«Қазақстан – кеше, бүгін, ертең»


Жақанбаева Салтанат Амирхановна

Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы, «Қарлығаш» балабақшасының тәрбиешісі

Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым өмірге қайта келдім.

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Айта бергім келеді, айта бергім – деп ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай  қазақ халқының басына не келіп, не кетпеді. Тарихта «Ақтабан шұбырынды алқакөл сұлама» атымен жеткен ащы қасірет, 1836 – 38 жылдардағы Исатай мен Махамбет көтерілісі, мың тоғыз жүз он алтыншы жылғы ұлт азаттық көтерілісі, 1925 – 1933 жылдардағы ашаршылық, 1937 жылдағы асыра сілтеудің кесірінен Алаш зиялылары Шәкәрім Құдайбердиев,

Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллиндей арыстарымыз солақай саясаттың құрбандары болды. Өздері өлсе де тарихта өшпес ізі қалған ағалар рухының алдында әрқашан басымызды иеміз. Осы орайда қара сөздің хас шебері, орақ тілді өр бабамыз Қаздауысты Қазыбектің мына өлең жолдары ойға оралады.

Біз қазақ деген мал баққан елміз,

Бірақ, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Елімізден құт – береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп.

Найзаға үкі таққан елміз!

Ешбір дұшпан басынбаған елміз.

Басымыздан сөзді асырмаған елміз!

Досымызды сақтай білген елміз.

Дәмі, тұзын ақтай білген елміз,

Асқақтаған хан болса.

Хан ордасын таптай білген елміз!

Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды,

Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды.

Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз! – деп талай жаудың бетін қайтарып, даулы мәселелерді де шешкен дана халықтың ұрпағы екенімізге мақтануымыз керек. Тарих қойнауы құнды шежіреге толы.

Қазақ – сөз қадірін өз қадірім –  деп білген, кеңдігін де, елдігін де, кемеңгерлігі мен көсемдігін де сөзге сыйғызған халық. Бір ауыз сөзге тоқтаған халық.

1986 жылғы, Желтоқсан оқиғасы дүниені дүр сілкіндіргенімен, әр қазақтың жүрегінде үміт отын жақты. Қайрат, Ерболдардың қанымен келген, Ләззат, Сабиралардың арымен келген Тәуелсіздікті қастерлеп, қадірлеу әр азаматтың парызы болуы тиіс.

Тәуелсіздік! Тәуелсіздік – қасиетті де, қастерлі ұғым!

Тәуелсіздік – өз алдыңа ұлт болып қалып қалыптасып,  алпауыт елдермен терезеңді тең ұстау. Ұлттық тіліңді, дініңді, салт – дәстүр, әдет – ғұрпыңды ардақтап, көздің қарашығындай сақтай білу. Жүзден аса ұлт өкілдері бір шаңырақ астында бас қосқандықтан тату – тәтті өмір сүріп, осы күнге шүкіршілік ете білу. Елбасымыз салып берген сара жолмен алға нық қадам басып, айшықты да, айқын мақсатқа жетуге ұмтылу. Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның туын, елтаңбасын, әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы.

Еліміздің мұратына айналған «Мәңгілік ел» идеясы – халықтың әл – ауқатын жақсартып, ынтымағын арттыратын, елді дамудың жаңа сатысына жетелейтін жаңа қадам.

«Мәңгілік ел» идеясының маңыздылығын Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауының негізі етіп алып, бұл туралы өз сөзінде: Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр» деген болатын. Халықты бір мақсатқа, бір мүддеге, бір болашаққа үндеген Елбасының бұл жолдауында ел халқына үлкен жауапкершілік жүктелген. «Мәңгілік ел» ата – бабаларымыздың  аманаты, аңсаған арманы.

Біз Қазақстанның болашағы жарқын болатынына, Көк туымыз көк аспанда мәңгілік желбіреп, тұғырынан таймайтынына сенеміз!

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған “Отан” – деп сыбырлаған
Жаным менің кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған.
Отан, Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем…  М.Мақатаев

 

Қолданылған әдебиеттер: Теңлібаева.Ж.Қ

«Мәңгілік ел» – жарқын болашаққа бастар жол.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *