ЖАҢАРТЫЛҒАН ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША «ЖАРАТЫЛЫСТАНУ» ПӘНІН ОҚЫТУ ЕРЕКШЕЛІГІ.


Утебалиева Гулбарам Магжановна

№46 жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

«Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс», – деп білім беру жүйесіне жаңа міндеттер қойған болатын. Осы міндеттердің  шешімі ретінде биылғы жылы барлық 1-сыныптар оқытудың жаңартылған білім беру жүйесіне көшті. Оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыру, әлемдік білім кеңістігіне ену, өмірлік білімін жалғастыру – білім беру процесінің негізі болып табылады. Жаңартылған бағдарламаның мәні – баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған.  Бұл жаңа жүйе бойынша бағдарлама әзірленіп, жаңа оқулықтар қолданысқа түсіп отыр. Бастауышта зерттеу жүргізу дағдыларын қалыптастыратын және өмір сүретін әлем туралы жаңа «Жаратылыстану» пәні енгізілді.

«Жаратылыстану» пәні бастауыш мектепке бірнеше себептерге байланысты енгізіліп отыр. Атап айтқанда:

-пән мазмұнындағы деректер мен білімдер жүйесі оқушылардың қоршаған әлем туралы, атап  айтқанда, әртүрлі денелер мен құбылыстар туралы алғашқы білімін қалыптастырады.

 

-пән оқушының ғылыми-зерттеу дағдысын: сұрақ қою және сол сұраққа жауап табу, зерттеу жоспарын дайындау және болжам жасау, сұрақтарға жауап табу үшін зерттеулер жүргізу; зерттеу нәтижесінде алынған мәліметтерді жинақтау, өңдеу және түсіндіру дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

 

-бастауыш сыныпта оқушылар пәнді меңгеру барысында дәстүрлі емес ойлау формаларына үйренеді, ақиқатпен байланысты іс-әрекеттердің жауабын табуға, сұрақтар қоюға дағдыланады, ғылыми-зерттеу тәсілдерін түсініп, ойлауға және бақылауға дағдыланады.

 

«Жаратылыстану» пәнінің мақсаты-бастауыш сынып оқушыларын әрі қарай жаратылыстану ғылымы пәндерін (биология, химия, физика) меңгеруге дайындау, күнделікті өмірде (үйде, мектепте, табиғатта) көрген, бақылаған құбылыстары мен үдерістерді түсіндіру, сипаттау үшін алған білімдерін пайдалана білу дағдыларын қалыптастыру.

 

«Жаратылыстану» пәні оқушылардың ғылыми-зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталған. Оқулық «Мен-зерттеушімін», «Өсімдіктер», «Жануарлар», «Адам», «Күш пен  қозғалыс», «Жер және ғарыш», «Табиғат физикасы», «Жарық» және «Дыбыс» сияқты оқу бөлімдерін қамтиды. Әр жаңа тақырыпты толық меңгеру үшін оқулықтың бас кейіпкерлері Негеш пен Эврика көмектеседі. Негеш пен Эврика оқушыларды ғылым әлеміне бағыттап, болжам жасауға, тәжірибе немесе зерттеу жүргізуге, табиғи құбылыстарды ашуға ынталандырады. Сондай-ақ әр тарау бойынша тапсырмалар жабық тест арқылы нақтыланып, тексеріледі. «Мен- зерттеушімін» тақырыбын өткен кезде оқушыларым мектеп жылыжайына барып, төрт топқа бөлініп,  әртүрлі бөлме өсімдіктерін зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ал өсімдік бөліктерімен танысқанда тұқым қалай өнетініне шағын тәжірибе жасау арқылы көз жеткізді.Ол үшін пластикалық стакан, мақта, бірнеше тұқым керек. Стаканның түбіне мақта салып, ол ылғалданатындай аздап су құйылды. Сосын мақтаның үстіне тұқымдарды қойып, бетін ауа өтетіндей тесіктері бар қақпақпен жауып, жылы жерге  қойдық. Бірнеше күн бойы ол тұқымның өнуін бақылап, қорытынды жасады. Өсімдіктерге күтім жасауды жылыжайда және сыныптағы бөлме өсімдіктеріне жасау арқылы дағдыға айналдырды. «Ғарыш» тақырыбында ғарыш кемесінің орнына шарларды ұшыру арқылы тәжірибе жасады. «Күш пен қозғалыс»  бөлімінде қозғалыс траекториясы деген не? деген сұрақққа жауап беру үшін тағы да тәжірибе жасау арқылы қол жеткіздік. Тәжірибе жасау үшін құм салынған табақша, ойыншық машиналар және металл шарлар қажет. Табақты сәл қисайта орналастырып, «төбешіктен» машинаны итеріп жібереді. Машинаның ізінен қалған сызықты салады. Одан кейін металл шарды «төбешіктен» төмен қарай жібереміз. Оның да ізінен қалған сызықты саламыз. Тәжірибені бірнеше рет қайталап жасағаннан кейін сызықтарды салыстырды. Траектория дененің қозғалыста болған кезінде жүріп өткен жолы.  Машинаның түзу траекториямен, ал шар әртүрлі  траекториямен қозғалатынын айтып қорытынды жасады. Сабақтарда әртүрлі рольдік-сюжетті ойындарды ойнау арқылы да тәжірибе жасауға болады.

Бұл пәннің артықшылығы: бала тапсырманы өздігінен ізденіп орындауына және дұрыс тұжырым жасауына бағыттайды, баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады.

Қытай философы Конфуций айтқан «Маған айтып берсең-ұмытып қаламын, көрсетсең-есте сақтаймын, өзіме жасатсаң-үйренемін» дегендей сабақтарымызда үйренгенін өмірде қолдана алатындай шәкірттеріміз білімді де саналы болуына өз үлесімізді қосамыз деп үміттенемін.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Жаратылыстану. 1-сынып. Оқулық. / С.Н.Кузнецова,Ә.Қ.Жамиева, Д.Н.Сапақов, И.Н.Васева, М.Қ.Құсайынова, М.Қ.Тасболатова – Астана: «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДДБҰ, 2016.
  2. Елбасы жолдауы. 2016ж
  3. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, екінші басылым, 2015 ж

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *