Сценарий «Қош келдің, Жаңа Жыл»


Жанабекова Раушан Викторовна
учитель русского языка и литературы КГУ «Топарская общеобразовательная школа села Кулаайгыр Абайского района Карагандинской области»

1-жүргізуші:     Аппақ бүгін қыр далам,

Ақ дастархан жапқандай.

Халық біткен қарбалаң,

Қонақ күтіп жатқандай.

Көңілде көп қуаныш,

Әр көңілде – жақсылық.

Кетер жылға мың алғыс

Әкелген көп жақсылық.

 

2-жүргізуші:     Жаңа жылда алдағы

Көңіл өсіп кеңейсін.

Ортақ ойы, арманы

Жақсы дәстүр көбейсін!

 

1-жүргізуші:  – Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Жаңа жылдық кешімізге қош келдіңіздер!

2-жүргізуші: Балалар, біз сендерді таңғажайып оқиғаларға толы орманға шақырамыз!

(Қысқы орман іші. Айнала тып-тыныш. Ортаға Тауық шығады)

Тауық: Қо, қо, қоқ, балапаным әлі шыққан жоқ! Жаңа жыл болса келіп қалды, орман неге тып-тыныш? Орман тұрғындары қандай дайындық жасап жатыр? Қарап келейін, сені мына шыршаның астына қалдырайын, ешкім байқамас. Бөбегім, мен тез келемін, жарайма?

Ой, бүгін орман тыныш қой. Аңдар қайда? Сайраған құстар қайда? Олар шырша тойы болатынын білмей ме?

Қарға: Қарқ-қарқ, не болды сонша орманның тыныштығын бұзып? Не жаңалық әкелдің?

Тауық: Шырша тойы болатынын білмеуші ме едің? Мына орманның көңілсіздігіне таң қалып тұрмын. Шыршаның әдемісің-ай! Ал Аяз ата мен Ақшақар жоқ! Барлығына не болған?

Қарға: А-а, мен білдім олардың неге келмей жатқанын! Мыстан кемпір жылда келіп, балаларды ренжітетін. Биыл да тағы бір жамандық жасаған шығар.

Тауық: Әне, Қоян келе жатыр. Ол да көңілсіз ғой. Не болды екен?

Қарға: Қоян, саған не болған? Бүгін мереке ғой! Жаңа жыл! Сенің жылың. Ал сен көңілсізсің, неге?

Қоян: Көжектерімді көрмедіңдер ме? Көжектерім, кішкентай бөбектерім, келіңдер, менің жаныма жиналыңдар!

(Көжектері әр жерден шығып, Қоянға қарай жүгіреді)

Қоян: Үлпілдегім, мамық жүндім, жұмсағым, аппағым, кішкентайым, ұзын құлағым… қалай көпсіңдер! Біреуі жоқ, ең кенже Көжегім жоқ. Не істеймін, қайдан табамын?

1-жүргізуші: Балалар, Қоянға көмектесейік!

Қоян: Ол өзі сондай кішкентай және қорғансыз. Оны Түлкі немесе Қасқыр жеп қоймай тұрғанда, тезірек тауып алуымыз керек.

(Орманның ортасында секіріп, ән айтып, Көжек үлкен жұмыртқа тауып алады)

Көжек:          Ақ көжегім, көжегім,

Орныңнан тұрсаңшы,

Киіміңді кисеңші,

Бетіңді жусаңшы.

Айнаға қарашы,

Шашыңды тарашы,

Әйбәт киім кисеңші,

Далаға шықсаңшы.

Аппақ қардан аққала

Жасап кәне ойнайық,

Қыс қызығын тойлайық.

Ой, мынау не? Киндер сюрприз. Қандай қызық! Бұл Тауық апайдың жұмыртқасы шығар, тезірек айтуым керек қой. Жоқ, әлде ішінде үлкен сәбіз немесе қырық қабат бар шығар? Немесе бұл айдаһардың немесе Өлмес Кащейдің жұмыртқасы ма? Әй, біреулер келе жатыр. Тығылып қалайын.

(Алиса Түлкі мен Базилио Мысық келеді)

Базилио Мысық: Жаңа жыл келіп қалды, ал мен әлі тамақтанған жоқпын. Қарнымның ашып тұрған-ай!

Алиса Түлкі: Т-с-с, тыныш. Мен бөтен иіс сезіп тұрмын. Базилио, Қоянның етін жегің келмей ме?

Базилио Мысық: Жегім келеді!

Алиса Түлкі: Онда ізде. Ал менің аяғым ауырып кетті, демалып алмасам болмайды.

(Мысық көзілдірігін маңдайына көтеріп, жан-жағын тіміскілеп, іздейді. Балалардан сұрайды)

Базилио Мысық: Ей, балақай, Көжекті көрдің бе? Ал, сен ше? (Жұмыртқаны көреді)

Міне сәттілік! Сары бас, мен Қоянның етінен бас тарттым. Өзің жей бер. Ал мен омлет жеймін.

Алиса Түлкі: Сен не, менімен бөліскің келмей ме?

Базилио Мысық: Бөлісе алмаймын, жұмыртқа біреу-ақ, ал біз екеуміз.

Алиса Түлкі: Ал мен екеумізге де тең бөлемін.

Базилио Мысық: Бермеймін, сен мені алдап, өзіңе көп алып қоясың.

Алиса Түлкі: Мен бе алдайтын? Сен өзің балаларды алдап жүрсің. Көзім көрмейді деп, көзілдірік киіп жүрсің. Бірақ көзің тамаша көреді. (Көзілдірігін жұлып алады)

Базилио Мысық: Сары бас, көзілдірігімді қайтар, әйтпесе…

Алиса Түлкі: Әйтпесе не істейсің? Бермеймін!

Базилио Мысық: Олай болса, аяғыңды сындырамын. Өтірік ақсамай, шың ақсайтын боласың!

Алиса Түлкі: Жаман Мысық, немене, мен болмасам, қоқыстың ішінен тышқан аулап жүруші едің. Мә, саған! (Мысықты таяғымен ұрады, екеуі төбелеседі. Түлкінің лақтырған таяғы тығылып жатқан Көжекке тиіп кетеді де, ол ытқып шығады)

Көжек: Ай, ауырды ғой!

Алиса Түлкі: Базилио, ұста ананы! (Көжек қашады. Түлкі мен Мысық оны қуады)

1-жүргізуші: Балалар, Көжекке көмектесейік! Қолдарымызды ұстап, шеңбер жасайық!

2-жүргізуші: Қоян жүгіріп келе жатса, қолдарыңды көтересіңдер. Ал Түлкі мен Мысық келе жатқанда, сендер қолдарыңды түсіре қойыңдар. (Ойынның соңында Мысық пен Түлкі кіре алмай кетіп қалады. Осы кезде Қоян, Қарға, Тауық келеді)

Алиса Түлкі: Базилио, қаштық!

Қарға: Алақай, Көжек табылды!

(Залдағы жарық сөнеді, қорқынышты әуен естіледі)

1-жүргізуші: Балалар, бұл кім? Қандай қорқынышты! (Ортаға Мыстан кемпір шығады)

Мыстан кемпір: Аспанда қайдағы бір тікұшақтар, ұшақтар ұшып жүр ғой. Тіпті аспанды жауып кетіпті. Тфу, МАИ нені қарап жүр? Таяғымды сындырып алдым. Ерте қуанып жатырсыңдар! Аяз Ата мен Ақшақарды мен ерітіп балқытып тастағанымды әлі білмейсіңдер ғой! Кім шығынымды өтейді? Жаңа сыпырғыш қайдан аламын? Қаншама томпиған, тәтті, әдемі балалар көп екен мына жерде! Жаңа жылға мені шақырмай, өздерің тойлап жатырсыңдар ма? Мерекені болғызбаймын! Балақайлар, мен сендерге жұмбақ жасырайын. Жауабын таба алмасаңдар, мен сендерді жеймін. Ал, тыңдаңдар.

 

1.     Бет-аузыңнан сүйеді,

Сүйген жері күйеді.

2.     Қыста ғана болады,

Ұстасаң, қолың тонады.

 

Сендер ақылды балаларсыңдар ғой өзі. Жалықтым жұмбақ жасырудан. Тағы қандай жамандық жасасам екен? (Анда-мында жүреді де, жұмыртқаға тап болады)

Ей, мынау жұмыртқа ғой! Кащей өмірін жоғалтып алған ба? Ха-ха-ха! Ә, бәлем, қолға түстің бе? Мен сенен өмірің үшін ақша сұрайын! (Ұялы телефонын алып нөмірін тереді)

Алло, Кащей, сенбісің? Сөйлеп тұрған Мыстан кемпір.

Кащей: Иә, мен, не болды? Тыңдап тұрмын.

Мыстан кемпір: Қалың қалай? Өмірің қалай? Жоғалтып алған жоқсың ба?

Кащей: Қалай болушы еді? Биік талдың басында ілініп тұр. Оның саған керегі не?

Мыстан кемпір: Менің не тауып алғанымды білсең ғой! Сегіз әріптен тұрады, бірінші әріп Ж. (Екі күзетшілерімен Кащей кіріп келеді)

Кащей: Менің өмірім мына мыстанның қолына қалай түскен? Мен сендерге не үшін ақша төлеп отырмын? Топастар, мақұлықтар, жалқаулар. (Күзетшілерін ұра бастайды)

Тез мынаның көзін құртыңдар!

Мыстан кемпір: Енді бір адым аттасаңдар, мен мына жұмыртқаны сындырамын! Маған сынған сыпырғышымның орнына ұшақ бер, немесе өміріңмен қоштаса бер. Әзірше менің талабымды орындағанша, жұмыртқа менде кепілдікте қалады. (Жұмыртқаның үстінен таяғын көтереді. Осы уақытта ішіндегі балапан шығады. Кащей жүрегін ұстап, талып қалады. Күзетшілері сүйретіп алып кетеді)

Мен ақымақ, енді маған ұшақ жоқ. Бірақ мен жұмыртқаға жақындаған да жоқпын ғой! (Осы кезде Тауық кіріп келеді)

Мен баламның дауысын естігендей болдым. Біттей бөбегім, жарық дүниеге қош келдің! (Мыстан кемпір жерге отыра қалып, жылай бастайды)

2-жүргізуші: Мыстан кемпір, біздің Аяз ата мен Ақшақарға не істедің? Неге оларды ерітіп жібердің?

Мыстан кемпір: Балалар, мені кешіріндерші! Мен де сендермен бірге Жаңа жылды тойлағым келеді. Енді мұндай жамандық жасамаймын.

1-жүргізуші: Жарайды, бұл жолы кешірейік.

2-жүргізуші: Балалар, күн суып кетті ме? Олай болса, Аяз Ата мен Ақшақарды шақырайық.

1-жүргізуші: Бәріміз бірге қосылып «Аяз ата! Ақшақар! Ау!» деп шақырайық. (Аяз Ата мен Ақшақар келеді)

2-жүргізуші: Аппақ тонға оранып,

Базарлықты мол алып,

Келеді алыс сапардан

Аяз Ата оралып.

Қалып едік сағынып,

Күтіп алдық жабылып.

Жолын қойдық жарық қып,

Шыршаларға шам іліп!

Аяз ата:     Амансыңдар ма, балалар!

Алыс-алыс таулардан,

Орман, тоғай, баулардан

Асу-асу белдерден,

Өзендерден, көлдерден

Алыс сапар жол шегіп,

Жамандықпен алысып,

Жақсылықпен жарысып,

Келіп жеттік сендерге.

Ақшақар: Армысыздар, бармысыздар! Құрметті, ұстаздар, ата-аналар, оқушылар!

Алыс-алыс, алыстан,

Көз жетпейтін ғарыштан,

Жұлдыздардан самғаған,

Армандардан аңсаған,

Мұхиттардан шулаған,

Дауылдардан тынбаған,

Қырдан дара-қиырдан

Ақшақар келді шыршаға.

Жаңа жылында сіздерге зор денсаулық, еңбекте жеміс, оқуда «4» пен «5»-тік баға тілеймін!

Аяз ата: Келе жатқан Жаңа жыл құтты болсын! Құт-береке, ынтымақ-бірлік жыл болсын!

1-жүргізуші: Аяз Ата, сіз алыс жолдан шаршап келдіңіз, енді отырып, демалыңыз. Біздің сізге арналған жаңа жылдық тартуларымызды қабыл алыңыз!

Аяз ата: Қымбатты достарым, мен сендердің мына әсем шырша тойларына арнап қоржынымды сый-сияпаттарға толтырып келдім.

1-жүргізуші: Жаңа жылда жаңа белден асамыз,

Жаңа жылға жырмен шашу шашамыз.

Бейбітшілік ұранымен, жеңіспен

Жаңа жылда тағы да алға басамыз.

 

2-жүргізуші: Жаңа жыл – туған елдің даналығы,

Жаңа жыл – дала ырысы, дала гүлі.

Жаңа жыл – жаңа әннің тербелуі,

Жаңа жыл – ақ арманның өрленуі.

 

1-жүргізуші: Шырша тойы құтты болсын, ағайын,

Жыр тойында би билеп, ән салайық.

Күлкінің керуеніне біз де ілесіп,

Езу жимай бір жарасып қалайық.

 

2-жүргізуші: Биіктерде, төрлерде

Шалқи берсін туымыз.

Арналады сіздерге

Әніміз бен сәніміз.

 

1-жүргізуші: Жайрандап Жаңа жыл келді,

Бар аймақ жаздай түрленді.

Қуаныш май гүліндей төрге сыймай,

Көңілдер жас үмітпен гүлденеді.

 

2-жүргізуші: Ән қандай, ән болмысты қыздар қандай,

Тау жібіп әуенімен мұз жарғандай.

Сырлы саз Сарыарқадан ескен сайын

Барады көңілдерде ызғар қалмай.

 

1-жүргізуші: Достарым, түсініңдер сөздің парқын,

Әр кезде бола берсін жүздер жарқын.

Мәңгілік жоғарылап жұлдыздарың,

Бақытқа бөлендерші қазақ халқын.

 

2-жүргізуші: Жаңа жылым, жол болсын,

Басқан қадам оң болсын!

Төрлет, төрлет, құтты жыл,

Бізге құтты жыл болсын!

Аяз ата: Ой, бәрекелді, өрендерім! Әсем ән шырқап, би билеп, аталарыңды бір қуантып тастадыңдар.

Ақшақар: Балалар, шыршамыз біздің тамаша! Бірақ біздің сендермен қоштасатын уақыт та жетті!

Аяз ата: Иә, балалар, біздерді басқа шаһардың елді мекендері күтіп отыр. Сіздер әрі қарай думандатып, тойлай беріңдер. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Сау болыңыздар!                                                                                                                                                                   1-жүргізуші: Ерен байлық, береке,

Ырыс, қуат бол Жаңа жыл!

Көп болсын той, мереке,

Тыныштық бол, Жаңа жыл!

2-жүргізуші:     Құтты болсын Жаңа жыл!

Құтты болсын жаңа бақыт, достарым,

Тойлап көңіл ашайық

Кәне, биге басайық!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *