“Қысқы қиял”


Бакытбеков Бекнур Медгатович, Берикбай Аида  Сандибекқызы, 

Рудный қаласы әкімдігінің №7 мектеп-гимназиясы  4 сынып оқушысы  

Табиғаттың әрбір маусымы ерекше болатыны сөзсіз. Әр маусымның өзіне тән қызығы мен сейіл-серуені бар. Соның ішінде қыс мезгілі де өзіндік кіршіксіз аппақ қарымен, қаһарлы мінезімен, сықырлаған аязымен ерекше. Бұл мезгілде адамдар табиғаттың құпиясын, ерекше бір ұмытылмас сәттерін тамашалайды. Қара жердің бетін басқан аққұба ару сияқты үлпілдеген ақ ұлпа қар айналаға сән бергендей. Әркім бұл мезгілді асыға күтетіні рас. Бірі шаналарын арқалап, биік жоталарға, таулы қыраттарға бет түзейді.

Дала төсінде қолдан сырғанақ жасайтын қызықты кездерде өз алдына бір бөлек әңгіме. Қолдарына шана сүйреген балалар, жүздері күлкіге толы адамдар барлығы бейне бір қыстың суығын емес, оның жылы нұрын, ыстық тартар сәулесін тауып алғандай қуанады. Даланың табиғаты тып-тыныш қалпынан, маужыраған күйінен серпіле түскендей күйде. Алатаудың сілемдері мен биік жоталарындағы қыс көріністері көздің жауын алады.     Басында қашанда қар жататын қарт Алатау ару Алматының көркіне көрік қосып тұрғандай көрінеді. Ақындар жырға қосқан, әншілер әнге қосқан Алатау қыс мезгілінде ерекше сұлу ғой, шіркін! Қыс мезгілін тағы да асыға күтуіміздің бір себебі – Жаңа жыл. Сірә, бұл мейрамды еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін күтетіні айдан анық.

Бүлдіршіндер аппақ қардан аққала жасап, шырша безендіріп, аяз ата мен ақша қарды көруге асығады. Барлығы ақ тілектерін білдіріп, сыйлықтарын береді. Қылышын сүйретіп жеткен қаһарлы қыстың бізге берер қызығы мен қуанышы көп. Осындай естен кетпес оқиғаларға толы қыс мезгілін керемет деуге толық негіз бар. Қыстың ғажайып ұмытылмас шақтары адам жанына шуағын шашып, нұрын төге түскендей, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.

Қыс – мезгіл ішіндегі ең пәк, ең ажарлы, ең сұлуы. Кең даланы ақ көрпеге орап, ақ дүниенің кіршіксіз белгісі болып жататын ақ қардың аңғалдығы, күн түссе еріп кететін нәзіктігін-ай! Басқан сайын табаныңа жабысып, қытырлаған дауыс құлағыңа жеткен кезде құрышы қанып, көңілі босап сала беретіні де рас. Бұл – аппақ қардың дауысы. Қылышын сүйретіп келген қыстың аязы бетті қарыса да, тоңдырса да жаныңызда бір жылулық бар. Бұл – мезгілдің адамға әсері.

Қыс – балалық шақтың естелігі. Қыс – аппақ қар секілді кіршіксіз сезімдердің бастамасы. Шанасын көтерген балақайлар, олардың жүзіндегі қуаныш, қамсыз көңіл – бәрі-бәрі адамды бей-жай қалдырмайды. Қыстың самалына тоңған сыңай танытып, құшағыңызға тығылған сүйіктіңізді көргенде әлем сіздің алақаныңызда тұрғандай күй болады. Көктем бүр жарған сезімдерді қайта оятушы болса, қыс сол нәзіктікті ұстайтын, берік ететін мезгіл.

Омбы қарға көміліп, аунаған сайын қардың салқыны сезілмей де қалады. Табан астында – аппақ көрпе, төбеңізде – күн сәулесі. Бүкіл әлем күнәсіз періште дүниеге оң көзімен қарап тұрғандай. Сәулемен шағылысып көздің жауын алатын қар ұшқыны бейне бір жақұт тәрізді.

Қолыңызға түссе еріп, бетіңізге тисе сусып сала беретін мамық қардың сізге айтары бар секілді…  Төрт мезгіл ішіндегі ең ұлы пейзажды жасайтын – қыс. Қаңтарда қақап, ақпанда сеңі соғылып, наурызда қоштасатын мезгілдің сезім алдындағы пәктігін сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *