«Соматикалық фразеологизмдердің үштілдегі салғастырмалы сипаты»

Санай Диана
Екібастұз қаласы әкімдігінің «Байет жалпы орта білім беру мектебі» КММ 10 сынып оқушысы
Жетекші:  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айтуган Марал

Фразеологизмдер – барлық тілдерге тән құбылыс. Сондықтан да осы бейнелі сөз орамдары барлық тілдерде кеңінен зерттеліп келеді. Соның ішінде қазақ тіл біліміндегі зерттеулердің негізінде бұл құбылыс жан-жақты қарастырылуда.  Фразеологизмдер сөйлеу тілінде де, жазу тілінде де көп қолданылатын тілдік материал. Фразеологиялық тіркестер қай-қайсысы болмасын бәрі де алғаш халықтың сөйлеу тілі негізінде қолданылған. Сондықтан олар өмірдің барлық саласын қамтып, ішкі мазмұны жағынан өте бай болады.

Қазақ фразеологиясының негізін салған, алғаш рет қазақ тіліндегі фразеологияларды жинап, фразеологиялық сөздік құрастырған – І.Кеңесбаев:

Ғалым: «Фразеологизмдердің құрылым жағынан қалыптасып, компоненттерінің тіркесу амалдарында бір заңдылық бар. Өмір талабынан туған фразеологизмдер талай дәуірдің елегінен өтіп, құрамы, жасалу тәсілі жағынан, мағынасы жағынан бір жүйеге түскен»,-дейді [1,601].

Қазіргі қазақ фразеологизмдерін зерттеу І.Кеңесбаев көрсеткен барлық бағытта жүріп жатыр. Олар мынадай бағыттар: фразеологизмдердің басқа құбылыстардан айырмашылығы, фразеологиялық мағынаның қалыптасуы, олардың ішкі құрылымы, фразеологизм және синонимия, фразеологизмнің стильдік ерекшеліктері, фразеологизмдерді жеке автордың қолдануы және фразеологизмдердің сөз табына қатыстылығы, фразеологизмдердің варианттылығы және т.б.[1,107 ].

Фразеологизмдердің шығу негіздеріне байланысты төмендегідей пікірлерді айтуға болады:

–                     фразеологизмдер сөздердің тіркесіп, мағыналық әрі құрылымдық жағынан тұрақтануы негізінде қалыптасады;

–                     фразеологизмдердің тууына фразеологиялану процесі себепші болады;

–                     фразеологизмдерден халық танымын байқаймыз және олар ғасырлар бойы халық жадында сақталып, жатталып, қолдануға даяр күйінде енетін тілдік құралға айналған;

–                     фразеологизмдер бейнелі, астарлы ұғымды білдіреді [1, 90-92].

Тіл білімінде фразеологизмдер тұрақты сөз тіркесінің жасалуына ұйытқы болып тұрған сөздеріне қарап, соматикалық фразеологизмдер, эмотивті фразеологизмдер, зоофразеологизмдер, сандық ұғымдардың қатысумен жасалған фразеологизмдер және т.б. болып бөлінеді. Біздің мақсатымыз – соматикалық фразеологизмдердің салғастырмалы талдауы болып табылады. Яғни қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі соматикалық фразеологизмдердің лексика-семантикалық сипатын салғастыру.

Салғастырмалы лексикология ғылымы тіл ғылымдарының аясында соңғы он жыл ішінде кеңінен қарастырыла бастаған. Салғастырмалы лексикологияның ішінен тағы бөлініп шығатын тармағы – салғастырмалы фразеология саласы қазақ тіл біліміндегі ең жас салалардың бірі болып саналады.

Салғастырмалы фразеология саласының мақсаты – қазақ тілінің фразеология жүйесін туыс емес тілдердің фразеологиялық жүйесімен салғастыру, олардың бір-бірінен айырмашылықтарын ажырату, фразеологияның әрбір тілдегі ұлттық танымын, әлемнің тілдік бейнесін бейнелеудегі қолданысы мен қызметін сипаттау.

Әртүрлі тілдегі  фразеологияның  салғастырмалы мәселесі  көптеген лингвистердің назарында [Долгополов 1973; Назаров 1973; Солодухо 1974; Скнер 1978; Райхштейн 1980; Азимова 1980; Кунин 1989; Добровольский 1990; Кармышаков 1992; Саидова 1992; Арсентьева 1993; Шаммаева 1994; Джордж 1999; Алеева 1999; ТяньЦзюнь 2001; Сафина 2002; Альдайбани 2003 және т.б.] болған [2,10].

Соматикалық терминін алғаш рет тіл біліміне финн-угор тілінің маманы Ф. Вакк енгізген, ол эстон тілінің фразеологиясын қарастыра отырып, адам дене мүшесінің бөліктерін соматикалық деп атаған [3, 23-24].

Орыс тіл білімінде «соматикалық фразеологизм» терминін алғаш рет қолданған Э.М.Мордкович. Ол өзінің «Соматикалық фразеологизмдердің семантикалық-тақырыптық топтары» мақаласында орыс тіліндегі соматикалық фразеологизмдердің саны жағынан басым көпшілігін жағымсыз сипатқа ие фразеологизмдер құрайтындығын атайды [4,244-245]

Қазақ тілінде соматикалық фразеологизмдер әр қырынан  зерттеліп жүр. Олар мынадай бағыттарда жазылған: Б.Нағасбекова «Соматикалық фразеологизмдердің көп мағыналылығы», Б.Нұржанова, Б.О.Оспанова

«Тілдік дүние бейнесіндегі «көз» соматизмнің фразео-семантикалық өрісі» , Д.Б. Рскелдиева «Соматикалық фразеологизмдердің универсиялық құбылысы», «Ішкі ағзалар ұйытқы болған адамға қатысты соматикалық фразеологизмдер», «Казақ және ағылшын тілдеріндегі «жүрек» соматизмі», Ш. Мұхамеджанова, М.Рахметтулина «Қазақ және орыс тілдеріндегі самофразеологиялық сөз тіркестеріндегі ұлттық-мәдени компоненттері», А.З.Қазанбаева «Соматикалық фразеологизмдердің қолданысы», Қ.С.Қалыбаева «Түркі тілдеріндегі соматикалық фразеологизмдер», Ш.Т. Кудьярова «Абай өлеңдеріндегі соматикалық фразеологизмдер», А.О.Кәріпжанова «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларындағы соматикалық атаулар ұйытқы болған фразеологизмдер», Б.К.Уызбаева «Қазақ тіліндегі етістікті соматикалық фразеологизмдердің этнолингвистикалық сипаты, Р.Е.Валиханова «Сопоставительное исследования соматизмов казахского и русского языков», М.Т.Сәбитова «Соматическая фразеология как объект сопостовительного изучения»

Ал салғастырмалы фразеология аясында қазақ және ағылшын тілдеріндегі соматикалық фразеологизмдерді салғастырған Ш.Өтебаева және

Б.А.Садықбекованың «Қазақ және ағылшын тілдеріндегі соматикалық фразеологизмдер» деп аталатын ғылыми-зерттеу жұмысы.

Ғалымдар өз зерттеу жұмысында қазақ және ағылшын тілдеріндегі соматикалық фразеологизмдерге статистикалық талдау жасай отырып, адамның дене мүшелерінің түріне қатысты атаулардың тұрақты сөз тіркестеріне ұйытқы бола алу қабілетін айтады. Қос тілдегі соматикалық фразеологизмдерге статистикалық талдау жасау  нәтижесінде қазақ тілінде дене мүшесі атауы бар тұрақты тіркестер ішіндегі ең өнімдісі: 1) қол-71, 2) көз-68; 3) бас -60; ал, ағылшын тілінде: 1) eye (көз)-60; 2) hand (қол) -50; 3) head (бас) – 40, – анықталған [5,3-4].

Сонымен, қос тілде де көз-eye, қол-hand, бас-head cөздері тұрақты тіркестердің ішінде ең белсенді түрі екені айқындалған [5,6-7].

Соматикалық фразеологизмдердің пайда болуының негізгі көзі мыналар болып табылады:

1.                Адамның іс- қимылдары мен мимикалық қимылы toshowone’steeth – тісін қайрау (сес көрсету);

2.                Адам ағзасының фразеологиялық сезімдері мен рефлекстері псхифизикалық қозуларға, мысалы: to feelone’sheartsink – жүрегі ұшты;

3.                Жануарлардың қимылы: to kee pone’searto the ground – құлақ түре тыңдау, сақ болу;

4.                Қазіргі заманғы дәстүрлер,салттар,ритуалдар,діни және ырымшыл көзқарас поэзиясы: tobetearingone’shairout – шашын жұлу;

Жалпы, қазақ тіліндегі қарастырылған соматикалық фразеологизмдердің саны – 562, ал ағылшын тілінде – 358. Қазақ тілінде саны жағынан соматикалық фразеологизмдердің көп болу себебі, қазақ тілінде жалпы алғанда, 57800 тұрақты сөз тіркесі бар [5, 4-5]. Бұл көрсеткіш қазақ тіліндегі фразеологизмдердің саны жағынан көп бола отырып, тіліміздің сөз байлығын, халқымыздың әлемді, өзінің қоршаған ортасын танудағы метафоралық композициясын көрсететін бірден-бір тілдік бірлік екенін дәлелдейді.

Ағылшын тілінде соматикалық фразеологизмдер 14 бөлімге бөлініп берілген.

Сонымен, соматикалық фразеологизмдер – бұл тіл атаулының бәріне тән ортақ құбылыс, тек олардың пайда болуы, құрылымы, қолданылуы, бейнелеуіштік қасиеті тіл иесі халықтың мінез-құлқымен,салт-санасымен, әдет-ғұрпымен және дәстүрімен ұштасып, олардың көрінісін береді. Ал, әр тілдің тұрақты тіркестері қоршаған ортасымен, орналасқан жерімен ерекшеленуі заңдылыққа  жатады.

Әдебиеттер:

1.                Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – А.: Ғылым, 1977. – 712 б.

2.                Сопоставительный анализ соматических фразеологизмов английского и вьетнамского языков// www.lib.ua-ru.net/diss/cont/185979.html

3.                Өтебаева Ш., Садыбекова Б.А. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі соматикалық фразеологизмдер//Білім. – №6(54) 2010. – Б.33-36

4.                Өтебаева Ш., Садыбекова Б.А. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі соматикалық фразеологизмдер//Білім. – №6(54) 2010. – Б.33-36

5.                Т.Н.Ермекова, А.Н.Юсупова. Салғастырмалы лексикология. – Алматы, 2013. – 146 б.

Leave a Reply

Your email address will not be published.