«Мәңгілік ел – болашақ бағдары» тәрбие сағаты


 Құмар Мамыр Қанатқызы
 Семей қаласы «№48 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

Мақсаты:

–         «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы – «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсатын, міндеттері, ұйымдастыру ұстанымдары мен бағыттары  жөнінде мағлұмат беру;

–         Оқушыларды отанын сүюге, бірлікке, ел тарихын білуге, елімізді өркендетуге өз үлестерін қосуға баулу.

–         Брифинг формасын пайдалана отыра оқушылардың бойында рөлдік ойын, сөйлеу, талдау, қортындылау дағдыларын дамыту.

Өткізілу формасы: брифинг

Өткізілу орны: «Мәңгілік Ел» кабинеті

Әдіс – тәсілдер: әңгімелеу, баяндау, пікір алысу, талдау, қорытындылау, жинақтау, байқау, бақылау, иллюстрация, демонстарция, рөлдік ойын;

Брифингтің құрылымы /моделі/

І. Ұйымдастыру

ІІ. Жұмыстың мақсатымен таныстыру

ІІІ. Келген әр сала мамандарымен пікірлесу

VI. Шығармашылық топ жұмысы

V. Қортынды

Брифингтің барысы:

І. Ұйымдастыру

Кіріспе сөз

Қазақстанның тарихына үңілсек, ел болашағын ойлаған дарынды билеушілер мен тарихи тұлғалар мемлекет мүддесін, оның жан-жақты даму жолын айқындап, жүзеге асуына өзіндік үлестерін қосқан болатын. Атап айтсақ, Қазақ хандығының нығаюы мен дамуына, нақты территориясының қалыптасуы, халқының көбеюіне, күшеюіне қомақты үлес қосқан Қасым хан өз кезеңінде «Қасым ханның қасқа жолы», Есім хан «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын далалық заңдарға негізделген дамудың ортақ жүйесін қалыптастырған болатын. Бұл ата-бабаларымыздың сара жолының дәстүрлі жалғасы ретінде Елбасының Қазақстан халқына жолдауларын, оның ішінде «Қазақстан-2050 стратегиясы: «Мәңгілік ел» идеясының маңызы мен тарихи сабақтастығын атап өту қажет.

ІІ. Жұмыстың мақсатымен таныстыру

Бүгінгі «Мәңгілік ел – болашақ бағдары» атты ұйымдастырылып отырған брифингіміздің негізгі мақсаты: «Мәңгілік Ел» идеясы түсінігіне тоқталып, жас буынға ұлттық сана-сезім, азаматтық пен патриотизмді қалыптастыруға ат салысу.

ІІІ. Келген әр сала мамандарымен пікірлесу

«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы сан түрлі мәселені қамтыған патриоттық акт. Соған байланысты, бүгінгі брифингке арнайы әр сала мамандары шақырылған болатын. Мәңгілік ел патроиоттық актсі жайлы халықтың, тілшілердің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алу үшін ендігі сөз кезегін Бұқаралық Ақпарат құралдары өкілдеріне берсек.

1-корреспондент: Армысыздар, жиналған қауым! «…………………» газетінің тілшісі …………………….. Сұрағым Ақпарат комитетінің өкілі ……………. мырзаға арналады. «Мәңгілік ел» көптің талқысыныда жүрген ұғымға айналды. Осы мәселе төңірегінде бұл ұғымның пайда болуын тарих тұрғысынан айтып өтсеңіз.

Ақпарат комитеті :    Сөзімді Елбасының айтқанымен бастасам: «Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – мәңгілік ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел» Президент өз тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау арқылы Мәңгілік ел бола алатынымызды атап өтті.  «Мәңгілік ел» ұғымы еліміздің тарихында ежелден бар. Бұл термин Түркі қағағанаты тұсында да қолданылған. Түркілер өздерінің ұлы мемлекетін «Мәңгі ел» деп атағаны тарихтан мәлім. Орхон ескерткіштерінде, Күлтегін жазбаларында да «Мәңгілік ел» сөзі ұшырасады. Демек, бұл кездейсоқ келген этнотермин емес. Қазақтар бағзы заманда қалыптасқан ұлт. Біздің тарихымыз – өз бой-бітімімізде, өз сүйегімізде таңбаланып қалған. «Мәңгілік ел» бүгін ғана айтыла салған атау емес. Тарихымызға көз жіберсек, түркі дәуірінде Тоныкөк абыздың айтқан сөзі бар екен: «Мәңгілік ел болып қалыптасуымыз керек. Біздің бектеріміз бен қағандарымыз өзге жұрттың алдауына түспеуі керек. Аға буын қателессе, ол кейінгі жас ұрпаққа да қиындығын тигізеді. Сондықтан, біз шектес, шекаралас елдермен сарабдал саясат жүргізуіміз керек» деген. 2003 жылы шыққан Елбасының «Тарих толқынында» атты кітабында біздің қазақтың ата тарихы он екі асқарлы белеске бөлінген. Соның бір белесінде Түркі қағанаты туралы айтылған. «Мәңгілік ел» қалыптасты деп нақты көрсетілген.

2-корреспондент: Мен, …………………….. «…………………….» газетінің тілшісі. Сұрағымды тікелей Білім және Ғылым министрлігінен келген Мәдина Ханымға жолдаймын. «Мәңгілік ел» идеясы білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеуге негізделген.  Бұл құжатта білім саласы бойынша қандай басымдылықтар атап көрсетілген?

Білім және Ғылым министрлігі: Елбасының «Қазақстан жолы – 2050» Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ Жолдауы жастарға да үлкен аманат жүктеп, салмақты жүк арқалатып отыр. Елбасы өз сөзінде: «Біріншіден, барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды. Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс» деген болатын. Мемлекет болса, өз тарапынан жастардың сапалы білім мен саналы тәртіп алуына, қажетті мамандықты игеруіне, өз арман-мақсаттарын жүзеге асырулары үшін бар мүмкіндіктер жасап келеді. Осыларға әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері, «Болашақ» бағдарламалары дәлел. Мұрат-мақсаттар, мүмкіндіктер, біздің алдымызда айқара есігін ашып тұр, біз өз кезегімізде осы мүмкіндіктерді іске асыру барысында бар күш-жігерімізді аямай, табысты жұмыс жасауымыз қажет.

3-корреспондент: …………………… газетінің тілшісі …………………………. боламын. Ұлттың ұлт болып қалыптасуының басты факторы – тіл екені бәріне аян. Елбасымыз тіл мәселесін, соның ішінде ана тілімізді ешқашан сырт қалдырмаған. Ал, осы «Мәңгілік Ел» патриоттық актсінде тіл саласы бойынша қандай жаңашыл идеялар бар? Сұрағым Тіл комитетінің өкілі ……………… ханымға бағытталады.

Тіл комитеті: Біз тұтас қоғам болып, ұлтымызға қарамай, мемлекеттік тілді толық меңгермейінше, мықты мемлекет құра алмайтынымызды, мемлекеттік тіл-халықты біріктіруші фактор екенін Елбасымыз әр жылғы жолдауларында ұдайы тілге тиек етіп келеді. Н.Ә.Назарбаевтың осы орайда өте керемет сөзі бар: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. «Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге  Мәңгілік тіл» болды. Қазақ тілін даудың тақырыбы емес,Ұлттың ұйытқысы ете білген жөн» Мемлекеттік тіл-мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мен мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетті құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуі көздеген халықтың басты мақсатыда сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз-өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың.  Мәңгілік Ел – бұл мәдениет пен тарихтың, тілдің ортақтығы. Біз ортақ тарихи мұрамызды мұқият сақтайтын боламыз.  Біз Қазақстан халқының мәдени әралуандығын арттыра түсеміз. Біз мемлекеттік тілді қоғамды біріктірудің негізі, үш тілділікті еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің алғышарты бойынша дамыту қағидаты ретінде ұстанатын боламыз.

4 – корреспондент. Қайырлы күн!  ………………………. «…………………» телеарнасынан. Ұлттық экономика министрлігінен келіп отырған ………….. мырзаға сұрағым бар. Мақсатымыз айқын- 30 елдің қатарына кіру. Осы жолда қандай істер атқарылуда?

Ұлттық экономика министрлігі: Елбасымыз дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспарын ұсынған болатын. Біз 2050-дің мақсатына қарай күрделі жаһандық бәсекелестік жағдайында ілгерілейміз. Алдағы онжылдықтарда біз қазірдің өзінде біліп отырған сын-қатерлер, жаһандық нарық пен әлемдік саясаттағы болжаусыз жағдайлар, жаңа дағдарыстар аз кездеспейді. ХХІ ғасырда «жеңіл-желпі жүріп өту» деген болмайды. Ғасыр ортасы да таяп қалды. Әлемнің дамыған елдері соған сай нақты стратегияларын дайындауда. ХХІ ғасырдың орта тұсы күрделі болары даусыз, ал жаһандық отыздық тобының тізіміне кіретін үміткерлер саны тым шектеулі болады.

Бүгінде дамығандықтың іргелі көрсеткіштерін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттер көрсетіп отыр. Оған әлемдік ішкі жалпы өнімнің 60 пайыздан астамын өндіретін 34 ел кіреді. ЭЫДҰ-ға кіруге тағы 6 ел – Бразилия, Қытай, Үндістан,Индонезия, Ресей және Оңтүстік Африка Республикасы үміткер болып отыр. Ұйымға мүше барлық елдер терең жаңғыру жолынан өтті, инвестицияның, еңбек өнімділігінің, шағын және орта бизнесті дамытудың, халық өмірі стандарттарының жоғары көрсеткішіне ие болып отыр. Әлбетте, ЭЫДҰ елдерінің болашақ ұзақмерзімді қарқыны ескерілгендегі индикаторлары – жер жүзінің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру жолындағы біздің базалық бағдарымыз осы.

VI. Шығармашылық топ жұмысы

5 – корреспондент. Сәлеметсіздер ме! ……………… ақпараттық сайтының блогері ………………………….. Сұрағым Сыртқы істер министрі ……………. мырзаға арналады: Мәңгілік ел ретінде танылуға апарар жолдың бірі ол әлемдік аренадағы орнымызды айқындау. Соған байланысты жүргізіліп жатқан шаралар жөнінде айта кетсеңіз.

Сыртқы істер министрі:  Елбасымыздың: «Бүгінде әр қазақстандық өзді-өзінен елімізге жақсы болып, біздің Отаны­мыздың дәулеті артуы үшін мен не істедім деп сұрауы керек. Егер әр азамат осылай пайымдайтын болса, бүкіл еліміз өзінің дамуына қарқын қосарына менің сенімім мол»- деген. Ал, Еліміздің дамуына қарқын қосатын, әлемдік аренадағы орнымызды айқындайтын, бүкіл ғаламға «Мәңгілік ел» ретінде танытатын тағы бір сала – халықаралық қатынастар. Бұл жағдайда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін айтпай кету мүмкін емес. Қалай дегенде де, EXPO сияқты халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік деуге болады.  Оның үстіне, әлем алдында даму деңгейімізді іс жүзінде дәлелдей отырып, шараны жоғары жауапкершілікпен өткіздік. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты, жан-жақты  азаматтар.  Қазір ортамызға осындай ізденісте жүрген шығармашылық топ өкілдерін шақырайық.

–         1 – оқушы Біз ……сынып оқушылары, Астана қаласында өткен көрме жұмысын тамашалап, керемет әсер алып қайтқан болатынбыз. Сол жөнінде сіздерге баяндап, алған әсерімізбен бөлісуді жөн көрдік.Осы жылдың шілде айында еліміздің бас қаласы Астанада өткен атаулы шараны көзімізбен көріп қайттық. Көрмеден алған әсерім өте зор, мені бәрінен бұрын қуантқан жағдай Экспо көрмесінің Қазақстанда өткендігі, бұл біздің ортақ мақтанышымыз.

–         2 – оқушы Осы көрме арқылы болашақта сарқылатын энергия көздерін баламалы энергия көздеріне айналдыру. Бұл дегеніміз жаңаша ойлар мен көзқарас қалыптастыру. «ЭКСПО-2017» көрмесінде әр ұлт өкілдері өздерінің экспонаттарын көрсетіп таныстырды, ондағы әрбір теxнология бір мақсатқа негізделіп, болашақта болатын құбылыстарды сипаттады.

–         3 – оқушы Павильондар керемет. Әсіресе, мені ЭКСПО орталығында орналасқан Қазақстанның зор әлеуетін танытатын сфера таң қалдырды. 100-ден астам елді тартқан шара сіздердің елдеріңіздің әлемдегі ірі ойыншылардың бірі екендігін көрсетіп отыр. Ол сондай-ақ Қазақстан президентінің тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде ел дамуына – экономикалық тұрғыда болсын, саяси тұрғыда болсын өлшеусіз үлес қосқандығын айқындайды

–         5 – оқушы Ал Экспо көрмесінің символы, кешеннің орталық элементі – «Нұр Әлем» сферасы. Ғимаратта бірінші қабатында Қазақстан павильоны орналасқан. Мұнда келушілер елдің тариxы, дәстүрі, мәдениеті сондай-ақ жетістіктері көрсетілді.Осы арқылы өзге елден келген туристер Қазақстан xалқының қонақжайлылығына куә болды. «ЭКСПО-2017» біздің болашағымыздың айқын көрінісі іспетті бізді туған қаламыз Семейге шығарып салды. Осындай жақсы көңіл күйде шығармашылық тобымыздың келесі мүшелеріне сөз кезегін берсек.

(келесі топ мүшелері)

6 – оқушы

–         Шығармашылық топ болғандықтан, осы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің қортындысы аясында біраз талдау, қортындылау жұмыстарын жүргізген болатынбыз.

Сарапшылар павильондарға баға беруде олардың тек болашақтың энергиясы тақырыбы мен мазмұнын ашуын ғана емес, дизайны мен келушілерге қолайлылығы жағын да ерекше ескергендігін ескертті. Көрменің үздіктері 700 шаршы метр және одан үлкен көлемдегі, 400 шаршы метрден 700 шаршы метрге дейінгі, 400 шаршы метрден аз көлемдегі және бірлескен павильондар түрі бойынша анықталған.
«Көрме дизайны» және «Көрменің тақырыбын ашу» аталымдары бойынша бірінші, екінші, үшінші орындарды алған павильондар тиісінше алтын, күміс, қола жүлделерді иеленді. Бірлескен павильондар арасынан «Көрме дизайны» аталымы бойынша қола жүлде Латын Америкасы Плазасына берілді. Күміс жүлдені Тынық мұхиты аралының павильоны алды. Алтын медальді Кариб қоғамдастығы павильоны иеленді. «Көрме тақырыбын ашу» аталымында Украина елінің павильоны қолаға, Гана павильоны күміске, Тәжікстан павильоны алтынға қол жеткізді.

–         7 – оқушы Аумағы 400 шаршы метрден аз көлемдегі павильондар тобында «Көрменің дизайны» аталымының қола медалі Латвияның павильонына, күміс Словакия елінің, алтын Польшаның павильонына бұйырды.
«Көрменің тақырыбын ашу» аталымы ауқымында осы топтағы Чехия қола, Сингапур күміс, Финляндия алтын медальдарды жеңіп алды. Көлемі 400 ден 700 шаршы метрге дейінгі аумақты алған павильондар бойынша «Көрме дизайны» аталымының бірінші, екінші, үшінші орындарын Катар, Монако, Азербайжан елінің павильондары иеленіп, тиісінше қола, күміс, алтын жүлде алып қайтты. Тоғыз халықаралық сарапшының шешімімен осы топтың ішіндегі Индия, Венгрия, Швейцария елдерінің павильондары «Көрменің тақырыбын ашу» аталымында қола, күміс, алтын медальдармен марапатталды.

–         8– оқушы

–         Экспо-2017 көрмесінің ең үлкен павильондары, жалпы аумағы 700 шаршы метрден астам жерді алған павильондар қатарындағы Оңтүстік Кореяның павильоны конкурс қорытындысы нәтижесінде үшінші орын алып, қола жүлдені, аталған топқа енген Ұлыбритания екінші орыны үшін күміс жүлдені, ал, Ресей бірінші орын алып, алтын жүлдені иеленді. Бұлардың бәрі «Көрме дизайны» бойынша топ жарғандар болса, халықарылық көрме бюросы мен қазылар «Көрменің тақырыбын ашу» аталымының алтынын Германияның павильонына, күміс жүлдені Қытай халық республикасына, қоланы Францияға берді.

Назар салып тыңдағандарыңызға рахмет!

V. Қорытындылау

Бір мақсат, бір мүддені көздеген ел ғана ортақ жарқын болашаққа жетеді. «Мәңгілік Ел» қазақстандық ұлттық идея мемлекетіміздің өркендеп, әлемдік дамыған алдыңғы қатардағы елдер санатына енуін қамтамассыз етері хақ.Бұл жөнінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жолдаудағы мына бір сөзімен дәйектеп, қорытындылаған жөн: «Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. «Қазақстан-2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, қадірлі халқым! Әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі болсын! Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын! Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін Елдігіміз Мәңгілік!» (ән)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *