«Аудан Әкімінің жаңа жылдық шыршасы»


Кранбаева Арманай Алламбергенқызы                                                                          
Жамбыл облысы ,Т.Рысқұлов ауданы, Ақбұлақ  ауылы , Ақбұлақ орта мектебінің тәлімгері

Қатысушылар:

Аяз ата, Ақша қар, мешін, тауық балапандарымен, Алдар көсе,Тазша бала,  барыс, Шал,  мыстан кемпір мен бала,  жеті лақ, қасқыр,ешкі және Бремендік музыканттар ертегісіндегі кейіпкерлер

 

Қойылатын көріністер:

1.      «Алтын сақа» ертегісі

2.       «Қазақстан Барысы»

3.       «Жеті лақ» ертегісі

4.       «Бремендік музыканттар»

 

Жаңа жылдық фанфар

 

Асылбек:

Ассалаумағалейкум, ата салтын сақтаған, баба үмітін ақтаған, ер мінезін екшеген, елдігінен кетпеген, кеңдігімен кеуделі, келешегі сәулелі , ақ көңілді, мол мейірлі ағалар мен бауырлар!

 

Эльзат:

Әр үйдің еркесі мен  «серкесі», еліміздің болашағы, егемендіктің тәтті дәмін татып өсіп келе жатқан балақандар мен ботақандар! «Тауық» жылы сендерге де ырысты , жақсылық атаулы өздеріңе жұғысты болсын!

 

Асылбек:

Ғасырлардан ғасырларға жалғасқан,
Татулығы бар әлеммен жарасқан.
Жер бетінде достық болу үшін де,
«Көрме» өткізіп жатыр елім Қазақстан!

 

Эльзат:
Тарихымды, салт-дәстүрді танысын,
Көрсін әлем жүйрік аттың шабысын.
ЭКСПО – ол келешектің кепілі,
Қазақ деген атқа лайық намысың.

 

Бірге: ЭКСПО-ның Жаңа жылдық алауы елімізде   жана берсін!

Асылбек:

Сәлем, бар адамдарға!

Аяулы аналарға,

Ардақты ұл-қыздарға,

Бүлдіршін балаларға,

Жарқырап жастар әні,

Болсын той маскарады!

 

Эльзат:

Аспан жерге төгеді,

Ақ күмісін уыстап,

Жаңа жыл да келеді,

Бізге қарай жылыстап.

Берсін біздей балғынды,

Көңілденсін ол енді,

Шырқатайық ән-жырды,

Шырқатайық өлеңді.

 

Асылбек:

Жүзімізде күлкі ойнап,

Қанаттанды жанымыз.

Жаңа жылды біз тойлап,

Шаттанамыз  бәріміз.

Өлең де әзір, ән де әзір,

Ойын да әзір, бәрі әзір.

Кел, Жаңа жыл, біздерге,

Кел, Жаңа жыл, Жаңа жыл!

 

Эльзат:

Тауда туып, тауда өскен,

Шырша келді ортаға,

Бәріміз бір дауыспен,

Дейміз енді шыршаға:

Әдеміліп біз ілген,

Ойыншықтар тізілген,

Қандай жақсы шыршамыз,

Ән шырқайық баршамыз.

***

Алдардың әнімен ортаға –  Алдар көсе мен Тазша бала келеді.

 

Алдар көсе: Оо , мұнда не болып жатыр? Әдемі шырша, әсем киінген балалар…

Асылбек: Қош келдіңіздер Алдар көсе мен Тазша бала!  Мұнда жаңа жылдық шырша өтіп жатыр

Эльзат: Балалар бізге қонаққа келген Алдар көсе мен Тазша бала жаңа жыл кешін бірге қарсы алуға келіпті.

Тазша бала: Балалар біз сендерді жаңа жыл мерекесімен және Тәуелсіздіктің 25 жыл толуына орай  мерекелерінмен құттықтауға келдік. Мерекелерің құтты болсын!

Алдар көсе: Олай болса біз балалармен бірігіп, жаңа жылдық әнімізді орындайық.

 

Хормен «Аппақ, аппақ жапалақтап» әнін балалармен бірге  орындайды.

 

Асылбек: Балалар біздің шыршамыздың көңілді өтуіне кімдердің болғанын қалайсыңдар?

 

Балалар: Аяз ата мен Ақша қар!

 

Эльзат:

Балалар, боранның, қоңыраудың даусы естілетін сияқты. Қане бәріміз құлақ түрейікші, кім келе жатыр екен? Әрине, Аяз ата мен Қарша қыз! Бәріміз бірге қошеметпен оларды қарсы алайық.

 

Асылбек: Ендеше бәріміз бірге Аяз ата мен Ақша қарды  ортаға шақырайық .. .

 

Бірге: Аяз ата , Ақша қар! 3 рет

 

Ұлыған боранның дауысы естіледі. Шанамен Аяз ата мен Ақша қар және ескі жыл-мешінді  ертіп , қоңыраулатып келеді.

 

Балалар мен жасөспірімдер орталығының бишілер тобының «Ақшақарлар» биімен кіреді.

 

Аяз ата: Сәлеметсіңдер ме, балаларым, тәуелсіз елдің бақытты ұрпақтары, аяулы аналар, ардақты ұл-қыздарым, бүлдіршін балаларым!

Эльзат: Армысыз ата, армысың Ақша қар!

 

Аяз ата:

Балаларым балғыным,

Өмір гүлім , шалғыным.

Тілейтінім жыл бойы,

Сендердің денсаулығың.

-Мені көп күткен шығарсыңдыр, мен алыс-алыс жолдардан келемін. Менің балғындарым  маған не әзірлеп қойды екен?

 

Ақша қар: Аяз ата, балалар , сізге ән, тақпақтар дайындаған. Бірінші шыршамызды жағып алайық, қанекей бірге…

 

Бәрі бірге: «Қуант бізді таңырқат,

Шамдарыңды жарқырат!»

 

Бірге: Жарқыра, жарқыра, жарқыра!

 

«Шырша» әні (хоровод)

 

Асылбек:

Халайық, баршаңызды жаңа 2017 жылдарыңызбен  шын жүректен  құттықтай отырып,  бүгінгі жаңа жылдық жасыл шырша кешінің ұйымдастырушы және демеушісі болып отырған аудан әкімі  Айтақов Жарылқасын Әбдіғаппарұлының балаларға деген жаңа жылдық ыстық лебізін қабыл алайық

Құттықтау сөз

 

Эльзат:

Бүгінгі ұрпақ –ел келешегі. Ел келешегі –бүгінгі бүлдіршіндеріміздің жүзі жарқын, көңілдері шат болып, бақытты ғұмыр кешуіне ықпал етіп келе жатқан аудан әкіміне алғысымызды білдіреміз.

 

Асылбек:

Сіздің құрметіңізге республикалық ән байқауының жүлдегері Абдыхалық Еркеайымның орындауында «Жаңа жыл» әнін қабыл алыңыз.

 

***

 

«Алтын сақа» ертегісінің музыкасымен ортаға мыстан кемпір мен шал кіреді.Мыстан кемпір шалдың қолынан ұстап алған.

 

Шал: Саған менен не керек? Бір табын жылқы, бір отар қойым бар. Бар малымды беремін. Менің жанымды қалдыршы.

 

Мыстан: Маған сенің бар байлығың мен малың керек емес, маған жалғыз ұлыңды бересің

 

Шал: Жалғыз ұлымды  қалай беремін?

 

Мыстан: Онда мен сенің өз жаныңды аламын

 

Шал: Жарайды, мені босат. Ұлымды  берейін онда.

 

Асылбек: Балалар бұл қай ертегінің кейіпкерлері?

 

Эльзат: Жақсы. Бұл сендердің оқулықтарыңдағы «Алтын сақа» ертегісінің кейіпкерлері

 

Осы кезде аттың шабысының дүбірі естіледі, ортаға бала атпен келеді.

Ортада мыстан кемпір отырады. Алдында шашылып көп асықтармен бірге жалтырап бір ғана үлкен алтын сақа жатады.

 

Бала: Әжетай, алдыңыздағы менің алтын сақамды әперіңізші?

 

Мыстан: Қарағым, өзің ал. Мен тұрсам отыра алмаймын, отырсам тұра алмаймын

 

Бала: Әже, менде  аттан түссем міне алмаймын, мінсем түсе алмаймын

 

Алдар көсе: Бұл жерде не болып жатыр өзі?

 

Мыстан: Мына бала алтын сақасын сұрап тұр. Бұл алтын сақаны алу үшін менің үш шартымды орындауы қажет.

 

Алдар көсе: Мыстан-ау ол қандай шарт?

 

Мыстан: Менің аузымда қимайтын үш тісім бар. Үш тісімде жаман, ауру тіс. Әр тісімді жұлған сайын менің шартымды орындап отырасыңдар.

 

Алдар: Ал ендеше шартыңды айта ғой

 

Мыстан: Бірінші шартым :  Жыл сайын менсіз жаңа жылды өздерің өткізесіңдер. Мені жаман кемпір деп менсінбейсіңдер.  Менсіз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын да  тойлапсыңдар. Сол мерекеге мені шақырмай барлық қызықтан құр қалыппын. Айтыңдаршы  мерекеде  қандай  ән, тақпақ орындадыңдар? Қане соны көрсетіңдер?

(Мерекеге келген балалардың ішінен 5 оқушы тәуелсіздік туралы тақпақтарын айтады)

 

Мыстан: Рахмет, қарақтарым. (бір тісін жұлып тастайды)                                           Ал енді екінші шартым – естуімше қазақ халқының символы, тау батыры, ақылды да айбарлы қазақ барысын өз көзіммен көрсем деп едім. Сол арманымды орындап көріңдерші…

 

Ортаға музыкамен Қазақстан Барысы шығады

Барыс: Рухынан жақсылардың нұр саулаған

Жанымды мейірімі құрсаулаған

Жайсан өлке, Жайдары Қазақстан,

Шуақ шашқан сәулелі күнсің маған!

 

Барыс: Мен – Қазақстан Барысымын. Өздерің білесіңдер  барыс  бейбітшілік пен  тәртіп сақшысы, тыныштық, айбындылық пен ерліктің жаршысымын. Мен төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойлануға машықтанған жануармын. Орта Азияның символымын!

Ән: М.Горький орта мектебінің оқушысы Сапен Нұрланның орындауына «Батырлар ұраны» әні

Мыстан: Менің арманымды орындадыңдар. Көрдім  Қазақстан Барысын.  Мынандай айбатты барыс тұрған кезде қазақстан «Мәңгілік ел» болатынына сенімдімін.   (екінші тісін жұлып тастайды)

Мыстан: Үшінші шартымды айтайын. Бұрынғы біздің ата-бабамыздан қалған «Ханталапай» деген ойынды білуші едім. Сол ойынды еске түсіріп, бәріміз бірге алтын сақамен ойын ойнайық.( шартын айту)

 

Алдар көсе: Ойынның шартын мен айтайын. («Ханталапай ойынының» шарты:  3-4 адам қосылып, теңдей етіп бірнеше асық қосады. Асықтың ішіндегі үлкені қызылмен боялған. Сол асықты хан етеді. Жиналған асықтарды ортаға шыққан бір бала  иіріп ортаға тастайды. Егер хан етіп алған асықтары шік боп түссе, қалған шік боп түскен асықтарды, бір-бірімен, басқа асықтарға тигізбей атып алады. Осылайша бүк, табан болып түскен асықтарды да атып алады, хан асығы алшы болып түссе, немесе асықтары арасында көрінбей қалса, ойнаушылар «хан талапай» деп немесе «ханды қарабасты» деп қалған асықтарды талап алады.  Асық атып жатқан кезде атқан асығы тимесе, ойын келесі ойыншыға беріледі)

 

Мыстан: Ой, рахмет балалар! Балалар мен өз сөзімде тұрып, мына балаға алтын сақаны  берейін. Ауру тістерімнен де құтылдым. (деп соңғы тісін жұлып тастайды) Енді жаңа жылды сендермен қарсы алайын.

 

Алдар көсе: Рахмет мыстан кемпір. Онда жаңа жылды бірге қарсы алайық

 

Ән: Жұмабек Еркежан «Шырша жыры»әні

 

***

Залдың бір шетінде үйшік (ширма). «Жеті лақ» ертегісінің лақтар мен ешкі  шығатын кездегі  музыкасы ойналады.

 

1 лақ: Апатай –ау, апатай,

Таяп қалды жаңа жыл.

Әзірлейік ән мен жыр, мә-мә!

2 лақ: Сен орманға барсаңшы,

Сыйлық таңдап алсаңшы, мә-мә!

3 лақ: Біз боламыз әркез сақ,

Әкел бізге көп моншақ, мә-мә!

4 лақ: Ақ моншақты тағайын,

Сауық сайран салайын, мә-мә!

5 лақ: Апатай-ау, апатай,

Біз ақылды баламыз,

Айтқан тілді аламыз, мә-мә!

6 лақ: Келіп қалды Аяз ата

Би билеп, ән салайық, мә-мә

7 лақ: Жаңа жылға қатысып,

Сыйлық алғым келеді.

Орманға тез барсаңшы,

Тәтті көп алып келсеңші!

Ешкі: Лақтарым, шырақтарым,

Орманға мен барайын.

Сыйлық таңдап алайын,

Сақ болыңдар әркез тек,

Қасқыр келіп қалмасын,

Тойдың шырқын алмасын.

Лақтар: Апатай-ау біз ешкімге  есік ашпаймыз- деп жамырап қалады. (Солай ешкі лақтарына абай болуды айтып, сыйлық алуға шығып кетеді. Қолында дәу кәрзеңке болады.)

Осы кезде «Жеті лақ пен ешкі» ертегісінде қасқыр шығатын музыка ойналады. Ешкінің лақтарын қараусыз қалдырғанын байқап тұрған қасқыр жайлап үйшікке келеді

 

Қасқыр: Мә-мә, лақтарым, шұнақтарым,

Орманнан  мен келдім.

Сыйлық таңдап әкелдім

Ашыңдар есікті- деп ешкінің даусына салып ән айтады. ( Лақтардың біреуі есікті ашады. Қасқыр кіріп бәрін дорбасына салып алып кетеді, тек кішкентай лақ тығылып қалады)

 

Осы кезде  ертегінің ешкі шығатын кездегі музыкасы ойнап, ішке Ешкі кіреді.

 

Ешкі: Лақтарым, қарақтарым, айналайын шұнақтарым, аналарың сендерге сыйлық әкелді. Қайдасыңдар балаларым?

7 лақ: Анашым менің бауырларымды  қасқыр алып кетті, олар қасқырдың дорбасында

Ешкі: Жоқ мен барып қасқырды табайын, оның қарның жарайын

Асылбек: Балалар ешкінің лақтарын қасқырдан қалай алсақ болады?

Эльзат: Ендеше қасқырдың өзінен сұрап көрейік?

 

Осы кезде қасқыр қарның сипалап ортаға келе бергенде артынан ешкі мен лағы келеді

Ешкі: Қасқыр қандай жауыз едің?

Қасқыр: Оу ешкі менің кінәм не?

Ешкі: Лақтарынды сен жеп қойдың

Қасқыр: Әй сол ойым іске аспады ғой, кешірші мені ешкі лақтарын сондай сүйкімді екен, біз жақсы дос болып кеттік. (қасқыр ысқырып, лақтарды шақырады да барлығы билейді)

 

Ән : «Биби» вокалдық тобының орындауында «Болашағы елімнің» әні

 

***

Осы сәтте «Бремендік музыканттар» ертегісінің  музыкасы ойналады.

Ертегідегі  қарақшылар ортаға билеп кіреді.

1-қарақшы:

Мынаны қараңдар, мұнда той болып жатыр-ау, шамасы. Бізге алтын, ақша барма ма екен? Түгел тінтіп шығайық бәрін…

 

2-қарақшы:

Дұрыс айтасың, балалар да сәнденіп алған. Иә, иә, енді есіме түсті, олар Жаңа жыл иесін күтіп отыр ғой.

3-қарақшы:

Қойшы соларды! (жақтырмағандай) Одан да кімнен нені тартып алатынымызды ойластырайық (жан-жағына қарап, тіміскілей бастайды, ойыншықтарды қалталарына салып, балалардың қалталарын қарайды)

4- қарақшы: Қой менде құр қарап тұрмай пал ашып, жаңа жылға ақша табайын

1-қарақшы: Тыныш, тыныш… Үндеме, міне, біздің құрбанымыз да келе жатқан сияқты.

Осы кезде өз музыкасымен ортаға тауықтар балапандарымен «Шөжелер биін» билейді. Бидің соңына таман қарақшылар бір біріне қарап :

 

2-қарақшы (қуанып, екі қолын бір-біріне үйкелеп):

М-м-м… Мына тауықтың алтын жұмыртқасы  бар екен. Сірә, іші де толы алтын шығар, ә?!

 

1-қарақшы (жүріп келе жатып):

Ха-ха-ха! Енді байлыққа кенелеміз! Мына жұмыртқаның әдемісін-ай. Өзі алтын жұмыртқа сияқты. Дәу екен. Осы жұмыртқаны ұрлап сатсақ көп ақшаға кенелеміз.- дейді де байқатпай ұрлап кетеді.

 

Тауық (шаршап, шалдығып):

Билеп шаршап қалдым. Жаңағы мен әкелген  алтын жұмыртқам қайда кетті?  Жаңа жыл иесін балаларға таныстырып балаларды бір  қуантсам деп едім…  Тек  жаңағы алтын жұмыртқам қайда екенін таппай тұрғаным. Балалар сендер менің алтын жұмыртқамды көрген жоқсыңдар ма? Жаңа жыл иесі сол жұмыртқаның ішінде еді. Енді қайттім? Балалар, мен енді не істеймін?

Эльзат: Балалар жаңағы қарақшылар қай ертегінің кейіпкерлері?

Асылбек: Онда сол ертегінің басқа кейіпкерлерінен көмек сұрайық. Мүмкін солар тауып беретін шығар.

 

Осы кезде бремендік кейіпкерлер( король, қызы, жігіт, есек, әтеш, ит, мысық, солдат зеңбірекпен) кіреді

Патша: Біз жаңа жылдық  балға келе жатып, тауықтың алтын жұмыртқасынан айырылып қалғанын естіп, көңіл- күйіміз түсіп, тауыққа көмектесуге келдік.

Қыз:Армысың, тауық.  Біз саған көмектесеміз.

Патша: Уа халайық! Менің жарлығым бар, кімде- кім алтын жұмыртқа яғни жаңа жыл иесін тауып беретін болса, соған сыйлығым бар.

Ит: Иіскеп, иіскеп жаңа жыл иесін мен тауып, сыйлықты мен алайын. Менің құлағым саққұлақ. Ерте қимылдаған қапы қалмас

Әтеш: Ку-ка-ре-ку! 2 рет. Жоқ мен табамын.  Не болсада мен ерте тұрамын және естимін.

Мысық: Мия-у, ал мен сендерден асқан ақылдымын, ептімін. Мен табамын. Мия-ууу.

Есек: Иа-иа.Менің жылдамдығын сендерден басымырақ. Мен тез табамын.

Жігіт: Достарым сендер сыйлыққа таласпаңдар. Біз бірінші балаларға  жаңа жыл иесін тауып беріп, қуантуды ойлайық. Сөйтіп жаңа жылдық мерекені тойлайық!

 

Жігіт: Тақсыр онда мен  достарыммен алтын жұмыртқаны  табуды  мойныма аламын  (өз музыкасымен шыршаны айналады, ит иіскелеп жігітті қарақшылар жаққа алып барады, қарақшылар ит пен жігіттің алдына түсіп,  патшаның алдына келеді)

Қарақшылар:   Балалар кешіріңдерші біз бұл алтын жұмыртқаны алып, мол байлыққа кенелеміз деп ойласақ қателескен екенбіз, бұл сендердің жаңа жыл иесі балапан екен

 

Эльзат: Балалар қарақшыларды кешіреміз бе? Жақсы кешіреміз.

Ал енді Аяз ата сіздің сиқырлы таяғыңыз бар еді ғой? Сол таяғыңызбен жұмыртқаны түртіп жаңа жыл иесін шақырайық…

 

Содан сон әдемі музыкамен барлық кейіпкерлер алтын жұмыртқаны ортаға әкеледі де жұмыртқа жарылады. Ішінен балапан шығады.

 

Балапан: Мен дағы бір қонақпын

Он екі жылда оралар

Үлкендерге ақ ниет

Сіздерге де ақ ниет

Сіздерге мың рахмет!  ЖАҢА ЖЫЛДАРЫҢЫЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! ЭКСПО-ның  Жаңа жылдық алауы лапылдап жана берсін!

 

Мешін: Мен ескі жылмын. Сіздерге молшылық, бақыт әкелдім. Мына келер жылға тілерім:

Жасампаз заман, бұл заман

Бүгіннен ертең ғаламат.

Алдыңғы сапта боларсың

Қош- сау  болыңдар, балалар! (Ескі жыл шығып кетеді)

 

Ән:  Мейрамбек Нұрайдың орындауында «Жаңа жыл» әні

 

***

 

Аяз ата: Жарайсыңдар балаларым! Мені қуантып, алыс жерден шаршап келгенде көңілімді көтердіңдер. Барлықтарың да өнерлі, білімді екенсіңдер. Біздің сыйлығымызға риза болыңдар, ал енді біз жолға шығайық. Аспандарың ашық болсын! Қош болыңдыр!

 

Барыс: Ата сізге көп рахмет. Жаңа жыл кешінің жақсы өтуіне көп атсалыстыңыз. Біздің де сіздерге арналған сыйымыз бар. Қанекей бәріміз Аяз ата мен Ақшақарды ортаға алып «ЭКСПО-ның Жаңа жылдық алауы» әніне флешмоб билейік.

 

Флешмобтан сон Аяз ата мен Ақшақар қоштасып ортадана шығып кетеді.

 

Бірге: Қош болыңыз, Аяз ата мен Ақшақар!

 

1 жүргізуші:

Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Балалардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол игі іске атсалысу әрбір адамның азаматтық парызы. Адам өміріндегі ең игі – істердің бірі балаларға  қамқорлық жасау.

 

2 жүргізуші:

Олай болса осы балалардың жаңа жылдық шыршасына демеушілік жасаған аудан әкіміне алғысымыз шексіз.

Ендеше, сыйлық тапсыру рәсімін ауданымыздың әкімі  Айтақов Жарылқасын Әбдіғаппарұлына берейік.

Сыйлықтар тапсыру.

1 жүргізуші: Ендеше, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік.

2 жүргізуші: Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар! Осымен мерекелік кешіміз аяқталды. Балалар бәріңізді мерекелік дастарханға шақырамыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *