МӘҢГІЛІК ЕЛ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫ АЯСЫНДА ТҰЛҒАНЫ ТӘРБИЕЛЕУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТЕНДІРУДЕ ХАЛЫҚТЫҚ ПЕДАГОГИКАНЫҢ МАҢЫЗЫ


Ашимова Нургул Толегеновна 
 Қарағанды облысы, Осакаров ауданы, «Осакаровка кентінің №1 орта мектебінің базасындағы тірек мектебі  (ресурстық орталығы)» КММ бастауыш сынып  мұғалімі

         Елбасының Жолдауындағы «Мәңгілік Ел» идеясына сәйкес оқу-тәрбие үдерісінде оқушылардың патриотизмін, мораль және адамгершілік нормаларын, ұлтаралық келісім мен төзімділігін, рухани дамуын, заңды құрметтеуін қалыптастыру міндеттері алға қойылады. Ұлттық идеяда белгіленген бұл құндылықтар жалпы оқу-тәрбие жұмысының негізі, мектепте оқытылатын пәндердің арқауы болуы тиіс.  Елбасы: «Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы», – деп түйіндейді. Иә, Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың ықылым ғасырлардан бергі асыл арманы екені белгілі. Болашағымызға айқын бағыт-бағдар беретін де, ұлтымызды ұжымшылдыққа ұйыстыратын да, межелі ұлы мақсаттарға жетелейтін де осы Мәңгілік Ел идеясы екені анық.

Елбасы Жолдауы–«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыру жолындағы тірек – халықтық педагогика. Ел қуатты болмай, қуаныш тұрақты болмайды. Дамыған ел – белсенді де білімді, денсаулығы мықты тұлғалары бар мемлекет. Бізге мәлімі, күллі дамыған елдердің сапалы да қалыптасқан бірегей білім беру жүйесінің толымдылығы.

Халықтың жаны–ана тілінде. Ана тіліміз – рухани тірегіміз. Ел Президенті Жолдауда қазақ тілінің бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналғанын айта келе: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», – деуі қазақ елінің әр ұланының кеудесін қуанышқа толтырады. Ұлты қазақ қана емес, сонымен қатар өзге ұлт балаларына мемлекеттік тілді игертуде халықтық педагогика элементтерін сабақта пайдалану көп септігін тигізеді.

Халықтық педагогика – бұл халықтың тұрмыс–салтын, ұлттық мінез–құлқын, танымдық көзқарасын, мәдениетін, отбасы туралы, оның ата – тегін, туған жерін зерттейтін ғылым. Туған тіл, тарих, өлкетану, этнография, халықтық күнтізбе, халық ауыз әдебиеті, салт –дәстүрлер, ұлттық рәміздер – мұның бәрі «халықтық педагогика» сөзінің көп қырлы және терең мәнін ашады.

Халықтық педагогиканың мақсаты – балаларға өнегелі тәрбие беру. Өнегелі тәрбие беру қалай жүзеге аспақ? Әрине, халық ауыз әдебиеті арқылы жүзеге асады.

Халық ауыз әдебиеті – халық шежіресі. Қазақ ауыз әдебиеті- талай ғасырлардан келе жатқан мұра, сарқылмас бай асыл қазына. Сондықтан осы мол байлықтың қайнар бұлағынан жас жеткіншектерді сусындату, оның педагогикалық дидактикалық тәрбиелік міндеттерін оқу-тәрбие процесінде тиімді пайдалану керек.

Халық зердесіне үңілсек, ұрпақ тәрбиесі қай елдің, қай кезеңнің болсын өзекті мәселесі. Халық мұрасының танымдық тәрбиелік мәні-ұлан ғайыр. Қазақ халқының да бала тәрбиесі жөнінде жиып-терген мол тәжірибесі бар.

Халық өз бойындағы ең жақсы қасиеттерін жеткіншек ұрпаққа күнделікті тұрмыста үйретіп, бала бойына сіңіріп отырған. Бұл жөнінде ойшылдар пікіріне сүйенсек: қазақтың көрнекті қайраткері Сәбит Мұқанов: «Қазақ халқының ауыз әдебиеті алтын қазына екендігін ескере отырып, сол мұраның асылдарын іріктеп ұрпақтың керегіне жарату қажет», – деп тапты.              Ұлы ойшылдардың пікіріне сүйене отырып, халықтың тілін, салтын, дәстүрін бойына сіңірген ұрпақты тәрбиелеу үшін халық педагогикасын оқу-тәрбие жұмысына негіз етіп алуды жөн көрдім. Қай пәнді оқуда болмасын тек оқулықпен шектелмей, қосымша материалдар пайдаланып, баланы сөйлетіп, тілін дамытуды назардан шығармау керек. Ауыз әдебиет үлгілерін- ертегі айту, жұмбақ шешу, санамақ, тақпақтар, жаңылтпаштар айту баланың сөздік қорын дамытудың тиімді әдістерінің бірі. Тіл дамыту да ана тілін сүюге тәрбиелейді. Ертегі, қызықты әңгімелер айтып, тыңдап үйренген бала күрделі оқиғаларды мазмұндауға тез төселеді.

Отбасы – баланың басты да негізгі тәрбиешісі, қоғам алдында отбасына  үлкен жауапкершілік жүктелген. Ерте кезден бері ұрпаққа жақсы тәрбие беру үшін, халық даналығында түрлі әдіс–тәсілдер қалыптасқан. Отбасымен қатар мектептің де алар орны ерекше.

Халқымыздың ұлттық мұрасын оқу – тәрбие  ісімен сабақтастыру – басты  парызымыз. Осы   талап тұрғысынан сабақта халықтық педагогика элементтерін пайдалануға тырысамын.

Кез келген ұлт өкілдерінің белгілі бір ойды тұжырымдаудағы, қысқа да нұсқалы ой-өрнегін ұғындыру үшін мақал-мәтелді орнымен ұтымды қолдана білу, олардың орысша-қазақша баламасын табуға үйрету баланың тіл байлығын, ой-өрісін дамытады. Сабақта «мақалды толықтыр», «мақалдың орысша баламасын тап» сияқты тапсырмалар беруге болады.

Мақалды толықтыр.

1. Жеті түрлі білім біл, жеті елдің ……

2. Ұлық болсаң,…….

3. Әдепті бала-арлы бала, әдепсіз бала…….

Мақалдың орысша баламасын тап.

1. Тамшы тама-тама дария болады.

По капельке образуется река.

2. Ердің атын еңбек шығарады.

Человека  прославляет труд.

3. Көрнекті іс көмілмейді.

Хорошое дело не пропадает.

 

Ойын – оқушылардың есте сақтау қабілеттерін арттырады және қабылдауларына әсер етеді, сондықтан мемлекеттік тілді үйрету сабақтарын ұйымдастыру әдісінің негізгі бөлімі болып табылады. Оқушылар үшін пән жұмысы екінші жоспарға ығысады да, ойын көңіл көтеру ретінде қабылданады. Ал оқытушы үшін кез келген ойын жаттығуға жатады.

Біріншіден, тіл материалдарын үйрену, екіншіден, олардың трансформациялық, ауыстырылу және аудару жаттығуларындағы манипуляциясын ескеретін жүйе, үшіншіден, тіл материалдарының сөз және псевдосөз жаттығуларының активтенуі болып саналады.

Қазақ тілінің жаңа буын оқулықтарында халықтық педагогика бойынша өте көп материал қамтылған. Мысалы:

Халық күнтізбесі: жыл мезгілдерінің атауы, апта күндері….

Менің отбасым

Ұлттық ойындар

Менің ауылым

Қолөнер

Ұлттық музыка аспаптары.

Өзге ұлт өкілдерін оқытуда қолданатын тәжірибелерімді ортаға салсам:

Дәстүрлер мен мерекелер:

Қазақ халқы өзіндік поэтикалық ауыз әдебиетіне, салт – дәстүрлерге, рәсімдерге бай. Күнделікті сабақ біздің алдымызға оқытумен қатар, тәрбие беруде нақты мақсат қояды. Көптеген рәсім мен дәстүрлер баланың дүниеге келуімен, балалығымен, жастығымен, кәмелеттік жасқа толуымен байланысты. Әр кезеңнің өзіндік ерекшелігіне байланысты қазақ отбасында мынадай оқиғалар, «бесікке салу», «тұсау кесу», «атқа отырғызу» т.б. тойланып отырған. Бұл дәстүрлер әнмен, күшті, дені сау, елін, жерін сүйетін, қорғайтын азамат болсын деген бата – тілектермен өткізілген. Осындай дәстүрлердің бірі – «бесікке салу». Сыныпқа дәстүр туралы түсіндіріп, соңынан мәтінді оқытып,  тапсырма орындатуға болады.

«Әлди – әлди ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем» – деп бесік жырын айтқан қазақ халқы үшін, бесік – қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. Жаңа туған баланы бесікке салу  халқымыз үшін елеулі дәстүрлердің бірі. Бесікке салу жолы үлкен немесе елдің тәрбиелі, өнегелі әжелерге, әйелдерге тапсырылады. Ол бесікті отпен аластап, баланы бесікке бөлейді. Бесік үстіне жеті қадірлі, таза заттар қойылады. Бесікке салған адамға «бесікке салар», яғни кәделі сый беріледі. Осындай қуаныш үстінде «Бесік жыры» айтылады:

Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Шебер болар ма екенсің?

Таңдайларың тақылдап,

Сөзіңді жұрт мақұлдап,

Шешен болар ма екенсің?….

Сөздік:

Бесік – колыбель

Қасиетті – благородный, достойный, священный

Киелі – священный

Құтты – счастливый, благодатный

Бөпе – малыш

Сәби – новорожденный ребенок

Ұя – гнездо

Елеулі – достойный

Дәстүр – традиция

Өнеге – пример

Отпен аластау – очищать огнем

Бөлеу – пеленать, укладывать

Заттар – предметы

Кәде – традиция обрядная

Тапсырма: Мәтінді мәнерлеп оқып, аударыңдар.

Мәтіннен сын есімдерді табыңдар.

Мәтіннен құрмалас сөйлемдерді тауып, синтаксистік талдау жасаңдар,-деген тапсырмалар беруге болады.

Ұлттық ойындар, санамақтар, жұмбақтар.

Өзіндік маңызы бар, бұл күндер ұмыт бола бастаған ойындар маңызды болып табылады. Барлық дәстүрлерінде ойындар арқылы халық өз ұлдарының ержүрек, епті екенін көргісі келген. Дала жағдайында мұндай қасиеттерді «Аламан-бәйгі» сияқты ойындарға қатысу арқылы қалыптастыруға болатын. «Аламан – бәйгі» алыс қашықтыққа, ал «бәйге» қысқа қашықтыққа арналған ойын. Бәйгенің өзіне тән ерекшелігі – жергілікті жердің өзіндік кедергілерімен өткізілетіндігінде. Бұл ойынға қатысушыларға жоғары талап қоюды талап етеді. Атқа мінуші тек физиологиялық және моральдық жағынан күшті ғана емес, сонымен қатар атқа міну өнерін тамаша меңгерген болуы керек.

Сабақта осы ойынның элементтерін қолдануға болады. Сынып 3 топқа бөлінеді. Әр топтың аты бар. Тақтаға үш аттың суреті ілінеді. Әр топқа тапсырма беріледі. Қай топ тапсырманы дұрыс, әрі тез орындаса, сол топтың аты алға қарай жылжиды. Мәреге бұрын жеткен аттың тобы жеңіске жетеді. Бұл ойынның мақсаты тапсырманы дұрыс әрі жылдам орындау.

«Ақ сүйек» ойыны. Бұл ойынды қайталау сабағы кезінде ойнауға болады. Оқушылар орындарында отырады. Мұғалім «түн» дегенде бәрі көзін жұмады. Осы уақытта мұғалім аралап жүріп, оқушының алдына сүйекті тастайды. Содан соң «күн» дегенде, оқушылар көздерін ашады. Сүйек  алдында жатқан оқушы орнынан тез тұруы керек, ал жанындағы оқушы оны бұрын байқап, орнынан тұрғызбауға тырысу керек. Егер оқушы тұрып үлгермесе, ол жеңілген болып саналады. Оған тапсырма беріледі.

«Теңге алу» қазақ халқының ұлттық ойыны. Ат үстінде ойналатын ойын, дегенмен сабақта өткізуге лайықтап алуға болады. Сыныпты топқа бөліп, тапсырмалар жазылған карточкаларға теңге суреттерін жапсырып,үстелдің үстіне шашып қоямыз. Әр топтың оқушылары келіп теңге-тапсырмаларды алады. Тапсырмаларды тездетіп орындауы керек, орындап болған соң топтағы келесі оқушы шығып тапсырма алады. Қай топ дұрыс, тез орындап, көп теңге алса, сол топ жеңіске жетеді.

Жұмбақ шешу.

Жұмбақтарды шешпес бұрын, мұғалім оқушыларға карточкалар мен суреттердің көмегі арқылы оқыған сөздерді еске түсіруді ұсынады. Осыдан кейін мұқият жұмбақты оқиды. Бастапқы кезде кей сөздерді мұғалім өзі көңіл аудара оқиды, одан кейін мұндай мүмкіндікті оқушыларға береді. Балалар тыңдайды, жұмбақты шешеді және шешуін дәптерлеріне сурет ретінде салады да, сөзбен жазады. Жұмбақтарда қандай дыбыстар қайталанады соған назарларын аудару керек.

1.     Өзі –көзі, көзі-өзі.   (күн

2.     Бөлменің көзі ,

Көрмейді өзі.    (терезе

3.     Бір беті-тегіс,

Бір беті-егіс.    (тон

Қызығушылық туғызатын ойын сөздері лексикалық материалдар мен олардың түрлерін есте сақтап қалуларына әсер етеді.

1. осень-күз,                                        5.зерно-астық,

сто-….                                                 подушка-….

2.мясо-ет                                              6.пароход-кеме,

лицо-….                                               гвоздь-…..

3.вопрос-сұрақ,                                    7.есть-бар,

ухо-…..                                                 снег-….

4.ключ-кілт,                                           8.молоток-балға,

туча-….                                                  телега-….

Лексикалық минимумды меңгеруге берілген қосымша тапсырмалар осындай. Бастапқы кезде мемлекеттік тілді үйрену үшін тіл және сөз сөйлеуді игерудегі барлық жұмыстар негізінен ауызша түрде екенін атап өту керек.

Сөз жоқ, шығармашылық жқмысты ұйымдастыру үшін мақал-мәтелдер, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, тақпақтар бай материал болып табылады. Әр түрлі әуенді материал, санамақ және тағы басқа халық ауыз әдебиетінің үлгілері оқушылардың тіл материалын кең көлемде есте сақтауына көмектеседі.

Адам – үш жүзжылдықты байланыстырушы үзбе, түйін. Өткен ғасырда біздің ата – әжелеріміз өздерінің ата – аналарымен өмір сүрді, біз оларды білеміз. Бұл ғасырда біз ата – аналарымызбен өмір сүрудеміз, келесіде біздің ұрпағымыз өмір сүретін болады. Сан жылдық дәстүрімізді сақтау, оны келер ұрпаққа аманат етіп жеткізу – бұл іс–әрекеттегі халықтық педагогика арқылы жүзеге аспақ.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Әбілова З. Ә. Этнопедагогика. – Алматы, 1997.

2. Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. – Алматы, 1995

3. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту

Тұжырымдамасы, Егемен Қазақстан, № 332-333, 26.12.2003 жыл

4. Құлекеев Ж.,- Білім беруді дамыту: Жаңа кезең жаңа талаптар, Егемен

Қазақстан, № 4-5, 6.01.2004 жыл

5. Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы. – Алматы, 2000.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *