Сахараның «сұлуы» түйе деген…


Сарқытбай Бауыржан
№ 18 ОМ 2 «А» класс сынып оқушысы
Жетекші: бастауыш класс мұғалімі (класс жетекшісі) Сулейменова Айтолкын Мекебаевна

Аннотация.

2 «А» класс оқушысы Сарқытбай Бауыржанның бұл жұмысы төрт түлік малдың төресі – түйеге арналған. Мұнда оқушылардың түйе малын, оның түрлерін, басқа төрт түлік малдан ерекшелігі, оның өнімдерінің шығарылуы, адам денсаулығына пайдасы зерттеліп қарастырылған. Басқа мемлекеттерде де түйе малының өсірілуі одан алынатын өнім түрлері туралы қызықты мәліметтер бар.

Оқушының түйелі ауылға барып, ауыл тіршілігін өз көзімен көргені зерттеу жұмысының өз мәнінде орындалуына көп әсерін тигізген.

Оқушы зерттеу жұмыстарын өз ойынан өлең шығару арқылы қорытындылаған.

КІРІСПЕ

Таңдалған тақырыптың өзектілігі сол, ол оқушыларды ізденіске жетелеп, төрт түлік малдың ішінде көп айтыла бермейтін, әр үйде кездесе бермейтіндігімен және өзінің болмыс – бітімінің ерекшелігімен қызықтырды.

Қазақ халқы ежелден – ақ малмен күнін көрген. Ол мінсе көлік, жесе тамақ, кисе киім болып, адам өмірінің сенімді серігі болған.

Зерттеу жұмысын дайындау кезінде екі оқушы да өз беттерімен жұмыс істей алатынын, тың жаңалықтарды тауып, ізденуге құштарлықтарын, жұмыстарын өмірмен байланыстырып, болашақта түйе малының қоғамға керектігін көрсете алды және көпшілікті өздерін қолдауға шақырды.

Оқушылар шетелдегі түйе шаруашылығы туралы көп ізденіп, мәліметтер жинаған. Болашақта бұл оқушылар қазіргі нарықтық заманда өз кәсіпкерлеріміз бен фермерлеріміз түйе шаруашылығына ден қойса, оның өнімдерін әлемдік нарыққа шығарып, ұлттық брендімізге айналдыруын үлкендерден сұрйды. Сол кезде халқымыздың денсаулығы да жақсарып, экономикамыз да дами түсер еді…

Зерттеу жүргізілген жер: Алға ауданы, «Қызылту» совхозы, «Ақбура» ауылы.

Түйе – төрт түліктің төресі.

«Түйесі бардың киесі бар»

Халық мақалынан.

МАҚСАТЫ:

·        Түйе жануарының қасиеттері, ерекшеліктері туралы зерттеп білу;

·        Жануардан алынатын сүт өнімдерінің адам ағзасына пайдасын білу;

·        Шетелдегі түйе фермасының тұрмыс тіршілігі, өнімдері туралы жариялау;

Мен зерттеу жұмысын эпиграфтан бастағым келіп тұр. «Түйесі бардың киесі бар» дейді халық мақалы. Түйе – қасиетті, киелі жануар. Түйе түлігін қастерлен «ұлық» деп те атайды. Түйешіні «ұлық баққан» деп құрметтеп, оған көпшілік жиналған жерде төрден орын берген. Осыған байланысты түйе жануарына Құраннан екі жерден орын нәсіп еткен екен. Біріншісі: Аллаһтың: «Олар түйеге қалай жаратылғанына қарамай ма?..» («Әл-Ғашия»:17)-деген аяты. Адам кей кезде ойланып жүргенін ұмытып, кейде өз ақылнан тыс нәрселерді ойлап, алдында тұрған заттың негізінде асылында қандай екендігін білмеуі де мүмкін. Ал Аллаһ адамға, оның ішінде сол уақыттағы арабтарға да, басқаларына алдарында жүрген, мініп жүрген түйелеріне қарауды бұйырып жатыр. Имам Абн Касир осы аятты былай деп тәпсірлеп ашықтайды: «Аллаһ Өзінің құдіреті мен ұлықтығына сілтеме болатын заттарға, оның ішінде түйеге қара деп бұйырып жатыр. Ол жануар өзінің иірімділігімен қоса ауыр жүктер мен, шөлейт жерлерде еш сусыз немесе тамақсыз төзімділігімен ерекшеленеді, әлі кетіп қалған өзін ұстап жүрген адамға жол көрсетеді, онымен қоса адамға азық болады, өркеші мен етін жеп азықтанады. Оған қоса бұл түйе арабтардың көбінесе қазіргі кездегі «Мерседес» немесе «Ауди» секілдес көздері үйренген көліктері болатын. Ал екінші аталған жері «Міне Аллаһтың іңгені сендерге бір мұғжиза. Оны еркіне қойыңдар; Аллаһтың жерінде оттасын…»

«Құран жаттаған адамның мысалы түйесі бар адамның мысалындай. Егер де сол Құранда дұрыс қайталап жүрсе, (түйені) ұстап қалады, егер де жіберіп қоятын болса, онда кетіп қалғандай» (Әл-Бухарий)

Түйе адамның сапарда немесе басқа кезде де жанындағы досы іспеттес болған соң, ол онымен қоса адамның капиталы мен күш-қуаты, әл-ауқаты болады. Міне осы турасында Пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің хадистерінде түйеге деген құрмет ретінде, Аллаһтың сол түйенің өзіндегі даналықтары мен хикметтерін ашықтау мақсатында бірнеше жерде айтып кеткен болатын. Өйткені адам ол түйені сата да алады, зекетін де береді, етін жесе де болады, соңның соңы шұбатын да іше алатыны ғажайып жағдай. Атап айтқанда, арабтар әсіресе түйелерді өздерінің ғазауаттарында, сауда-саттық заттарын тасуға қолданатын еді. Осы түйе адамның қаншалықты бай немесе әл-ауқатты екендігін, қоғамның алдында алатын орны туралы біраз мәлімет пен белгілі бір орнын белгілеп беретін еді.

Түйе – сүтқоректілер класының көнтабандылар (сірітабандылар) отрядына жататын күйіс қайыратын жануар. Оны зерттей келе мен екі түрін анықтадым: айыр өркешті түйе, сыңар өркешті түйе.

Сыңар өркешті түйені ғылыми тілде «дромадер» дейді. Қазіргі кезде қолда аруана деп аталатын қолтұқымы өсіріледі. Жабайы түрі жойылып кеткен. Оның жалпы аты – «нар». Ұрғашысы – «мая» немесе «аруана», еркегі – «үлек». Сыңар өркешті түйе ыстыққа төзімді, бірақ қатты аязға шыдамайды.

Айыр өркешті түйе. Қазақстанда қолға үйретілген айыр өркешті түйенің қолтұқымы көбірек кездеседі. Оны кейбір аймақтарда «айыр түйе», Арал мен Каспий аралығының тұрғындары «түс түйе» деп атайды. Айыр өркешті түйенің жабайы түрі «қаптағай» деп аталады. Айыр өркешті түйенің ұрғашысын – «іңген», еркегін – «бура» дейді. Айыр өркешті түйе ғылыми тілде «бактриан» деп аталады. Оның денесі ірі, салмағы 450-690 килоға дейін жетелі. Қазіргі кезде айыр өркешті түйенің қолға үйретілген үш қолтұқымы бар. Олар – қалмақ, қазақ және монгол қолтұқымдары. Қазақстанда көп өсірілетіні қазақтың айыр өркешті түйесі. Ол құрғақ далалы, шөл-шөлейтті жерлердің табиғи жағдайларына жақсы бейімделген. Аңызақ ыстыққа, үскірік аязға төзімді келеді. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстанның кейбір аудандарында өсіріледі.

Ертеде түйелі көш «сахараның салтанатты» деп аталған. Ежелгі Қытайдан Жерорта теңізіне дейінгі керуен жолының тарихы түйе түлігімен тікелей байланысты. Төрт түліктің бойында болатын жақсы қасиеттердің бәрі түйе малының бойынан табылады.

Ерекшеліктері.

а) Қолайсыз табиғат жағдайларында азық ретінде пайдалану үшін өркешіне артық май жиналады.

ә) Кеудесіндегі, табандарындағы, шынтағындағы, тізесіндегі қажау сүйелдерінің арқасында ыстық жерде, құмда жата алады.

б) Мұрнының шырышты қабығы адамдардікімен салыстырғанда жүз есе улкен. Тыныс алған кезінде ауадағы ылғалдың 3/2 бөлігін бойына сіңіреді.

Түйенің тағы бір биологиялық ерекшелігі – қыста қолда бағуды, сапалы азықтандыруды және жылы қораны керек етпейді. Түйе түлігі күй таңдамайды, басқа мал жемейтін қатты, тікенді өсімдіктермен қоректене береді. Түйе күндіз жайылып, түнде жатып, күйіс қайырады. Бірнеше тәулік су ішпеуге шыдайды. Бұл кезде өркеш майларынан бөлінген суды пайдаланады.

Түйе өнімдері. Түйенің сүті, еті, жүні пайдаланылады. Сүтінен емдік қасиеті бар шұбат, май, сыр, дайындалса, еті тағамға қолданылады, ал жүнінің 85%-ы таза, өте бағалы түбіт. Түйе сүтінің майлылығы сиыр сүтінен әлдеқайда жоғары. Оның құрамында адам ағзасына қажетті нәруыз, витаминдер мол. «Түйе сүті – қатерлі ісік ауруларының емі».

Шымкенттік ғалымдар түйе сүтінен лактоферрин затын алу әдісін ойлап тапты. Дәргерлер оны қатерлі ісікке қарсы қосалқы ем ретінде пайдалануға болатынын айтады. Мамандардың айтуынша, лактоферриннің 1 грамын алу үшін 100 литр сиыр сүті қажет болса, түйе сүтінің 25 литрі жеткілікті екен. Бұл көлемі жағынан ана сүтімен пара-пар, – дейді жаңалық жаршылары. 25 литр ана сүтін алудың өзі қаншалықты қиын екені түсінікті. Ал түйе сүтінен алу тиімдірек. Құрамы жағынан ана сүтіне ұқсас. Оның үстіне арзан түседі.

Дертке дауа сусын туралы не білдім?

Қазақ халқының дәстүрлі сусындарының бірі шұбат – шипалы ем, нәрлі сусын. Шұбатты көптеген ауруларды, атап айтқанда рак, Альцгеймер дерті, сары ауру, өкпе ауруларына шалдыққандарды емдеуге пайдалануға болатындығы, қан айналу жүйесіндегі қан тамырларының жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз ететіні, ағзада жүретін зат алмасу процестерін жақсартып, жалпы иммунитетті күшейтетіні анықталған, -дейді ғалым. Халық оның қоректік, емдік қасиеттерін алуан түрлі ауруға ем ретінде де пайдаланып келген, сусын адам ағзасында жеңіл қорытылады. Қарын сөлінің қорытқыш қасиетін күшейтіп, ішектің қызметін жақсартады. Шұбат – қазақ халқының дәстүрлі сусындарының бірі. Түйе сүтінің қоректік, емдік қасиеттері ежелден белгілі. Шұбат жеңіл қорытылады, асқазан жолының бездерінен сөл шығаратын қасиеті бар.Тәбет ашып, қарындағы ауруды басады. Бауырдағы зат алмасу қалпына келеді. Шұбат созылмалы гастрит ауруына шалдыққан кісілердің осы науқастан айығуына жақсы әсер етеді. Қарын сөзлінің қышқылдығы төмен кісілер де шұбатпен емделіп жазыла алады. Шұбат созылмалы колитке шалдыққан кісілерге де бірден-бір шипа. Шұбаттың құрамында белок, май, т.б. қоректік заттар сүттен ашытылатын басқа өнімдерге қарағанда мол болады. Шипалық қасиеті мол, дәмі тіл үйірер шұбат сусынына бүгінде шетелдіктер аса қызығушылық танытып отырғаны белгілі.

Түйеден алынатын өнімнің бірі – жүн. Түрлі табиғи жүндердің ішінде түйе жүні өзінің технологиялық қасиеті жағынан ерекше орын алады. Өйткені тоқыма өндірісі үшін түйе жүні құнды шикізат болып табылады. Ал құрамы жағынан түбіт жүн, ұзын талшықты және шуда болып бөлінеді. Түйе жүнінен тоқылған бұйымдар өте жоғары бағаға ие.

Түйе жүні құрамы жағынан 4 класқа бөлінеді: биязы, қылшықты, шуда және жабағы жүн.

1)    Биязы жүнге (І класс) негізінен қылшығы аз ұяң жүн жатады.

2)    қылшықты жүнге (ІІ класс) ұяң жүні аз, қылшығы көп жүн жатады.

3)    Шуда (ІІІ класс) ұзын, жуан және жіңішке қылшықтардан тұрады.

Шудада ұя жүн өте аз болады.

4)    Жабағы – тығыз ұйысқан жүн. Бұл жүнге бауырындағы ұйысқан жүн жатады.

Шудасы. Ата-бабаларымыз белі, сегізкөзі ауыратын науқас адамдарға шудадан жалпақ белбеу жасап, белін буған. Шуданы ыстық суға шылап, сарысу ұялаған жерге таңса, сол жердің ісігінің тез арада тарайтынын халық емінен білеміз. Ұзын талшықты түйе жүнінен тоқылған маталар көбінесе жамылғы көрпе жасауға пайдаланылады. Түйенің шудасы да қымбат бағаланады. Оны буын, құяң, бүйрек ауруларына және радиация сәулелеріне қарсы ем ретінде пайдаланады. Шудадан бағалы тоқыма бұйымдар жасалады.

Қол аяқтың буыны ісінгенде түйе шудасын ерітілген тұзға немесе сірке суына шылап таңады.Күніне бірнеше рет жаңалап тұрады.Мұны «сорбақта» деп атайды.

Терісі. Терісінен аяқ киім тігеді, таспа, қайыс жасаған, ер қаптайды,қамшы өреді.

Шетелдегі түйе шаруашылығы.

АҚШ-тағы ірі түйе фермасының иелері – ерлі-зайыпты Джил және Нэнси Риглерлер отбасы шұбаттың өте дәмді, құнарлы, пайдалы сусын екендігін айтып, жерлестеріне насихат жасауда. Сиырдың сүтіне қарағанда, құрамында С дәрумені көп және бактериялар мен түрлі вирустарды жою қасиетіне ие түйе сүтін Америкада сату әзірге заңсыз болып табылады. Алайда ерлі-зайыптылар осы кедергіге қарамастан, түйе сүтінен жасалған сабын сатып, кейде тіпті өздерінің 22 түйесін жолаушылар көп жүретін жолға шығарып, фермаларға саяхат жасап, шөл даланың кемесіне баланатын түйенің қасиеттері туралы жолаушыларға әңгімелеп береді екен. Риглерлер отбасы бірнеше жылдан кейін азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылаушы басқарма түйе сүтін тестен өткізіп, оны сатуға рұқсат береді деп үміттеніп отыр. Егер де дәл қазір АҚШ-та түйе сүтін сатуға рұқсат болса, онда олар шұбаттың әр литрінен 40-60 доллар пайда табатынын айтады. Шұбат бағасының мұндай жоғары болу себебі АҚШ-та бар-жоғы бірнеше мың түйе ғана бар және бұл жануарлардың көбі хайуанаттар бағы мен ұлттық парктерде екен. АҚШ-та бір үлкен түйенің құны 15 мың доллар тұрса, ботасы 5 мың долларға бағаланады.

Түйе сүтінен жасалған шоколад.

БАӘ-де түйе сүті – өте танымал өнім. Мұндай ерекше тәттіні Al Nassma атты компания шығарады екен. Олардың айтуынша, түйе сүтінен әзірленген шоколад өте пайдалы және құрамында май аз болып келетіндіктен, қант диабетімен ауыратын адамдарға да жеуге рұқсат етіледі. Al Nassma-ның өнімдеріне бал, жаңғақ және түрлі дәмдеуіштер қосылады. Аталған шоколадты қолға түсіру қиынның-қиыны екен. Оны мемлекеттің негізгі әуежайлары мен қонақ үйлерінен ғана таба аласыз.

Әдебиеттегі және музыкадағы түйе жануарының орны. Ауыз әдебиетінің көптеген үлгілерінде түйеге қатысты теңеу сөздер, даналық нақылдар, мақал-мәтелдер көптеп кездеседі. Бұл ой-тұжырымдар түйенің тіршілік ерекшеліктерін айқын аңғартады. Түйе түлігіне арналған аңыздар бойынша шығарылған күйлер де ел арасына кеңінен таралған. Сүгірдің «Бозінгені», Ықыластың «Желмаясы», Тәттімбеттің «Бозінгені» және «Нар идірген» халық күйлері. «Нар идірген» күйінде түйенің өз төліне деген аналық махаббаты көрінеді. Менің түйгенім, түйе малының музыканы тыңдай білу қасиеті дәл адамдарға ұқсауы яғни музыка арқылы оның желінінен сүт шығуы – оның сезіне білетінін көрсетеді.

Т.Айбергеновтың «Аруана – бауыр дүние» өлеңінде аруананың туған жерге деген махаббаты сөз болады. Ботасымен жау қолына түскен аруана туған жерге, қазығына жету үшін ботасын шайнап өлтіріп, омырауын жасқа толтырып, жеріне тартып отырады екен. Аруананың туған жерге деген махаббаты кез – келген адам баласының басында бар ма? Бұл да осы түліктің киелілігін, қасиеттілігін көрсетпей ме?

Түйе малы туралы мақалдар топтамасы.

Жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы.
Аттың атағы, түйенің табаны үлкен.
Бір түйенің екі өркеші, бірі кетсе – күші жоқ, Бір биенің екі емшегі, бірі кетсе – сүті жоқ.
Түйе қашып, жүктен кете алмас.
Түйе көп болса, жүк сыймайды.
Түйе өлген жерде жүк қалады.
Қоныс ақысын түйе қайтарады.
Алыстан шабынған бураның күші қайтады.
Өткелден өткенде түйенің үлкені таяқ жейді.
Ат биеден, аруана түйеден туады.
“Жүк ауырын нар көтерер”,

“Нар жолында жүк қалмас”,

“Қоныс ақысын түйе қайтарады”

Төрт аяқтыда бота, екі аяқтыда бажа  тату.

Түйесі бардың-киесі бар.

Көтерем деп түйеден безбе-салтанатың емес пе?

Түйе малындағы елеусіз кемшіліктер.

1.     Жыл басынан құр қалуы – аңқаулығын, ақкөңілділігін көрсетеді.

2.     Түйенің төстік көнтерісін адамның шашы алынған тақырбасына кигізіп қойса, адам ақылынан адасып, мәңгүрт болып қалады. («Найман ана» Ш.Айтматов).

Қорытынды.

Сахараның «сұлуы» түйе деген,

Салтанаты жарасқан сән керуен

Болмысы мен бітімі, түрі ерекше

Бұл жануар құписын зерттеп, білгем.

Білдік оның ұлық деп аталғанын,

Асанқайғы Желмаямен шарлағанын

Шұбаты дертке дауа,ауруға ем,

Шетелде одан тәтті жасалғанын,

Білдік бәрін-бәрін де қандай ғажап,

Осындай киелі бір жануардың,

Жерімде жүргеніне мақтанам тамашалап!

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.      Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. – Алматы: DPS, 2011.

2.     Мұсақұлов,Орысша-қазақша түсіндірмелі биологиялық сөздік І-том қазақ мемлекет баспасы, Алматы — 1959, Редакциясын басқарған: Биология ғылымының докторы профессор Т. Дарқанбаев

3.     Биология:Жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған оқулық. Алматы: Атамұра, 2007.

4.     Қазақ әдебиеті. 8 класс. Мектеп баспасы – 2004 ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *