«ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҰЛАҒАТТЫ ҰРПАҚТАРЫН ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕР»


Кожахметова Зульфия Рахметкуловна
Жамбыл облысы ,Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы Балалар мен жасөспірімдер орталығының қосымша білім беру педагогы

Әрбір ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлт мұрат-міндеттерінің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Болашақ қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өресі озық азамат етіп тәрбиелеу біздің әсіресе, аға буынның қоғам алдындағы зор борышы. Ал  жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде халықтық салт-дәстүрлердің тәлім-тәрбиелік білім танымдық рөлі орасан зор.

Қазақ халқы –  рухани зор байлықтың мұрагері. Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы, сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары, мақал-мәтел, шешендік сөз, айтыс өлеңдері, сан ғасыр бойы өз ұрпағын «Сегіз қырлы, бір сырлы», өнегелі де өнерлі, адамгершілік ар-ожданы жоғары, намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық.

Олай болса, Тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің болашақ ұрпақтарын тәрбиелеуде, олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін, жерін, Отанын сүюшілік секілді ең асыл қасиеттерді қаны мен жанына сіңіруде осы ата-бабамыздың салт-дәстүр негізін ұстансақ өте ұтымды болар еді.

«Өткенді жақсы білмейінше келешекке сапар шегу-айсыз айсыз қараңғыда сүрлеу соқпақ іздеумен  пара-пар», – деп Л.Н.Толстой айтқандай, ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлері мен тағылымдарын оқып үйреніп, өнеге тұтпай тұрып жастарды ізгілік пен парасаттылыққа баулу мүмкін емес.

Өкінішке орай, ұзақ жылдар ұлттық салт-дәстүр атаулыны аяқ асты етіп, ана тілі мен ұлт мәдениетіне дұрыс көңіл бөлінбегендіктен, біршама жастарымыздың тілін, дінін, салт-дәстүрін ұмыта бастағаны шындық. Бірақ біз ол үшін жастарды кінәлай алмаймыз. Бұның барлығы ұлттық тәлім-тәрбиенің мектептерде, отбасында пәрменді жүргізілмегендігінен туындаған көріністер.

Ел мақтанышы Абай: «Адам ата-анадан туылғанда есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды танидыдағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің сөзін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік  жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады» деген. Ал, ақын Мағжан жалпы тәрбие мәселесіне қатысты  «Жетекші сөзде»: «Жер жүзіндегі басқа жан иелерімен салыстырғанда, адам баласы өте әлсіз, зағып, осал болып туады. Малдың төлі туа сала аяқтанады. Тауықтың балапаны жұмыртқадан шығысымен жүріп кетеді. Ал адам баласы қиындықпен туып, аса сараң өсетіндіктен, оның денесіне, жанына аөық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни оны тәрбие қылмай болмайды»,- деп жазады.

Бала-отбасының жеміс берер гүлі, алтын тіреу діңгегі болғандықтан да, тәрбиенің негізі осы кішкентай нәресте кезден басталуы керек. Қазақта «Ұяда не көрсең,  ұшқанда соны ілерсің», «Әкеден- ақыл, анадан -мейір», «Баланың бас ұстазы –ата-ана» деген сөздер тегін айтылмаса керек. Соған орай ұлттық тәрбие де бесіктен басталуы керек. Отбасындағы ата мен әженің, әке мен шешенің, апа-қарындас, аға-інінің бір-бірімен күнделікті қатынасы, бір-біріне көзқарасы, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, ұлттықө тәрбиенің бастау бұлағы. Баланың ата-ананы, жасы үлкенді, қонақты сыйлауы, үлкенді аға тұтуы, іні-қарындастарына қамқоршы болуы, отбасындағы көрегендікке, көрген-білгенін есте сақтап тәлім алуы, үлгі-өнеге тұтуына байланысты болады. Атасы мен әжесінің балаларға жұмбақ айтуы жаңылтпаш, өлең жыр оқуы немесе қамшы өргізу, кесте тіктіру сияқты әр түрлі өнерге баулуы бала үшін үлкен тәрбие болып табылады.

«Алтын кездік қап түбінде жатпайды»,- дейді халық даналығы. Бұл ой мен сөздің түпкі сырына ден қойсақ, шын асыл қымбат қазына қилы кезең, шытырман уақытта да сыныме сипатын өзгертпейді. Біз бұны қоғамдық-саяси , мәдени рухани өмірімізге демократиялық бағыт кең өріс алған бүгінгі шақта айқын аңғарамыз. Асыл қазынамызға тереңірек үңілетін болсақ, біз болашақ ұрпағымызға үлкен тәрбие берер мол байлыққа кенелеміз. Қазақта бірде бір сөз тегін айтылмаған. Сөзден құдыретті не бар?

Бұрынғы уақытта жастарда ата-ананың, не ақсақал кісілердің наразылық білдіруі қатты шошындырған. Олар жаман сөз естімеуге, наразылыққа ұшырамауға, қарғыс емес алғыс алуға ұмтылған. Сөйтіп адамгершілікке, ізгілікке, жақсылыққа, адалдыққа, әділдікке сай тұрғыда тәрбиелеген. Халқымыз жас ұрпақты тәрбиелеуде даналық сөздерге көп назар аударған. Соған орай оларды оқытып, тәрбиелеу жайында небір сындарлы пікір айтқан.

«Баланы таба білсең ,таба да  біл», «Баланы сүйсең, тәрбиесін де сүй», «Баланы мақтау жетілдірмейді, баптау жетілдіреді», деген мақал-мәтелдер баланың әке шешесінен алатын тәрбиесі қандай болса, көп жағдайда оның алдағы өмірі де соған қарай құрылады деген ойды аңғартады. Ал, баланың ең басты адамгершілік қасиеті әке-шешесіне үлкен құрмет көрсетумен көрінбек. Осы тұрғыда дана ойшылдарымыз айтып кеткен ұлағатты сөздеріне құлақ түрмесе болмас. Қорқыт атамыз.. «Анадан өнеге алмаған қыз жаман», десе Дулат ақын.. «Ата-анаңды, үлкендерді тыңдап, дана қариялардың ақылын алсаң, жақсы азамат болып өсесің, олардың ақыл кеңесі әр уақытта алдыңда шарықтай жарқырап жанып, жол көрсетіп тұрады, қисық-қыңыр мінезді бойыңа дарытпауға, теріс жолға түспеуге жағдай жасайды». Ал Ақтанберді жырау:

Меккені іздеп кетесің,

Меккеге қашан жетесің?

Әзір Мекке алдыңда

Пейіліңмен сыйласаң,

Атаң менен анаңды,- деп ата-анаңа көрсеткен сый құрмет Меккеге барумен пара-пар деген ойды қорытады. Міне осындай ұлы адамдардың сөзін құлақ қойып тыңдаса, тереңнен ойлап толғанса, біз тәрбиелеп отырған жас жаман болады деп кім айта алады! Ендеше келешек кілті ұстазда, ата-анада, ал жас ұрпақ кеше мен бүгінді жалғастырушы.

«Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін, әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым»,- деген сөзде зор шындық бар. (А.Македонский)

Ерте заманнан келе жатқан қазақ даласында тәрбие мәселесі орта ғасыр, жаңа дәуір, сондай ақ қазіргі заманға дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Қазақ жерінде өмір сүрген Қорқыт ата, Әль-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи, Асан Қайғы, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Қасымұлы Жалайри, Бұхар жырау, Сүйінбай Аронұлы, Маханбет Өтемісұлы, т.б ғұламалар керемет болашақтың орнауына негізгі себепкер- бала тәрбиесі екендігін айтып кеткен. Абай Құнанбаев шығармаларында адамның рухани әлемі ғарыш тұнғиығы мен жердегі өмір біртұтас құбылыс ретінде қарастырылады. «Адам бол» этикалық өсиетіне адам бойындағы философиялық қасиеттерді орталықтандырады. Ерік, жігер, сезіммен ақылдың адамды алға қойған мақсатына жеткізетін қасиеттер екендігін көрсетеді.

Қазіргі кезде еліміздің рухани-адамгершілік байлығын, мәдени мұрасын зерттеп, оны оқушы, жастар бойына жұғысты қасиет етіп меңгерту, сол арқылы ізгі жүректі, қайырымды іскер азамат тәрбиелеп шығару-жалпы әлеуметтік мәселе болып табылады. Ол оқу-ағарту жүйесінің мазмұнын жаңарту, оның құрылымдық жүйесіне ұлттық және адамзаттық құндылықты кіріктіре отырып игерту бағытында іске аксырылмақшы. Оқушы дүниетанымын дамыту мәселесі тек педагогикалық категория тұрғысында ғана қаралатын мәселе емес, ол  барлық  ғылымдар аясында (философия, психология, әлеуметтану, мәдениеттану, этнография, этнология, этика, логика, демограграфия, т.б.) әр қырынан қарастыруды қажет етеді. Тәрбие өрмегінің алтын тілі- ұлттық тәрбие.

Пайдаланған     әдебиеттер:

 

1.  «Ана  тілі»  газеті       28.07. – 03.08.2011ж   №30

2.   «Білім   шуағы»         09.08.210                     № 13-14

3.  «Әлеуметтік педагог»2011 ж. №1

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *