Педагогтың кәсіби құзіреттілігі – білім сапасын көтерудің факторы


                                     Қалымбетова Б.М., Жартыбаева А.Б.

Шымкент, М. Өтебаев атындағы Жоғарғы жаңа технологиялар колледжінің  оқытушылары

Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі-оның жан-жақты білімінен ұстаздық шеберлігімен, оқытудың жаңа әдістерін меңгерумен өлшенеді. Мұғалім қаншалықты білімді, шығармашыл болса, оның құзыреттілік аясы да соғұрлым кең болмақ. «Құзыреттілік» ұғымы педагогика саласында тұлғаның субъектілік тәжірибесіне ерекше көңіл аудару нәтижесінде ендіріліп отырған ұғым. Құзырлылық-белгілі сала бойынша жан-жақты хабардар, білгір деген мағынаны қамти отырып, қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді шешім шығара алады дегенді білдіреді. Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігінің негізгі шарттары:

1. Тұлғааралық және еңбектегі байланыс.

2. Қызметтің эканомикалық, әлеуметтік, құқықтық, адамгершілік, психологиялық аспектілерін меңгеруі.

3. Қызметті жаңа жағдайға бейімдеудегі, басқару шешімін қабылдаудағы дайындығы.

4. Практикалық кәсіби тапсырмаларды орындаудағы дайындық әлеуеті

5. Нақты жағдайларға байланысты қандай да бір әдістерді пайдалану біліктілігі.

6. Тиімді шешім қабылдау қабілеті.

«Құзырлылық – тек кәсіби білімі емес, тұлғаның жалпы мәдениеті мен шығармашылық әлеуетін дамыту қабілеті»- деп түйіндейді белгілі оқымысты Т. Г. Браже. Сондықтан бүгінгі ұстаз тек кәсіби білімін толықтырып қана қоймай, үнемі шығармашылықпен жұмыс жасауы қажет.

Ұлы Абайдың: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады», – деген сөздері  ұстаздық мамандықтың болмысын ашатын сөздер емес пе?

Сондықтан кәсіби шеберлігі шыңдалған, құзырлығы  жоғары, өз ісінің технологы болу ұстаздан нені талап  етеді десек, ол мұғалімнің шығармашылық іс – әрекетінің мазмұны зерттеушілік қызметтен, жеке ізденістерден тұрады. Нәтижеге бағытталған білімдендірудің жаңа жүйесіне көшу мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруда да жаңа көзқарасты қалыптастыруды, құзырлықтарын үнемі дамытуды талап етеді.Жоғары мәдениетті адам ғана осы қажеттіліктерді шешудің жолдарын іздейді, табады.

Ойы жүйрік, ақылы терең, бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім, шығармашылығы биік, кәсіби шеберлігі жетілген, ізденуші, зерттеуші, жасампаз жаңашыл ұстаз – бүгінгі қоғамның  тапсырысы.

Әр сабағына өздігінен білім меңгерудің, ізденіс пен жемісті еңбектің қайнар көзіне айналдырғанда ғана, талапқа сай мұғалім болу

мәселесі шешіледі. «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер», – дейді Жүсіпбек Аймауытов.

Құзыр- бұл адамның  бойындағы бар білік пен білім және қабілеттері. Құзырет – қойылған мақсаттарға жету үшін ішкі және сыртқы ресурстарды тиімді іске асыруға дайындық;  жеке және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында табысты  іс әрекетке дайындық,  Ал, құзыреттілік дегеніміз – бұл адамға берілген немесе жүктеген істі нәтижелі түрде орындауын бағалау мінездемесі. Бұл адамның бойында өзіндік, жауапкершілік, коммуникабельдік, жаңалықты жоғары қабылдайтын, мәселені шеше алатын, адамгершілігі мол, білімі жоғары, жаңа технологияларды меңгере алатын, ұжымда жұмыс жүргізе алатын, белсенділік қасиет – қабілеттерінің   болуы.

1.  Арнайы құзыреттілік- өзінің кәсіби дамуын жобалай білетін қабілеті.

2.  Әлеуметтік құзыреттілік- кәсіптік қызметімен айналысу қабілеті.

3.  Білім беру құзыреттілігі – педагогикалық және әлеуметтік психологияның негіздерін қолдана білу қабілеті.

Ендеше құзыреттілік дегеніміздің өзін қазіргі заман талабына сай педагог қауымының өзін -өзі өзгерте алу қабілеттілігі деп түсінуге болады. Білім саясатындағы түбегейлі өзгерістерді күнделікті оқу үрдісінде берілетін тапсырмалардан бастау қажет екендігі айқын көрсетілген. Студенттер оқытушы қауымнан тек білімге ғана емес, өмірге үйрететін қабілеттілікті қажет етіп отыр. Демек, болашақ педагогтеріміз осы ақпараттық қоғамнан қалыспай: жедел ойлаушы: жедел шешім қабылдаушы:ерекше ұйымдастырушылық қабілетті: нақты бағыт- бағдар беруші болып шығуы – бұл қазіргі заманның талабы.Міне, құзыреттілік қалыптастыру дегеніміздің өзі болашақ мұғалім – қазіргі студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып ойлаудың , интеллектуалдық белсенділіктің жоғары деңгейіне шығу, жаңаны түсіне білуге, білімнің жетіспеушілігін сезінуге үйрету арқылы ізденуге бағыттауды қалыптастырудағы күтілетін нәтижелер болып табылмақ. Бұның өзі өз кезегінде қазіргі ұстаздардан шәкіртті оқытуда, білім беруде, тәрбиелеп өсіруде белгілі бір құзіреттіліктерді бойына сіңірген жеке тұлғаны қалыптастыруды талап етеді.

Мұндай құзырлылықтың қатарына мыналар жатады:

·  бағдарлы құзіреттілік (азаматтық белсенділік, саяси жүйені түсіну, баға бере білу, елжандылық, т.б);

·  мәдениеттанымдылық құзіреттілік (ұлттық ерекшеліктерді тани білу, өз халқының мәдениеті мен өзге ұлттар, әлем мәдениетін салыстыру, саралай білу қабілеті);

·  оқу-танымдық құзіреттілік(өзінің білімділік қабілетін ұйымдастыра білу, жоспарлай білу, ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеру, талдау, қорытынды жасай білу);

·  коммуникативтік құзіреттілік ( адамдармен өзара қарым-қатынас тәсілдерін білу, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуы);

·  ақпараттық-технологиялық құзіреттілік (ақпараттық технологиялармен, техникалық обьектілер көмегімен бағдарлай білу, өз бетінше іздей білу, таңдай, талдай білу, өзгерте білуді жүзеге асыра білу қабілеті);

·  әлеуметтік- еңбек құзіреттілігі (әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға талдау жасай білу, шешім қабылдай білу, түрлі өмірлік жағдайларда жеке басына және қоғам мүддесіне сәйкес ықпал ете білу қабілеті);

·  тұлғалық өзін-өзі дамыту құзіреттілігі (отбасылық еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді білімі мен тәжірибесінің болу қабілеті).

Аталған құзыреттілік қасиеттерді тұлға бойына дарытуда педагог қауымның арнайы әлеуметтік білім беру құзыреттіліктерінің жан- жақты болуы талап етіледі.Егер педагог өзінің кәсіби өсу жобасын дұрыс жолға қоя отырып, өзінің кәсіптік қызметіне нақты берілу арқылы тұлғаның алған білімін өмірде қолдана білетіндей тапсырмалар жүйесін ұсына алатын жағдайда болғанда ғана студент құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік табады. Бір сөзбен айтқанда, тұлғаға бағытталған білімдер жүйесі білім стандартына сай тұлғаның жан- жақты дамуына негізделген, алған білімін өмірдің қандай бір жағдаяттарына қолдана алатындай дәрежеде ұсыну педагогтің құзыреттілігіне байланысты болады.

Психологтер де, педагогтер де адамның рухани интеллектуалдық, кәсіби шығармашылықпен өзін-өзі дамытуы өмірінің әр кезеңінде әр қалай деп көрсетеді.Мысалы,ұлы педагогтер А.Дистерверг, К.Ушинский, А.Макаренко, В.Сухомлинский ,т.б мұғалімдік еңбекті адамтану ғылымы , адамның жан дүниесі , рухани әлеміне бойлай алу өнері дей отырып, педагогикалық шеберліктің дамуына зор үлес қосқан. Осы тұрғыдан алып қарағанда педагогикалық шеберлік- кәсіби әрекетті жоғары деңгейге көтеретін мұғалімнің жеке қасиеттерінің , оның білімі мен білігінің жүйесі. Осы мәселені терең зерттеген А.Маркова мұғалімнің кәсіби деңгейге көтерілуінің төмендегідей психологиялық критерийлерін анықтаған.

Обьективті критерийлер. Мұғалімнің өз мамандығына қаншалықты сәйкес әлеуметтік тәжірибеге қосар үлесі қандай екендігі.Жоғары еңбек көрсеткіші,әртүрлі мәселелерді шығармашылықпен шеше алу біліктері, т.б жататындығын атап өтеді.

Субьективті критерийлер. Адамның мамандығы қаншалықты оның табиғатына, қабілеттері мен қызығушыларына сәйкес қаншалықты ол өз ісінен қанағат табатындығымен байланысты. Мұғалім еңбегіндегі субьективті критерийлерге кәсіби – педагогикалық бағыттылық, кәсіптің маңыздылығын , оның құндылығын түсіну, маман иесі ретінде өзіне позитивті көзқарастың болуын жатқызады.

Нәтижелі критерийлер. Мұғалім өз ісіне қоғам талап етіп отырған нәтижелерге қол жеткізіп отыр ма деген мәселе тұрғысынан қарастырады.Біреулер нәтиже ретінде оқушылардың білімдерінің стандартқа сай болуын алса, енді біреулер олардың қарым- қабілетін дамытуды алады, ал кейбіреулері оқушылардың өмірге дайындығын басты назарда ұстайды, ал оқыту нәтижесі біз үшін баланың психологиялық функцияларын жетіліп, өзінің педагогикалық әрекеті арқылы алған білімдерін өз өмірлік мәселелерін шешуге қолдана алуы.

Шығармашылық критерийлер. Мұғалім өз кәсібінің шекарасынан шыға алуы, сол арқылы өз тәжірибесін, еңбегін өзгерте алуы жатқызылады.Шығармашыл мұғалім үшін біреудің тәжірибесін қайталағаннан гөрі өз жаңалықтарын, білгендері мен түйгендерін басқаларға ұсына алуының, шығармашылық бағыттылықтың болуының мәні зор. Кәсібиліктің бірден келе салмайтындығы белгілі, оны әр мұғалім ерте ме, кеш пе меңгеруі тиіс. А.Маркова оның кезеңдерін төмендегідей етіп бөледі: мұғалімнің өз мамандығына бейімделу кезеңі: мамандықта өзін-өзі өзектендіру кезеңі:мамандықты еркін меңгерген кезең: мамандықта шығармашылық деңгейге жеткен кезең. Осылайша ғалым кәсіби құзыреттіліктің сипаттамасын шебер- мұғалімнің , жаңашыл- мұғалімнің, зерттеуші- мұғалімнің, кәсіби дәрежесіне көтерілген мұғалімдердің жиынтық бейнесі ретінде қарастырады.

Ең бірінші кезекте мұғалімнің « өзіндік жаңалығы» болуы қажет. Ғылым жаңалығын түрлендіруде өз үлесін қосу арқылы жасаған нәтижелі жұмысы өзгелердің тәжірибесін толық көшірмей, жаңа ортаға икемдеп, өзіндік іс- әрекет жиынтығы арқылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу керек.Қазіргі кәсіптік- педагогикалық қызмет қандай мұғалімді талап етеді. Мұғалім – оқушылардың жеке тұлғасын дамытуға басымдық беретін, күрделі әлеуметтік-мәдени жағдайларда еркін бағдарлай алатын, шығармашылық процестерді басқара алатын, адам туралы ғылымның жетістіктерін, оның даму заңдылықтарын, компьютерлік оқыту өнерін терең меңгерген жан- жақты дамыған шығармашыл тұлғаны талап етеді.

Ал, білім беруде кәсіби құзырлы маман иесіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығының дамуына жағдай жасай алатын, тұлғалық- ізгілілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өзінің іс- қимылын жүйелілікпен атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген және білімдік мониторинг негізінде ақпараттарды тауып, оларды таңдап сараптай алатын, отандық және шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогті айтамыз.

 

Әдебиеттер

1.Құнанбаева С.С. Шет тілдерін оқытудағы замандану тенденциясы. Қарағанды, 2001

2.ГальсковаН. Д. Шет тілін оқытудағы заманауи әдіс. М. Аркти 2000

3.Касымова Г. М. Коммуникативная компетенция  в обучении ИЯ. Алматы,2001

4 Ағылшын тілі мектепте 3, 2010

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *