бірде қатты қуанып жүрген бала, енді бір қарасаңыз бітпейтін еркелігін көрсетеді. Көп жағдайда агрессивті қылық көрсетеді.

Гиперактивті балалардың туындау себептері:

·   Генетикалық себептер ( тұқым қуалау арқылы беріледі);

·   Биологиялық себептер (аяғы ауыр кезде мидың жарақаттануы, туу кезіндегі жарақаттар);

·   Әлеуметтік-психологиялық себептер (ата-аналардың ішімдікке салынуы, тәрбиенің дұрыс ұйымдастырылмауы).

Гиперактивті балалармен қалай жұмыс жасау керек?

–       Олар жазалауды қабылдай алмайды, керісінше, мақтау сөз олрға жақсы әсер етеді. Мұндай балаларды физикалық жазалаудан мүлде бас тарту керек.

–       Қиын жағдайда баланы құшақтау, жұбату, өзіне жақын тарту жағымды нәтиже береді, ал үнемі ұрысу, шектеу қою жағдайды одан бетер өршітіп жібереді.

–       Баламен бірлесіп оның күнделікті күн тәртібін ұйымдастыру баланың өмірін дұрыс ұйымдастыруға көмектеседі.

–       Баланың талпыныстарын жиі айтып, мақтап отыру оның құштарлығын арттырады.

–       Гиперактивті бала көпшілікті көтере алмайды, сондықтан оған бір ғана адаммен болу пайдалырақ.

–       Мұндай балаларды қатты шаршатпау керек, шаршау олардың өзін-өзі басқаруын төмендетіп, белсенділігін арттырып жібереді.

–       Қойылатын шектеулер міндетті түрде жұмсақ сөзбен байыппен айтылып жеткізілуі керек [2].

Ұялшақ балалар – өзін және өз мүмкіндіктерін басқа адамдар алдында көрсетуден қысылатын балалар.  Ұялшақтыққа себеп болатын факторлар:

–       Ерте анасынан айрылу;

–       Ата-аналарының шектен тыс қаталдығы;

–       Балаға қойылатын талаптардың көптігі.

Ұялшақ балалармен қалай жұмыс істеу керек?

1.         Оны басқа балалармен салыстырмаңыз және де оның сәтсіздіктерін бетіне баспаңыз. Керісінше, оның аздаған жетістіктерін атап сол үшін мақтай біліңіз. Басты міндет – балаға шынайы сенім білдіру.

2.         Оны асықтырмаңыз, жаңашылдыққа үйренуіне уақыт беріңіз. Ұялшақ балаға жаңа жағдайлармен танысуға, қарауға, мұндағы тәртіпті түсінуге біраз уақыт қажет болады.

3.         Баланы батыл болуға күштеменіз. Ересектердің батылдыққа үйретіп айтқан кеңестерді еш нәтиже бермейді. Себебі, бала 7 жасқа дейін сезімдер мен бейнелер әлемінді өмір сүреді.

4.         Балаға да, баланың көзінше де айқайлауға болмайды.

5.         Балаға шектен тыс талап қою өте қауіпті. Бала оның тәртібіне, жетістіктеріне қарамастан өзін бағалайтындығын сезінуі керек.

6.         Бала өз мүмкіндіктерін көрсете алатын, өзіне деген сенімділігін арттыратын, қатарластарының құрметіне ие болатын жағдайлар қалыптастыруға тырысыңыз [3].

Тұйық балалар – онша сөйлемейтін, балалармен онша ойнамайтын, тек жалғыздықты қалайтын балалар.  Мұндай балалар табиғатынан үндемейді, көзін үнемі төмен салып жүреді, иығы еңкіш тартып тұрады, бірнәрсе айтсаң қалтырап кетеді, сөйлегенде ешқашан бетіне қарамайды. Балалардың тұйық мінезінің түрлі себептері бар:

–         Баланың жеке психологиялық ерекшеліктері, жан-дүниесінің нәзіктігі;

–         Баланың жанұяда жалғыз өскендігі;

–         Ата-аналарының туыстарымен дұрыс араласпай, баланың көзінше тек жағымсыз пікірлер айтуы;

–         Ата-анасының балаға дұрыс көңіл бөлмеуі;

–         Табиғи, туа біткен кемістіктің болуы.

Тұйық балалармен жұмыс жасауда мынадай кеңестерді есте сақтаған жөн:

1.  Ар-намысына тиіп, ақыл айта бермеу;

2.  Бақылау арқылы баланың бойындағы қорқыныштарын анықтап, оны жеңуге көмектесу;

3.  Сөйлеу, зейін, іс-қимыл дағдыларының қалыптасуына көмектесу;

4.  Эмоционалдық жайсыздықтан құтылуға көмектесу;

5.  Белгілі бір іске деген қызығушылығын арттыру [4].

Қиын балалармен жұмыс жасауда ата-аналар мен тәрбиешілерге арналған пайдалы кеңестер:

−    Шыншыл болыңыз, бала сізге сенім білдіре алатын жағдайда ғана ішкі жан-дүниесін аша алады;

−    Бала ең алдымен сіздің өзіне деген сүйіспеншілігіңізді қажет етеді;

−    Барлық іске (кезекшілік, сабаққа дайындық, ойыншықтарды жинау, т.б) баланың қызығушылығын арттыра біліңіз, аздаған өтінішіңізді орындағаны үшін қуанышыңызды білдіріп, мақтай біліңіз;

−    Балаға қарсы айтылған себепсіз жала жабулар мен шағымдарға мән бермеңіз, мейірімді болыңыз, бірақ әділдікті ұмытпаңыз;

−    Баланы басқа балалармен достастыруға тырысыңыз, олармен бірге ойнаңыз, ортақ әңгіме айтыңыз;

−    Қиын баланы мейірімді, ақкөңіл балалармен жиі бірге қалдыруға тырысыңыз;

−    Баланың қабілеттілігін дамыта біліңіз;

−    Баламен жеке жұмыс жасауға көбірек уақыт бөліңіз;

−    Бала кез-келген мерекелік шараларға, ертеңгіліктерге қатысуы керек;

−    Құлап қалса, жыласа – құшақтаңыз, аяушылық білдіріңіз;

−    Балаға өзіңіздің оның досы екендігіңізді, оған тек қана жақсылық тілейтіндігіңізді  түсінуіне көмектесіңіз;

−    Ешқашан басқа адамдардың баланың кемшіліктері мен тәртібін сынауға, оны мазақ қылып күлуге жол бермеңіз;

−    Агрессивті тәртіп қорқыныш пен өзіне деген сенімсіздік нәтижесінде туындайтындығын естен шығармаңыз;

−    Баламен бірқалыпты, сабырлы, жұмсақ дауыспен сөйлесіңіз;

−    Ең бастысы бала қашанда шынайы. Сіздің мейіріміңізге міндетті түрде жақсылықпен жауап беретіндігі анық.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.       http://szabotoi.ru/detskaya-psihologiya

2.       http://ped-kopilka.ru

3.       http://psyh.info/detskaya-psihologiya

4.       http://www.prodetey.ru

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *