Білімнің жаңа келешегі-ақпараттық технологияларда

Акишпаева Анар Талаповна
Ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері

Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақ елі әлемдік білім жүйесімен жан-жақты ықпалдасып, ғылым мен білімді заман талабына сай дамытудың даңғыл жолына түсті. Адам капиталының бәсекелестік жағдайда дамуы білім беру саласының тиімді бағытта келе жатқанын айқындайтын негізгі көрсеткішке айналып отыр. Бұл өлшем елімізді былай қойып, дамыған елдерде басым бағытқа айналғаны белгілі. Осы ретте Қазақстан өзінің Тәуелсіздігінің 27 жылында бұл бағытта үлкен белестерді бағындырды.

Қазақстан дамуында білім саласының алатын орны ерекше.  Білімді ұрпақ – біздің жарқын болашағымыз. Ал білімді ұрпақты тәрбиелейтін педагогтар қауымы. Сондықтан педагогтар жыл сайын жаңа технологиялармен бірге қатар келеді.

ХХІ ғасыр ақпараттық қоғам табалдырығына аяқ басқан сәтте-ақ республикалық білім берудің жаңа жүйесі, яғни білім беру жүйесін ақпараттандыру ісі қолға алына бастады. Заман талабы оқу үрдісінде компьютерлік технологияны енгізуді, оны кең көлемде қолдануды қажет етеді. Электронды оқыту интерактивті жүйе болып табылады. Электрондық оқулық «оқушы-компьютер-мұғалім» жүйесін қалыптастырады, яғни оқушы жаңа тақырыпты ақпарат көзі –компьютерден оқып қажетті мәліметтерді алып, мұғалімге түсіндіріп бере алатындай болуы керек.

Әр мұғалім сабақ өткізген кезде оқушыларға сапалы білім беру үшін жаңа технологияларды пайдалана отырып, сонымен қатар компьютерді, интерактивті тақтаны қолдану арқылы білім берсе, білім алушылардың қызығушылығы арта түсері анық.

Ертіс өңірінде Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты Интернетке қосу және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстары жалғастырылуда. Ұстаздарымыз жаңа платформаларды, жаңа ресурстарды меңгеріп, еліміздің алдыңғы қатарлы көрсеткіштеріне ие болды.

Білім берудегі ақпараттық технологиялар алдымызда отырған білім алушылардың білімге деген құштарлығын арттырып, өз бетімен білім алуына ерекше мүмкіндігі екені сөзсіз. Сол себепті ақпараттық технологияларды меңгеру білім берудегі басты құндылық.

Ақпараттық технологиялар орталығы,  мұғалімдердің ақпараттық құзіреттілігін арттыру мақсатында әр түрлі оқыту семинарлар өткізіп, ұстаздарды ақпараттық технологиялардың басқа да мүмкіншіліктерімен таныстырады. Алысқа бармайық, интербелсенді тақтаны тек презентацияларды, видеоларды т.б. көрсету үшін қолданып келген кейбір ұстаздар, онымен интербелсенді тапсырмаларды жасауға болатынына бейхабар. Семинар барысында оның көптеген мүмкіншіліктерімен танысып, жобалар құрастырады. Сол сияқты электрондық оқулықтарды жасау, оқыту видеоларын құрастыруды үйренеді. Олар жыл сайын конкурсқа қатысып, білім берудің мазмұнын түрлендіре түсуде. Осының бәрі- білімнің жаңа сатысына қосқан үлес деп есептеймін.

Kundelik.kz порталын, Bilimland ресурстарын қолдану бойынша облысымыз Республика бойынша алдыңғы қатарда. Бұның бәрі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды белсенді пайдаланудың жемісі.

2017 жылы қыркүйек айында «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында республикада бірінші болып Павлодар облысы, Успен ауданының №3 ЖОББМ-де оқушыларға, педагогтарға қол жетімді ондаған видео сабақтары, лекциялар, фильмдер, тесттер және тағы басқалары бар жаңа модификацияланған кабинет ашылды. Bilimbook жүйесі арқылы бұл жаңа жабдықты: интерактивті тақта, проектор және 18 сенсорлық трансформер-ноутбуктарын қиындықсыз қолдануға болады. Осылайша мектепте IT жалғаулы тағы бір кітапхана, зертхана, бейнезал пайда болды.

Bilimbook жүйесінің білім берудегі жаhандық міндеті-шағын жинақталған мектептердің оқыту сапасын арттыру және қала мен ауыл аймақтағы оқушылардың білімін теңестіру. Заманауи компьютерлік технологиялар бұл қашықтықты қысқартуға мүмкіндік беретін қолжетімді құрал.

Аталған құрылғыларымен шалғайда жатқан мектептер жабдықталса, оқушыға да, ұстазға да шыңға шығудың көрнекі құралы болар еді.

Елбасымыздың биылғы жолдауында айтқанындай: «Білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шындығы мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиіс».

Қорыта келгенде, ақпараттық –коммуникациялық технологиялар қазіргі заманның мызғымас бөлшегі. Қай салада болмасын оның алатын орны ерекше. Ал, білім беру саласын қазіргі таңда ақпараттық технологиясыз елестету тіпті мүмкін емес.

Leave a Reply

Your email address will not be published.